ДНК-мыз оқушылардың назарында
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушыларына арналған «Жазғы ғылыми-зерттеу мектебі» жұмысын аяқтады. Еліміздің әр аймағынан келген 200-ден астам жоғары сынып оқушысы екі апта ішінде ғылым, техника, технология, медицина және тау-кен өнеркәсібі салаларында білімдерін жетілдірді. Астана қаласында өткен ауқымды шараны Назарбаев Университеті ұйымдастырып отыр. Сонымен бірге, жазғы демалыс кезінде ғылыми жұмыстармен айналысуға мүмкіндік беретін лагерь ашу бастамасын да алға қойған.
– Балалар болашақ мамандықтарын таңдау алдында тұр. Сондықтан, бұл олар үшін де, біздер үшін де мәні зор тәжірибе. Мәселен, бүгін, бір талапкер Назарбаев Университетінің ғылым және технология мектебіне түсем деп шешті, – дейді Ғылым және технология мектебінің өкілі Әсем Дүйсембекова. Жазғы мектеп қатысушылары университеттің ғылыми қызметкерлерінің басшылығымен бірге ғылым негіздерімен танысып, 10 түрлі зертханада жұмыс істеді. Дарынды оқушылар күн сәулесімен жұмыс істейтін машиналардың дизайнын, инженерлік қосымшалар үшін Python бағдарламасымен жұмыс жасау, қанаттың аэродинамикалық профилін 3D принтерден басып шығару және модельдеу, шахта желдету құрылғысын жасау, геологиялық модельдеу және басқа да көптеген жобаларды жарыққа шығарды.
Зияткерлік мектеп оқушылары жоғары деңгейде жабдықталған зертханаларда жұмыс істеу арқылы өздерін шынайы ғалым ретінде сезінгендерін айтады. Мектепте адам ДНК-сының көшірмесі жасалып, жаңа үлгідегі макеттер арқылы оқушылар анатомияны толыққанды зерттеу мүмкіндігіне ие болды. Жазғы мектепке Зияткерлік мектеп мұғалімдері де қатысты. Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі Станислав Котовтың айтуынша, жазғы мектептің Назарбаев Университетінде өтуі – оқушыларға қанат бітіретін зор мүмкіндік болып отыр.
– Біріншіден, балалар үздіксіз оқыту атмосферасына енеді, екіншіден, менторлардың түрлі білім беру әдістері жас ғалымдардың жан-жақты дамуына ықпал етеді, үшіншіден, оқушылардың зияткерлік әлеуетін және ғылыми-зерттеу біліктілігін дамытуға бағытталған Назарбаев Зияткерлік мектептері және Назарбаев Университеті ынтымақтастығының маңызын ұғындырады, – деді ұстаз. Осылайша, Назарбаев Университеті жастардың ғылым жолындағы қызығушылығын оятып, өздерін тағы шыңдауға және болашаққа анық қадам жасауға өз үлестерін қосты.
Жанар АДЫРБАЙ.
ХАТУ-дың электронды журналистика бөлімі