ЕРТЕҢГІ КИНОНЫҢ СИПАТЫ
Жас кинотанушы Дана Әмірбекова «Ертеңгі киноның қандай боларын білгің келсе, бүгінгі жастардың фильмін көр» деген ой айтыпты. Сөзінің жаны бар болар?!. Тарихы 100 жылдан енді асқан кино саласына бет бұрған жас буын кино саласының ғана емес, адамзаттың ертеңі қалай боларынан хабар беретін сыңайлы. Театр және кино өнерінің майталманы, қазақ киносының негізін қалаушы режиссер Шәкен Кенжетайұлы Айманов дүние есігін ашқан Ертіс-Баян өңіріндегі Павлодар қаласында өткен I Халықаралық «Ertis Cinema» қысқаметрлі көркемсуретті және деректі фильмдер кинофестиваліне қатысқан жас кинотанушылардың пікірлері осы ойға жетелейді.
Павлодар қаласында I Халықаралық «Ertis Cinema» қысқаметрлі көркемсуретті және деректі фильмдер кинофестивалі өтті.
Отандық фильмдерден тыс Австралия, Армения, Белорусь, Греция, Грузия, Индия, Иран, Ирак, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің жас киногерлері бақ сынаған кинофестивальдің конкурстық бағдарламасына 19 деректі, 48 көркемсуретті туынды енсе, конкурстан тыс 26 көркемсуретті, 5 деректі фильм көрсетілді.
Сондай-ақ, Ермек Тұрсынов, Владимир Хотиненко, Сатыбалды Нарымбетов, Болат Нүсімбеков, Талғат Тайшанов, Асхат Кучинчиреков, Фархат Әбдіраимов қатарлы Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің белді киногерлерімен арнайы кездесулер мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
Кездесуде киноға енді ғана қадам басқан жас киногерлерге арнайы фильмдер көрсетіліп, кино тілінің өзіндік ерекшеліктері жайлы дәрістер оқылып, кино теориясын тәжірибеде қалай іске асыруға болатыны айтылды. Мұндай кездесулер мен шеберлік сағаттарының болашақ киногерлер үшін берері зор.
Фестиваль қорытындысы бойынша «Үздік көркемсуретті фильм» аталымы бойынша III дәрежелі дипломмен Өзбекстанның жас режиссерлері Абдуазим Ильхамджанов пен Ботир Абдурахмановтың «Мама» фильмі марапатталды. Ол сұрапыл соғыстың кесірінен ұлынан айырылып, қайғыдан қан жұтып, құса болған ананың тағдырын тарқатады. Фильмде соғыс жылдарындағы тыныс-тіршілік дәл жеткізіліп, ауыл көрінісі мен кейіпкерлер шынайы көрсетіледі. Ол көрерменді тәнті етпей қоймасы анық. Бұл бір жағынан фильмнің суретшісі мен костюм маманының зор еңбегі болса, екіншіден, тақырыпты ашу үшін артық сөз қолданбай, тек кино тілінің элементтерін пайдаланып, қара жамылған ананың қасіретін пландар мен детальдарды үйлесімді алмастыру арқылы жеткізе білген оператор қиялының ұшқырлығы.
Ал, «Үздік көркемсуретті фильм» аталымы бойынша II дәрежелі дипломмен марапатталған Ресей режиссері Костантин Чилидзенің «Суперприз» фильмі комедиялық оқиғаға құрылған. Екінің бірі комедия түсіретін заманда II дәрежелі дипломмен марапатталатындай бұл фильмнің несі ерекше екен дерсіз?.. Фильм диалог пен дыбыстың көмегінсіз, тек бейне арқылы суреттелген формасымен ерекше. Жолда өткен сахналардағы панорамалық түсірілімдер, машина ішіндегі көріністер, кейіпкер мінезін аша түскен түрлі пландар мен ракурстардың алмасуы, түнгі көріністердегі жарықтың қойылуы және режиссердің монтаж жасау шеберлігі сүйсінтті. Фильмдегі актерлер ойыны да нанымды. Комедияны тек күлкілі диалогтар арқылы ғана түсіруге болады деп ойлайтын отандық кейбір режиссерлерге аталмыш фильмді көруге кеңес береміз.
«Үздік көркемсуретті фильм» аталымы бойынша I дәрежелі дипломмен Тәжікстандық жас киногер Файзулла Файзовтың «Такси» фильмі марапатталды. Фильм бала ұрлау тақырыбын қозғайды. Әрбір детальға мән беріп, оқиға желісін символдық элементтер арқылы ашқан кинотуынды авторлары тақырыпты терең зерттегені көрініп тұр. Кино тілі тұрғысынан мінсіз түсірілген. Әсіресе, әуен таңдау, оны дұрыс пайдалану, нәзік жеткізу көрерменге басты кейіпкердің ішкі толғанысын сезіндіріп қана қоймай, кейіпкермен қатар тебірентеді. Экранда болып жатқан оқиға залдағы бақылаушының басынан өтіп жатқандай әсер қалдырады. Адам адам үшін қасқырға айналған заманда гуманизм мен альтруизмге шақыратын бұл фильм әлі талай сайыстарда жеңісті орынды иемденеді деп сенеміз.
Фестивальдің Бас жүлдесін Қазақстандық жас режиссер Шұғыла Сержанның «Самал» фильмі алды. Режиссердің басынан өткен оқиғаға құрылған туынды ана мен бала арасындағы шексіз махаббат пен жақын адамы үшін өз өмірін құрбан еткен жас қыздың тағдырынан сыр шертеді. Қартайып, есінен адасқан анасын кәрілер үйіне өткізбес үшін ауылдағы үйіне оралуға мәжбүр болған Самалдың бейнесі камера арқылы асқан кірпияздықпен бейнеленген. Самалдың ішкі арпалысы жырақта орналасқан жалғыз үйдің құлағалы тұрған қабырғалары арқылы бейнеленеді. Фильм соңында режиссер не ауылда қаларын, не қалаға кетерін білмей екіұдай күйге түскен кейіпкердің шешімін ескі үйдің мұржасынан будақтап шыққан түтін арқылы әсерлі жеткізеді.
Сәтті пландар мен оқиға желісін сөзсіз түсіндіретін символдарға толы туындының авторы Шұғыла Сержанның бұл фильмі сайысқа қатысқан өзге фильмдерге қарағанда мазмұндық, драматургиялық, техникалық, жалпы кино тілі тұрғысынан оқ бойы озық тұрды. Бас жүлдеге лайық.
Жас киногерлердің фильмдерін көре отырып, әр мемлекеттің кино түсіру ерекшеліктерімен қатар, сол елдің кино өнерінің болашағын бағамдауға болады. Бұл тұрғыда Австралия, Греция, Индия мемлекеттерінен қатысқан фильмдер техникалық тұрғыда мінсіз, Грузия, Иран, Ирак, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің фильмдері Отанға, адамзатқа деген махаббат іспеттес мәңгілік тақырыптарды көтеруімен ерекше. Ал Ресей киносы сюжетке басымдық беріп, кино тіліне қарағанда театрға жақын элементтерімен есте қалды. Осы ретте отандық жас киногерлердің фильмдері сайысқа қатысқан шетел фильмдерінен артық болмаса кем түспейтіні көңілге қуаныш ұялатты.
Кино өнерінің ертеңі қандай болатынын білгің келсе, бүгінгі жастар киносын көр! Ендеше, алыс-жақын мемлекеттер мен отандық кинематографияның болашағын бағамдауға зор мүмкіндік берген I Халықаралық «Ertis Cinema» кинофестивалін ұйымдастырушылары мен аталмыш іс-шараны қолдаған Павлодар қаласының әкімшілігіне деген алғысымыз шексіз.
Дана ӘМІРБЕКОВА,
кинотанушы,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері
ДЕРЕКТІ ЖАНР ДЕРЕКТЕРІ
Фестивальдің деректі фильмдер бағдарламасына әлемнің әр елінен келген 20 фильм қатысты. Тарихи деректерге негізделген жеке тұлға мен ел тағдыры, елдегі саяси әлеуметтік жағдай, жеке тұлғаның ой толғаулары мен дүниетанымын баян ететін тақырыптарды ашуға жас режиссерлер ерекше талпынған.
Байқау аясында портрет жанрында «Мен оралдым» (Қазақстан), «Николай. Самолет. Электроламповый завод» (Ресей), «Рионы қалдырған, соңғы» («The Last to Leave Rio», Египет), «Али» (Қазақстан), «Портрет Инженера» (Ресей), «Блогер. Один на миллион» (Ресей), «Толғау» (Қазақстан), «Бақытты билет» («Счастливый билет») (Қазақстан), «Ерлан» (Қазақстан), «Жол» («Путь») Қазақстан фильмдері ұсынылды.
Осы аталған фильмдердің ішінен ерекше атап өтетін фильмдер қатарында режиссер Белқожаев Жайықтың «Мен оралдым» фильмі. Бас кейіпкер Қытайдан Атажұртына оралған қандасымыз қаржының, баспананың, туған-туыстың жоқтығына қарамастан бір қап нан мен балық аулайтын қармағын алып шекара асады. Режиссер өз кейіпкерін жіті зерттеп, камераның мүмкіндігін аша түскен. Камера кейіпкердің күнделікті тіршілігін бақылап, басынан өткен қиындық пен қалыптасу жолын көрсетеді. Көрермен экраннан қиындықтан қорықпайтын, еңбекқор, қайсар, отансүйгіш азаматты көреді.
Қазақстандық режиссер Руслан Идрисовтің «Бақытты билет» («Счастливый билет») фильмі сұхбатқа құрылған портрет. Бас кейіпкер – Ауғанстаннан Қазақстанға білім алуға келген Хафиз Карди. Ол өз елінде қанша қайғы қасірет көрсе де, жат жұртта алған білімімен өз елінің дамуына, бейбіт өмір орнауына үлес қосуды мақсат етеді.
Деректі фильмдер байқауының Гран при иегері – Евгений Лумповтың «Жол» («Путь») фильмі. Режиссер бұл фильмде белгілі суретші Асхат Ахмедияровтың шығармашылық жолы мен дүниетанымын көрсетеді.
Бүгінгі саяси-әлеуметтік ахуалы күрделі, соғыс зардабын көрген елдер жайындағы «Қарға» («Raven» Ирак), «Қауіпсіз өткел» («Safe Passage», Иран), «Қанды крест» («Крест из крови», Сербия), «804 километр. Темір жол тұтқыныңда» («804 километр. В плену у железной дороги», Қазақстан), «Байқаңыздар, балалар!» («Осторожно, дети!», Ресей), «Бейімделу» («Adaptation», Армения) деректі фильмдерді ерекше атап өтуге болады.
Ирактық режиссер Шукри Мухаммед Махмудтың «Қарға» («Raven») фильмі ИГИЛ қатарынан қашып құтылған, кейіннен қудалауға түскен үндістандық суретшінің шығармашылық өмірі жайында. Фильмдегі оқиға жуырда ғана бейбіт өмір кешкен, өзіндік тарихы мен болмысы болған ирактық Курдистанда орналасқан Духок қаласында өрбиді. Бір кездері тіршілігі қайнаған қаланың орнында қираған ғимараттар мен оққа ұшқан қабырғалар, ойраны шыққан отбасылар мен тағдыр тәлкегіне түскен адамдар, жесірлер мен жетімдер қалған. Оператордың камерасы жалпы пландағы көріністен кескінделген суреттерге жақындаған сайын түрлі-түсті кенепте бейнеленген трагедияның куәгеріне айналасың. Майлы бояумен салынған шығармалар елдің қасіретін бейнелеген. Құл базарында сатылып жатқан бірі ақ, бірі қара жаулықта енді бірі жалаңаш келіншектер, оларды бір тауар секілді таңдап жүрген ер адамдар. Келесі кескінде әйелдер мен балаларды қанап жатқан қарулы әскер. Ендігі бір кескінде қару асынған бала інісінің мәйітін аң-құстан қорғау мақсатында тастармен жауып, құшағына алып көз жасын мөлдіретіп отыр. Картинаның артқы фонында тастан үйілген төмпешіктен кеңістікке жалғасып кете береді. Суретші бейнелеген жұмыстар осы өркениетті заманда, адамзат қолымен жасалған зұлымдық сананы бей жай қалдырмайды. Режиссер суретшінің көзімен Қиыр Шығыстағы қайғы-қасіретті хроникалаған.
Ирандық режиссер Паяам Парсафардың «Қауіпсіз өткел» («Safe Passage») фильмі қазылар алқасының арнайы жүлдесімен «Үздік деректі кино режиссура» номинациясы бойынша марапатталды. Фильмдегі оқиға орны Ирак пен Иран шекарасы. Бір қарағанда тыныштық толқынындағы күнделікті тіршілік, екі елдің шекарасынан арлы-берлі өтіп жатқан халық. Бірақ үрей мен қорқыныштың ауада қалықтағаны сезіледі. Шекарадағы адамдардың көңіл күйі мен қасіретін, көздеріндегі мұң мен қайғыны, шарасыздықты камера үнсіз бақылайды. Әрбір кадрдан кейін бейбіт өмірдің иллюзиясы ашыла түсетіндей. Осы иллюзия көрерменді де, камераны да алға жетелейтіндей. Алайда, алдыңыздан қабырғасы қираған үйлер мен ойылып түскен оқтардың ізі, жарақат зақым алған адамдар шыға береді. Камера босағада таспиқ тартып шексіздікке қарап отырған соқыр қарияны бақылауға алады. Фильмде әр кейіпкердің қасіреті сөзсіз, кеңістікте атмосфераға бақылау жасау арқылы беріледі. Режиссер кино тілінің құралдары арқылы көрерменге екі елдің арасындағы күрделі жағдайды жақсы жеткізген. Авторлар фильм арқылы адамдар физикалық тұрғыда жер басып жүргенімен, олардың болмысы елес тәрізді деген ой айтқысы келген.
Бұл фильмдер – біздің дәуірде Еуразия құрлығында болып жатқан қасіретті деректеген туындылар. Ел мен жеке тұлғалар өміріндегі қайғыны негізге алған фильмдер.
Деректі фильм жанрына бет бұрған жастар әлемдегі жетістіктерден гөрі, өзектегі проблемаларды қозғауға күш салған. Олар өнер тілімен әлемді ізгілікке шақырады.
Алма АЙДАРОВА,
кинотанушы,Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның аға оқытушысы