ӘКЕМТЕАТР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «FESTIVAL D’AVIGNON» ФЕСТИВАЛІНЕ ОРТА АЗИЯДАН ТҰҢҒЫШ РЕТ ҚАТЫСТЫ
30.07.2018
909
0

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы Францияның Авиньон қаласында өткен Халықаралық «Festival d’Avignon» театр фестиваліне қатысып келді.


Өнер ұжымы тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар күллі түркі жұр­тының аңызға айналған Қорқыт ата тағдырынан сыр шертетін дра­ма­тург Иран-Ғайыптың «Қор­қыт­тың көрі» атты қойылымын әлемнің түк­пір-түкпірінен жиналған қалың кө­рерменге тарту етті. «Мінекей, бір ап­таға созылған Авиньон фес­ти­ва­лінде сәтті ойнап, көрерменмен, жал­пы өнер, әлемдік театр жұл­дыз­дарымен қауышып, Қазақстанның М.Әуезов театрының атынан барып, қатысып келдік. Бәрі ойдағыдан да артық болды. Франция елі жақсылап қарсы алып, шығарып салды. Па­риж­де, оның арғы жағындағы Мар­сель­де болдық. Жалпы фестиваль тура­лы көп дүние айтуға болады. Ең бас­тысы – тәжірибе алмасу. Әлемдік театрлар қандай бағытта жұмыс іс­теп жатқанын және біздің театрдың дең­гейін байқадық. Ең бастысы фес­тивальді абыроймен атқарып, елге жеттік! Бір тәуліктен аса жол жүр­дік. Ұжыммен жүргеннен кейін жол­дың алыстығы, ауырлығы сезіл­ген жоқ. Әр шетелден келген сайын елі­міздің кең­дігі байқалады. «Қа­зақ­станға көптеген Франция сыйып ке­те­ді» деп бекер айтпайды екен. Кең байтақ жеріміз, еліміз аман болсын! «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында, осындай бізге үлкен мүм­кін­дік беріп, демеп жатқан Арыс­тан­бек Мұхамедиұлы бастаған Мәде­ниет және спорт министрлігіне ұжым атынан алғыс айтамыз!» – деді Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері, Әкемтеатрдың актері Ду­лы­ға Ақмолда.
Аталмыш фестивальдің үшінші күні М.Әуезов театрының ұжымы Лит­­­­ваның және КСРО мемлекеттік сый­лығының иегері, режиссер Йо­нас Вайткустің сахналауымен «Қор­қыттың көрі» қойылымын ұсынды. Он­да әлемнің түкпір-түкпірінен кел­ген үш мыңға жуық театрлар өнерін көр­сетуде. Шараның өзіндік ерек­шелігі де бар екен. Фестивальге қа­тысу­шы театрлар өздерінің өнер­лерін, спектакльді қала көшелерінде парадқа шығып жарнамалайды екен. Билеттер мен афишаларды таратады. Спектакльді қояр алдында, М.Әуезов театрының актерлері гриммен Ави­ньон көшесімен жүріп, Сақ, Ғұн дәуі­рін, шамандық дәстүрдің сипа­тын еске түсіріп, қала тұрғындарына қа­зақ жерінен келгенін айтып өтті. Осы орайда, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, театрымыздың актері Бекжан Асаубайұлы Тұрыс фейсбук парақшасына Франция еліне барған әсері туралы былайша ойын бөлісті: «Елбасы мәдение­тіміз­дің озық үлгілерінің әлемдік деңгей­де кеңінен танылуы мен бәсекеге қа­білеттілігінің халықаралық дең­гей­ге сай келуі аса маңызды екенін, мә­дениет арқылы ұлттың бет-бей­несін, рухани болмысын айқындауға болатынын айтқан еді. Кез келген ұлттың өнері, ең алдымен, өзінің ұлты үшін керек. Ұлы өнерін әлемге паш ету үшін кез келген ұлт, ең алды­мен, өзі талпыныс жасағаны жөн. Бұл орайда, Франция жерінде өтіп жатқан дүниежүзілік театр фес­ти­валіне үш мың театр қатысып жат­қандықтан Авиньонды – Театр фес­тивалі қаласы деуге әбден лайық. Осы шағын қала аталмыш фести­валь­ді өткізу арқылы өзін-өзі асырап отыр. Ғұн, сақ дәуірін еске алып, тәңір­шілдіктің белгісіндей болған ша­мандық дәстүрді, екінші жа­ғы­нан, там-тұмдап бақсылық өнердің си­патын көрсетіп, қала тұрғындарын өзі­мізге қарата алған сияқтымыз. Қа­зақ жерінен келгенімізді айтып, жер бетінде қазақ деген ұлт бар екенінен шама-шарқымызша xабар­дар етіп жүрдік. Сондай-ақ, фран­цуздар өзге тілде сөйлеуге құштар xалық емес, яғни өз тілін аса құрмет­тейтін ұлт. Осы елдегі фестивальге қа­тысуы­мыз әлемдік доп додасының жа­рысымен тұспа-тұс келгені де те­гін емес шығар. «Жақсы қонақ кел­се – құт, жаман қонақ келсе – жұт» демеуші ме еді, өзім әубастан жан­күйер болып келе жатқан ко­мандам жеңіске жетті. Франция­лық­тардың жеңісті қалай тойла­ға­нын сол елде көрдім. Бір ұлттың мерейін асыр­ған осы жеңіс сол ұлттың руxын аспандатты. Көшедегі әр адамның кө­зіндегі қуанышты көріп көңілім өсті. Бұл елде тек бір ғана – ұлт ме­рейін өсіретін жағдайда көлік­тер­дің дабыл қаққыштарын іске қосады екен. Көліктер «серенадасынан» құ­лақ тұнған сәтте «қашан менің елім­ді жұдырықтай жұмылдырып, осылай қуантатын уақыт туады» де­ген ой келді. Бойымды билеген қуа­нышты сәт бір демде кеңсірігімді ашы­тып, кеудемді өксікке толтырды. «Жаратқан соған жеткізе гөр!».
Еске сала кетейік, Әкемтеатр 1984 жылы Фран­цияның Нанси қаласында өт­кен Халықаралық театр фестиваліне Ә.Мәмбетовтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклімен қатысқан бо­латын. Тәуелсіздік алғаннан кейін, араға 34 жыл салып, әлемнің үз­дік театр фестиваліне өнер ұжымы ор­талық Азиядан тұңғыш рет қатысып келді.

Әділғазы БАҚЫТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір