Сұлтанмахмұт – дәуір суреткері
Арап Еспенбетов,
Қазақстанның Еңбек сіңірген
қайраткері, профессор
С.Торайғыровтың 1933 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген толық шығармалар жинағындағы фотосурет.
Қазақ өлеңі – мейлінше күрделі әлем. Көкірегінен жыр құйылған ақын-жыраулар өнері сайын даланың түкпір-түкпіріне жолы түсіп, аяқ басқан басқа жұрттықтарды таң қалдырғаны арғы-бергі тарихтан құлағымыз шалып, көзіміз көріп жүрген шындық. Қай заманда өмір сүрсе де қазақ рухының әманда биікте болуын қалайтын, ұлттық мүдде таразыға тартылғанда шындықтың бетіне қасқайып тура қарайтын азамат ақынын халқы да құрметтеген. Өзі өлсе де, сөзі өлмей, есімдері өлең өлкесінде мәңгі бақи қалып қоятын ақын мыңның бірі ғана. Уақыт алға қарай зымырай жүйткігенімен, ғасырлар тозаңы жасыра алмайтын, саф алтындай жарқырап, айналасына нұрлы сәулесін шаша беретін өміршең тұлғалар болады. Солардың бірі – қазақ өлеңінде мәрмәр тастан қашалғандай Сұлтанмахмұт ақын есімі.
С.Торайғыров – төтенше өзгерістер мен дүрбелең сілкіністер дәуірінде тарих сахнасына көтеріліп, XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде өзіндік жол салған, шығармаларына тұтас бір дәуірдің шындығын сыйғызған суреткер. Ол артына өлмес те өшпес мол мұра, қымбат қазына қалдырған ұлы ақын. «Ақынның хаты өлмейді», – дейді халық нақылы. Осы дана тұжырымды Торайғыровтың өміршең шығармалары дәлелдей түспек.
Шын мәніндегі мәдениетті, толыққанды лирика жайлы сөз қозғағанда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың орны ерекше екендігін айтуымыз шарт.
Қаламгердің алғашқы қадамы, тұңғыш өлеңі төңірегіндегі әңгіме әдебиеттану ғылымында әрдайым маңызды. Шығармашылықты өмірлік мұратына айналдырған тұлғалардың, сөз өнерін зерттеуші зиялы қауымның қалам иесінің тырнақалды туындысы аясында қордалы ой өрбітуі кездейсоқтық емес. Сұлтанмахмұттың тұңғыш жазған шығармасы – «Секілді өмір қысқа жарты тұтам».
С.Торайғыровтың алғашқы жазған өлеңі «Секілді өмір қысқа…» дегенде, біз оның інісі Шәймерден Торайғыровтың қолжазбасына сүйенеміз. Ол өлеңнің толық нұсқасын келтіре отырып, шәкіртінің сәтті қадамына риза болған Мұқан ұстазының айтқандарын былайша баяндайды: «Міне, жарайды, қандай жақсы өлең! Бұл алғашқы бастама, тырнақалдың ғой… Енді осы жазғаның жазған. Бірақ зорланып жазба, шабытың келгенде жаз. Сұлтанмахмұттың өз өміріндегі ең бірінші рет жазған өлеңі осы еді». Осы пікірді үлкен жазушымыз С.Мұқанов та қолдаған: «Биографтардың айтуынша, Сұлтанмахмұт өлең жазуға бала шағынан әуестенгенімен, бұл іске 1907 жылдан шұғыл кірісіп, қайтыс болғанға дейін қаламнан қол үзбеген ақын».
С.Торайғыровтың 1922 жылы Қазан қаласында шыққан жинағының сыртқы мұқабасы.
Ал өлеңнің өзіне келсек, балаң ақынның алғашқы қадамы үшін сәтті туынды. Байырғы түр – он бір буынды қара өлең үлгісімен жазылған. XX ғасыр басындағы ақындарымыздың өлеңдерімен деңгейлес, көркемдігі жоғары, тілі таза, өрнекті. Болашақ ақын өз өмірінің бір ғана қырын алып, ағынан жарыла жырға қосады.
Қаламды шын беріліп, алдым берік,
Әлдеқандай бір күшке көңіл сеніп.
Бұрын жалғыз оқу еді іздегенім,
Енді оған өлең жазу болсын серік.
«Әлдеқандай бір күшке көңіл сеніп» – шабыт, талант ұғымдарын сыйғызып тұр бұл жол. «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп келетін Абай өсиеті ойға оралады. Оқу, іздену жолына белін бекем буған Махмұт, енді ақындықты қоса серік еткен. Әрі қарай:
Сондықтан бір мақсатым өлең жазу,
Оқуменен бірге іздеп, қоса қазу.
Осы ойыма өткен түн серт берілді,
Менде болмас бұл ойдан өмірде азу, –
деп ойын ұштай түседі. Ақын өзі жас болғанымен, алдына биік мақсаттар қояды. Ол – оқып білім алу, өлең жазу. Көзделген мақсатты, ақындық идеяны жыр жолдарына шеберлікпен өрнектеген.
Ақындық өмірбаянының беташары «Секілді өмір қысқа жарты тұтам» туындысымен – С.Торайғыров болашағынан үміт күттіретін каламгер екендігін танытты, сөйтіп қазақ поэзиясының қасиетті табалдырығынан аттады десек артық емес.
Шықай менен Шағала,
Қойың кетті бағана,
Тепең-тепең етесің,
Қойыңа қашан жетесің?! –
сияқты тақпақ өлеңдер немесе:
Тұмағымның құлағын,
Жұлып алдың, не түсті?
Үсиді-ау енді құлағым,
Міне, суық жел есті.
Не деп айтам апама,
Біліп қойса, бұл істі, –
деп келетін, табан астында импровизаторлықпен айтқан ұсақ өлеңдерін досы Шәйбай Айманов естелігінде келтіреді. Бізге жетпей қалған, балаң ақынның көкірегінен ұшқан жырлар қаншама?!
Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы көшедегі ақынға орнатылған ескерткіш.
С.Торайғыров ауылда жүрген шақта қаламынан шыққан көлемді туынды – «Жарқынбай» (1910). Әдебиетшілердің «Жарқынбайды» кей ретте поэмалар қатарына қосуы көлеміне байланысты (304 жол) болса керек. Лирикалық толғаныстан гөрі эпикалық баяндау басым жататын сәттер бар десек те, бұл кәдімгі сюжетті өлең. Бірден атап айту керек, дәулет молдығына мастанған өзімшіл, өркөкірек, топас жанның сатиралық образын, тіпті, сол тұстағы Жарқынбайлардың типтік бейнесін жасауға ұмтылған.
Жарқынбай арқылы заманындағы кертартпалықты сынауды мақсат тұтқан. Сұлтанмахмұт оның сыртқы кейпі мен іс-әрекетін сипаттауда тапқырлық көрсетеді. Мәселен, бар малын шығындап болыстыққа әзер қолы жеткен «сары жез знак таққан» Жарқынбай мен «қарғы таққан төбеттің» арасына параллель жүргізу, былай қарағанда, ұсақ деталь. Үңіле түссеңіз, үлкен, мәнді сурет сұранып тұр. Қотан айналасынан ұзап шықпай, сүйек-саяқпен күнелтетін, маңқ-маңқ үрісі үйреншікті болған төбетке жұртына зәредей де жылылығы жоқ, ұлықтардың иек қағуын аңдып, жалақтап отырған Жарқынбайды теңеуі сәтті, ұтымды шыққан. «Он жыл оқып» бір кітап тауыспаған кеще ұлын қосарлай бейнелеу – Жарқынбай образын толықтырады.
«Жарқынбай» өлеңінің көркемдік ерекшеліктеріне үңілгенде, ақынның образ жасаудағы шеберлігі көзге бұрын шалынады.
Оқу жоқ, көз орны бар, кеуде соқыр,
Көргенді, естігенді ми жоқ тоқыр.
Көзі көк, кірпігі ақ, түсі сары,
Алапес, өне бойы ешкі қотыр.
Бұл – Жарқынбайдың «күйеу баласы». Бояу айқын. Дайын, салынған сурет. Оқи отырып көресіз. Хас шебер жолы осылай басталар болар. «Мисыз ой», «талыс аяқ», «шартық бұқа» тіркестеріндегі эпитеттер орынды қолданылған, жағымсыз қылықтардан оқушыны жирендіре, сескендіре түседі.
Ауылдағы оқуды місе тұтпай, мәдениетті жерден білім алуды армандаған Сұлтанмахмұттың алғаш ат басын тіреген шаһары – Троицк. Қала өміріне араласу, мәдениет ошақтарымен танысу, әсіресе, «Айқап» журналының маңында болу, кейінде онда қызмет атқару – Торайғыров шығармашылығындағы бетбұрыстың алғышарттары.
«Шығамын тірі болсам адам болып» (1913) – осы тұста ақын қаламынан шыққан біршама туындыларының шұрайлысы. Тұңғыш рет бұл өлең 1922 жылы Қазанда жарық көрген жинағында жарияланады. Троицкіде оқып жүргенде туысы, досы Шәйбай Аймановқа жіберген фотосуреттің сыртына жазған екен.
Құрбысына жүрек сырын жайып салған ақынның көтерілмек биігі жоғары. «Шығамын тірі болсам адам болып». Дәл осы бірінші тармаққа шәкірт ақын шалқар ой, терең мағына сыйғызған. «Адам болу» – салмақты сөз. «Адам», Сұлтанмахмұттың түсінігінше, халқын емірене, елжірей сүйетін, жүрегімен жұртына жылылық тілейтін асыл азамат. Шумақтағы «адам», «надан» сөздері поэтикалық контраста алынып, Торайғыров ойын айқын аңғартуға қызмет еткен.
Мен балаң, жарық күннен сәуле қуған,
Алуға күнді барып белді буған.
Жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін,
Болмасам толған айдай балқып туған,
– десе, балалық көңілін бүкпей, бар дауысымен құдіреттене жырлаған, болашағын барлаған асқақ ақын бейнесі көз алдымызда елес береді.
Өлеңде кездесетін символдық образдар – Жұлдыз, Күн, Ай, жарық, жақсылық нышандары, ізгілік белгілері. «Надан» сөзінің ар жағынан мұнартып, күңгірт көрінетін тұтасқан қараңғылыққа қарама-қарсы әдейі қолданылған образдар. Әрі табиғат тамашалары Жұлдыз, Күн, Ай күллі әлемге ортақ болса, елінің тағдыры қабырғасын қайыстырып, «тебем деп тірі болсам надандықты» серт еткен азамат та барша халыққа ортақ деген ұғымға меңзейді.
«Айқапта» қызметте жүрген шақта ақын қаламынан шыққан тағы бір туынды – «Қымыз» (1913) өлеңі. Әлеуметтік мәнді тақырыпты жалпы алып жырламай, ақынның ел өмірінің небір ұсақ детальдарына мән беріп, нақтылықпен, үлкен суреткерге тән құдіреттілікпен жырлағаны байқалады өлеңнен.
Қымыз тақырыбына назар аударған ақындарымыз баршылық.
Осы қымыз казаққа,
Мақтаның ба, асың ба? –
деп басталатын ұлы Абай өлеңі де бізге таныс. Сондықтан, бір қарағанда, селт еткізетін жаңалық, сонылық жоқ сияқты. Әйтсе де, құнттай оқысаң, Сұлтанмахмұт ақынның қымыз арқылы әлеуметтік, философиялық терең түйіндерге мән бергендігі, тақырыпты басқа қырынан ашқандығы аңғарылады.
Қымызсыз, маған салсаң, Аплатон бол,
Көрмессің сөзің тыңдар ешбір жанды, – дейді ақын. Адамды асыл азаматтық қасиетімен емес, байлығына, дәулетіне қарай қабылдайтын заманындағы өресіздікті шенейді.
Ақылың Аплатондай болса дағы,
Қымыз бен еті жоқ құр татыр білім.
Бұл – XX ғасырдың тағы бір кемел суреткері Ахмет Байтұрсынұлы. Қос алып бірін-бірі қостап, толықтырып тұрғандай.
Басыңнан қымыз кетсе, қызық кетер,
Сын-сиық, сәулетіңді бұзып кетер.
Кешегі бәйік болып отырған жұрт
Күдерін бүгін сенен үзіп кетер.
Ақынның осынау қорытындысында «кеше», «бүгін» деп уақыт бере сөйлеу, ең үлкен сыншы уақытқа төрелік айтқызу бар. Қолыңнан қымыз тайса, сән-салтанаттың қоса жоғалып, қымыз бергенде лепіре мақтап, желдендіріп, қошеметтеуші берекесіз тобырдың сол сәтте іргесін аулақ салатынын айтуы, қымыз иесі түсіне тұра бүркемелегісі келетін шындықты әйгілеуі – Сұлтанмахмұттың тапқырлығы.
1917 жылдың 10 наурызында Том қаласында емделіп, оқып жүрген С.Торайғыров Семейге келеді. Патшаның тақтан құлатылуы бейнебір жер сілкінгендей, болмаса топан суы тасығандай адам естіп, көз көрмеген төтенше оқиға еді. Дүйім жұртқа азаттық әкеліп, ұлттық мемлекет құруға мүмкіндік туған шақта Алаш қозғалысының бел ортасынан орын алады.
«Алаш ұраны» – Алашорданың гимні. «Алаш ұраны» – «Алаш» партиясының, адамзат баласының көзі көріп, құлағы естімеген өзгерістерді басынан өткеріп жатқан исі қазақтың ұраны еді. Сұлтанмахмұт елін емірене, жұртын тебірене сүйген ұлтжанды азамат. Атар таң, батар күнде тек қана ел қамын ойлап еңіреген, ұлтына жан тәнімен қызмет жасауды мұрат еткен Торайғыровтай перзенттің аласапыран уақытта бұлқынып тарих сахнасына көтерілуі заңды құбылыс.
«Алаш ұраны» – 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін іле-шала жазылған шығарма. Рухы биік, мақсаты ізгі, бітімі оқшау туынды.
1917 жылдың 20 наурызында Петроградтан Әлихан, Мұстафа, Міржақып «Алаш ұлына» атты мақала жолдап, онда: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз үкімет өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті», – деп көңілдегі қуанышты зор шаттықпен хабарлады. Осы қуаныш лебі Торайғыров өлеңінде жарасымды жалғасқан.
Сұлтанмахмұт қуанышты хабарды құшақ жая қуанып қарсы алды. Патшаның тақтан құлауын бостандыққа, теңдікке жету деп ұқты. «Алаш ұранындағы»:
Құрт аурудай жайлаған,
Құртпаққа бізді ойлаған,
Қанымызға тоймаған,
Қолымызды байлаған,
Елімізді лайлаған,
Ерімізді айдаған,
Жерімізді шимайлаған,
Өшті залым қарасы
Жасасын, Алаш, жасасын! –
деген шаттыққа толы тіркестер дүйім жұрттың көтеріңкі көңіл-күйін өрнектейді.
Төңкерістен соң қазақ жерінде кеңінен өріс алған автономия алу, өз алдына жеке ел болу идеясы «Алаш ұраны» өлеңінің өзекті түйіні, кесікті байламы.
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз!
Енді ешкімнің алашты
Қорлығына бермейміз!
Жасасын, алаш, жасасын! –
деп ақынның жігерлене жыр кестелеуі сол заман ақиқатын көз алдымызға елестетеді. «Жасасын, алаш, жасасын!» рефрені бостандық, азаттық идеясының жасампаздығына ақынның қалтқысыз сенетіндігін көрсететін жанды айғақ.
Ақын – халықтың ұлы. Ол жеке басының болмашы кайғысына түнеріп, мардымсыз қуанышына шаттанумен ғана тынбай, дәуірі ұсынған өрелі мәселелерді түбірлей қозғауы қажет. Ал Торайғыров ғұмыр кешкен толқынды жылдар дәуір суреткеріне күрделі уақыттың шындығын мейлінше терең ашу талабын қойды.
Сұлтанмахмұт Торайғыров – қазақ халқы тарихының айырықша маңызды, әдеби өрлеуінің ең бір тосын, шиеленісті кезеңінде көркемөнер сахнасына шыққан суреткер. Дәуір суреткері. Сондықтан болар, қаламгер шығармашылығын тұтастай тану, игеру барысында, тіпті, жеке шығармасын зерттеу объектісіне айналдырған шақта қилы-қилы толғамдар, кереғар пікірлер бой көрсетіп қалады. Тегінде, осынау қиын түйіннің түп-тамырын ақын өмір сүрген тарихи дәуірдің ішкі мазмұнынан, уақыттың күрделілігі мен оқиғалардың қосқыртыстылығынан іздеу абзал.
Ғасырлар, жылдар бойы еркіндікті көксеген халықтың ежелгі арманын бұлжытпай танып, оны сол халықтың ізгі мүддесімен байланыстыра асқақ пафоспен жырлау – тек біртуар ұлы ақын ғана жүзеге асыра алатын үлкен, қомақты іс.
Табиғат сыйлаған ақындық дарынға қоса, нәзік сезім һәм зор білімнің иесі С.Торайғыров қас-қағымдай ғана уақыт ғұмыр сүріп, халқымыздың көркемдік ойы тарихынан мәңгілік орын алды. Мұның төркіні, қаламгер шығармаларының жан жүйесіне әбден сіңген халықтық рух, ұлттық дәстүр, азаматтық биік қасиеттермен тығыз байланысты.
С.Торайғыров тумысынан сезімтал, тебіренгіш, алғыр ойлы, зор талантты ақын, өршіл, бірбеткей азамат ретінде танылды. Алаштық идея дауылы оятқан, жігерлендірген Торайғыров ақындық алғашқы қадамынан «жоқ-барды, ертегіні терген» жоқ, қазақ өмірінің реалдық қалпын, халықтың ізгі сезім-арманын көркем туындыларына арқау етті.