«Күннен туып, жарқырап, жаныңыздар!»
Мұрат ӘУЕЗОВ
(«Жас тұлпар» қосымшасына арнау сөз)
Кеше мен бүгіннің, бүгін мен ертеңнің арасындағы табиғи, тарихи байланысты зерделеп қарасақ, Жазушы мен Ақын заманының жаршысы, қоғамның қорғаушысы, ұлтының қолдаушысы, ұрпағының ағартушысы ретінде әрқашанда Биік тұлға болып қала бермек. Қандай қоғам болмасын, сананы өзгертіп, сараны сергітіп, рухты асқақтатып, даланы дүбірлете атқа қонған жастар еді. Аттандап атқа мініп, жоңғарға қарсы қол бастағанда Сартай батырдың жасы небары он бестен ғана асқан екен, қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған Сұлтанмахмұт ақын жалған дүниеден жиырма жеті жасында аттанып кетіпті. «Оян, қазақ!» кітабы шыққанда Міржақып Дулатов та жиырма бестің төріне жаңа ғана шыққан жас, біздің әкеміз Мұхтар Омарханұлы болашақ қазақ қоғамының даму бағытындағы ізденістер мақсатында «Япония» атты мақаласын жазғанда жасы жиырмадан жаңа ғана асқан екен.
Даланың даму тарихында бұл үрдістің арқауы ғасырлар бойы еш үзілген емес. Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында советтік «интернационалистік» идеологияның «батыраштары» басқа ұлттардың, оның ішінде, әсіресе, қазақ халқының тарихы мен тіліне, жалпы ұлттық құндылықтарына аяусыз балта шаба бастаған тұста Мәскеу қаласында оқып жүрген Болатхан Тайжан, Алтай Қадыржанов, Әнуар Сартбаев және тағы басқа қыз-жігіттер – бәріміз бірігіп, тоталитарлық жүйеге қарсы ашық күреске шықтық. Бұл – 1963 жыл болатын, саяси-ағартушылық ұйымымыздың атын «Жас тұлпар» деп қойдық. «Жас тұлпар» Мәскеуде құрыла сала, көп ұзамай-ақ Одақтың Ленинград, Рига, Киев, Харьков қалаларында, Алматыда және Қазақстанның солтүстік облыстарының жастарын біріктірген «Тың тұлпары» сияқты тұрақты бөлімшелерін ашты. Жазғы демалыс кездерінде Қазақстанның талай облыстарын, ауыл-аймақтарын аралап, елмен кездесіп, лекциялар оқып, түрлі концерттер өткіздік. Қазақ халқының ұлт-азаттық, тәуелсіздік жолында алаштықтар қозғалысынан соң жарты ғасырға жуық уақыттан кейін құрылған жастұлпарлықтар қозғалысы – тұманданып, тұмшаланып бара жатқан ұлттық сананы серпілтіп, рухын көтеріп, мәселенің басын ашып, мақсатты айқындаған бірегей тарихи белес болды.
Заманына сай ақыны. Ағартушылықты басты міндеттерінің бірі санаған алаштықтар кезінде Абайды ұлықтап, насихаттаумен көбірек айналысса, біздер, жастұлпарлықтар ұлы Абаймен қатар өршіл ақын, жауынгер жыршы Махамбеттің шығармашылығына баса мән бердік, Азия-Африка ақын жазушыларының отаршылдыққа қарсы шығармаларын қазақ тіліне аударумен шұғылдандық.
Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газетінің алғашқы санында «…газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды», – деп жазған екен. Сондықтан да «Қазақ әдебиеті» сияқты көреген көз, өткір тілді алып басылымның құрсағынан шыққалы отырған төл тумасының «Жас тұлпар» аталуы бүгінде ел ағасы мен анасына айналған жастұлпарлықтар үшін үлкен мәртебе.
Жоқ жерден ешқашан ештеңе пайда болған емес, бұл – өмір заңдылығы. Сондықтан да гаджет, смартфон сияқты ғаламтор «әлеміне» шығаратын түрлі құралдар қаптаған бүгінгі заманда сөз өнерінің құдіретін, қағаз бен қаламның қарымын қадірлеген бүгінгі жастұлпарлық қаламгерлерге Мағжанның сөзімен «күннен туып, жарқырап, жаныңыздар!» дегім келеді.
ҚАЛА ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ МИФОПОЭТИКА
Нұрлан Қабдайдың әңгімесі
Бүгінгі прозаиктердің ішінде Сайтан кейіпкерін әңгімесінің тақырыбы етіп алған жас жазушы – Нұрлан Қабдай. Ол өзіне дейінгі прозада қалыптасқан суреттеу мен айшықтауды, психологиялық параллелизм жасауды жат көрмейді. Дәстүр сабақтастығын жалғай отырып, өзінің тың стилі мен ұстанымын алып келген. Әдетте қазақ прозасындағы қала тақырыбы турасында сөз қозғалса, жазушыларымыздың қаламы бұл тақырыпқа онша жүрдек еместігін алға тартатындар көп.
Ал Нұрланның «Сайтан» әңгімесі шын мәнінде қазақ қаламгерлері де қала тақырыбын өте жақсы меңгере алатындығын, қаланың өзіне де қазақы таныммен қарауға болатынын көрсетіп берген. Мәселен, «Ажары етегіне жеңгетайлық еткен жезөкшедейін сырты жылтырап тұрғанымен, іші құрттап жататын сидиған шыны ғимарат мұның да жұмыс орны». Қаланың қоғамдық көлігін ол былай кейіптейді: «Дымқыл асфальттың күсін бауырына көшіре жеткен автобус ысылдап аз тұрды. Кісісі аз екен. Түскен ешкім жоқ. Қайта терезеден бұған телміріп емес, болсаңшы деп одырая қалған қалың көз. Бір жаққа безіп бара жатқан, бір жақтан безіп келе жатқан екі аяқтыға аялдаманың өзі аял бола алмай қалғандай. Іштегі олар ерте кетті ме, сырттағы бұл ере кетті ме, автобус бұны бүйірімен қылғытып алып жөнеп берген». Өзге жас прозаиктерге қарағанда тілі жатық автор портрет жасағандығымен де олардан айырықшаланады. «Әудемнен көрді. Әйнек қабырғалы аялдамада жалғыз отыр. Кезбе. Кезбе екенін де әудемнен: ұзын иен орындықтың шетінде ғана бүкшиіп отырған арқасынан, дал-дұлы шыққан пәлтесінен, күлдірей домбыққан оң беті мен қабарта салбыраған үстіңгі ернінен-ақ аңғарған. Қаланың қақ ортасында қайдан жүр? Былтыр көрген бұлтын іздеп келді ме деп ойлады. Не қылса да, автобус тосып отырмағаны анық». Бұл әңгіменің де кейіпкерлерінің аты жоқ. Кеңістік – қала, бірақ қаланың да аты жоқ. Уақыт: таңғы мезет. Жауын жауып тұр. Екі кеңістік бар. Біреуі – үйдің іші, екіншісі – жауынды қала. Анығында кейіпкер жауынды қалада үйінен қашып, өзін жалғыз сезініп кетіп бара жатады. Осылайша жалғыздықтан жабыққан келіншек қаладағы көлігі сапырылысқан жолға өзін-өзі тастағысы келеді. Бірақ тәтті жанын қимай, бірақ жалғызсыраған өмірді де тәрк еткісі келіп тұрғанда бұның қасына ұзын бойлы, келбетті жігіт келеді. Танысады және оның үйіне еріп барады. Әңгіменің соңында мұның барлығы келіншектің жай ғана түсі болып шығатындығы. Өзінің күйеуімен ұрсысып қалмағандығы, қалыпты өмірдің бір таңында бастырылып қалғандығы мәлім болады. Бір кейіпкердің түсі арқылы адамы көп, сонымен қоса жалғыздығы көп қалада сайтанның арбауына адамдардың оп-оңай түсе қалатыны әңгіменің негізгі идеясы деуге болады. Кейіпкер бір түннің ішінде бүкіл қаланы кезбей-ақ бақытты өз үйінен табуға болатынын, өзіңді өлімге қию, жалғыздықты сезінген адамның қасына сайтанның жақын жүретінін түсінеді. Барлық күрес – адам мен сайтанның арасындағы күрес. Тек ол мифтік кейіпкердің мүмкіндігі жоғары. Ол адам кейпіне ене алады. Өз кезегінде әңгімесіне осы тақырыпты арқау еткен прозаик тақырыбын жақсы аша алған.
Айнұр ТӨЛЕУ