Абай дүниетанымы
25.08.2015
10280
0

АбайСоңғы жылдарға дейін Абайдың әдеби мұрасын танып-білу, оны насихаттау жұмысының бәрі де материалистік, атеистік дүниетаным негізінде зерттеліп насихатталып келгенін ешкім де терістей алмас. Өйткені, шындық осылай болып тұр. Абай дүниетанымын марксистік материалистік, жауынгер атеистік таным тұрғысынан танытудың басында қазақ философтарының айғайшы болып тұрғаны да рас. Абай туралы көркемөнер жанрында жазылған шығармалардың бәрі де социалистік реализм талабы шеңберінен шығандап кете алмағаны, өйткені оған таптық дүниетанымы осылай қалқан етіп қойылғаны белгілі ғой. Себебі, КПСС ОК дүниетанымдық ұстанымы марксистік материалистік, атеистік негізде саяси идеологиялық танымды толассыз насихаттаумен айналысты. Әдебиет пен көркемөнер саласы да осы танымға бейімделді. Қалың оқырман, тыңдаушы атаулының бәрі де дүниетанымы жағынан материалистік, атеистік таным тұрғысынан қалыптасып жатты.

Мекемтас Мырзахметұлы,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Қазақ әдебиетінің ұлы классигі Абай дүн­иетанымын қазақ философтары мате­риа­лист, атеист деген байламға келді әрі осы танымды бүгінге дейін ұстанып мал­дану­да.

Абайды танып-білудегі басты кедергі оның дүниетанымының барлық салаларын, яғни философиялық, этикалық, эс­те­ти­калық, саяси-әлеуметтік салаларын анық­тауға келіп тіреледі. Осы салалардың бә­рін де қазіргі философтар материалистік мо­дель тұрғысынан қарастырып келеді. Осы әрекет, әсіресе, Абайдың 150 жыл­дық мерекесінде Қазақстан филос­оф­та­рының ұжымдық еңбегі «Абай дү­ние­та­нымы мен философиясы» деп аталатын ар­найы ғылыми зерттеулерінде өз кө­рі­нісін тапты. Бірақ философтардың бәрі де Абайдың жетінші қара сөзіндегі «Дүниенің кө­рінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны бо­лады. Әзелде Құдай тағала хайуанның жа­нынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан»/Абай. 2 том. Алматы, 1995, 165 бет/, деген да­на­лық сөзіне назар салмай келеді. Абай дү­ниетанымын танып-білуде Абай айтқан бұл ой пікірдің мән-мағынасы, болмысы, тіп­ті, бөлекше өркештеніп дараланып тұр. Абай бұл пікірін ХІХ ғасырдың соңында айтуымен де ерекшеленіп тұр емес пе? Абай «дүниенің көрінген сыры» деп бізді қор­шаған материалдық әлемді айтса, «дү­ниенің көрінбеген сыры» деп біздің тыл­сым сырға толы рухани әлемімізді мең­зеп отыр. Бұл іспеттес терең пікірді Яссауи­дің «Девони хикметінен де» ұшы­ратамыз:

Ілім екеудүр: тән мен жанға басшы турар,

Жан ғалымы хазретіне жақын турар.

Тән ғалымы залымдарға ұқсар ерміш.

/Яссауи «Девони хикмет. Түркістан. 1993, 74 бет»/ деп ой толғауында «дүние­нің көрінбеген сыры» мен жан ғалымы ай­налысады деп кесіп айтатыны бар. Жан ғалымы көрінбейтін рухани әлем сы­рымен айналысса, тән ғалымы «дүние­нің көрінген сырымен» бір жақты айналысып, нәпсілік жолға ұрынып, дүниеқор, дүниеқоңыз болып қалатынына назар аударатынын ашық аңғартады.
Абай айтқан дүниенің көрінген сырын ашумен айналысатындар тән ғалымы/тех­нократ ғалымдар/ болса, дүниенің кө­рінбейтін сырын ашуға ұмтылғандар жан ғалымы болып шығады. Соның бірі хаким Абайдың өзі болғандықтан, Абай жан ғалымының ең көрнекті өкілі болып шығады емес пе? Өйткені, Абай 1898 жы­лы жазылған 38 қара сөзінде жантану ілімі туралы ой танымдары біздің зама­нымыздағы квантты физиктерден бір ғасырдан астам уақыт бұрын «дүниенің көрінбеген сырына» айрықша мән беруі арқылы жантану ілімімен айналысып, пәлсапалық лирикаларын жазуы ойшыл ақынның кемеңгерлік тұлғасын көрсетеді. 1501-1510 жылдар арасында Фирдоу­сидің «Шаһнама» дастанын қыпшақ тіліне толық аударған мамлюк қыпшақ ақыны Шәріп Әмеди:

Хақты тану жолын іздегендер, бұл әлемде барша аң таң қалғандар, деп, аса жоғары бағалап, ой толғауы кездейсоқ болмаса керек-ті. Абай «дүниенің көрінген сыры» мен «дүниенің көрінбеген сырын» бірлікте қатар алып танып-білуді мең­зейді. Абай айтқан бұл даналық ойлардың дүние­ні танып-білуде мән-мағынасы аса терең пәлсапалық ой танымдар «дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын» евро­палықтар ХVІ ғасырда-ақ танып-білген. Бі­­­рақ олар дүниенің көрінген сырын ашып тануға, заттық игілікті молайтуға, баю­ға шешуші мән беруі себепті, ма­териалистік, атеистік дүниетанымға бір­жолата бағыт алды. Испан ғалымы Рена Декарт болмыс пен сананы бөліп қарауға ерекше мән бере қарағандықтан «Арнайы құрылғылармен өлшеуге болатын нәрселерді ғана зерттейік, ғылым деп осыны ғана айтайық. Ал, сана деген көзге көрінбейді, прибормен өлшенбейді. Бар екенін білеміз. Бірақ көзге көрінбейтін нәрсені зерттеп қайтеміз», – деп адам­заттың рухани әлемін танып-білуден теріс айналды. Мұның нәтижесі бүгінгі Европа халықтарының мінез-құлқы жағынан бұ­зылып, моральдық қасіретке алып келді әрі олар ғылымды имансыздқ жолға тү­сір­ді. Яғни олар ғылым жетістігін адамзат­ты қырып жоятын қару жарақ жасауға жан­ сала кірісті. Әлем халқын отарлап, кей­бір халықтарды жойып, қалғандарын өз дініне зорлап кіргізіп, тілін қабылдатып, ұлт­тық дәстүрін жойып, жаппай мәң­гүрт­тенуге алып келді. Ресей де осы теріс жол­­­ды ұстанып, өзі жаулаған 47 түрік ха­­­­лық­тарын қасіретке ұрындырды. Енді келіп атом, сутегі бомбасын, биологиялық, химиялық, лазарлық қару-жарақ түрлерін жетілдіруде өзара бәсекеге түсіп жанталасуда…
Абай дүниенің көрінген және көрін­бе­ген сырын үйлестіре танып-білуді мақсат тұт­ты. Абайдан бастап түп иені танып-білу жо­лында пәлсапалық лирика жанрында жан­тану ілімін меңгеруге, яғни дүниенің кө­рінбеген сырын ашып танып-білуге ұм­тыл­ды. Абай бастаған бұл дәс­түрді ойшыл ақын­ның шәкірттері Шәкәрім, Мағжан үде­ре дамытып терең­дете түсті. Осы ар­қы­лы қазақ поэзиясында пәлсапалық ли­риканы әлемдік деңгейге көтеріп, көш бастады. Бірақ бұл танымды Кеңестік би­лік тұншықтырып тастады.
Енді ХХІ ғасыр басында квантты физиктер танымынан кейін дүние бастауында САНА тұр деген мүлде жаңа танымға кел­дік. Бұрынғы материалистік, атеистік дүниетанымымыз түбірінен қопарыла өз­герді. Бұл жаңа танымды кванттық фи­зик­тердің атасы неміс ғалымы, Нобель сый­лығының лауреаты Макс Планктің «Ға­л­амды ЖОҒАРЫ САНА билейді. Күллі әлем оның көзге ілікпес қуаты мен өзара бай­ланысып тұр», – деген шешуші бай­ламға кел­ді. Біздің «материа мәңгілік, ол өз­гер­мейді», – деген танымымыз жалған таным болып шықты. Материя – сананың туынды­сы деген жаңа танымға біржола бет бұр­дық.

Біздер, ССРО-ға қараған түрік тілді ха­лық­тар, бүгінге дейін Дарвин ілімінен кейін дүние бастауында материя тұр деп мар­ксистік материалистік дүниетанымға шыр­малдық. Ал, енді квантты физиктер аш­қан ғылымдағы мүлде жаңа танымнан кейін дүние бастауында Сана тұр деген мүл­де жаңа дүниетанымға келдік. Бұл құ­былыс әлем халқының ой санасындағы шешу­ші төңкеріс болып, идеялық бағыт-бағ­дарымыз біртіндеп өзгере бастады. Біз­дер, күдіктенгіш ғалымдар, бұл жаңа та­нымның тез өріс алмай, тым баяу қоз­ғалысын шыдамсыздана әрі күдіктене қа­раудамыз?!

Осы сала оңалмай, шабандап тұруы көп­шілік көңілін алаңдатуда. Өйткені, бұл са­ланы ұлттық рухының бары жоғы бел­гісіз қойбастықтар басқаруда. Бұл жерге Жүр­генов сияқты ұлттық рухы басым арыс­тан бастықтар қара көрсетпей тұр­ғаны өкінішті-ақ!

Енді жаңа дүниетаным тұрғысынан ой­лап қарағанда, Абайдың әдеби мұрасы мен ақын дүниетанымын танып-білу жо­лын­­да жүргізілетін бүгінгі ғылыми зерттеу жұ­мыстарымыз қандай бағыт-бағдарда бо­латындығын айқындауға аса басым түр­де мән беретін уақыт келді. Абайтану са­ласында 125 жылдық мерзімде жа­зылған өткендегі ғылыми творчестволық зерт­теулерге де осы жаңа дүниетаным тұр­ғысынан қарап, жетістіктеріміз бен кем­шіліктерімізге де сын көзімен қарап, ба­ғалайтын боламыз. Бұл дегеніміз орасан зор қиын жұмыс болса да, қолға ала­тын тікелей парызымызға айналып тұр.
Ал, Абай әдеби мұрасы мен дүние­та­ны­мын осы жаңа дүниетаным тұрғысынан са­лыстырып ғылыми зерттеу жұмысына Ас­тана қаласынан бүкіл әлемдік ғылыми зерт­теу институтының деңгейінде тұра ала­тын Абайтану, Жамбылтану ғылыми зерт­теу институты өзінің болашақ зерттеу бағыт бағдарын енді дүние бастауында САНА тұр деген жаңа дүниетаным тұр­ғысынан жүргізуді өзінің ғылыми жос­па­рына негіз етіп алуы – уақыт талабы. Жал­пы, адамзат баласының, әсіресе, ев­ро­палық және бұрынғы ССРО аума­ғын­да­ғы халықтардың дүниетанымы түбірлі өз­геріске түсіп, бұрынғы ұстанып келген ма­рк­систік материалистік, атеистік көз­қа­рас терістелуде. Материалистік таным бойын­ша, материя мәңгілік, ол өзгеріске түс­пейтін әлем деп келсе, ол енді дүние бас­тауында Сана тұр деген жаңа танымға жол беріп, тарих қойнауына кетуде.

Осы жаңа дүниетаным тұрғысынан қа­рағанда, қазақ әдебиетінің басты са­ла­­сы абайтану да өзі жүріп келген ға­сыр­дан астам даму жолында орын алған әр­қилы дүниетанымдық құбылыстары да жа­ңа таным негізінде қайта қаралып ғы­лыми қорытындылар жасалынбақ. Сон­дықтан абайтану саласында осы жаңа танымдық өзгерістерге тікелей байланыс­ты соны міндеттер алға қойылып, ес­кірген ұғым танымдар өзгеріп жаңа та­ным соны көзқарастар үстемдік ете бас­тайтын заман келді. Бұл ұлы түбірлі өз­геріс мектеп пен арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орындарын тұтас қа­м­­тып, оларға арналған оқулық атау­лы­ның бәрі де қозғалысқа түсіп, осы жолда ұстанған дүниетанымдар жаңа дүние­та­ны­мға жол беріп тезірек жаңа таным ұс­танатын дүниетаным негізінде жазып на­сихатталмақ.

Ғылым, Білім министрлігі біздің ұлттық бол­мысымыздан сырт не өлмейтін, не өш­пейтін реформалар ендіріп, батысқа елік­тей бергенше, енді күшті жаңа дү­ние­танымды тез меңгеріп салбөкселік қа­лып­тан арылып, сілкіне жұмысқа кірісетін уа­қыт жеткенін ұғынып жол бастаса кә­неки!? Осы сала оңалмай шабандап тұруы көпшілікті алаңдатуда. Өйткені, оны ұлт­тық рухы бар-жоғы белгісіз жасыратыны жоқ қой, бастықтар басқаруда. Бұл жерге Жүргенов тәрізді ұлттық рухы күшті арыстан бастықтар келмей тұр. Өйткені, тө­мен­нен көтеріліп, өткір қойыл­ған күрделі мә­селенің біріне де жауап бермей, томсарып «үндемеген үйдей бәледен құты­ла­ды» дегендей қойылған сұрақтарға үн қат­пай жатып алады. Мысалы, баспасөз бе­тінде аралас мектеп немесе қазіргі педа­гогика ғылымының жүру рельсін ауыс­тыру туралы аса күрделі ой пікірлерге жа­уап бермей жатып алуы – осының ай­ғағы.
Абайтану саласында ғылыми зерттеу ісі­мен айналысатын Мұхтар Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтындағы Абай­тану бөлімі, Абай атындағы Ұлттық пе­дагогикалық университетінде ашылған Абай­тану ғылыми зерттеу орталығы, әл-Фа­раби атындағы Ұлттық универ­си­те­тін­дегі Абайтану ғылыми зерттеу институты және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қа­зақ­стан облыстық университетіндегі жаңа­дан ашылған Немат Келімбетов атын­дағы Гуманитарлық ғылыми зерттеу инс­титутындағы абайтану тобы, т.б. зерттеу орталықтары баршылық. Бірақ бұлар бір-бірімен байланысы жоқ, не істеп жат­қаны беймағлұм бытыраңқы күйде келе жа­тыр. Бытыраған сайын күш бөлінеді. Ба­ғыт-бағдар беруге біреуі де ұмтыл­майды…

Енді Астанадан ашылатын абайтану ғы­лыми зерттеу институты осы кемшілікті бір ыңғайға келтірер. Өзінің ғылыми зерт­теу жұмыстарын жүргізуге арналған ор­тақ бағыт-бағдары арқылы жүзеге асырар деген үкілі үміттеміз. Бұл үкілі үміт жү­зе­ге асуы үшін республикадағы абай­тану­­­шы ғалымдардың басын қосып, ғы­лыми теориялық семинар ұйымдастырып, пікірлер ағысын айқындап жаңа ғылыми танымға негізделген ортақ бағыт-бағда­ры­мызды нақтылы түрде айқындап бекі­тіп алуымыз аса қажет болып тұр. Осы тұрғыдан келіп абайтанудың болашақта ал­ға қойылар міндеттері туралы өз пі­кі­рі­­мізді ортаға салудың және басқалар та­рапынан қосымша толтырулар болар де­ген үміттеміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір