ҚАР БҰЗЫП, ҚАРА ҮЗГЕН КЕЛДЕНБАЙ
Келденбай ӨЛМЕСЕКОВ
XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басындағы қазақ ақындарының ішіндегі аса ірі тұлға – Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы. Ол ақындығымен қатар үлкен философ, тарихшы, жазушы, белгілі аудармашы және домбыра, қобыз, скрипка секілді музыкалық аспаптарды меңгерген, тіпті, фортепиано аспабына дейін үйреніп, ойнаған үлкен музыкант әрі бірнеше музыкалық шығармалар (ән, күй) жазған композитор. Шәкәрімнің артында отыздың маңайында әндері қалды. Осы әндердің жиырма шақтысы Қ.Керімқұлов, А.Шәкәрімұлы, Н.Алдажаровтар арқылы кейінгі ұрпаққа жетсе, одан кейінгі кезеңдегі Шәкәрімнің ән мұраларының ХХІ ғасырға жетіп, ел санасына сіңіп, жадында жатталып, жүрегінде қатталуына ерекше үлес қосқан бірден-бір әнші – Келденбай Өлмесеков. Егер тірі болғанда, биыл 65 жасқа толар еді.
Бала күнімізде ертегі, қисса-дастан жырларды оқығанымызбен, сол жырлардың біразын үлкендерден естіп өскеніміз рас. Елге кең тараған «Алпамыс», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» сияқты эпостық жырлардың табылуы оңай болғанмен, «Бозжігіт», «Сейфілмәлік-Жамал», «Жүсіп-Зылиха», «Мұңлық-Зарлық» секілді кейбір дастандарды сол үлкендердің білгенінше өлеңімен, ұмытқан жерін қара сөзбен мазмұндап айтып бергенінен санаға сіңіріп өскен едік. Соның ішінде ерекше есте қалғаны – «Қалқаман-Мамыр» дастаны мен «Түсіпхан» қиссасы.
Кейіннен мектепті бітіріп, оқуға түскенімізде бұрын таныс емес, мектепте оқымаған қазақтың ақын-жазушыларының атына қаныға бастадық. Солардың ішінде Шәкәрім Құдайбердіұлы да бар еді. Біз Шәкәрім атын бұрын-соңды естімесек те, оның ақталғаннан кейін жарық көрген шығармалар жинағы 1990 жылдардың басында қолымызға тиді. Алғаш аударып-төңкеріп бір қарап өткенімізде-ақ көзімізге оттай басылғаны да осы «Қалқаман-Мамыр» дастаны еді және Шәкәрім шығармаларын оқуға құлшындырған да бала күннен құлаққа сіңісті болған осы дастан болатын.
Қысқы демалысқа шығып, елге барғанымызда сол кітапты боқшамыздың бір бұрышына сала кеткен едік. Ондағы ойымыз – шешемізге осы дастанды тағы бір айтқызу. Қызық болғанда, осы дастанның төрт шумағын ғана ұмытып қалған шешеміздің зердесіне қайран қалдық. Қалған жолдардан жаңылмады. Иә, осылай Шәкәрім атына қанық болмасақ та, оның шығармаларын аналарымыз арқылы құлаққа құйып өсіппіз.
Алғаш көргенде ұната қойған жоқпын
Жоғары оқу орынның табалдырығын аттаған кезден бастап өнерге көңіліміз ауып, ынты-шынтымызбен беріле кірістік. Семейдегі әртүрлі танымдық сауық кештер, концерттер арқылы сондағы өнердегі ағалармен танысып, іні-шәкірт болып араласа бастадық. Сол ағалардың ішінде Келденбай Өлмесеков те бар еді.
Мен Келдекеңді алғаш сырттай көргенім болмаса, қалай танысқаным есімде қалмапты, танысқанның өзінде бірден араласып кеткем жоқ. Бірде Семейдің Абай атындағы драма театрында үлкен мәдени іс-шара өтіп, театр фоэсінде шай ішіп тұрған Тұрсынғазы ағамыздың маңайына жиналған біраз адамдардың қасына қатарласа тұрып қалдым. Солардың ішінде Тұрсынғазы ағамыздан басқалары маған бейтаныс еді. Қатарласа шай ішкен болып, әңгімелеріне құлақ түргенде әлгі бейтаныстардың барлығының өнер адамдары екенін түсіндім. Сөйтіп тұрғанда араларына кеудесі шалқақ, қабағы түйіңкі, басының қасқалығы бар мұртты қара келіп, бірден әңгімеге қосылды. Байқаймын, өркөкіректеу ме, кісі менсінбей ме, жоқ өзі сондай адам ба, ішімнен «мынасы кім?» дедім де қойдым. Арада уақыт өте келе Семейдің М.Ешекеев, Б.Сыбанов, Б.Үдербаева, М.Сыдықов, А.Жікенов, Ж.Қамба-
ров, Г.Еруова, Ә.Жаңбырбаев, Б.Имаханов, Ж.Құнанбаев секілді әнші, актерларын сырттай біліп, оның ішінде Т.Рахимов, Т.Сембаевтай ағаларымызбен аралас бола бастаған едік. Осындай іс-шаралар мен кештердің бірінде Келдекеңмен де танысқан шығармын деп ойлаймын.
Әртүрлі жинаған үнтаспалар арқылы өз бетімізше әндер үйреніп, бірлі-жарым концерттерге шығып, ән айтып жүрген кездің бірі еді, Келдекең кездесіп:
– Бауырым, сенің дауысың жақсы екен. Әнді кімнен үйреніп жүрсің, – деді шалқайыңқырап. Бірақ үні өктемдеу естілді.
– Ешкімнен емес, әртүрлі записьтерден алып жүрмін, – дедім.
– Записьтен ән үйрену саған ерте, алдымен сен ұстаз алдын көруің керек. Мен пед.училищеде сабақ беремін, аптаның осындай күндері, осынша уақытта сонда болам, кел. Әндеріңнің бәрі қате, жөндеу керек, – деді де, бұрылып жүре берді. Ішімнен жақтырмадым. Театрда көргенімде де ұната қойған жоқ ем.
Тағы бір кездескенде маған Шәкәрім Құдайбердіұлы жөнінде айтып, оның мынандай әндері бар деп, тағы да өзіне шақырды. Шынын айтқанда, Шәкәрімнің әні бар дегенге аса илана қойғам жоқ. Осылай әр кездескен сайын ән жөнінде, әншілер жөнінде айтып қойып жүрді. Уақыт зырғып өтіп жатты. Арада Толғамбай Сембаев ағамызды жағалап, әндер үйреніп, білгенімді көрсете бастадым.
Әдетте, өнерге алғаш бет бұра бастаған кез келген жас өнерпаз алдындағы аға буынға қарап, бой түзеп, еліктеп өсетіні белгілі. Біздің өнерге аяқ басқан уақытымыз Қайрат Байбосыновтың аға буын, Бекболат Тілеуханның жаңа буын кезімен тұспа-тұс болды. Олардың әр айтқан әні – жаңалық, тың дүние, тосын құбылыс болды. Әсіресе, сол тұстардағы өнерге бет бұрған кез келген жас өнерпаз Бекболатқа бір соқпай кеткен жоқ. Ол айтқан «Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуы», Ғазиздің «Шалқымасы», «Ақтамбердінің толғауы», А.Сейдімбектің «Дәурен-айы» мен «Сарыарқасы» сияқты әндері талайымыздың таңымызды айырды, былайша айтқанда, біз де Бекболатша ән айтып, соған еліктеп-солықтадық.
Семейдегі «Жастар» сарайында өткен бір концертте сол Ғазиздің «Шалқымасын» орындап шықтым. Концерт аяқталып, қайтпаққа бет алып есік алдына шықсам, темекісін бұрқыратып Келдекең тұр.
– Бала, сені күтіп тұрмын…
– Ассалаумағалейкүм!
– …(Қолымды ғана алды)
– Сен өзің сөз ұқпайтын бала екенсің…
– ???
– Мен бүгін Бекболатты ғана тыңдадым. Сені тыңдағам жоқ… Мен осымен бірнеше рет айттым ғой. Неге келмейсің? Әлде менсінбейсің бе? Айналайын-ау, мен сенен ән үйреткенім үшін ақша алайын деп тұрғаным жоқ. Мен Жүсекеңнің көзін көрдім, әнін тыңдадым, өзінен сабақ алдым. Мен кәсіби әншімін. Ал, сен енді бастап келесің, сені дұрыс жолға түссін деп отырмын. Сен Бекболат бола алмайсың, сенің табиғатың басқа. Еліктеумен жүріп уақытыңды өткізіп аласың. Тіпті, келгің келмесе үйдің телефон нөмірін жазып алшы. Саған телефон арқылы-ақ үйретейін. Неғылған адамсың өзің, отқа айдаса, боққа қашатын, – деп зекіп-зекіп ұрсып тастады.
– Сөйлепсің, – дедім ішімнен, – телефонмен ән үйреткені несі?
Ақыры бармадым. Осыдан бастап Келдекеңді көрсем айнала қашатын болдым. Оның әр сөйлеген сөзі, тұрған тұрысы, жүрген жүрісі, бәрі-бәрі маған паң, тәкаппар адамның бейнесіндей көрінетін.
«Өз білемімен ғана жүреді…»
Осылайша Келдекеңнен қашып жүріп үш-төрт жылды өткіздік. Семейдің Ә.Қашаубаев атындағы филармониясының сол кездегі директоры А.Бейсенбеков ағамыз мені бір реттік (разовый) келісім-шарт бойынша жұмысқа алды. Бұған дейін де уақытымның көп бөлігін филармонияда Тұрсынғазы ағамыздың жанында өткізетінмін. Жұмысқа тұрғасын тіпті шықпайтын болдым.
Тағы бірде филармонияда концерт болатын боп, репетицияда мен М.Ержановтың орындауында таспадан үйренген халық әні «Сметті» орындадым. Келдекең отырып алып «әнде қателік бар» деп тағы да сөкті. Бірақ, артынан «осыған ұрса бермейінші» деді ме екен, «осы бетіңнен тайма» деп арқамнан қағып, жанында келе жатқандарға қарап: «Өз білемімен ғана жүреді…», «Прямой» деді ме, «упрямый» деді ме, орысша бірдеңе деп жатты. Мен тағы да жақтырыңқырамай, «осы-ақ әнімізден ілік табады да жүреді екен» деп, кетіп қалдым.
Бір жолы филармонияға
М.Ешекеев, Б.Сыбанов Т.Рахимов, К.Өлмесеков, Б.Үдербаева, М.Сыдықов, А.Жікенов, Ж.Қамбаров, Г.Еруова сынды Семейдің өнердегі корифейлері Түкеңнің кабинетінде аяқ астынан жинала қап, әңгіменің тиегін ағытты-ай дерсің. Араларында жалғыз бала – мен. Әзіл-қалжың, бастарынан өткен қызықты әңгімелер айтылып, бір керемет отырыс болды. Әншейінде фотоаппаратын тастамай алып жүретін Гүлшат апам да бұл жолы бос кепті. Осы бір бас қосуды рәсімге алғанда, бүгінде үлкен тарихи фотоға айналар еді-ау. Әттең дейсің…
Мен Келдекеңмен осы бір отырыстан кейін ақырындап сөйлесе бастадым. Оның орындауындағы Шәкәрім әндерін тыңдадым. Бірақ қабылдай алмадым. «Бір тыңдағаннан қабылдай қоюың қиын» деп оны өзі де айтты. Шәкір Әбеновтің «Алтай аруы», «Геккідік-ай» әндерін, Мағжанның «Сен сұлу» әнін Келдекеңнен алғаш сол жолы тыңдап едім.
Семейдегі оқудың да аяқталар уақыты таяп, елге барып, жұмысқа орналасып, мұғалім болу деген міндет алдыда тұрғанмен, өнердің жолына түсу деген ойдың да мазалай бергені жасырын емес еді. Әр кез Алматыға қарап ноқтамызды керіп тұратынбыз. Осылай екі жақты оймен дүдәмал күйде жүргенімізде Келдекең кезіге кетіп, аман-саулықтан соң:
– Қалай, бітірдің бе оқуыңды? – деді.
– Бұйыртса…
– Не істемексің?
– Елге қайтам, шешем бар…
– Жақсы делік. Онда не істейсің?
– Не істегені қалай? Мектепке барам, мұғалім болам…
– Ей, бала, сен шешеңді мұғалім боп асырайсың ба, әнші боп асырайсың ба, оны бір Алла біледі. Саған Құдай үлкен өнер берді. Мұны тастап басқа жаққа бұрылып кетсең, ертең мұның да Құдай алдында сұрауы болады. Сен ештеңеге қарамай Алматыға тарт. Ендігі өнердегі буын сендер болуларың керек. Құдай өлтірмейді. Консерваторияны бітіріп алсаң, үлкен жетістік болар еді. Ертең өкінесің, ойлан бала! – деді де, шешім шығаруды өзіме тастап, айналып жүре берді. Мен орнымда қаттым да қалдым. Бір жағынан Келдекеңнің сөзі қамшы болғанмен, үйді ойлап ойым онға, санам санға бөлінді. Ақыры «Өзің біл, бірақ оқығаның дұрыс еді» деген Тұрсынғазы, Толу ағаларымның сөзіне Келдекеңнің сөзі қосылып, тәуекелдің атына мініп, Алматыға бір-ақ тарттық. Осылайша Келдекеңнің бір ауыз сөзі жігерімізді жанып, намысымызды қайрап өнер өлкесіне өте шығуымызға себеп болып еді.
Алматы – қашан да өнердің ошағы. Сол ошақ үстіндегі қайнап жатқан өнердің қара қазанына өзімізді тастап жібердік. Толғанбай Сембаев ағам «Ән деген асау аттың жалы сияқты, жармасып ұстасаң кеттің, ұстай алмасаң қалдың» дегенді көп айтушы еді, сол ән-асаудың жалына жармасуға тырыстық. Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжіне Қ.Байбосынов ағамыздың класына оқуға түстік.
Арада бір жыл өтпей Келдеш ағамыз Алматыға келіп, өзі оқыған қара шаңыраққа бас сұқты. Рамазан Стамғазиев ағамыздың сабағы еді, біраз әңгіме айтып, сол жолы Міржақыптың «Мұң» деген әні мен Шәкәрімнің бірнеше әнін айтып беріп кетті. Тоқтаған қонақ үйіне ілесіп барып, әңгімелесіп, Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерегі» мен «Ән туралысын», Мағжанның «Сен сұлуын», Міржақыптың «Мұңын», Шәкірдің екі-үш әнін қайта тыңдадық. Үйрендік. Арасында «саған ақыл кірейін депті» деп қарап қояды. Бізде үн жоқ, тек ішімізден: «Құр дүрілдегенің болмаса, өзің де тәуір жігіт көрінесің» деп, жымиып қоямыз. Осылайша Келдекеңмен жаймашуақ көңіл-күйде қайта шұрқырасып, білісіп кеттік.
Ол – Шәкәрім толық ақталған күн болатын
Өнерде өмірін жалдап, өле-өлгенше ат өксітіп, жанкештілікпен жоқ іздеп өтетін жампоздар бар. Солардың бірі – Келдекең, Келденбай Өлмесеков еді. Алты жасынан ат жалына жармасып, атаның ақылы мен аталы сөзіне қанып өсіп, өнердегі алғашқы адымын ауылдағы білімнің ақ ордасынан бастап, сол ат төбеліндей ауылдан алысқа аттанғанда арқалаған аманатының ауыр боларын сезді ме екен?!
Арман қуып Алматыға табаны тиіп, ұлы ұстаздың ұлағатын бойына сіңіріп, енді өнер өлкесіне аттанар шақта, сол өнердің сан тарау жолдары таңдауды өзіне қалдырыпты. Бір ойы Алтай, бір ойы Арқа боп тұрған әншіні алыстан арбаған Абай елі екен, ақыры тағдыр ендігі татар дәмі мен арқалар жүгін Абай елінен бұйыртыпты.
М.Ешекеев, Б.Сыбанов, Р.Ноғайбаевтардан бастап, өзі қатарлы Т.Рахимов, Ж.Қамбаров, А.Жікенов, Б.Үдербаева, Б.Сағымбаева, С.Әбеуов, Г.Еруова, өзінен кейінгі Т.Сембаев, А.Нәдірбеков, Е.Алпысбаев, Б.Нұрғазин секілді ән мен күйдің тізгінін ұстаған өнерпаздар ортасына түсті. Бейнебір әннің жәрмеңкесіндей. Мұндағы ән де бөлек, әңгіме де бөлек болды.
Ертеден Семей топырағына түскен ұлылардың ізі, Абай мен Алаш рухы, Әміре мен Жәнібекке дейінгі ән әлі күнге сол шаһардан үзілмеген, туы жығылмаған еді сол кездің өзінде. Сол үн, сол рух жас әншіні ұлылар ізімен жетелеп әкетті. Семейдегі Мәдениет бастаған әншілерге ере ел аралады. Жүсекеңнен алған әннің бірсыпырасын солармен қатар жүріп орындады. Талай ән айтылды. Бірақ алдында көлденеңдеп «мұзтау» тұрды, содан аса алмады. Ол – Мәдениет еді. (Өз сөзі)
Көзі жеткені – ол жердегі өнердің туын ұстаған кез-келген өнерпаздың «бұрынғылардан өзгерек» болуы. Ол соны бірден сезді. Себебі, алдында «мұзтау». Оны асып өту мүмкін емес, айналып өту үшін қар бұзып жол салып, қара үзіп шаршауың керек. Ол – ешкімге ұқсамау, ол – өнерде өз өрісің мен жолыңды табу, қалыбыңды жасау. Оның өнерпаз үшін ең күрделі де жауапкершілікті іс екенін де білді. Ол үшін талап пен табандылық, еңбек пен білімді өмір бойы серік етуге тура келді. Ол сол жолды таңдады.
Тарихтың таңбасы мен табы қалған Семейдегі қасиетті орындардың бірі – Абай мұражайы. Бұл жер тек Абай төңірегіне қатысты тарихи жәдігер мен деректерге толы орын ғана емес, бұл руханияттың, өнердің ордасы. Ол – сол жердегі қолына қарт қобызы мен қара домбырасын ұстаған қазақ өнерпазының басы қосылатын, сондағы шежіре шалдардың «шақшасын қыдыртып қойып», арыдан әңгіме аңқытып, беріден шер толқытатын қастерлі орындардың бірі. Осы бір үрдіске үнемі мұрындық болып жүретін қара шаңырақтың шырақшысы болған қара шал – Төкен Ибрагимов. Көкірегінде көзі бар көп жас сол арадан табылып, қара шалдың шапанына оралып жүретін. Келденбай да сол шалдың жанынан көп табылды. Оның Абай әлемімен танысып, Абай айналасын білуіне көп ықпал етті. Өзі де соған ынталы болды. Сол қара шаңырақтан көп үйренді, көп оқыды, көп тоқыды, Абай рухын бойына сіңірді. Ақыры оның өнердегі өрісін өзге жерден іздеп табуына жол көрсетті. Жол көрсетуші де – Төкен аға еді.
Ә дегендегі ойында Абай әндері тұрғанмен, Абай мұрасына деген жауапкершілік, ән тарихын тартымды етер тәтті тіл, ұшқыр ой, әлі де терең білімнің керегі оны тайсақтата берді.
Ел аралап жүріп Семейдің шежірелі қарттарының бірі – Шәкір ақсақалмен танысып, сол кездесуде алғаш Шәкәрімнің атын естіп, әнін тыңдады, үйренді. Кейіннен Ахат ақсақалмен кездесіп, дастарханынан дәм татты. Әкесінің әнін тыңдатты, мәнін түсіндірмек болды. Бірақ әлі өз-өзіне сенімсіз, қабылдай алмады, дұрысы – түсінбеді. Себебі, бізге таңсық, таңсық емес-ау, бөлек әлем еді. Кейін айналып бір соғармын деген ой жеңді. Бірақ, бұл кездесу бірінші және соңғы болатын. Кейін оған өзі өкінді де.
Осылай уақыт тізбегімен өмір өтіп жатты. Кенет, «желтоқсанның желі тұрып», ел ішінде үрей аралас тыныштық пайда болды. Кеңесерге кісі таппай, «тілдесерге» тісі батпай, түсініксіз күйде Төкен ағасын жағалады. Осы кеңесу оның өнердегі де, өмірдегі де бүкіл ырғағын өзгертті. Ол – шалдардың үні, сол үннен шыққан Шәкәрім әндері еді. Алғашқы тосырқап үйренген төрт ән – кейін «төбедегі түгеліне» айналды.
Осыдан кейін Келдекең жоғын тапқандай тыным көрмеді. Сексен сегізінші жылдың он бесінші сәуірі Баянғали достың сүйіншісіне «байғазысы» да дайын еді. Ол – Шәкәрім толық ақталған күн болатын. Сол күнгі кешкі концертте тұңғыш рет Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерегі» орындалды. Сол жылы ақынның 130 жылдығында да Шәкәрім әндерін шалқыта орындады. Бұдан кейінгі мақсат-мұрат – Шәкәрімнің музыкалық мұраларын іздеу, табу, елге таныстыру болды. Бірақ, қалай таныстыру керек? Оған нендей дайындық қажет? Осы тұста Шәкәрімнің 130 жылдығынан кейін аз ғана уақыт Ж.Кәрменовтің жанында жүріп, Жәкеңнен алған, үйренген өнеге – ол ән тарихын тарқата айтып, тамыза сөйлеп, тамылжыта ән салу болатын. Осы өнеге оған жол болатынын түсінді. Осы оймен Төкен ағасына барып қолқа салғанда, қуана қоштап, алғашқы Шәкәрім әндері туралы лекция нұсқасы жазылған еді. Осы лекция Келденбайдың алғашқы лекция-концертінің басы болды. Кейіннен Қабыш, Ахат, Ниязбек ақсақалдардың орындауындағы Абай, Шәкәрім және олардың айналасындағы әнші-композиторлардың мұраларымен өз репертуарын толықтыра берді.
Осы мақсатпен қазақтың Алтайдан Атырауға дейінгі аралығын жиырма жылдан аса уақытта кемі екі реттен аралап шықты. Жаяу жүріп өтті. Елді аралау – ол үшін әңгіме айтып, ән салып қайту емес, ел ішіндегі есті дүниені жинау болды. Осы жылдар аралығында ол Шәкәрім әндерінің, Абай айналасындағы сал-серілер шығармашылығының білгіріне айналды. Шәкәрім әндері десе кез-келген көзі ашық қазақтың есіне алдымен Келденбайдың аты түсетін болды. Ол тек Шәкәрім әндерін орындап қана қойған жоқ, сонымен қатар Шәкәрімнің ел ішінде ұмыт қалған әндерін («Жаның сүйген жарың болса»), Шәкәрімнің ұлы Ғафурдың өліміне арналған «Көксемей кетіп барасың», Шәкәрімнің ұлы Қабыштың өлеңі табылғанмен әні табылмаған «Шығыстау», «Әкем туралы» әндерін, Ағашаяқтың «Кертайлақ», Мұхаметжанның «Көлқайнар», Халық әні «Абайкөк», Міржақыптың «Мұң», Шәкір Әбеновтен үйренген Мағжанның «Сен сұлу» (I түрі, мажорлық) секілді т.б әндерді елге кең таратып, осы әндермен қазақтың ән қоржынын толтырды, үстеді. Және ол – бұл әндердің бергідегі алғаш орындап, бүгінгіге жеткізушісі. Одан бөлек Шәкір Әбеновтің «Алтай аруы», «Геккідік-ай», «Дәмежан», «Дүние», «Құрбым-ай», «Сағыныш», «Дәриға, түпсіз ойға баттым терең» сияқты т.б әндерін ел арасында насихатталуына мол жұмыс жасады. Бірақ осылардың ішінде айта алмай кеткені, айтса да жетпей қалғаны қаншама. Қысқа ғұмыр оған жеткізбепті.
Біз жете алмаған екенбіз
«Бүгін бар да, ертең жоқтың» арасындағы жиырма жылда ғана тыңнан түрен салған мыңнан біреу – Келдекең, Ұлының ұлы мұрасын жеке жүріп жоқтап, жеке жүріп сақтауда қар бұзды деп жүрсек, қара үзіп кеткен екен ғой. Біз жете алмаған екенбіз. Өзі бас-көз болған Шәкәрім мұрасының енді ұшпаққа шығады-ау деген тұсында, бір хабарға бар ғұмырын сыйдырыпты да жүре беріпті. «Сұраған жанға сәлем айт» сондағы соңғы уәзіні екенін ешкім білген жоқ.
Өмірде елеусіз ғұмыр кешіп, өнерде ескерусіз қалған әнші Жүсекеңнен жұққан адалдығы мен Мәкеңнен алған тазалығын Шәкәрімге арнады. Екеуін тау тұтты, Шәкәрімді шың тұтты. «Таулы жердің қыраны көп» деуші еді, өзі де сол тау мен шыңның қыранына айналыпты. Қазір сол қыранның шаңқылы ғана еміс-еміс әр жерден естіліп қалады. Себебі, Келдекең кеткен жеті жылда Шәкәрім әндерін дәл өзіндей жетесіне жеткізген біреуіміз болсақшы. Біз тек қырда жүріп аспанға қолымызды құр созыппыз. Атылған соң отыз жыл құдықта, аршылған соң отыз жыл құлыпта жатқан Шәкәрім әнінің жарыққа шыққандағы ғұмыры отыз жылға да жетпегені ме деп налисың. Қайран Келдеке, өзіңнен соң «бір шеге суырылып, бір шеге қағылмаған» екен-ау!
Төкен аға «Әлем – шексіз, тіршілік – толассыз, өмір – мәңгі, ғұмыр – қысқа. Бірақ өмір өзегімен мәңгі жасар ғұмырлар бар. Ол – өнер ғұмыры, өнер иесі өнерпаз ғұмыры», – деп еді. Келдекеңнің де «мәңгі ғұмыры» басталғанына біршама уақыт өтіпті. «Артында сөз, әні қалған» ән иесінің де, әншінің де, әннің де мәңгі ғұмырының мәнді болмағы – «өмір жайын әнмен суреттеуімізде» ғана қалған сияқты. Ендеше, «Жорғалат, сорғалат, мұңдандырып, тамылжытып сал..!».
Еркін ШҮКІМӘН,
дәстүрлі әнші,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
P.S.:
Осы таяу күндері Келдекеңнің өмірі мен бүкіл шығармашылығына арналған «Сұраған жанға сәлем айт…» атты алғашқы кітап жарық көрмек. Егер осы бір аз ғана еңбек қазақ өнерінің, оның ішінде Шәкәрім әндерінің насихатталуы жолында бір кәдеге жарап жатса, Келдекеңнің де арманы, біздің де мақсаттың орындалғаны деп білеміз.