ЖАҺАН АЛДЫНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗДЫҚ…
01.06.2018
1420
0

Қазіргі таңда: «Әлем! Жаһан! Шетел!» – деп таңдайы тақылдағандардың саны күн өткен сайын артып келеді. Бұл үрдіс бұрнағы жылдары да болғаны рас. Алайда, Азаттық алысымен-ақ дербес Қазақстанның алдында өзін шетелге таныту, алыс-жақын елдермен әдеби-мәдени байланыс орнату, олармен қоян-қолтық араласу міндеті тұрды. Осы тұрғыдан келгенде, өнер, оның ішінде «сөз өнері» де ұлт көсегесін көгерту жолында аянбай қызмет етпек.


Қазақ әдебиеті – Әлем әдебие­ті­нің бір бөлшегі. Және әдебиетте шек-шекара болмайды. Бір елдегі қайсыбір жанды жадыратар жаңалық, қайсыбір өмірмен астаса өрілген өз­ге­ріс екінші бір елге әсер етпей қой­ма­сы анық. Демек, жаңа дегеніңіз – ескі, ал ескі дегеніңіз – жаңа болып шы­ғуы да ғажап емес. Бізде жай әншейін металды алтынға айнал­дырған бағ­зы­ның алхимиктерінше осалды зор ғып көрсетуге құмар кейбір шетел қалам­гер­лерін пір тұту ғадеті де жоқ емес. Бір­ақ, онда да нашары бар, тәуірі бар, әлсізі бар, әлдісі бар. Тек соны ажы­рата білер түйсік пен танымның қажет екені сөзсіз. Нобель сыйлығы­ның лау­реаты, Америка жазушысы Уи­льям Фолкнер 1955 жылдың қыр­күйе­гінде Жапонияға іс-сапармен барып, сол сапарынан қайтарында жо­лай Па­рижге соғып, Синти Гре­ньеге берген сұхбатында бүй дейді: «Меніңше, әдебиетшілер кітап­та­рымнан, жаз­ғандарым үлкен жаңалық­тар іздейді. Маған түрлі уақиғаларды, адамдар­дың жағдайы мен мінезін суреттеген ұнайды. Автор өзінің қан­дай әдеби теориялар негізінде жазып жатқанын ешқашан білмейді, ойла­майды да. Біздің жасағымыз келетіні – өзімізге әсер еткен өмір сәттерін, адам­дарды, айналаны шамамыз жет­кенше көркем түрде жеткізуге тал­пы­ныс жасау». Сол У.Фолкнер тағы бір­де: «Біз үйрену арқылы өстік, өс­кен сайын өңгелерге ықпал еттік», – де­ген. Рас сөз, бұ­рынғы кезбен салыс­тыр­ғанда қазіргі қазақ әдебиеті өзге әде­биетпен бәсекеге түсуге мүм­кіндік алды, жаңа кеңістікке шықты. Түрлі ағымдардың емін-еркін енуі (модер­низм, пост­модернизм, сюр­реа­лизм, т.б.), халық­аралық әдеби бай­ла­ныс­тардың ны­ғаюы, қазақ автор­ла­рының шет тіліне тәржімалана бастауы – соған дәлел. Әлгі классик айтқандай, «үйрену арқылы өсуді» көздегенде ғана Дүниежүзі әдебие­ті­нің қай нүк­те­сінде екендігімізді ұғы­на­мыз. Осы орайда, «Қазақ әдебиеті» газетінің «Әл­ем әдебиеті» қосым­ша­сын ал­да­рыңызға тартуды құп көр­дік…

Әлібек БАЙБОЛ.


 

 

 

 

Симон КАРМИГГЕЛТ, нидерланд жазушысы.

 


Мен шет аймақтағы бір бекеттің платформасында арлы-берлі сандалып, Амстердамға кері қайтатын пойызды тағатсыздана күтіп жүрдім. Қалтамнан темекі қорабын шығарып, шылым шегіп тұрғанымда, Табиғат-Ана өзінің бар құдіретімен әспеттеген бір қыз пай­да бола кетті. Мен орындыққа жайға­сып отырып, оның жүріс-тұрысына, қи­мыл-қозғалысына қадалып қара­ға­нымда, сол маңдағы адамдардың бар­лы­ғы да дерлік салтанатты шеру тама­шалағандай қарап қалған еді. Ол асқан әдемі-тұғын, бұл туралы да сол жердегі біреу күбір ете қалды. Осындай әдемі қыз­­дың талтүсте көзіңе шалынуы, өзің­­нің тек еркекке тән болмысыңды еске салғандай еді. Сондықтан бәріміз де сол қызға қарай мойын бұрдық, ал оның өзі осының барлығын сезініп, ақырын аяңдай берді. Менімен қа­тар­ласа бере, сөмкесінен суырып алған мұз кәмпитінің бір түйірін аузына са­лып жіберіп, маған ауыр көзқарасын тастағаны, неге екенін білмеймін, мені қатты таң қалдырды. Аузына салған қыш­қыл кәмпитін сорып, менің қа­сым­­нан өте шықты. Қарсы алдынан қара­ғанда қалай әдемі болса, қайырыл­май кетіп бара жатқандағы жүрісі де көз тартарлықтай сүйкімді еді. Оның соңы­нан қарап отырып, кенет перрон­да теміржол билетінің жатқанына көзім түсті. Әлгі қыз сөмкесінен тәттісін ал­­­мақ болып, қол салғанда түсіп қалған болу керек.
Мен өзімше қызмет көрсеткенсіп: «Бойжеткен!» – деп дауыстадым. Жер бетіндегі артық сұлулықтың да, көлең­келі жақтары бар екеніне тағы көзім жетті. Оның орнында егер жай ән­ше­йін, қарапайым әйел заты болға­нында, кім үшін, не үшін айғайлады деп, ша­қыр­ғаныма қараған болар еді. Бұл бол­­са жаңағы менің дауысымды естіге­німен қоймай, одан әрмен жүрісі өзге­ріп, көкірегін көтеріп, сенімді түрде мойынын бұруға жарамай, ары қарай кете барды. «Жарайды, қарамасаң өзің біл» дедім, іштей. Жаңағы қызға өк­пе­леген түрім. Менің оған деген ниетім кіршіксіз еді. Бар болғаны перронда аяқтың астында тапталып жатқан билетке оның назарын аударғым келді. Ме­нің әрекетімді бұзақылыққа балап, керек болса аппақ қардай таза арыма түкіріп кетті. Әдемі, бейкүнә қалпында перронның аяқталар тұсына қарай барып, орындыққа жайғасты.
«Аяқтың астында тапталған билетті жерден көтеріп, артыңнан тұра жүгіреді деп ойласаң, онда сен өте қатты қате­ле­се­сің» деп тағы да ойладым. Билетке қарап отырып: қазір бәріміз пойызға кіріп, жайғасқан сәтімізде басталар телеспектакльдің сценарийін қиялдай бастадым. Кондуктор келе жатады. Бұл оған танауын шүйріп қарап қояды. Сосын сенімді түрде қол сөмкесін ашады. Жүйке-жүйесінің талшықтарын үзіп, сөмкесін ақтарып жатқанында кондукторға қосылып бәрі де қадала кетеді. Бір сөзбен айтқанда масқарасы шығады. Өзіне де сол керек.
Мен оны осындай ыңғайсыздықтың бәрінен құтқарғым келген, бірақ ол бас тартты. Платформада самал жел тұр­ғаны сол еді, жаңағы билет қақпақыл­дап ойнай бастады. Ақырын-ақырын алысқа қарай ұзай берді. Бір мезетте менің табалағыш сезімімнің рақатын ұлғайтып, бүкіл бекетті басына көшір­ген отарбаның екпінінен күш алған жел билетті рельске қарай үрлеп жібер­ді. Алдыңғы жаққа қарай өтіп, бойжет­кен отырған вагонға мен де отырдым. Сұлу бикеш мені байқап қалғанда жақ­тырмай теріс бұрылды. «Қап, бә­лем, тұра тұр! Әуселеңді кондуктор кел­генде көрерміз». Он минут ішінде еш өзгеріс бола қоймады. Алайда, бір шиеленіскен ыңғайсыздықтың жақын­дап қалғаны айқын еді. Ақыры, міне, жетті-ау!.. Оның қарсы алдында шетел­дік үлгідегі жымиыспен кондуктор тұрды. Ол сөмкесіне қол жүгіртті. Би­летін алып берді. Ал, сосын кезек маған келгенде мен өзімнің билетімді таппай әуреге түстім. Мен перронда тұрып, темекі тартпақ болғанымда қалтамнан түсіп қалса керек. Кондуктордың та­ғат­сызданғанына қарамастан, қалтам­ның ұңғыл-шұңғылын қарап шығуға тура келді. Бойжеткен де маған қарап көңілденіп тұрған еді.


АСТАМШЫЛЫҚ

Кеше кешкілік қаладағы мейрамханалардың бірінде Лизаны көріп қалдым. Оның бәз баяғы қалпында бетіне бес батпан бояуын жағып, коктель ішіп, жағдайын түзеп алған қалталы еркекті тұзағына тү­сір­гелі отырғаны анық еді.
– Қал қалай? – дедім, мен.
– Ақылымыз кіріп келеді.
Оның басына киген қалпа­ғы лалагүл түсіне боялып, ұж­дансыз адамның ыждаһат­сыз жасаған қоқыс жәшігінің маң­дайшасына «200 гульден тұ­ра­ды» деп жазып қойып, осын­­дай арсыздықты да адам­дар сатып ала ма екен деген секілді бір жағымсыз әсер қал­дырды.
– Янның жағдайы жақсы ма? – деп сұрауымды жалғас­тыр­дым.
– Ян деймісің? Сен ол
ек­еу­міздің үш ай бұрын ажы­ра­сып кеткенімізді біл­мейтін бе едің?..
Бұл жаңалық мені қатты таң қалдырды. Өз айналамда шаңырақ көтергендердің біра­зына куә болғанмын, олардың кейбіреулері некелесе сала, қайтадан ажырасуға шешім қабылдағанын да көрдік. Бі­рақ, Лиза мен Янның осы күн­ге дейін ың-шыңсыз, үлгілі тіршілік кешкені өзгелерге сабақ боларлықтай еді. Мұның одан он жас үлкендігі бар бол­ғандықтан, неліктен екені бел­гісіз, оны үйінен алып қа­шып кеткенін, өзінің осы күн­ге шейін басқа жыныстағы ай­қын қарама-қайшылықтағы ара қатынасының тәжірибесін мақтан көретін. Ян – морт сынғыш, әсершіл, именшек, әсі­ре қияли-тұғын. «Ол қанша ке­ремет гримделген болса да, қан­дай да бір роль ойнауға икемі жоқ артист сияқты еді» деп Фицджеральд сол туралы жазды ма дерсің! Іштей сы­пайы, ауыр әрі тәртіпке са­лын­­ған ғұмыр кешсе де, бір басына жетерлік байлығының кесірінен болар, оның өзіне де уақыты жетпей жүретін. Мәртебесін көтеру үшін, ара-ара­сында аздап өнер туын­ды­ларын сатумен шұғылданып қылжақтайтын.
– Сен оның қандай болға­нын, менен артық білесің ғой! – деп Лизаның дәл осылай өткен шақта сөйлеуі, о дүние­лік боп кеткен адамды еске алып отырғандай еді. – Өмір бақи біреуге ға­шық… Сосын, тағы басқаға. Он­ың маған шейін ешкімі болмаған, күйеуің бола тұра, әуес­тік білдіргеніңе қанағат­тан­басаң тауқымет тартасың. Алғашқы жылдары осы жағы­нан аздап қиналыңқыра­сам да, соңына таман бәрі реттеліп кетті. Қалай болғанда да, оның ылғи маған қайтып оралаты­нын ойлап: «Жарайды, жүре берсін!» – дейтінмін. Осы кез­де әлгі жанның жанарында найзағайдың жарқылы ойнап кеткендей болды.
– Көріп тұрсың, мен бәрін алақанымдағыдай көріп, сезіп тұратынмын. Айтты, айтпады шыдам­ның да шегі бар. Қажет десең, ме­нің де… – деп, ол кесіп айтты.
– Әлбетте! – деп мен де есіркеп қостадым, оны.
– Соңғы кездері – деп жал­ғады ол әңгімесін. – Аптасына бір рет демалыс күндеріне қарай, жұма күні Гелдерландқа барып, сенбі күні кешкілік қайтып келіп жүрді. Сұрасам: « – Жұмыс бабымен іс-сапарға барып жүрмін», – дейді. Иә, біз оның ол жаққа не үшін бар­ғыштап жүргенін білеміз. Әзә­зіл біреумен әуейі боп жүргенін бірден ұқтым-дағы, бастап­қыда бұл ісінен қорқа қойма­дым, неге десеңіз, ол осылай екі-үш ай жүріп-жүріп арты­нан бұралқы ит ұқсап аяғыма жығылып, бар кінәсін мойын­дайтын. Және, күндердің кү­нінде солай боларына сендім де. Сонымен, аяғын асықпай күттім. Алайда, әзәзіл екеуінің арасындағы қарым-қатынас табиғи заңдылықтан тыс со­зы­ла берді. Жарты жыл. Сегіз ай. Жұма күні бекетке барса, сенбі күні үйге. Оралған сәтінде көр­сең жаңарып, жаңғырып, разы көңілмен келетін. Шын­туай­тына келсек, мен мазасыз­дана бастадым.
Ол өзінің бокалынан ұрт­тап қойды.
– Сен оның жалбақтаған жаңғалақ екенін білесің ғой. Гелдерландқа барғанында, қай қонақүйге түнейтінін білу ма­ған анау айтарлықтай қиынға түсе қоймады. Есеп-қисаптың бәрін оның портфелінен тауып алдым. Күндізгі күні жұмада мен де солай қарай сапар шек­тім. Қасарысып қарсыласым болған гелдерландтық сылқым бикешті көруді қаладым.
Оның көзінен тағы да до­лы­лықты байқап қалдым.
– Менің сондағы куә бол­ға­ным, бұл – бәрінің соңы екенін айғақтайды.
Мен бірден сол жерден ту­ра қорғаушыма бір-ақ тарттым.
– Сонда ол не істеп жүр екен? – деп мен терең дем алдым.
– Не істеп жүр? Ештеңе. Он­ың еш қатыны болмай шық­ты. Апта сайын оның, о жаққа неге бар­ғыш­тап жүр­генін білемісің?
– Жоқ! – деп шынымды айттым. Ол болса ашуға булы­ғып отырған қалпы:
– Жаны жалғыздықты қала­ғандықтан! – деді.

Аударған
Қуат ҚИЫҚБАЙ.


Шашылып түскен тіркесТер

Әрбір автордың өз буыны бар, сондықтан өзінің жеке грамматикасы болады. Басқалардың ережесінде шаруам жоқ. Мен үтірді өзім қалаған жерде қойып, ал қажет емес деп тапқан жеріме оны қойғанды қаламаймын!

Ф.ДОСТОЕВСКИЙ.


Шынайы әдеби шығармашылықтың негізгі тақырыбы тек қана адамзаттың ішкі қақтығысынан пайда болатын мәселелер төңірегінде болуы тиіс, өйткені, жазуға, азап пен тер төгуге ең лайықтысы – сол ғана.

У.ФОЛКНЕР.


Мақсатқа жетуге ұмтылушы адамдардың көбі таңдап алған жолымен танбай жүріп отырудың орнына көбінесе бір-ақ рет қатты қайраттанып қалуға бейім келеді, жалқаулық пен тұрақсыздықтың салдарынан олар көбінесе өздерінің ең жақсы бастамаларының жемістерінен айырылып қалады да, сапарға өздеріне анағұрлым кеш аттанып, баяу, бірақ оның есесіне тоқтаусыз жүріп отырғандарды өздерінен оздырып жібереді.

Ж.ЛАБРЮЙЕР.


Әдебиетсіз ғылым – жансыз, әрі өрескел; ғылымсыз әдебиет – бос, себебі, әдебиеттің мәні – білімде.

А.ФРАНС.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір