Жаздың жұпар жаңбыры
(Сырағаң туралы бір үзік сыр)
Биылғы жаз жаңбырлы болды. Алматының адам дем ала алмас аптап күндері көзден бұлбұл ұшқалы қашан. Табиғат есебінен жаңылысып, маусымдардың орынын ауыстырып алған секілді. Жазымен аспан жылады да тұрды.
___________________________________________________________________
Жазымен Сырағаңның (Сырбай Мәуленов) бір өлеңі жадымызда жаңғырумен болды:
Биылғы жаз жаңбыр боп өтті,
Ұсақ балапан жаңбырлар ,
Мөлдір жаңбырлар
Теректерге жауды да кетті.
Сенің толқын шашыңа
Сол жаңбырлар меруерттей тізіліп қалды.
Есіңде ме, тау басында
Көзіңнен бір моншақ үзіліп қалды…
Биылғы жаз жаңбыр боп өтті…
Сырағаңның жазы болды бұл жаз. Ол жаңбырды жанымен сүйетін ақын еді ғой. Көне гректер табиғаттың әрбір құбылысының өз құдайы болады деп білген. Су құдайы, жел құдайы, сұлулық құдайы, от құдайы деген секілді ақындардың арасында да табиғат құбылысын «меншіктегендері» бар. Мысалы, Мәуләнә Руми нұрды, Мағжан желді, Маяковский дауылды, Есенин мен Клочков ұйтқыма құйынды, Рубцов күзгі қара суықты Иеміз деген. Сырбай жырларын қашан оқысаңыз да ылғи бір жаздың жылы жаңбыры жауып тұрған секілді әсер етеді. Жұпар жаңбыр. Мөлдір, кішкене тамшылар…
Жалпы, Мәуленов поэзиясының ең басты ерекшелігі не? Меніңше, Сырағаң қазақ өлеңіне Еуропа поэзиясында кең дамыған шағын өлең нұсқаларын яки миннатюралық жыр үлгілерін тұңғыш рет алып келді, алып келіп қана қоймай, аталмыш үлгілерді кәдімгі құлағымызға, қара өлең қандай сырдесте, сіңісті болса, тап солай етене, тонның ішкі бауындай жақын етіп жіберді. Әңгіме шеберлік туралы ғана емес, ұлтжандылық туралы да боп отыр. Ұлтын сүйген адам ғана өз өнерін ұлт игілігіне жұмсай алады.
Сырылдайды күздің тұманды көкірегі,
Бұлттан ырғып тамшылар секіреді,
Қарағаштардан сары жапырақтар ұшады,
Бірақ ағаш көктем шыға қайта жетіледі.
Менің шашымда күз қырауы тұр,
Оны қандай күш кетіреді?!
Немесе тағы бір мысал:
Қалдым туған қоныстан кетіп,
Салды тағдыр неше түрлі күйге әкемді.
Мені қараңғы эшелон соғысқа әкетіп,
Мені жарық эшелон үйге әкелді.
Кетерімде жыламадым,
Өз қатарым көп болғасын.
Келгенімде егіліп шыдамадым,
Соның көбі жоқ болғасын.
Мұндай өлеңдерді Сырағаңа дейін де, Сырағаңнан кейін де ешкім жазған жоқ. Мұндай өлеңдерді тек қана Сырбай Мәуленов жазды. Қазақ өлеңі антологиясының бірнеше топтамын емтихан билеттері секілді мидай араластырып жіберіп, атын құпиялап «авторын атаңдар» деген тапсырма алсақ, ешкімге ұқсамайтын ен-таңбасы бөлек мына жырлардың Сырағаңның қаламынан туғанын айтпай танып, бөліп алуға болар еді. Ол кейін «Өмір жолы – өлең өрісі» деген мақаласында былай деп жазды: «Соғыста ұзақ жазуға уақыт жоқ. Оқтың тілі қысқа деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, майдан алаңында туған өлеңдер де барынша қысқа, жинақы еді».
Сырағаңның бұл ізденістерін кезінде әдебиет сыншылары эксперимент деп қабылдаса керек. Формалық ізденістер бұл кісіге дейін де, кейін де көп болды. Оның үстіне, шынтуайтына келсек, минатюралық өлеңдер Абайға дейінгі қазақ ауыз әдебиетінде де болған. «Қара өлеңнің қабырғасын қаусатып, қуалаймын ескі жырды жауша атып» дегендер ә дегенде сұмдық екпінмен кіріскен. Бірақ үй жығардай екпін бір сәттік төккін күйінде ғана қалып қойып отырды. Түбінде қайтып келетін қазығы сияқты немесе басқа жұлдыздар не көшіп, не сөніп тым-тырақай боп жатқанда ескі жұрттан қозғалмайтын Темірқазық секілді қара өлең қала берді өз орынында.Бүгінгі жастар олардың кім болғанын да білмейді, бәлкім, біліп керегі де жоқ шығар. Бұл эксперимент авторлары талантының аз-көптігіне байланысты емес, қара өлеңнің қаражартас сияқты орнынан қозғалмайтын ауырлығында, беріктігінде боп отыр.
Соғыс. Қарап отырсаңыз,қазақ өлеңіне ұлттық жыр дәстүрімен бірге орыс,Еуропа поэзиясымен мол сусындаған шын мәніндегі мәдениетті ақындар соғыстан соң келе бастапты. Әр буын майдангер ақындар шығармашылығын өзінше ашатын болады.Алдыңғы толқын ағалары Сталиннің қанды шеңгеліне ілігіп сіргелі ботадай жетімсіреп өскен сол бір буынды тағдыр сынаудай- ақ сынағандай. Жігіт боп жілігі толар-толмастан оларды бес жылға созылған зұлмат соғыс күтіп тұрды. Қасым Аманжолов: «Жап-жасыл балғын шағымда шомылып өртке өскем мен» десе, бұл – тұтас буынның жүрекжарды сөзі.
Балалықты тойладық
қартамыс боп,
Ойнадық сен Гүлбаршын,
мен Алпамыс боп.
Алдымда қап-қара орман жатты
Қабыланға толы.
Алдымда қап қара жолдар жатты
Арманға толы.
…Кейіннен, расында, болды соғыс,
Оралдым қиындықтың өтіп бәрін,
О, Гүлбаршын,
Алпамысыңды күтпей,
Неге кетіп қалдың?
Осы соғыс туралы соңғы жылдары әркім әртүрлі пікір айтып жүр. Онсыз да қатарлары сиреп қалған майдангерлердің кәрі жүрегіне ине сұғып алғандай ғып: «Бұл, расында, орыс пен немістің ұрысы еді, қазақ бекер қырылды» дейтіндер бар. Қасым Қайсенов ағамыз ондайларға «доморщенные невежды, хунбейвинского толка» деп анықтама беретін. Бұған не қосып алуға болады? Обал-сауапты білмейтін надандар қай кезде де болған.
Майдангер ақындардың бір тобы поэзияға Қасымша (Аманжолов): «Білмеймін қайда жоғалттым сескену, қорқу дегенді, есігін қақтым тозақтың, өлеңмен келіп мен енді», – деп жасқанбай, жарқ-жұрқ еткен жасындай боп келді, енді бірқатары Сырбайша сырнайлы өзендей жадырай күліп келді. Тілімізде «қан көрген», «қаны бұзылған» деген сөздер бар. Батыс философтары «зұлымдық тек қана зұлымдықты туғызады» деп байлам жасайды. Әбден мүмкін. Бірақ Сырағаң секілді ақындар ажалмен күнде бетпе-бет келіп, қанды майданның қақ ортасында жүрсе де, жүрегіндегі жылылықты жоғалтпады. Оның дәлелі – алып ақынның гүлдей нәзік өлеңдері. «Қатал едім майдандарда, қайта оралды бал мінезім» деп жазады соңғы жылдары. Л.Толстойдың А.Фет туралы: «Тәңірім-ау, осындай керемет лирика осы бір еңгезердей офицердің қай жерінен шығып жатыр десеңізші» деп таң қалатынындай бар. Соғыстан қаталдау, қатыгездеу боп оралып, темірдей берік немесе дауылға толы айқай өлеңдер жазған болса да, мұнысы қалай дей алмас едік қой. Ол кейбіреулер секілді кекке, өшпенділікке толы ғұмырнамалық дүниелер жазудан да саналы түрде бас тартқан секілді. Иә, Сырағаң майданнан қойнына қара дәптер тығып оралған жоқ, кейінгі өмірін сол қара дәптерді толтырумен өткізген қарға тұқымдастардан да емес. Ол – ақ дәптермен оралған ақжолтай ақын. Оның жаңбырды жақсы көруі рухани тазалықты жақсы көруінен туған жоқ па екен? Зергерлердің шеберханасында болғаныңыз бар ма?! Күміс те, алтын да ә дегенде көріктің алдында күйелеш-күйелеш қаралтым бір темір секілді елеусіз жатады.Сол әбеқоңыр дүниенің шын шебердің шыңдауына түсіп шыққан соң қалай керемет жарқырағанын көрсеңіз ғой. Сырағаң да зергер.Ойларын оқырманға таза жаңбырға жуып ,адалдап ұсынады.
Жалпы, шынын айтсақ, соғысқа қатысқан ақындардың бәрі бірдей ашыла алмады. Басқасын айтпағанда, көбі соғыс тақырыбының өзін шырайын шығарып жырлаған жоқ. Бұл тұрғыдан келгенде, Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Тоқаш Бердияров секілді үш ұстынның,үш бәйтеректің орыны бөлек. Сырағаң болса осы үшеуінің арасында да бөлек қолтаңбасымен дараланады.
Соғыс жәйлі сұра сен
Бітпей қалған жырлардан,
Жағылмаған шамдардан,
Шашылмаған нұрлардан,
Атпай қалған таңдардан.
Соғыс жәйлі сұра сен
Отамалы оттардан
Жайпап өткен жер үстін,
Соңғы атылған оқтардан
Шашуы боп жеңістің.
Әркімнің бала кезден қалыптасқан бір әдеттері болады емес пе. Мен, әдетте, ауыра қалсам, жыраулар поэзиясын оқимын. Қолым кітап сөресінен сол кітапты өзі тауып алатын секілді. Оның қандай күші барын мен білмеймін, бәлкім, мұнда ешқандай да күш жоқ, әшейін бір ескі сенім болар, бірақ қалай дегенде де, кәдімгідей жеңілдеп қалатыным рас. Ол бала кезден қалған әдет болсын, ал жас ұлғая келе қосылатын «жаңа әдеттер» де болады екен. Соның бірі – соңғы жылдары ауырсам не ісім ілгері баспай, жүнжи бастасам, аға буын ақындарды қайта оқитын болдым. Әсіресе, бұл дүниеден өтіп кеткен көз көрген ағалармен қайта тілдесу дүниенің рахаты. Оқып отырып әлдебір жәйттер есіңе түсіп күлесің, тұнжырайсың, аяйсың, айтқың келеді, айтса екен дейсің, барғың келеді, келсе екен дейсің… Адам біртүрлі тынығып, тазарып, жайбарақаттанып, бір жасап қалады. Хамаң (Хамит Ерғалиев), Қалижан ақсақал, Әбу ата, Дихан баба, Сырбай ағай, Қуанаға (Қуандық Шаңғытбаев), Ғафу ағай, Тоқаш көкем, Жұмекен аға, Сағи аға, Мұқағали аға, Бекен көкем, Жарасқан, Кеңшілік, Жұматай, Тынышбай, Дәуітәлі – ол жақта да біз білетін, біз танитын бір қауым ел бар. Мен есіме түскендерін ғана айтып отырмын. Сонда жан тыныштығын сыйлатын нағыз өлеңдер Сырағаңда көп екенін аңғара түсемін. Негізінен мен ол жырларды соғыс тақырыбы, махаббат лирикасы, табиғат суретері, сапарнамалар, портреттер деп жеке жеке бөліп алып оқимын. Табиғат Сырағаң шығармашылығында ерекше орын алады. Көңіл күйін, өмірлік ұстанымдарын, сезімдерін суреттер арқылы беруде ол, сөз жоқ, өз қатарларының алды еді. Кітаптарын парақтап отырсаңыз, көкек айын ерекше жақсы көріп өткені көрініп тұрады.
Апрель аспанынан
Ақтарылды ақ шуақтар,сәулем.
Марттың соңғы түскен жас қарынан
Сусып ағады ақ сынаптар, сәулем.
Көп ұзамай құстар,көлдер табысады
Ақ сауырлы арқаның даласында, сәулем.
Аспан мен жер қауышады
Ақ жауынның арасында, сәулем.
Ал біздің жолдар ұзақ
Құс жолынан,
Жаз жолынан,
Жаңбыр жолынан,сәулем.
Мүмкін, туғызбаған шығар
Біздің жұлдыздарды тағдыр оңынан,сәулем.
Немесе:
Ей, апрель жаңбыры,
Ашылсын дала бар гүлі!
Шаш мөлдір моншақтарыңды,
Тарт кемпірқосақтарыңды.
Күн күркіреп шашқанда от,
Ойнайды дала қанында нұр.
Апрель жаңбыры бүкіл аспан боп,
Менің алақанымда тұр.
Сырағаң жырларында ай аттары, кейбір жер-су атаулары, жекелеген терминдер орысша жүреді. Меніңше, бұларды редакциялап қайта қазақшалаудың керегі жоқ. Тіпті соларының өзінен бір тазалық көрінетін сықылды.Алматының «теренкур» дейтұғын соқпағын бойлап жүрсеңіз, сол бір жылдары сыңсыған рябина ағаштарын көрер едіңіз. Рябина Өскеменде Үлбі жағалауында, қаланың трамвай жүретін кең көшесі бойында да көп. Жергілікті қазақтар оларды шетен дейді. Дұрыс. Айналымға осы атпен енсе, ешкім сөкет демесі анық. Сол шетенді көрген сайын менің есіме Сырағаңның «Ой, рябина қызыл моншақтар» дейтұғын өлеңі түседі. Керемет сәтті өлеңдерінің бірі – қазақы қара өлең үлгісімен жазылған «Аспандар» дейтұғын өлеңі. «Терезені қаққаны жас тамшылар, үйге енуге асыққан аспан шығар… Жолдас Аспан! Бұлтыңмен жоғары шық, серік іздеп түн ұйқың қашқан шығар». Көріп отырғаныңыздай, мұнда да жаңбыр бар. «Көк жапырақтардың қара көлеңкесінен Сәулелер сығалайды шат күлген. Ол күннің қанжарындай, қараңғына қақ тілген». Бәлкім, ақындық дегеннің өзі Сырағаң айтатын қараңғылықты қақ тілген жарық сәуле шығар. Сол сәулені күнде көріп жүресек те, ылғи да аңғара беремейтініміз өкініші-ақ. Мұндай жеке тоқтап, жеке талдауды қажет ететін суретті жырлар Сырағаңда жетерлік.
Біз қазақ өлеңінің сапалық өзгеріске ұшырауын алпысыншы жылдармен байланыстырамыз. Бұрынғының ақындары жүріп өткен бірізділік, шектеулілік, көпсөзділік, өлең техникасы әлсіздігі, атап айтқанда, бір-екі буынды ұйқастарды місе тұту секілді кемшіліктерден жаппай бас тартып,жаппай жаңа ізденістерге бет бұру сол жылдарда кең етек алғаны ақиқат. Бірақ Сырағаң поэзияға ол буыннан әлдеқашан бұрын жоғарыда біз термелеген жәйттерден бойын аулақ салып жаңа жолға түскен ақын еді. Мысалы, «Адам өлмейді» дейтұғын өлеңін оқып көрелік:
Адам өлмейді…
Есімі оның
Теріліп баспаханаларда,
Тұрады ісі үлгі боп
Басмақалаларда.
Бес-алты буынды ұйқасты, мүмкін, алғаш әкелгендердің бірі Сырағаң болар деген ой туады. Қалай болғанда да, ол көп ізденді. Ырғақ пен бунақты, әсіресе буын санын сындырып, жаңа бағыттағы жыр әлемін жасауға талпынды. Ол ойы жүзеге асты да. Бір биікке шығып алған соң, сырғанап қайта түсу немесе сол тұрған орнында қатып қалу оған жат еді.
Біз ол кісімен жетпісінші жылдардың аяғында, сексенініші жылдардың басында таныстық. Қақ-соқпен ісі жоқ, артық сөзі және жоқ, алып денелі, сары өңді, біртоға, орнықты, салмақты адам еді. Жер қозғалса, қозғалмайды деп осындай кісілерді айтатын болса керек. Бұл сыртқы тұлғасына қатысты сөз. Анығында, ол жасы келгеніне қарамастан, тынымсыз ізденіс үстіндегі нағыз беймаза ақын болды. Қай жылы екені есімде жоқ, Алматының бір басталса, тоқтамай жауатын жаңбырлы күнінің бірінде Жазушылыр одағының екінші қабатында қолына «Қазан утлары» дейтұғын журнал ұстаған дәу сары кісіге сәлем бердім. Журналдың бетінде кішкене құлынның суреті бар екен. Алда келе жатқан Жеңіс күніне орай Сырағаңнан жаңа өлеңдер сұраған «Қазақ әдебиеті» газеті үшін ала кепті. Қайдан ойыма түсе кеткенін білмеймін (кейін осы қылығым үшін өзімді талай рет жерден алып,жерге салдым), осының алдында «Литературная газетада» бір қырғыз ақынының «Құлын » деген өлеңі шыққан. Ол да Сырағаңның «Құлыны» секілді майдан даласында туған құлын жәйлі өлең екен. Сол туралы айттым. Сырағаң қайта сұрады. Сол жерде әлдекімдер келіп әңгімемізді бөліп жіберді де, кейін әркім өз жөнімізбен кеттік. Жауын ертеңіне де толастамады. Ол кезде мен «Білім және еңбек» журналында жұмыс істейтінмін. Ертеңіне ұлы сәскеде жұмысқа келсем, ауызғы бөлмеде Сырағаң отыр. Жөтеліп қояды. Үсті-басы малмандай. Жаңбырдың астында қалғаны көрініп тұр. Қол шатыр да алмапты. Жалбағайының етегінен аққан су еденге мол төгілген. Осындайда ыстық шәй бере қоятын хатшы қызы түспегір де қайда-дүр құрып кеткен. Ә дегенде абдырап қалып, бәйек боп жатырмын. «Келетініңізді айтсаңыз, машина жіберер едік қой» – деген секілді бірдеңелерді айтсам керек, ағам сөзімді естімеген сыңай танытып, қолтығында қысқан папкасын аша бастады. Қобырытып ескі бір сарғайған қағаздарды ебедейсіздене шашып-төгіп шығарып жатыр. Соғыс кезіндегі газет қиындылары.»Міне, мынау өлеңнің қай жылы шыққанын көріп тұрсың ғой? »Көріп тұрмын, Сыраға». «Оқы, ендеше. Дауыстап оқы». Мен оқи бастадым:
Шаршаған жол батып
Волховтың батпағында,
Жатыр бие толғатып
зеңбіректің арт жағында.
…Шашыраған көк жалынын бүркіп темір,
Орманның іші үрейлі.
Ал оттың ортасында
Шіркін өмір құлын боп кісінейді.
Өлеңнің орта шеніне жете бере газетті ысырып қойып, жатқа оқи бастадым .Бұл өлеңді бұрыннан білетінімді айтып ақталып жатырмын. «Білсең сол, – деді ақын, – мен мұны сенің қырғызыңнан талай жыл бұрын жазғанмын». Расында, қырғызы бар болғыр сол күні қайдан ғана есіме түсе қалды десеңізші. Келесі күні кешегі жаңбырдан соң суықтап, ауырып қалмады ма екен деген қауіппен үйіне телефон шалып едім (ұрыспас па екен деп іштей сескеніп те тұрмын), ағамыздың дауысы жадыраңқы естілді. Керісінше, мені ренжітіп алдым деп ойласа керек, күліп, мені де күлдіріп, Садықбек Адамбеков туралы анекодоттар айтып тұрды да: «Сендердің одақтас республика ақындарын оқитындарың жақсы екен, со қырғызда Ерәлиев Сүйінбай дигән жақсы ақын бар. Фронтовик. Оның- дағы мен секілді бір қолына майданда оқ тиіп, саусақтары бүрісіп біткен. Мына сенің Қалтай ағаң оған: «Әй, Сүке, бізде Сырбай дигән молақ бар, екеуіңді, құдай біледі, бір неміс атқан болуға керек» деп қалжыңдайды екен», – деп тағы бір күлдіріп алды. Мен ағама ілесіп күлген боп тұрсам да, ішімнен жанталасып, оның: «Мың қолдар сау болсын деп, мен бір қолымды бердім. Мың жолдар жалғансын деп, мен бір жолымды бердім» дейтін өлеңін еске түсіре бастадым. Бүгін ойлап отырсам, тынымсыз ізденіс үстіндегі ақынның қандай болатынын сол күні тұңғыш рет көрген екенмін. Ақын қартаюы мүмкін, өлең қартаймасын. Ең соңғы топтамаларында да ол өз қолтаңбасынан айныған жоқ. Ең соңғы топтамасы дегеннен еске түседі, соңғы кітабының бірін «Ақшамның қызыл қанаты» («Жазушы» баспасы) деп атаған еді. Өлімнің ешқандай белгісі жоқ. Ажалды сезіну жоқ. Керісінше, «осыны да бір айтып қалайыншы» деген ақындық құштарлық бар. Көз алдыңызға күн батар тұстағы қызылжалқын құбыла беттің көрінісі келе қалады. Мұндай левитандық өлеңдер ол кісіде жүдә көп болушы еді. Өкінішке орай, ол соңғы кітабын көре алмай кетті. 1993 жылдың
13 ақпаны күні қайтыс болды. Сөйтіп, қазақ өлеңі «Указбенен жүргем жоқ Ақын деген атақ ап, Ақын бол деп қоймайды Елге деген махаббат» деп жырлап өткен алып ақынынан айрылды. Кітабы қайсы баспадан шықса да, талантты ақын інісі Есенбай Дүйсенбаевтың редактор болғанын қалар еді. Есенбай басқа жерде жұмыс істеп жүрсе де, басшыларынан ат-түйедей қалап сұрап алатын. Ақын ағасын ол бүгінде былай деп еске алады: «Сырағаңның кітабынан кейін де талай кітапқа редактор болдым, осы уақыт ішінде «менің өлеңдерімді кітап боп шықпай тұрып жабық (немесе ашық) рецензияға беріңдер, содан кейін қайта қарайын, редакторлардың сын-ескертпелерімен жұмыс істейін» деген бір де бір авторды көрмедім. «Мен Астанаға хат жазғанда («арыз» демейді) пәлен баспа табақ сұрағанмын, көлемім содан кем болмауға тиіс» деген «халтурщиктерді» көргенде, кешегі Сырағаңдарды ойлайсың. Не деген пәк адамдар еді десеңізші».
Бүгінде ұлттық баспа саласы жаңа бағытта дамып келеді. Бұрын да айтып жүргенбіз, тағы да қайталайық, кітап шығаруда қаламгер қауымға тап Қазақстандай қамқорлық жасап отырған ел, басқасын білмеймін, ТМД-да жоқтың қасы. Сондай- ақ осы кеңшілік жаңа проблемаларды да алға шығарды. Біз қолжазбаны редакциялау, редактормен жұмыс істеу дегенді өткен тоқырау заманының сарқыншағы деп түсінетін халге жеттік. Бұл өз кезегінде сапасы төмен кітаптардың бұрқырап шығуына жол ашты. Сөздің қадырын кетіріп, құлындағы сақау, құнандағы тісеуді тізе берудің қажеті жоқ шығар, бір ақиқат, «не жазсам, сол тасқа басылуға тиіс» деген түсінік қалыптасты. Бұрын өлеңге қойылатын биік талап үдесінен шыға алмайтынын іштей сезіп, тыныш жүретін «қойтанбайлар мен қойтангүлдер» ендігі жерде: «Неден қорқамыз, егеменді ел болдық емес пе?» – деп өзеурейді. Саяси бостандықты қалқан ғып, этика мен эстетиканы кейінгі планға көшіргісі келетіндер көбейді. Бұл екеуін шатастырмау керек еді.
Қазан, сонау алыс қалған
Сағындым сені,
Қанбайды ішсем наз дауыстардан
Жанымның шөлі…
Сағынам,бірақ сарғаймаймын,
Сары жазда барамын.
Жарысып желмен жарда ойнаймын,
Жасыл жаңбыр боп жауамын.
Бұл К.Симоновтың соғыс кезінде жазылған «Жди меня» атты өлеңіндегі «желтые дожди»дейтұғын тіркесін ойға түсіреді. Кезінде Одақтық басылымдарда осы тіркес туралы түрлі дебаттар өтті. Орыс тілінде мұндай сөз жоқ дегендерге қарсы дау айтушылар көп болды. Солдат жыры болғандықтан, оның жаңбыры да сағыныш түстес сары болуы түсінікті еді. Ал Сырағаңның «жасыл жаңбыры» – жаз жаңбыры. Қазақша емес деуге тілің бұралмайды. Қай халықтың әдебиеті болсын, бір жағынан дариялар құйып, екінші шетінен өзендер шығып жататын жанды теңізге ұқсайды, әдебиет бір орнында ақпай-тұнбай тұрып қалған көл емес. Мұндай ізденістер Сырағаңда көп.
Әдетте, өлең сүйер қауым Мәуленов поэзиясы дегенде, бірінші «Ақ түн» атты атақты өлеңін тілге алады да, екінші «Сен мені ойладың ба?» деп басталатын өлеңін айтады. Бұлайша жіктеу дұрыс емес секілді. «Түбірлерді» қайда қоямыз? «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Құлын» мен «Аспандар» ше? Ал мен үшін Сырағаң шығармашылығы неге-дүр ә дегеннен-ақ татардың «Ғалиябану» дейтұғын әнін еске түсіреді:
Үйлерін жомарт татардың
Жасымнан ұқтым сақи деп.
Шешемді «әни »атадым,
Әкемді өстім «әти » деп.
Татарлармен бірге өттім
Дария ағындарын мен,
Өлеңдетіп ер жетім
Ғалиябануларымен.
Бұл тармақтардан, сөз жоқ, татар жырларыныңы әсері сезіледі. Сырағаңды зерттейтіндер осы мәселеге назар аударса, нұр үстіне нұр болар еді. Әуелі татар мен қазақ жырларының формалық құрылымын әңгімелеуіміз керек. Буын, ырғақ, ұйқас ерекшеліктері бөлек әңгіменің желісі. Қазақ өлеңінің құрылысын зерттеген марқұм академик Зәки Ахметовтен кейін бұл тақырып «жабулы қазан жабулы « күйінде жатыр. Бүкіл араб, парсы, түркі,үнді поэзиялары аруз өлшемі аясында дамыса, біз – қазақ деген халық әлем әдебиетінің бай жасауына тек өзіне ғана тән өлең формасын (қара өлең) қоса білген елміз. Бірақ мұны өзгеге түсіндіріп, сыртқа насихаттамақ түгілі өз арамызда тұщымды зерттеу обьектісіне айналдыра білген бір де бір ғалымды көрмей отырмыз. Татарша демекші, Сырағаң ауызекі сөзінде: «Татардың Туқай дигән бір мощный ақыны болды» деп сөйлеуші еді. Осы «дигән» сөзін Сырағаңның қатарлары көп айтатын. Ғалым Ахмедов, Қуанаға Шаңғытбаев, Сәуірбек Бақбергенов, Тәкен Әлімқұлов, Ғафекеңдердің қай-қайсысы да татарша «әйбәт жырлағандарын» көзіміз көрді. Сол кезде түсінбейтінмін, татар өлеңі неге тартады екен біздің ағаларымызды деуші едік. Бүгін ойлап отырсам, барлық гәп мұңлылығында секілді. Ғабдулла Тоқайдың «И, Қазан, дертлі Қазан, мұңлы Қазан» дейтұғын жолдары бүкіл татар поэзиясы мен музыкасына эпиграф етіп алуға тұрарлық. Сырағаңнан естіген татарша өлеңдеріміз көп еді, бірсыпырасын ұмыттық. Есімізге түсетіндері:
Ақ Идилдиң бойында,
Сарман сабантойында,
Рус князларының, Рус князларының
Қызлары бизниң қойында.
***
Питрапауыл қаласында
Алты мешіт, бес шіркеу.
Жалғыз жырлау жаныма ауыр,
Кел, жырлайық, кел екеу.
***
Оралдың сулары болсам,
Оралып ағар едім,
Жаңбыр тамшысы болсам,
Алдыңа тамар едім.
***
Ай жоғары, ай жоғары,
Айға минисим килә,
Айға минип төмен қарап,
Сини көресим килә.
***
Қурайшылар қурай ойнамас,
Башқұрт қурайлары болмаса,
Жігіт кіші жыр жырламас,
Егер жүрегінде мұңы болмаса.
***
Таң таң ата, таң ата,
Таң қайғыны тарата,
Асиләсә, Василиса, Кәрмәсә,Насимәсә,
Қай жігітті ярата?
***
Өлермін де ұмытылармын деп ,
Бекер, жүрек жанасың,
Тамбов ормандары,
Сағынар әлі өзі өсірген бунтарь баласын.
Соңғы шумақтың авторы, кейін білгеніміздей, татардың арда ақыны Һади Тақташ екен. Сырағаң Тақташқа арнап жазған өлеңін: «Ей, Тақташ, келешек келіспесе, бұл сөзімді теріс десе, өзі айта жатар бітімді. Ей, Тақташ, Тамбов ормандары, Торғай өзендері екеуімізге аздық ететін сықылды», – деп бастады.
Асылы, Сырағаңның махаббат лирикаларында да татар халық жырларының әсері көп болған сияқты көрінеді де тұрады. Тіпті, ол «бұлбұл құс» дегеннен гөрі «сандуғаш» деп жырлауды ұнатты. «Бірге өткен балғын жасым, бір кездегі жан құрдасым. Алғаш маған ән үйреткен сандуғашым, сандуғашым». Расында, бұлбұл (соловей) басқа, сандуғаш (варакуша) басқа. Бірақ татар ағайындар екеуін де сандуғаш дейді. Сырағаңның көптеген өлеңдерін татар халық жырларының әуеніне салып ән ғып айтуға да болады. «Жалбыр-жалбыр орман бойлап, келесің сен сырды ұрлап. Тальян гармонь қолыңда ойнап, төгіледі ән сыңғырлап».
Қасым Аманжолов «Сырбаз досым Сырбайым» деп жазады. Сырағаңның адами портретін ашатын сөз осы сырбаздық.Өмірде өзін өзі насихаттаудан аулақ жүрген екі ақын болса, бірі Сырағаң еді. Ол өлең жазды. Жақсы жазды. Басқа тірліктермен шаруасы болмаған секілді. Біз ол кісі туралы мақалалар неге аз шығатынына таң қалатынбыз. Өзіміз жазуды білмеппіз. Өзімізді бала сезіндік. Сырағаң біздің сөзімізді, мақтауымызды керек етеді дейсің бе деп ойладық. Кездесе қалғанда ол бізді баласынбай, әңгімемізге кәдімгідей зейін қоятын, өлең оқысақ, тыңдайтын. Суырып салып айтатын өнері де бар еді. Бірақ сайқымазақ емес-тін.
Батырға арнап, ақынға арнап, әкімге, шешенге, көсемге арнап өлең жазуға,құрмет көретуге болады, бұның адам таңғалатын ештеңесі де жоқ, болған, болып жатқан, бола беретұғын жәйттер, ал енді Сырбай Мәуленов деген ат үркітетін атағымен, орыс-қазаққа бірдей қадырлы басымен, «ешкім алыпқа теңемеген, ешкім өлең арнамаған, ешкім білмейтін», бар болғаны отыз жыл Жазушылар одағының есігін күзеткен вахтер кемпір Анна Степановна пенсияға шыққанда, оған арнап-атап жыр жазғаны оның адамдық бейнесін аша түскен жәйт еді.
Шығыс поэзиясын тәп-тәуір білуші еді. Сол жылдары мен өзбектің Хамза дейтін революционер ақынының кітабын қазақшаға аудардым. Баспалар біз секілді жастарға ол кезде тұтас кітапты тәржімалауға бермейтін. Көптің бірі боп қатыссақ, соған мәз болушы едік. «Осы балаға басы бүтін берелік» дегенді Сырағаң бастап, Ғафекең мен Сағи ағай қоштапты. Мен кейін, балалығым болар, ағаларыма рахмет айтуды да білмеппін. Ол кезде жасы үлкендердің біздерге қамқорлық жасауы кәдімгі қалыптағыдай, оны айтасыз, табиғи, солай болуға тиісті, жазылмаған заң сияқты еді. Сырағаң: «Тәржімәңді Әбділда ақсақал оқыпты. Саған келіп кетсін деп жатыр. Бар», – деді бірде. Бардым, әрине. Әбекеңнің неге шақырғаны, не әңгіме болғаны бөлек сөз… Қысқасы, шал мені қабағын түйіп қарсы алып, біраз қуырып алды. «Ол өзбекті мен білетінмін. Біздің Сәкен ағайдың (Сейфуллинді айтады) қасында бірде мондалин тартып, бірде дойра қағып, би билеп, әския айтып жүретін не серезныйлау біреу еді, сен оны осовременить етіп аударпысың. Сонда не, Сәкенді де қайта жазып шығамыз ба?», – деп шүйлікті. Онысы орынды да еді. Бірақ Әбекең сөзінің аяғын жұмсартып, соңында «тіл білетін жігіттерді жақсы көремін» деп көпшік тастап қойды. Хабарымды айтып Сырағаңа келіп едім, ол үндемей тыңдап отырды да: «Осы сен татарша оқи аласың ба?», – деп сұрады. Жауабымды күтпестен: «Мен саған жақында бір подарка беремін», – деп арқамнан қағып, шығарып салды. Ол не нәрсе екен деп күтіп жүрдім, Жазушылар одағында кездесіп қалғанымда портфелін ашып ескі бір кітап алды. «Халық жырлый» деген татар ақындарының жыр топтамасы екен. Қазан кітап нәшириятынан 1962 жылы жарық көрген көк түсті қалың кітапты асыл ағаның көзіндей көріп әлі сақтап келемін. Сол жолы: «Мен өзіме ұнаған кітаптан сразу екеуін аламын,сен де сөйтіп үйрен» дегені жадымда қалыпты.
1980 жылдардың басында Алматының Гагарин даңғылы мен Жамбыл-Шевченко көшелері қиылысында демалыс сайын «кітап толкучкасы» өтетін. Сырағаңды алғаш сол жерде көріп, «қандай кітап алады екен?» деп, соңынан қалмай түске шейін «аңдығаным» бар. Бір татар келіншектен Байронның жинағын сатып алды. Әңгіме айтып біраз тұрды. Құлағымда қалғаны «бек матур» деген сөзі. Ауылдан келген баламын, жақын баруға жасқандым. Кейін осы жәйтті өзіне айтып беріп едім: «Келе бермейсің бе, мен, не, сонда Қасым Қайсеновтен де өткен страшныймын ба?», – деп зор денесі селкілдеп рахаттанып тұрып күліп алды. Қасым ағамен қалжыңын өзінен де, Ғафекеңнің аузынан да көп естідік. Соның бірі… Бір жылы Алматыда қар аралас жаңбыр көп жауып, көше көктайғақ боп, көлік жүруі қиындап кетеді. Аяқ астынан сайтандай боп шыға келген бір мотоцикл тайып келіп аялдамада автобус күтіп тұрған Сырағаңа соқтығады да, аяғын сындырады. Дереу «жедел жәрдем» машинасымен ауруханаға жеткізілген ағамыз, сынық тез арада біте қоймай, біраз жатып қалса керек,бір күні көңілін сұрап Қасым Қайсенов ағамыз келеді. Мән-жәйді білген соң: «Әй, Мәуленов, сен мотоцикл қағып кетті деме, Сырбай атыңа лайық емес, сен КАМАЗ қағып кетті дегін, жұрт сенсе, сонда сенеді» деп қалжыңдайды. «Қап, мынаны-ай» деп Сырағаң қала береді. Енді бірде Қаскең саяжайының шатырын қайта жауып жүріп аяғы тайып кетіп құлайды да, қабырғасы сынып, ауруханаға түседі. Көңілін сұрай келген Сырағаң оған: «Сен Қасым басыңмен саяжайдың төбесінен құладым деме, Қарт Қожаққа ұқсап қабырғаң сынып қаусап жатысыңды менен басқа ешкім білмесін, естіген құлақтан ұят, сен айт: бес этажды үйден құладым де, батырға сол лайық» дейді баяғы жәйтті есіне түсіріп. Есеп 1:1. Осымен тоқтаталық, Мәуленов» депті сасып қалған Қасым ағамыз.
Сырағаң нағыз АҒА еді. Нағыз ҰСТАЗ еді. Жазушылар одағының екінші қабатында әңгімесін тыңдап отыр едік, бір жазушы көкеміз жанымызға келіп, 1937 жылдың зобалаңы туралы айта бастады. Сосын елуінші жылдардың «жырына» ауысты. Көзі тірі біреулердің атын атап, қаралауға көшкенде, Сырағаң оны тоқтатып қойды да, маған қарап: «Сен бар бер, кейін хабарласарсың», – деді. Бізді жас басымыздан ондай лас әңгімеге үйір болмасын дегені ме, әлде әлгі кісінің мінезін білгендіктен, бізді аулақ жүрсін дегені ме, әйтеуір, ағамыз жастардың жан тазалығын қатты қадағалайтын. Інілерін маңына жинап өсек айтып, өзара өшпенділікті өршітіп, бықсып жүретін кейбір ағаларымызды көргенде, Сырағаңды ойлайтыным содан.
…Биылғы жаз жаңбырлы болды. Табиғат тазарып тұру үшін жаңбыр керек дейді, адам тазарып тұру үшін не керек? Меніңше, ақындар керек. Сырбай Мәуленов секілді.
Есенғали
РАУШАНОВ.
_____________________________________________________________________
15 маусым күні сағат 16-00-де Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Сырбай Мәуленовтың туғанына 95 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтеді.
Жиынға ақынның әдебиеттегі ізбасар інілері мен өнер шеберлері қатысады.