«Күміскеткен» хикаясы
Серік БАЙХОНОВ,
жазушы,
Ахмет Байтұрсынов атындағы
Ұлттық сыйлықтың лауреаты
____________________________________________________________________
Жол басы. Күдік пен күмән.
1
Жолға таңалакеуімде үшеу болып аттандық. Жанымда – Сыр бойына мәлім су маманы, өзім кеше ғана аудан басшыларынан ат-түйедей қалап алған Жүзен Қоңқаев бар. Бүгінгі сапарда Жүзен мен үшін «көне арналардың жоқшысы» болса, Бауыржан інішек Жүзеннің «оққағары» іспеттес.
Ұмытпасам, ең соңғы рет тоқсан үшінші жылы келгенімде аудандық су шаруашылығының бас инженері болып жұмыс істейтін осы Жүзгенді «К-9» деп аталатын алып қашыртқының бойынан көргенмін. Шиелі ауданының шаруашылықтары ыза судан қиыншылық көріп, күріштен шыққан қашыртқы суын дарияға қайта құюды жүзеге асырып жатқан кез болатын. Қаржы тапшылығына қарамай, үш жарым ай ішінде асар әдісімен жиырма шақырымдық канал қазылған. Бүкіл аудан халқын әбігерге салған сол жұмыстың аяғы қалай бітіп еді?.. Жоғарыдан «қашыртқы суды дарияға тастауға болмайды» деген бұйрық келген соң, қашырты суы Ошақты көліне қарай бұрылған… Бір қызығы, суы мол болған жылдары Ошақты көлі дарияға құятын… Ал ең қызығы, сол жылдары күріштен шыққан қашыртқы судың құрамы дария суынан тазарақ екенін ғалымдардан білген ел-жұрт аң-таң болсын… Табиғаттың бір перзенті Үлкен судың өзін-өзі тазарту қабілетіне таң қалып, таңдай қағысқан…
Иә, не біліп жатырмыз?..
Айналып келгенде, әңгіме су жайлы, су болғанда мәселе сол судың бірде көп, бірде аз суға тіреліп жатқаны анық. Кеше де суға қатысты жоба мен жоспар көп еді, бүгін де солай.
– Жүке, Күміскеткен менің ата мекенім екенін білесіз ғой, ауылынан су қоймасы салынып жатқанын кім жек көреді…
– Сенің туыстарың тұратын Жөлекте қорғаныс іс-шараларын жасадық. Керделі ауылдық округында тасқын суға қарсы іс-шаралар ұйымдастырдық… – дейді күмілжіп. – Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі вертолетпен ұшып келді… Әйтпегенде, қарап болып кетеді екенбіз…
Мынандай жауап Төтенше жағдайлар қызметкерінің аузынан естілуі керек еді… Менің Жүген ағам?..
– Жүке, әңгіме сол облыс басшысының өзі қолдап отырған су қоймасы жайлы емес пе?
– Иә… Су қоймасы жасалатын жердегі Қарғалыда үш шақырым қорғаныс тоғанын тұрғызып, елді тасқыннан қорғадық…
Манадан бері үнсіз отырған Бауыржан бауыр тамағын кенеді.
– Біздің ауылда ыза су көтеріліп, бау-бақша түгілі, жаңадан еккен тал-терек қурап қалды… Су қоймасы салынса, көшетін шығармыз…
Иә, солай деді. Ал «Қарғалы» дарияның арғы бетіндегі ең үлкен елді мекен… Әркімнің өз жұмағы өзіне, әрине…
Осымен әңгіме аяғы тұйықталсын. Ал менің онсыз да күпті көңілімде күдік көп еді…
2
Басқа-басқа, Сыр мен Аралды, одан қалды адамзат тарихының түп бастауында тұрған Қосөзен тарихын бір адамдай білетін секілді едім. Туған жерге қызметке келгенде: «Қалған өмірімді ағайынға, жерлестеріме арнағым келеді» дегенді айтқан Қырымбек бауырдың аузынан Күміскеткен су қоймасы жайлы сөз шыққанда, сол бір шайлығып қалған жүректің бүлк ете түскені бекер деймісіз. Бәлкім, үміт, бәлкім, күдік… Солай болатын да жөні бар еді…
Машинаның алдыңғы орындығында бүрісіп отырған Жүген ағамның күжірейген желкесін көрем. Жетпіс бестен асқанда да су жағалап жүрген ағаға ішкі күдігімді айтып сыр бөліссем деймін ғой баяғы…
… Сырдарияның сол жағалауына салынатын Күміскеткен су қоймасының су сыйымдылығы алты жүз миллион текшеметр деседі. Ал жер полюстерінің орналасу заңы бойынша біздің дария мыңдаған жылдардан бері солтүстікке қарай аунай ағып келеді. Мен білетін Шиеліде солтүстігінде мұндай мол су жинайтын жер, жер болғанда шұңқыр жер жоқ екенін білемін. Шиелі – Сыр бойындағы біршама жақсы игерілген, экономикалық жағынан дұрыс дамып келе жатқан өңір. Адами тұрғыдан қарасақ, «жер қымбат па, су қымбат па?» дегенде, несібе, нәпақасын кеңес дәуірінде инженерлік жүйеге келтірілген күріштік жерден тауып үйренген ел үшін жер қымбат екені анық. Шиелі – еліміздегі уран кенін өндіретін базалық нысандардың бірі. Әлемдік тұрғыдан, ұлттық тұрғыдан қарағанда, осындай маңызды нысанның жерін суға бастыру… кешіріңіз… авантюристік қадам емес пе деген ой кімнің де болса басына келетіні анық қой…
Әңгіме уранға келіп тірелгенде Бауыржанға тіл бітті.
– Ауылдағы құдық суының бет жағы кілкілдейді де тұрады… Өңсіз, түссіз пленка тәрізді…
Атының өзінен адам жаны түршігетін уран жайлы әңгімеге құлқым жоқ екенін білдіріп әңгімені Арал тағдырына қарай бұрамын.
Өз басым әлем назарында тұрған Арал тағдырын өз тағдыры секілді сезінетіндердің бірімін. Жер бетінде теңізді екіге бөліп тұрған Көкарал секілді бөгет жоқ, Кіші Арал жобасы секілді ұлы жобаны жүзеге асырған ел жоқ екенін білемін. Сол Кіші Аралдың еншісіне тиесілі суды жолшыбай жырып алып жатқан пендені менің де жаным сүймесе қайтейін…
Осы ойларымды сезгендей Жүген ағаға тіл бітті.
– Шардараны былай қойғанда жоғарыда Көксарай мен Өгізсай бар… Төмен жақтағы Қараөзекте мың жарым текшеметрлік су қоймасы салынбақшы. Сонда біз кімнен кембіз деймін-ау…
«Кімнен кембіз» дейді… Әркімнің өз жұмағы өзіне… Әркімнің бас-басында бір-бір жасанды су қоймасы болғанына не жетсін! Көрпесіне қарай көсілмейтін кеңқолтық халықпыз ғой, күні ертең бармақ тістеп қалмасақ болғаны да…
Үлкен суға жақындап қалғанымызды жолдың екі бетіндегі қара шабырлардың оты қалыңдай түскенінен сеземін. Көп ұзамай көк жиде мен қызыл жыңғыл арасынан жарқ ете түскен дария арнасының биігінде иіріліп тұрдық. Иіріліп тұрған жалғыз біз емес, қалқыма көпірдің аузында машиналар легі мол.
Биылғы шілде айында шіреп аққан дария суының күн санап төмендеп бара жатқанын қалқыма көпірдің деңгейі байқатып тұр. Қазір қазан айының жуан ортасы. Көпір баспалдағының құламасына қарағанда су мөлшері ең кемі төрт метрге төмендеген. Сол құлама баспалдақпен қалт-құлт етіп төменге түстім. Аяғын сылти басқан Жүген аға соңымнан ерді.
Бұл уақыты түскірді қойсаңшы. Мен паромға мінбегелі, қалқыма көпірмен өтпегелі қанша жыл. Мына көпір мен бір кездері өзім өтетін қалт-құлт еткен пантон көпір емес. Күзге қарай суы төмендеді дегенмен, мына дария сонау сексенінші жылдары арнаның табанымен жылап аққан бір құлақ суға мүлдем ұқсамайды. Биылғы маусым мен шілде айларында қарақошқыл түске боянып, лайытып аққан ен-тегін суға да ұқсамайды, мөп-мөлдір болып шымырлай ағады.
Дембіл-дембіл су бетіне шеңбер сызық салып балықтар секіріп ойнайды. Қарсы жағалауда қармақтарын сүйретіп жүрген бірнеше балаға қарап қармақтардың көз алдау екенін сеземін. Өйткені бір кездері дәл осы жердегі дариялықтың көне арнасының бір қуысына екі құлаш торды жайып тастап… ондық жилкаға байланған оншақты қармақты дарияға лақтырып тастап отырғандардың бірі өзім.
Ал Күміскеткен салынатын Қызылдың іші менің атамекенім Осы пәндауи ойымның «қарына тартпағанның қары сынсын» деген ұғымына үш қайнаса сорпасы қосылмасын сезіп қана өзімді-өзім жұбатқым келген еді. Сонда деймін-ау, сонда…
Ата мекен – ғажап екен
1
Мен бала күнімде өзімді дарияның арғы бетінде туғанмын деп ойлаушы едім. Кейіннен ойласам, арғы беттін көшіп келген менің туыстарым мен ата-анам екен ғой. Есейе келе білгенім, менікі көрпенің астында көзім жылтырап жатып үлкендерден естіген әңгімелердің жаңғырығы болып шықты. «Сал үстіндегі маусым» саяхат-сапары кезінде соғып кеткенімді былай қойғанда, ес білгеннен бастап дарияның арғы бетіндегі атамекенге талай рет ат ізін салыппы. Сонда деймін-ау сонау бала күнде өз қиялымда жасап алған естеліктер әлемінің түк те өзгермегенін көріп таң-тамаша қалғаным бар. Мен көрген жер де, су да баяғы, иә, сол бәз-баяғы, менің жадыма сіңіп қалған қалпында еді.
Жас кездегі дүние адамның жадында жақсы сақталатыны рас болды. Қарғалыдан шыға тораңғыл тоғайларының арасымен мың бұратылған қостабан қара жолдың сорабын қуалай жүріп Қарақуыс көліне жеткенше жас күнгі естеліктердің талайы өтсін мыйымнан. Бәрі, бәрі-і-і қаз қалпында. Тек төбе-төбенің басында шошайып тұрған тораңғыл ағашының жапырағы қалың, қызыл жыңғыл мен қарабарқын тұтасып өскен қарашабырлардың бояуы қанық көрінген. Дариядан су кеткен жетпісінші, сексенінші жылдармен салыстырғанда, әрине. Өкінішке қарай, алпысыншы жылдарға дейінгі Үлкен судың болып та, толып тұрған шағындағы дария бойының әсем табиғаты жайлы ертегі іспеттес әңгімелерді тек үлкендерден естідік. Қайта айналып су келіп еді, Қызылқұмның көрер көздің «қызығына» айналып сала бергенін көрмеймісің…
«Шаштылар бейіті» деп аталар қалыңға жетіп тоқтадық. Бұрындары бірнеше рет келген жерім. Бір кездері қара жолдың екі беті қалың бейіт секілді еді, анда-мында ну шеңгелдің арасынан шошайған бірен-саран төртқұлақтар болмаса, мына араның қорым екенін айырып болар емес. Кенет жолдың оң жақ бетіндегі ашық алаңқайға жете кідірдік. Темір қоршау. Қара мрамордан тұрғызылған кісі бойы құлпытас. Қоршауы да, құпытасы да су жаңа. Шиеліден өңірінен шыққан біртуар ақын Бұдабай жырауға тұрғызылған жәдігер. Иә, жәдігер. Ал сүйегі ана қалың шеңгелдің арасындағы көп төмпешіктің бірінде болуы керек. Қалың ел дарияның келесі бетіне ауа көшкен алмағайып заманда көзден кетсе де көңілден кетпеген ақынға жақын арада ұрпақтары қойған ескерткіш осы. Менің Досбол бабамның да, өз атам Байхонның бейіті де осы маңда болуы мүмкін екенін ойласам… Менің Торы Қыпшақтың ішіндегі Көзей руынан екенімді жолшыбай тәптіштеп сұрап алған Жүзен Аманжолға жүгінді. «Көзейлер мұнда емес, ана тұстағы «Үш молда» бейітінде. Онда Кісенбай мен Төлеген молда салдырған мешіт болған ғой. Мешіттің маңындағы ескі қорымда шашылып жатқан көктастар мен ақтастар көп. Арнайы іздеген адамға табылып та қалар» деді бауырымыз. Иә, «үмітсіз – шайтан». Әлде, әлде… қол қалт еткенде арнайы келіп сол қалың қорымның көрнекілеу бір тұсына атама арнап құлпытас орната салсам ба екен? Жаугершілік заманда сүйегінің қайда қалғанын ешкім білмейтін бабаларына ас беріп, ескерткіш тұрғызып жатқандардың да бір білгені бар шығар…
Дария бойында туған Мұхтар Шаханов ағам айтқандай: «Бұл даланың әр төбесі, әр белесі ертегі… Бір белесін басып қалсаң, бір ертегі шертеді…». Осы маңды атам заманнан өзіміз бала күнде «Ана тілі» оқулығынын оқып, санаға сіңірген Қыпшақ Сейітқұлдың ұрпақтары мекендеген. Мыңғыртып мал өсірген наймандар сән-салтанатпен жаз жайлауы Арқаға қарай көшкенде , аталарымыз көне арналар мен көлшік, көлдердің бойындағы бидай, тарысы мен қауын, қарбызына қарайлап отырып, отырып емес-ау «жатып» қалады екен. Кеңес дәуірі кезінде кедей тап өкілдері ретінде кеңінен насихатталған жатақтар. Кәдімгі отырықшылар.
Таптық қатынастарын білмедім, ал өзіміз «қызығы мен шыжығын» көре бастаған жер қатынастарының сол кездері-ақ дәуірлеп тұрғаны анық. Көнекөз қариялардың сөзіне құлақ салсаң, дария бойындағы жер атауларының сол кезеңдегі жер қатынастарынан хабар беріп тұрғанын сезесің. «Таршакөлдің арғы беті – соқпандар мен абыз руларының, ішкі беті – шаштылардың мекені, Жуантөбе – қонақбайларға, Қызылқайың – көзей руларына тиесілі» деген секілді. Өзімнің трайбализм ауруымен ауырмайтынымды айта тұрып, мына жер атауларының мен үшін де ерекше ыстық екенін де мойындауым қажет. Өйткені… «Жер астынан құлақ етіп қияқты… менің ата-бабаларым тыңдап жатқан сияқты…».
Ақ қайыңдардың арасындағы қалың шеңгел арасына жасырынған көне бейіттен ұзай бердік. Ата бейіттің биылғыдай ен-тегін мол судан аман қалғанын да жақсылыққа жоримын. Сексен алтының су тасқыны кезінде ғасырлардан бері дін аман келе жатқан қорымдардың су астында қалғанына түсіне алмағам. Ал су қоймасы салына қалса ше? Шардара мен Қапшағай су қоймасы салынған кезде сүйекті алып кететін ұрпақтары табылмаған көне бейіттердің бетін бір-бір машина бетонмен жаба салғанын білем. Осы ойымды айтқанымда Жүзен ағам артына қарай мойын сүйегін сындыра бұрылған.
Су қоймасы негізінен көлтабандарды толтырады. Карта бойынша бұл ара су қоймасынан әлдеқайда биікте тұр, – деп жұбатты.
Өзімнің бүгінгі сапарымның басты мақсаты киелі орындарға тәу ету емес, сол қасиетті мекенде жасалатын су қоймасы екенін ойлайын, көкіректі тұмшалап алған ауыр ойлардан әрең дегенде арылайын.
Қарақуыстың жиегіндегі төбе басына жетіп кідірдік. Көл беті – қаптаған құс. Машина даусынан үркіп қиқулай көтерілгенде байқағаным – көк жүзінде көлбеңдеген қос қанаттылардың қарасынан ағы молдау көрінген.
Көлдің кенересіне қарап судың төмендеп кеткенін байқаймын. Осыдан төрт-бес ай бұрын ғана ен-тегін мол су құйған көлдің табанында шалшық су ғана қалған. Ендеше, құм арасы құрдым болғаны. Ал қыс түсіп мұз қатқан соң, таяз судағы балық қырылып қалуы кәдік. Тағы да күдік. Тағы да күмән. Осы ойымды Жүзен ағаға айтқанымда:
– Жиырма бір жыл су құймай қаңсып жатқан көл ғой… Екі-үш жылда табаны қатып, кенересі қатайып шыға келеді… – деп жұбатты.
Адам әдетте өзі сенгісі келетін нәрсеге сенетінін білем. Су қоймасы жасалған соң Қызылдың ішіндегі қаптаған қарақуыстар мен сарықуыстардың табаны бекитініне сенгім келеді.
Көлдің бір шетінен ақ тамның төбесі шошайды. Қызылдың ішінде не көп – «Ақ там» атанған жер атауы көп. Кәдімгі сырты ақ балшықпен сыланған шатырсыз үйлер, кәдімгі малшылар қыстауы.
– «Үсен қыстауы»… – деді Жүзен ағам аузын толтырып. – Су қоймасының хабары шыққалы ел-жұрт көшіп келіп жатыр… Ал мал дегенің миллион…
Қанша адамның көшіп келгенін кім білсін, ал мен білетін мына ақ там атам заманнан атақты балуан Амангелді Ешпанов ағамның қыстауы екенін білем. «Балық аулаймыз, құс атамыз» деп талай рет шақырып еді. Қол тиді ме? «Миллион» дейді. Қазақ халқы болып-толған атам заманда болмаса, Жаңадария мен Қуаңдарияның бойында жаңа аудан ашуды армандаған кеңес дәуірінде де Қызылқұмдағы мал саны миллионға жетпегенін білем. Ал енді құм ішінде су қоймалары жасалып, жаңа ауылдар мен аудандар ашылып жатса деймін ғой…
Алдымызды тағы да жылқы үйірі кесіп өтті. Кілең кесек жылқы екенін байқап келем. Ішінен бірде-бір құлын немесе жабағы, тай көрінсе-ші. Қызылдың қалыңында қасқыр көп екенін білем, әрине. Ел ішінде жаңадан пайда болған байшікештер арасында қонаққа еті жұмсақ жабағы мен тай соятын дәстір пайда болғанынан да хабардармын. Қайтесің, ата дәстүр…
Жаратқан Ие жар болса енді бір бес-алты жылда туристік сапармен Күміскеткенге келіп жаңа туған құлынның балдай тәтті етінен ауыз тиетін шығармыз…
2
Жүзен ағамның не ойлағанын қайдам, Күміскеткенге емес, Таштопқа бастап әкелді. Бүгінде иен далаға айналған Таштоптың аты жер жарып тұрған кездер де болған. «Таш» дегені кәдімгі «Ташкент» те, «топ» дегені «топливо базасы» дегені. Соғыс кезінде Ташкент пен Еуропаның екі арасын қосып тұрған күретамыр темір жолмен ауыр составтарды сүйреткен тепловоздарға арнап сексеуіл дайындаған стратегиялық нысан. Иә, сексеуіл. Кәдімгі қызуы мол сары сексеуіл. Сол жылдары Ташкент пен Қызылорданың екі арасында бумен жүретін су қатынас кемелері де болғанын естіп өстік. Ал бала күнімізде сексеуіл тасыған тар табан темір жолдардың орнында құмға көміліп жатқан темір жол рельстерін көзбен де көргенбіз.
Зымырап өтіп жатқан уақыт шіркінді қойсаңшы. Бүгінде бәрі де өзгерген. Қараймын келіп, қараймын. Сол баяғы орнында, бәз-баяғы орнында тұрған атам заманғы ақ там ғана. Сосын… Қалың бұта арасындағы ағараңдап жатқан төмпешік көзіме оттай басылғаны. Осыдан жиырмашақты жыл бұрын келгенімде төрт қабырғасы қалқайып тұрушы еді… Алпысыншы жылдардың басында ғайыптан тайып Алматысын тастап елге оралған Қалмақан Әбдіқадіров ағамның асарлатып мектеп салатын, кітапхана жинайтын жері осы. Мектеп жабылған соң кітапхана жаңағы ақ тамға көшірілгені, арлы-берлі өткен жолаушылардың кәдесіне жарап тұрғаны да есімде.
«Жаңа арнаның» табанында отырмыз. Дария арнасы үш-төрт метр төменде жатыр. Көктемгі су тасқыны кезінде көтерілген көл-көсір су табаны тазартылған жаңа арнамен ағып, Бұлақтыкөлге құйған.
– Секундына отыз текшеметр су ақты… Тіптен бар-ау суға шомылған балаларды ағызып алып кете жаздады… – деді Жүзекең.
«Отыз текшеметр су»… Биыл көктемдегі дабыра «жоғарыдан екі мың текшеметр су келеді» деген дақпырттан шықты емес пе? Екі мыңның жанында отыз текшеметр дегенің немене тәйірі… Шиеліліктердің ішкі ойы Жалағаштағы күретамыр тас жолды су басқан кезде шыққан дабыра, дақпыртты пайдаланып, Қызылдың ішінде қаңсып қалған көлдерін суға толтырып алу болса да өзі білсін… Әркімнің өз жұмағы өзіне, әрине.
– Күміскеткеннің сағасына барып дем алсақ қайтеді, аға?.. – деймін орнымнан тұрып жатып.
– Күміс-кет-кен… Сол су қоймасының жобасын бізге көрсетті ме? – деді Жүзекең күмілжіп. – Нақты жобаны көрмеген соң, не айта аларсыз…
Жүзекең көрмеген жобаны көргенмін. Жүрген жерінде жұмысты жапырып істейтін облыс басшысының қарқынына ілеспек болып асығыс жасалған жобаның шикі тұстары көптеу секілденген.
Уақыт ағымына қарай алдымен әлдеқайда асығып, аптығып, артынан бармақ тістеп қалатын заман туды ғой. Шиеліліктерді сабылтып қойған мәселенің түп төркіні жоғары жақта жатқанын сеземін. Сол… Жемқорлыққа тосқауыл бола ма деп енгізілген сол баяғы – тендерлік жүйе. Су ресурстары Комитеті тарапынан берілген тапсырмада су қоймасының жобасы конкурстық талаппен екі вариантта жасалуы керек деп көрсетілген. Дәл қазір Жүзен ағаның айтып тұрғаны сол екі жобаның бірі. Сол дайын жобаны жүзеге асыру аудан түгілі, облыстың да құқында емес. Су сыйымдылығы он мың текшеметрден асатын су қоймасын жасау тек республикалық тапсырыспен ғана жүзеге асырылады. Осы ойымды айтқанымда, Жүзекеңнің қабағы түсіп кетсін.
– Екі жобаны біріктіруге болады ғой…
Әрине біріктіруге болады. Бірақ ол үшін жер қазу жұмыстарын былай қойғанда, дариядан су алатын екі тоспа, сол суды дарияға қайта тастайтын екі су реттегіш жасалуы керек. Ол үшін қосымша қаржы керек. Бұл дегенің түптің түбінде таптық та, экономикалық та емес, кәдімгі капиталистік қоғамның бас ауруы – ақша қатынастарына барып тіреліп жатса қайтерсің… Күміскеткеннің жобасы дайын. Құрылыс жұмыстары енді бірер айдан оң басталып та кетуі керек. Әзірге су қоймасын салуға бір миллиард алты жүз миллион теңге ақша бөлініп отыр. Оншалық көп ақша емес. Халықтың қалтасына қолды бір салғанда бірнеше миллиардты суырып алатын ортақол шенеуніктердің көзімен қарағанда, әрине…
Таштоптан ұзай бердік. Ата мекенді қайта тірілткісі келген Жүзен ағама да, Жүзен ағаны дария бойында сабылтып қойған Қайратжан бауырға да ырзамын. Өйткені, әркімнің өз жұмағы өзіне емес пе?..