«Жәнібек ән салады…»
Жуырда Семейдегі Абай атындағы сазды-драма театрында әйгілі әнші, белгілі қаламгер Жәнібек Кәрменовтың өмір жолы мен шығармашылығына арналған жазушы Дәулет Сейсенұлының «Жәнібек ән салады…» атты драмасының тұсауы кесілді. Пьесаны сахналаған аталған театрдың көркемдік жетекшісі Ербол Жуасбек, Жәнібек ролінде Азамат Нұрғамыс. Осы орайда оның әншілігі де артистігімен астасып жатқанын айта кеткен жөн болар.
Қойылымға жиналған көрермен жазушы-ұстаз Кәмен Оразалин, Абай елінің басшысы Кәрім Нұрбаев, жазушы ақсақал Сапарғали Бегалин, Жәнібектің ұстазы Жүсіпбек Елебеков, аға жолдасы Ақселеу Сейдімбеков, қатар құрбылары Қайрат Байбосынов, Тұрсын Жұртбаев, Жабықбайдың бейнелерін келісті ойнаған Мырзахан Сыдықов, Ерен Ахметов, Сапарбек Әшімбеков, Айтбек Ташимбетов, Бекзат Омашев, Жәнібек Авленов, Думан Бәкімбаев, Тілекжан Тұрайысов сынды әртістерге риза болып тарасты. Жергілікті кәсіпкер Қайрат Тайтөлеуов енді осы қойылымды Абай еліне апарып көрсетуге демеуші боламын деп отыр.
Алдағы жылдың басында Жәнібек Кәрменовтың туғанына 70 жыл толмақ… Енді бірер айда Дәулет Сейсенұлының әнші туралы деректі кітабы Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрмек.
Қайрат
САБЫРБАЙ.