Өмірімнің өзегі
13.07.2018
1552
0

Алтыншаш ЖАҚИЯНОВА


АЛТЫНШАШ ЖАҚИЯНОВА – жыр жинақтары мен көркем-публицистикалық шығармаларымен республикамызға танылған қаламгер.
Алтыншаш жаңа жылдың қарсаңында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Балаларға арналған үздік поэзия» номинациясы бойынша «Жетісу балалар кітапханасы» атты республикалық байқауының жеңімпазы атанып, қомақты қаржылай сыйлық пен Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының дипломымен марапатталды. Сол жылы «Құлыншақ» атты жыр жинағы жарық көрді.


ҚУЫРМАШ

«Қуыр да қуыр, қуырмаш,
Балаларға бидай шаш…».
Өзіңе айтып беретін,
Апаңның жыры таусылмас.

Немерем маза бермейді:
«Ертегі айтып бер», – дейді.
«Білесің қанша ертегі?»
– деп кешке мені тергейді.

Өмірдің өзі – ертегі,
Ойыңнан өрбіп, өрлейді.
«Тағы да айтшы, апа!» – деп,
Немерем тыным бермейді.

«Қуыр да қуыр, қуырмаш»,
Қуырған бидай – ол да ас.
Көрмеген бидай қуырып,
Көңілің деген тіпті жас.

КӨК БЕСІК

Жасаған баба көреген,
Келеді бесік көнеден.
Қайыңнан иіп келтірген,
Жолы да құтты, береген.

Атасы жатқан бұл бесік,
Әулетте қазір жүр көшіп.
Жып-жылы болып немерем,
Бесікте жатыр күнде өсіп.

Әлдилеп қанша баланы,
Тыншытар түнін ананың.
Келіндер тағы босанса,
Көк бесікке саламын.

Қайыңнан иген тал бесік,
Жатыр-ау бәрі тербесіп.
Келер ме тағы бір сәби,
Немерем, міне, қалды өсіп.

***

Өздерің барда
Еңкейген жоқпын ешқашан,
Алды боп жүрдім қатардың.
Сендердің арқаларыңда,
Бақытты әже атандым.
Жарқырап жүзім
Биікте жүрдім үнемі,
Күлімдеп батты батар күн,
Арайлап атты атар таң,
Қалмадым ешбір қатардан.
Өйткені, сендер барсыңдар,
Баласы жақсы атанған,
Тәрбие алған атаңнан.
Алғысын елдің арқалап,
Игі жақсыдан бата алған.
Немерелерім!
Өздерің еске түскенде,
Үйімде шыдап жата алман.
Қуаныш билеп,
Сағыныш кернеп жүректі,
Жетуге жылдам
Зымырандайын от алған.
Асығып жетем сендерге,
Келгендей ұзақ сапардан.

ТӘТТІСІҢ

Тәттім-ау, таусылмайды тәттілігің,
Жылытар жүрегімді пәк қылығың.
«Апа, сені сағындым!» деген сөзің,
Бойыма жан жылуын жақты бүгін.

Тәттісің, қалай тәтті болдың екен?
Жоқ, әлде тәтті көп жеп қойдың ба екен?
Әйтеуір қашан келсең қылық ашып,
Қуасың бойымдағы ойды бөтен.

Ертегі тыңдаудан бір жалықпайсың,
Қиялмен биіктерге шарықтайсың.
Бір мінің – «көп жей берме тәттіні» деп,
Айтқанымды бойыңа дарытпайсың.

***

Қылығы сәбидің –
Қызығы әр үйдің.
Ұйқысы қанған-ау,
Бүгін бір Әлидің.

Әндетіп қояды,
«Әжемнің шайы» деп.
Ұйқыда жатыр ел,
Оны ұғар жайы жоқ.

Тырқылдап күледі,
Томпаңдап жүреді.
Әнұран айтады,
«Оң жақта» жүрегі.

«Мен деген – Әлимін,
Мен әлі сәбимін».
Осындай «бұзығы»,
Болады әр үйдің.

ӘЛИДІҢ СҰРАҒЫ

Бұлт неге жүйткиді,
Күн неге жауады?
Жел неге ұйтқиды?
Айтшы, ата жауабын!

Ай бүгін алыпты,
Биікке шарықтап.
Жүдеп-ақ қалыпты,
Бүгін ол арықтап.

Жапырақ неліктен
Сарғайып түседі?
От жақпай өріктер,
Қалайша піседі?

Көл неге қатады,
Күн неге батады?
Үнемі осылай
Деп сұрап жатады.

Айтқаны өзіңе,
Не бір ой жүктейді.
Осындай Әлидің
Сұрағы бітпейді.

***

«Қоңыр қозым» келді деп,
Ет жүрегі елжіреп.
Әжем мені құшақтар,
Мейірімі – жел жібек.

Еркелетіп жан әжем,
Сыр шертеді көнеден.
Құшағына күмп беріп,
Тақпақ айта жөнелем.

Маған қарай ұшады,
Күндей ыстық құшағы.
Мейірімін аямай,
«Тәттім-ау» деп құшады.

ӘЖЕМЕ

Күттің бе екен балапаныңды,
Сағындым, әже, алақаныңды.

Өзің – қуат беретін,
Сезім – шуақ төгетін,
Саған табынам, әже!

Кетпейді естен күлімдегенің,
Басымнан сипап «күнім» дегенің.

Ертек, жұмбақтарыңды,
Күле тіл қатқаныңды,
Жүрмін сағынып, әже!

Ірімшік, айран, таба наныңды,
Сағындым қаймақ жалағанымды.

Тәтті балқаймағыңды,
Тосқан балдай дәміңді,
Аңсап қамығам, әже!

Мейірім төккен шуағың – нұрың,
Әжетай, сені сағынып жүрмін.

Мәңгі сағынышымсың,
Менің бағым үшін шын,
Өмір сүргенсің, әже!

ЖІБЕРМЕЙСІҢ…

Сен – сәбисің,
Сен менің немеремсің,
Біз барғанда,
Шаттыққа кенелерсің.
Ата-анаңа хабарды жеткізуге,
Екі қолды шапаттап жөнелерсің.

Құстай ұшып,
Қуанып қарсы аласың,
«Апам-атам келді!» — деп, жар саласың.
Өзіңе-өзің әп-сәтте шаттық сыйлап,
Қылығыңмен жазасың жан жарасын.

Ал кетерде
Сен бізді қия алмайсың,
Қылық ашып,
Алдымда бұлаңдайсың.
Жоқты тауып,
Жолыма бөгет жасап,
Әйтеуір, бізді есіктен шығармайсың.

Жұмысым көп…
Сен оны ұға алмайсың.
Қасымда ылғи болса деп қиялдайсың.
Сылтауратып
Болмасты тақырып қып,
Кетерде жылаудан да ұялмайсың.

Етегіме
Жармасып жібермейсің,
Үйрене бер,
Қашанғы жүрер дейсің?
Бұл өмірден,
Жоқ болып кетсек бір күн,
«Қайда кеткен?» – деп, бізді түгендейсің.

Атаңменен келеді
Бір қыдырғың,
Біздер барған мереке –
Нұр бүгін күн.
Әлек салып тағы да
Аяқ-асты,
Кетемін деп біздермен
Тұр бүлінгің.

Жалғасады өмірім
Өзіңменен,
Қызығыңды көрсем ғой
Көзімменен.
Сені алдыма ап әлдилеп
Отырар ем,
Күндерімді қайтемін
Көз ілмеген,
Осы екен ғой, шіркін-ай,
Өмір деген!

***

Күнім менің,
Мені көріп, «апа» деп күлімдедің,
Түсіме ендің,
Күткендей-ақ көзімнің ілінгенін.
Қоңыр марқам,
Ерекше қылығыңмен,
Сағыныштан жанымды тілімдедің.

«Келмейсің неге жиі?» дегендейсің,
Жаныңа жіпсіз мені көгендейсің.
Құшақтап жабысқанда еркелеп кеп,
Өзімнің ажырамас денемдейсің.

Сен – тәттісің,
Сүйкімді немеремсің,
Сені көрсем, шаттыққа кенелем шын.
Сен жол қарап жатқанда мен келемін,
Не деген болжай білер көрегенсің?!

Сен менің қуанышым, көз жанарым,
Сені көрсем әйтеуір мәз боламын.
Немере деген сондай тәтті екен ғой,
Өскенін білмей қалдым өз баламның.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір