Бұл қазаққа… өтпейтін кетпен де өктем…
01.06.2018
1565
0

 

 

 

 

 

Әбубәкір СМАЙЫЛОВ


ҚАҢҒЫҒАН ОҚ

Батыр да жоқ, бүгінде ақын да жоқ
Аздық, тоздық сан ғасыр тақымда боп.
Енді елестей кезіп жүр қазақ елін
Қашан, қайдан белгісіз атылған ОҚ!

Қаңғыған ОҚ, кәдімгі қорғасын ОҚ
«Қанды 37-нің» жалғасы боп –
Тура келсе тұрады жолында кім
Құрбандықтың қашанда жолдасы жоқ!

Үйір болған балталы қалталыға
Қаңғыған ОҚ қасқырша жортады ма?
Алтынбекті осы ОҚ па алып кеткен
Кімді іздеп жүр жалаңдап ол тағы да?

Найза ұстамай, ер салмай жирен атқа
Ай-күн аман,тып-тыныш үйде жат та-
Бір күн мүмкін басыңның байлануы
Заманбекке (үш мәрте!) тиген ОҚқа.

Қаңғыған ОҚ қасқырша жортады ма,
Кімді іздеп жүр жалаңдап ол тағы да?
Шүріппеде сұқ саусақ, белгісіз қол
Көздеп тұрған жоқ па екен енді Сізді ол?..

ТҮСІК
(Отыз жыл өткен соң)

Алматынының алаңы. Желтоқсанда
Алаңдап бір хабарды ел тосқанда…

Өз қамы емес ойлаған ел пайдасын
Тәуекелге өңкей жас бел байласын.
(Өтпей қойды-ау қылышым қыл арқанға
Өршіл рух, өлмесең сен қайдасың!?).

Көртышқандай тығылып түгел інге
Жалтақтаған күн еді Кремльге.
Намыс ойнап жас қайрат жүрегінде
Қару ойнап биліктің білегінде.

Қатып қалған санамда СТОП-КАДР:
Қабаған ит тісінен тіс қаққан ұл
сытылып-ақ шығып ед, бірақ оны
сүйрейді әлі шашынан ұстап қазір!

СТОП-КАДР санамда кері айналған-
Қар үстіне қан тамып самайлардан,
Қаршадай қыз көзінде үрей тұрды
Лағындай еліктің қарай қалған!

Тұзы жеңіл қазақтың дәл өзіндей
Жер қозғалса қозғалмас және зілдей –
«Менің Қазақстаным» әуеледі,
Қандай жақсы қалғаны ән ЕЗІЛМЕЙ!

Әлі-ақ толар орыны кем-кетіктің,
Қарны тоқ қой қазақы пенделіктің.
Алматынының алаңы.
Желтоқсанда
Мен де тұттым Азаны, сен де тұттың.

Айтшы, орны толды ма кем-кетіктің
Ел тізгінін ұстайды ер жетіп кім?
МЕНІҢ ҰЛЫМ ОТЫЗҒА КЕЛЕР ЕДІ
КЕТПЕГЕНДЕ ҰШЫНДА КЕРЗІ ЕТІКТІҢ!

КЕТПЕНДЕ КЕТКЕН КЕК
(Кейкі батыр келгенде)

«Сағат түнгі үште Астанаға ұшақпен әкел­дік. Бас сүйектің барлық бөліктері бар, қал­пына келтіруге болады. Бастың өзінде сұм­дық қанды оқиғаның іздері көрініп тұр. Ті­зерлетіп қойып, кетпенмен мойнынан шап­қан. Өтпейтін кетпенмен бірнеше рет шабу деген сұмдық қой…».

(Ал­маты орталық мемлекеттік мұражай ди­рек­торы Нұрсан Әлімбайдың «Азаттық» тіл­­­шісіне берген сұхбатынан).

Шығарып сап Путинді, жыл құстарын
Шырт ұйқыда Астана..
Түнгі үш жарым.
Кейкі батыр келіп тұр! Оян, қазақ
Күйбеңдемей, күйттемей тұрмыс қамын!

Батыр келді! Батырдың Басы келді,
Жаниын деп рухы жасық елді.
Түнгі үш жарым.
Тым-тырыс… Жатырсың ба
Қарсы алуға жарамай асыл ерді?

Ажал құшқан жүз жылдың белесінде
Кейкі батыр бейнесі ел есінде.
Алмас қылыш лайық асыл басқа
Кетік кетпен бұйырса… көнесің де!

Не амал бар бұйрыққа көктен жеткен,
Бұл қазаққа өтпейтін кетпен де өктем!
Иесі жоқ байлығын иен даланың
Иеленіп жатыр ғой өткен-кеткен!

Далаң дауға түскенде алаңдауға
Қақың жоқ па? Санасы самарқауға
Сан айтсаң да жетпейді – жүз жылда бір
Атылады аспанға Жанартау да!

Жігіт болса жігерсіз о да нәлет,
Сол бір кетпен сарт етті санама кеп.
Атаң құнын ақырып сұрамасаң
Ата-баба басынан садаға кет!

Құрманғазы күйі ойнап тамырыңда
Намыс туды қайтадан, таныдың ба?
Кейкі батыр кейпінде келіп тұрған
РУХЫ еді қазақтың анығында!

P.S.:
Шығарып сап Путинді, жыл құстарын
Шырт ұйқыда Астана..
Түнгі үш жарым.

Астана, 6 қазан 2016 жыл,
таңғы 03 сағат 30 мин.

АТЫ ЖОҚ ҚАЛА
немесе бақытты шаһардың тұрғындары

Бір қала бар әлемде нұр сипатты
Тұрғындары соншалық ілтипатты.
Көрген жанның бірден-ақ көзін жаулап
Баурайды екен жүрегін бір күй тәтті.

Бәрі арманда көрсек деп сол қаланы,
Сол қалаға асығып жол барады.
Римің де реңсіз, Париж де пәс
Қала біткен қасында қор болады!

Барынша адал шаһардың тұрғындары
Ашылмаған араны, құлқындары.
Қызығады бар әлем: Бұл қаланың
Парадан пәк періште мүмкін бәрі?

Күллі дүние қарайды ұрлана да
Күндіз түгіл түнде де нұрлана ма?
Бірақ, онда бір мұң бар,
не жетпейді
сәулетті де, дәулетті бұл қалаға?!

Көп ұзамай болыпты мұң да мәлім
Әлі атауы жоқ екен бұл қаланың!
Ханның тәлпіш қызындай аңыздағы
Айғай сапты: «Атым кім?
Кім боламын?».

Аңыздағы айтылар әділ патша
Жан қала ма жар салып, дабыл қақса:
«Ей, бақытты шаһардың тұрғындары,
Қаламыздың кімде-кім атын тапса…».

«Аңыз еді..» десек те бұл кешегі
Әлі күнге ел сабылып жүр деседі!..

КӨШПЕНДІЛЕРДІҢ КОДЫ

Тарихты кімдер біліпті бүтін
Таратсам арғы атамнан –
Ел-жұртын ертіп қырық мың түтін
Еуропа асқан Қотан хан.

Қажеті қанша жаңа дәлелдің
Деректі осы ұнатам.
Қызына үйленіп Бела корольдің
Еуропада қалған бір атам!

Қырық мың қыпшақ қылышпен келген
Қырылып қалған жоқ шығар.
Сіңісіп небір ұлыспен,елмен
Кеткен деп тарих топшылар.

Тартпай да қоймас тегіне адам
Келбетіңді аздап ұқсаттым.
Елесін іздеп Еуропадан
Қырық мың түтін қыпшақтың-

Жүргенде бір күн бейтаныс қыпшақ
Амстердамда кездестік.
Көңілі босаған Бейбарысқа ұқсап
«Көкем-ай…» деген сөзді естіп!

Көшпенділердің коды жазылған
Бойыңда болса түйір қан,
Түйсінерсің-ау Сарыжазымнан
«Сарыарқа» күйін құйылған.

Тылсым бір сезім қаныңда ойнаса
Құрманғазының күйіндей –
Қайыру бермей арындай қаша
Жөнелсе ол тағы үйірдей.

Қайыру мүлде бермесе асау
Жұмбағын мұның шештің бе?
Сағыныш деген ендеше осы-ау
Аударылмайтын еш тілге!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір