Мерейтойыңмен, АСТАНА!
Сафар Абдулло,
филология ғылымдарының докторы, профессор
Ұлттың ұлылығы санымен өлшенбейді,
адамның ұлылығы бойымен екшелмейді,
жалғыз ғана өлшем –
ақыл-ой дамуы мен адамгершілік деңгейі.
В.ГЮГО.
Біз соңғы жиырма жылда бой көтерген заманауи қала – Астананың куәгеріміз! Жиырма жыл бұрын көп адамдар бұған күмәнмен қараған-ды. Жуық арада бұл қаланың гүлденген мегаполиске айналып, ауқымды мәселелерді шешетін әлемдегі ең әдемі, айрықша қалалардың бірі боларына сенбегендер көп еді. Бірақ еліміздің астанасы осы жерде болуы керек және ол қала айырықша болуы тиіс деген нық сенімі бар бір адам болды. Біз қалалардың бір-бірінен айнымай, егіздей ұқсас болып салынуына үйреніп қалғанбыз. Э.Рязановтың «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен» фильміндегі Андрей Мягков сомдаған қаһарманының бөтен қалада дәл өзінікіндей көшеге, дәл сондай үйге, дәл сондай пәтерге тап келуі кездейсоқ емес. Ал Астана – біртипті, қалыпты қалалардан өзгеше, жаңа құбылыс.
Астана қаласы авторының өз мақсаты болды. Ол – егемендіктен кейінгі алғашқы қаланы – астананы, арман қаланы тұрғызу… Бұл қалаға келген қонақ әрбір ғимаратты жазбай таниды, мәселен, теміржол вокзалын ауруханамен немесе, қонақүй, мектеп, тұрғын үймен шатастырып алмайсыз. Өзінің тікелей міндетін атқара отырып, ғимарат тамаша сәулетімен, ыңғайлы кіреберіс, баспалдақты алаңдарымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, ғимараттың сыртқы болмысы мен алдыңғы жағы біртекті, сүреңсіз болмауы тиіс. Тіпті, терезелердің біркелкілігі жолдар мен көшелердің бірыңғайлығындай адамды шаршатады. Аудандар бір-біріне ұқсамай, өзгешеленіп, әртүрлі қабатты болғаны жақсы емес пе?.. Бірінші қабаттың салыну ерекшелігі де аса маңызды. Бұрын бірінші қабатқа көп мән берілмейтін және бұл сәулет өнеріндегі детальдің мәнін түсінбегендіктен еді. Жобалаушы маман ғимарат жоспарын ортаңғы қабаттар деңгейінен бағамдайды. Ал үйді сыртынан қарап бағалайтын жүргіншілер бірінші қабатты көреді. Адам үйдің жанынан өтіп бара жатып, екінші немесе үшінші қабатқа қарамауы мүмкін, бірақ оның назары дүкен сөресіне, кіреберіс есіктердің сән-салтанатына, баспалдаққа міндетті түрде түседі. Сондықтан, Астанадағы ғимарат маңының сәнділігі мен жайлылығына көп көңіл бөлінетіндігі қуантады. Әрине, қаланың барлық аудандары болмаса да, басым көпшілігі абаттандырылған, ал құрылыс жұмыстары жалғасуда, қала күннен-күнге көркейіп келеді.
Жазық далаға салынған қаланың, әрине, өз ерекшелігі болады. Ақмоланың шексіз жазығы ертеден-ақ түрлі мәдениеттер мен өркениеттер тоғысқан орын болатын. «Тарихтың атасы» Геродот өз еңбектерінде Ұлы Дала арқылы осы аймақты басып өтетін керуен жолын сөз етеді. Қалаларда қолөнер мен майдагерлік кәсіптің, сауда-саттықтың дамуына Ұлы Дала арқылы өтетін керуен жолдары негіз болды.
Қала мен оның тұрғындарын жазық даланың аңызақ желінен қорғау үшін қажетті ағаш түрлері егілді. Бұталы қоршаулар желден, шаңнан, у-шудан қорғайтын таптырмас құрал, оны саябақтың желілік және көлемді пішінін қалыптастыруда пайдаланады. Кейбір бұталы қоршаулар жүздеген жылдар бойы тұрады. Бұл міндет те еліміздің жаңа астанасында өз орнын тапты!
Қазіргі сәулет өнерінде мәнділіктің болмауы көңіл жүдетеді. Мәнділік оған қандай да бір сәулет үлгісімен, әдеби тақырыптар қалыптастырған адамдар тағдырымен және т.б. байланысты уақытқа, оқиғаға орай беріледі. Сондай-ақ, оған құрылысшы да мән үстей алады. Мұндай қалалардың құрылысынан-ақ халықтың ұлылығы аңғарылады! Астана құрылысын Александр Пушкиннің «Мыс салт атты» поэмасында жырланған Петербургтің сипатымен салыстыра қарауға болады.
«Мыс салт атты» поэмасында Ұлы Петрдің парасатты ақыл тұжырымына, климаттық жағдайға, мемлекеттік дәстүр мен саяси бағдарға қайшы бір ғана айбарлы ишараты арқасында негізі қаланған қала туралы бір аңыз керемет суреттелген. Кең таралған бұл аңызға сенсек, І Петр қала тұрғызбақ болған Нева сағасы батпақты жер болған екен. Поэманың тамаша жолдарынан үзінді келтіре кетейін: «чернели избы здесь и там», «приют убогого чухонца».
Орыс зерттеушілері атап өткендей, Петрдің даналығы сонда, ол дәл сол жерден астана салу керектігін білді. Ол бұл жерде қандай да бір Ресейлік елдімекен емес, мемлекеттің символы бола алатын эталон-қала, мемлекеттік сан-сезімді танытатын қала – жаңа империяның астанасы болуы керегін көре білді. Петр тек жаңа қаланың орнын картадан көрсетіп қана қойған жоқ, қала құрылысы тұжырымдамасын қалыптастырды және сол тұжырымдама негізінен еш ауытқымастан қала салынды. – Петрдің түпкі ойы қандай еді? Тарихшылардың айтуынша, Петр ең алдымен астана салуды ойлады. Теңіз порты емес, әскери бекініс емес, көлік-сауда орталығы емес, қолөнер мен өнеркәсіп қаласы емес – осы міндеттердің бәрін атқара алатын, өз кейпі, өмір салты, ұлылығы мен кеңдігі бар, әлемдік державо болуға асық байтақ мемлекетті танытатын қала салуды жоспарлады. Бұл – сыртқы көрнекілікке ерекше мән беретін империя еді.
Кез келген ірі аймақтың өз даму тарихы болады. Астананың да өз тарихы бар…
Қала құрылысына қарағанда ғимараттар салу, сәулет және өнер адамзат баласы қызметінің көне түріне жатады. Өзінің көнелігі мен алуантүрлілігіне қарамастан, қала осы дамыған үштіктің бірлігі, сондай-ақ, белгілі бір әлеуметтік-мәдени, экономикалық және кеңістікті-климаттық жағдайлар болғанда ғана қалыптасады.
Меніңше, Астана авторы мен Петербург авторының арасында көп ұқсастық бар сияқты. Аңызға сенсек, болашақ Петербург қаласының орнында батпақ болған. Петрдің батылдығы мен сенімділігінің арқасында «Петр туындысы» пайда болды. Менің есімде, бастапқыда, Қазақстан астанасын жаңа орынға көшіру жоспары енді қолға алына бастағанда кейбіреулер қысы қатты, жазда аңызақ желі мен мазасыз масасы тыным бермейтін жазық далада қала тұрғызу мүмкін емес деген болатын… Астана қаласының тарихы бұл пікірді жоққа шығарды, кезінде күмәнданған сол адамдар бүгінде пікірін өзгертті. Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлы туындысы – Астананың ғасырлар бойы бой түзеп, уақыт өткен сайын көркейе түсеріне, Қазақстан астанасының даңқы барлық контингентке жетеріне кәміл сенімдімін.
Шын жүректен ең алдымен Астана авторы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты тамаша төл туындысының 20 жылдық туған күнімен құттықтаймын. Барша халыққа мерейтой құтты болсын дегім келеді! Мың жылдан соң да біздің ұрпақтарымыз қала мерейтойын атап өтіп, оның авторына ризашылығын білдіре берсін! Халықтық ұлылығын оның туған жерге, ұлы туындыларға деген махаббаты айғақтайды. Мен соңғы жиырма жылдағы ең ұлы туынды еліміздің астанасы – Астана қаласы екеніне сенімдімін!