Ұлт тарихының тарланы
Әр елдің, әр халықтың әрісі тереңнен тартар қалыптасу, даму, жетілу өркениетіне лайық өз тарихы бар. Соны зерттейтін де, зерделейтін де көкірегіне ұлттық рух ұялаған тарихшылар қауымы. Жүрегі «елім» деп соққан осындай нағыз тұлғалы тарихшыларымыздың бірі – Талас Омарбеков. Ұлт тарихын шаң басқан мұрағаттарда сақталған деректік һәм дәйектік құжаттар арқылы шежірелей жүріп, өз мектебін қалыптастырған да осы ғалым. Ол сол мектеп аясында Қазақ тарихына жаңа көзқарас пен барлау жасап, тарих пен тарихнаманы заманауи тұжырымдар негізінде байытуға баса назар аударды. Уақыт ағымына ілесіп, ғылымға да, ұстаздық ұлағатқа да ерекше ден қойды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Ұлы тұлғаларды білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан да халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда да оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дүйім жұртының нағыз азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген», – деп тарихи зерттеулерге сара жол ашып берді. Осы бағытты ертерек тұтынғандардың да бірегейі – тарихшы Талас Омарбеков. Халықты азаттық жолындағы күреске бастаған ұлт батырлары, билеушілері, би-шешендері, зиялылар, көш басында тұрған аса ірі саяси жетекшілер Т.Омарбеков қаламынан тыс қалған емес. Ұлт тарихын орнықтыруға тікелей үлес қоса отырып, жаңаша талғам, тәуелсіз ел көзқарасы негізінде ұрпақ танымына лайық бағытты қайта қарастыруға өзі ұйытқы бола жүріп, қаншама ғылыми зерттеу еңбектерін дүниеге әкелді. Бұл биікке көтерілу талғампаз ғалымның алдынан шыға қалған даңғайыр даңғал емес еді.
Бүгінгі таңдағы тарих, археология және этнология факультетінің маңдайалды ұстаздарының бірі де Т.Омарбеков. Мектептен кейін жоғары оқу ордасын үздік тәмамдаған ол «ғылым» атты әлемге сол жылдары-ақ тұтас бет бұрған еді. Абай атындағы ҚазПИ сынды ұлт ұлылары жинақталған оқу ордасы оның ұстаздық жолын айқындап берсе, «инемен құдық қазғандай» аса қиын ғылым жолына жасөскінді итермелеген бойына ана сүтімен дарыған таланты еді. «Еңбек – бәрін де жеңбек» қағидаcын берік ұстанған жас ұстаз болашағына алдын-ала бағдар жасауды да ұмытпады. Ілгергі мақсатына жетуі үшін ізденімпаздықпен қоса қажымас қайсарлық қажет екенін де естен шығармады. Ұлт тарихын тыңғылықты жасау үшін көзмайын тауыса оқу, сол оқығаннан алған нәрді ел-жұртқа жеткізу қажеттігін түсінді. Күндіз-түні отырып ақтарған архив қойнауындағы айғақтауға тыйым салынған құжаттарды жариялап, ғылыми айналымға қосуға ұмтылды. Сөйте жүріп Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерін ашып, шындықты кеңестік биліктен қаймықпастан жариялауға тартынбас қадам жасаған жүректі түлек. Әрі ол осындай өжеттілікті ізбасар-шәкірттеріне де дарытуды өз борышы санады. Тәрбиелеп жүрген жас ғалымдарының зерттеулерінің жан-жақты әрі бұлтартпас дәлелді болуын қатаң қадағалады.
Талас Омарбеков жас кезінен-ақ ата-ана, мектеп, ЖОО тәрбиесіндегі жеткіншектер туралы үлкен проблемалар қозғады. Оқу құралдарын жазу әдістері мен көрнекі құралдарды пайдаланудың тиімді тәсілдерін өзгелерге де үйрете білді. Осы тұрғыдағы өзекжарды материалдарды баспасөз беттерінде үздіксіз жариялауды дәстүрге айналдырды. Маңыздылығы өте жоғары бұл мақалаларды мектеп мұғалімдері мен ЖОО ұстаздары өнеге құралы ретінде қабылдады.
Ғалымның қысы мен жазы шәкірттерімен бірге өтетін ұстаздық қызметі оның көптеген ғылыми-зерттеу еңбектерін жарыққа шығаруына ұйытқы болды. Зерделеу әрекеттерінің 800-ден аса еңбектері өте күрделі, тарихымыздың орны толмас беттерін толықтыруға арналған. Ол еңбектер қатарына «Тарих тағылымы не дейді?», 1929-1931 жылдардағы ұжымдастыруға қарсы наразылық тарихына арналған «Зобалаң», «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті», «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері», «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас», «Тарихпен өрілген тағдыр», «Голодомор в Казахстане: причины, масштабы и итоги (1930-1933 гг.)» кітаптары бар. Мәселен, «Зобалаң» еңбектері соның дәлелі. Автор 1929-1931 жылдары Голощекиннің күштеп ұжымдастыруына қарсылық танытқан халық наразылықтары мен ОГПУ құпия құжаттарының негізінде «ақтаңдақ» болып келген қазақстандықтардың қасіреті тарихи деректермен дәйектеледі. Кеңестік әкімшіл-әміршіл коммунистік идеология мен бюрократтық жүйенің халыққа қарсы көпе-көрнеу өктемдік жасауы, тізесін батыра жаныштап, зорлық-зомбылық көрсетуі, бұндайға төзбеген халықтың бас көтеруі обьективті тұрғыда зерделеніп, ғылыми бағасы берілген. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары жарияланған бұл еңбекте тұңғыш рет ұлттық санасы оянып, ұлттық намысы кеудесін кернеген жұртшылықтың шыдамының шегі бар екенін, күштеу, зорлау әдістері еркіндікті аңсаған момын халықтың да қару алып, көтеріліске шығуына негіз болатынын әшкерелейді. Жер-жерлерде 372 көтерілістің болғаны нақты мысалдармен көрсетіледі. Әрі бұл еңбектер Кеңестік тарихнамада зерттеуге мүлдем тыйым салынған ұжымдастыру, ашаршылық, бай-кулактарды тәркілеу, күштеп отырықшыландыру, заңсыз, қатаң жаншу саясаты жаңаша, заман талабы мен тәуелсіз халықтың тарихына деген сұранысына сай жазылған болатын. Ғалым зерттеу еңбегінде Тақтакөпір, Бостандық, Батпаққара, Созақ, Ырғыз, Қарақұм, Өскемен, Зырян, Шұбар-Балқаш-Шоқпар, Адай және т.т. көтерілістердің халықтың әділдік іздеп, дінін, салт-дәстүрін, шаруашылығын сақтап қалуға бағытталған қарулы қарсылығы екенін дәлелдеген. Ел тарихына үңілсек, шын мәнінде болған көптеген көтерілістердің күні бүгінге дейін жан-жақты зерттеліп, тарихи бағасын ала-алмай келгенін аңғарамыз.
«ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері» еңбегі Қазақстан тарихының қарама-қайшылыққа толы, кеңестік тоталитарлық жүйе жүргізген төтенше саяси-шаруашылық мәселелеріне мұрағат деректері негізінде талдау жасалған. ХХ ғасырдың басында халық талай рет «сүрінді», тарихтың сара жолынан ауытқыды, адам шығыны да, мал шығыны да аз болған жоқ. Адамзаттың моральдық тұрғыдан да, материалдық тұрғыдан да қасірет шеккен ащы шындығы осы еңбекте жан-жақты қарастырылады. Кеңестік өкіметтің қазақ жерін отарлауы, кеңестендіру, «Кіші қазан» шындығы, сауатсыздықпен күрес және оның мәдениетімізге тигізген теріс ықпалы, Алаш қозғалысы қайраткерлерінің адам төзгісіз тағдыры мен ашаршылық ақиқаты айғақталған бұл еңбектің маңызы аса зор. Мұнда, әсіресе, шетелге кеткен қандас бауырларымыз бен басқа елден күштеп депортацияланған кәріс, қырым, кавказ, Еділ бойы халықтарының қилы тағдырлары, қазақ зиялыларының еңсесін езгілейтін «Үлкен террордың» беймәлім тұстары әшкереленді. Сондай-ақ, заңсыздықтар мен құқық бұзушылықтардың кең етек жайған кезеңінің тарихи бағасы әділ беріледі. Сол қасіреттің ешқашан қайталанбауын тілеген автор тарихи сабақтың бүгінгі ұлтты сақтап қалудың бірден-бір жолы екенін дәйектеп көрсетеді. ХХ ғасырдың өзекті мәселелерінің қатарына тың эпопеясы немесе тың тұмшалаған шындық беттері де айқара ашылып, тың игерудің қазақ халқының экономикасына, экологиясына, демографиясы мен мәдениетіне, тіліне тигізген кері әсері нақты деректермен дәлелденеді. Зерттеуші шеберлігімен өрілген бұл еңбек қазақ баспасөзінде бұрын-соңды сирек көтерілгендігімен де аса құнды.
Зерттеудегі айғақталған тағы бір маңызды мәселе – Алаштың ардақты азаматы, дара да дана тұлғаларымыздың бірі Ермұхан Бекмахановтың аз ғана ғұмырында артына өшпестей із қалдырған мұрасының және өзінің әділетсіз айыпталғаны жан-жақты әрі алғаш рет ашық жарияланғандығы болатын. Ұлтжанды ғалымның Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрес тарихын ашық дәйектегені үшін азапталғаны, ғалымның тар жол, тайғақ кешулі өмір жолы өрнекті өріледі.
Соғыстан кейінгі жылдары интеллигенцияға жасалған сталиндік қуғын-сүргін мәселесі де тарихшы назарынан тыс қалмайды. «Түрмеге қамау, жер аудару, партия қатарынан және қызметтен босату тәрізді жазалаулар тағы да орын алды. Ал мұның өзі, әсіресе, қазақ интеллигенциясын жалтақ, жасқаншақ, тіптен екіжүзді етіп қалыптастырудың жаңа кезеңіне апарды. Бұрын өзінің халқына қызмет ету рухында тәрбиеленген интеллигенцияның орнына енді партияға ғана қызмет етуді ойлайтын интеллигенцияның жаңа буыны қалыптаса бастады. Сталинизм осылайша ұлттық интеллигенцияны рухани тұрғыдан тоздырып жіберуге негіз қалап берді», – деп қынжылады ғалым. Ондай ерлікке барғандар кемде кем еді. Тарихтан тағылым алар болсақ Е.Бекмахановтың ғұмыры тәлкекке түсті. Алайда ғалымның артында қалдырған өшпес мұралары мен адам төзгісіз тағдыры саналы ұрпаққа сабақ боларлық, жастардың жадында мәңгі сақталар қатігездік. Т.Омарбеков өз ұстанымын бекем сақтаған Е.Бекмахановтың еңбегінің кіріспесінде: «…тарихшылардың еңбектерін таңдана мақтаудан басқаны білмейтін жас зерттеушілеріміздің осы бір көрнекті тарихшыдан ұлағат алмағаны еріксіз қынжылтады», – деп қайсыбір жайлардың астарын аша көрсетеді.
Кеңестік қоғамның керітартпа өкілдері ретінде сипатталған қағандар мен хандар, «жамау-жасқау, қырық құрау» жырлар туындатқан ақын-жырауларымыз, «рушыл, жүзшіл» және көзсіз тентек ретінде сипатталған батырларымыз бен тарихи тұлғаларымызды қайта тануда, қазақтың қазақтығын сақтап қалуда, ұлт тарихын көркем тілмен баяндап, оның шынайылығын жастар санасына сіңіруде Талас Омарбековтың еңбектерінің маңызы өлшеусіз зор. Жазба деректерді ауызша тарих айту дәстүрімен ұштастырудың қажеттілігін, салыстыра талдаудың маңызын өз еңбектерінде жиі айтып отыратын ғалымның зерттеулерінің салмағы да ауыр екенін атап өту қажет. Қазақ халқы өзінің өткенін, тарихын ұдайы жадында ұстап, оны сан алуан тәсілдермен әртүрлі жанрларда қалыптастырып, келер ұрпағына аман-есен жеткізіп отырған. Қазақтың батырлық жырларының, дастандарының бәрінде де тарихи шындықтың негізі жатыр. Ауызша тарихи деректердегі қазақ-орыс қатынастары мәселесінің арнайы зерттелмеген, маңызды тақырыптардың бірі екенін профессор Талас Омарбеков көптеген ғылыми еңбектерінде ашық жазды. Ғалым «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас» атты монографиясында ауызша деректердің маңызы туралы ескертіп, орыс княздіктері мен Алтын Орда, орыс мемлекеті мен Қазақ хандығының қарым-қатынастарының кейбір өзекті мәселелеріне қатысты жаңаша тұрғыда пікірлер өрбітеді.
Мәселен, Шыңғыс хан, Жошы, Тоқтамыс, Шора батыр, Қасым, Есім, Кенесары және т.б. тарихи тұлғаларға байланысты талдаулар жасап, жазба деректерді ауызша тарих айту дәстүрінің тамаша үлгілерін, мұрағат құжаттары мен археологиялық ескерткіштерді сөйлете отырып, құнды дүниелерді оқырман назарына ұсынатынын ерекше атап өту қажет. Тарихи есімдерді түлетіп, ұлт мақтанышына айналған Ұлт зиялылары – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Смағұл Сәдуақасов тағы басқалардың өмірі мен қызметін зерделеп, танымдық биігін айғақтай дәлелдеп, бұл дәйектерді жастарымызды тәрбиелеудің құралына лайықтауы, әрине, ғалым жетістігі.
Талас Омарбекұлы «Алаш» тарихи-зерттеу орталығында еңбектене жүріп, этникалық зерттеулер жиынтығына кіретін қазақтың ру-тайпаларына арналған 36 томдық Арғын, Керейт, Кердері, Дулат, Найман және т.б. таралу тарихын жариялаған болатын. «Республикалық Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу» орталығын басқара отырып, Орталық Азияның ортақ тарихи кеңістігінің шымылдығын түріп, түбі бір түркі халықтарының этникалық тарихын, қағанаттар, ұлыстар, хандықтар тарихын жаңаша зерделеуді жүзеге асырды. Қазақстан тарихында өз ізін қалдырған қағандар мен хандардың, билеушілердің тарихи тұлғаларын орын-орнына қойып, деректер негізінде портреттерін өз қолымен салып, жаңа компьютерлік технологияларды пайдалана отырып Қазақстанның картасын жасап шықты. Орталықта алғаш рет «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы» оқу құралының 4 томын, «Орталық Азия көшпелілері тарихына» арналған 4 томдық монографияларды бастырып шығаруға қомақты үлес қосты.
Талас Омарбековтың «Қазақ түркілерінің мемлекеттілігі: қағанаттар, ұлыстар мен хандықтар баяны» атты монографиялық еңбегінде арғы түріктерден бастап Қазақстанның ұлан-ғайыр территорриясында өмір сүрген қағанаттар мен ұлыстар, хандықтардың тарихи кезеңдері бірізді, нақты деректермен зерделенген. Қазақ хандығының ұлттық негіздегі мемлекеттілігінің қалыптасуы, дамуы мен отарлық қамытын киіп жүргендердің, тәуелсіздік үшін күресі мәселелері сипатталған. Бұл еңбектегі басты ерекшелік – автордың тарихи дерек көздеріне жүгіне отырып, компьютерлік технологиямен жасаған тарихи карталарының тұңғыш рет көпшілік назарына ұсынылғандығы. Сонымен қатар, автор Ұлы даланың Ұлы билеушілерінің суреттерін асқан шеберлікпен өз қолымен салып, жариялауы ұрпаққа үлгі, жеткіншектерге өнеге.
Көптеген ғылыми, көпшілік оқырмандарға арналған ұлтымыздың саяси-әлеуметтік ахуалы мен тағдырын сөз ететін «Тарих тәлімі», «Азаттық жолындағы айқас», «Жылымық алдындағы ызғар», «Ғасырдың басты оқиғасы», «Зиялы қауым неге қуғындалды?», «Қазақтар шыбындай қырылып жатыр», «Талапайға түскен тарих», «Жазықсыз жапа шеккендер», «Аштық алапатын анықтай алдық па?», «Ашаршылық апаты» сынды мақалаларының қай-қайсысы да автордың ащы шындықты суреттейтіндігімен оқырмандар жүрегіне жол тапқан. Тарих ғылымында туындаған іргелі мәселелерді шешіп, Қазақстанның ежелгі және ортағасырлар, жаңа және қазіргі заман тарихына арналып жазылған ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ елінің абырой-беделін асқақтатып, білім ордасының дамуына зор үлесін қосып отыр.
ХХ ғасырдың басында кеңестік тоталитаризмнің Қазақстанға жасаған құйтырқы саясатының ащы шындығын зерттеп, өзекті мәселелерді қозғап, нақты нәтижелерге қол жеткізген Талас Омарбековтың ғылыми ізденісі толастаған емес. Қазақ әдебиетінен өз орындарын еншілеген, тарихи романдар мен повестер жазған Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Қабдеш Жұмаділов, Сопы Сматаев және басқалардың тарихи еңбектері де тарихи әдебиетіміздің үлкен жетістігі екені сөзсіз. Міне, осы қалам қайраткерлерінің көркем әдебиет саласында жүріп, ұлттық тарихымызға қосқан үлестерін де салыстыра көрсетіп, әдеби шығармаларға тарихи әділ баға беріп жүрген сирек тарихшылардың қатарында Талас Омарбекұлы жүреді. Мәселен, ғалымның Ілияс Есенберлиннің шығармашылығына берген мына бағасына құлақ түрелік: «…Бірақ алғашқылардың жолы әрқашан да ауыр дейтін болсақ, І.Есенберлиннің еңбектері кеңестік тоталитарлық жүйе тұсында қазақ тарихын көркем баяндауға берік бағыт ұстаған, адуын тау суындай жолындағы кедергіге қарамай, арналы екпінмен бұза-жара жазық далаға шыққан кең өзеннің бастау арнасына ұқсайды. Оның «Көшпенділері» жарық көрген кезде қазіргі жасы алпыстың асқарындағы және одан асқан оқырман буын жоғарғы оқу орнының студенттері және көзқарасы жаңадан қалыптаса бастаған азаматтар еді. Олардың ішінде біз де бармыз. І.Есенберлиннің «Көшпенділері» кеңестік таптық идеологиямен санасы әбден уланған, дүниеге интернационалист ретінде бір жақты қарауға тәрбиеленген осы ұрпақтың санасында күрделі төңкерістер жасап, ауылда өскен әрбір азаматтың ата-бабадан үздік-создық әңгіме түрінде келіп жеткен ұлттық рухани мұраларды жазушының еңбегіндегі тарихи деректермен ұштастырып, қазақ тарихына ұлттық көзбен қарау ұстанымдарын сақтап қалуға мүмкіндік берді», – дей келіп, сол кезеңдегі еркіндікке ұмтылған қауымның бұғаудағы жағдайының бет пердесін ашып береді.
Талас Омарбеков өзінің «Қазақ елінің саяси дербестік үшін күресі» атты мақаласында коммунистік партияның өнер мен мәдениет саласында ұстанған саясатын мына бір пікір аясына сыйғызады:
«Д.Қонаев бастаған қазақ зиялылары осындай қайшылықты ахуалда қазақтың рухын сақтап қалудың жолын қазақ әдебиеті мен өнерін өркендетуден іздестірді. Мұның өзі тоталитарлық жүйе тұсында коммунистік рухта қалыптасып келе жатқан ауыл қазақтарының жаңа ұрпағының жан дүниесінің қазақшыл пиғылын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Солай бола тұрса да, ұлттық әдебиет пен өнердің тамаша тарландары дүниежүзілік өркениетке қазақша жазылған өздерінің шығармаларын тікелей таныта алмай, арқандаулы аттай Қазақстан аясынан аса алмады. Орысша жазып, орысша ән салатындардың жұлдызы оңынан туды. Өйткені, қазақ үшін әлемдік өркениетке баратын жол Мәскеу арқылы өтетін еді», – деп қазақ ұлты мен қазақ тіліне көзқарастың қандай деңгейде болғанын алдыңызға ашық тартады.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Үздік оқытушысы», Ұлттық университетіміздің Құрметті кафедра меңгерушісі Талас Омарбеков – әлемдік деңгейдігі халықаралық жоғары рейтингке ие, Канада, Үндістан, Германия, Түркия, Ресей сияқты елдердің ғылыми кеңістігінде еңбектері жарияланып, әлемге танылып үлгерген ғалым. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарының студенттері мен жас зерттеушілерін ғана ғылыммен сусындаумен шектеліп қалмай, орта білім беру мекемелеріне тарих пәнінен мектеп оқулықтарын дайындау ісін де қолға алып, 8,9 сынып оқушыларын заман талабы мен жаңа инновациялық әдістер негізінде жазылған оқулықтармен жігерлендіруге бет бұрды.
Осындай ұстаздың мектебінен өткен әрбір шәкірттің рухани тұрғыдан кемелденуіне, білім, ғылым айдынында еркін жүзуіне, әрине мүмкіндік мол. Өйткені, Талас Омарбеков әл-Фараби атындағы ұлттық оқу ордасының мақтанышына айналған пайымды да парасатты тұлға. Көзіқарақты кез келген қазақстандық немесе түркі дүниесі азаматтары Талас Омарбековтың сүбелі еңбектері хақында ойларын кеңінен толғай алады. Өйткені, ол тарихпен танылған тұлға. Ұлт тарихының тарланы ғой!
Нәзия Тәсілова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
қауымдастырылған профессоры,
тарих ғылымының кандидаты.