Ауылды сақтау – қазақты сақтау
25.08.2015
1585
0

АуылТіршілікті ілгері сүйреуші, қайнары, әркімнің алдына қойған мақсаты, үміті оның жетекшісі емес пе. Мақсатың түзу болса, өмір соқпағың да жөн. Қисық соқпақты салып алатын да тағы пенденің өзі. Сол қисық жолға түсірмейтін де ата-бабаның салт-дәстүр, тәлім-тәрбиесі. Ата-бабасын ұлық тұтпайтын қазақтың баласы кемде-кем. Мақтана білудің де жөні бар шығар, шегі болар. Өз әкем керемет екен деп, халық мойындаған басқаның елге пана болған азаматының жолын кесу, қасақана жарамсыз пікір тарату үлгіге жата қояр ма екен.

 

Кәмел Жүністегі,

жазушы, «Құрмет» орденінің иегері,

ҚР мәдениет қайраткері

Қызыл орыс алған заманда Красная Поля­на деп Жәңгір ауылын ешкімнен сұра­­май-ақ өзгерте салған еді. Жәңгір ата­уын қайта бере алмай әлекпіз. Аяқтан ша­лып жүрген тағы өзіміз, қазақтармыз. Со­нау 1991 жылы музейдің атын Шортанбай жырауға берген едік. Соны «олай деп, бұ­лай деп» алып тастап жүрген де өзіміз. Тіп­ті, ол кезде музей деген болмапты-мыс. Жыраудың 175 жылдық мерейтойына сонау Алматыдан М.Мағауин бастаған он­даған жазушылар мен Қ.Сұлтановқа ер­ген депутаттар келіп, музейді екінші рет ресми ашпапты-мыс. Қисын қайда? Әр­кімнің өзінікі ғана жөн болса, елдіктен не қалмақ?

Орыстың отарлауы салған қалып бү­гін­де жаһандануға ұласып, әркімнің көңілін тәкәппар менмендік билеген. Сол мен­мендік билеп өз қазағыңды өзекке теуіп, тіпті туған аға-ініңді, кейбіреулердің ғұ­­мыры қазақта болмаған мінез, әке-ше­шесін менсінбеген, дүние үшін солармен соттасқан рухани аштыққа әкелген жағ­дай кәзір жасырын жәй емес. Үлкенде де үл­кендік қалмағандай. Бауырымен, бала­сы­мен соттасып жүрген үлкен ентелеп өсіп келе жатқан жастарға не үлгі айтпақ. Айт­са да оның таза көңілінен шықпаған, ір­кіт­тей бұзылған ойдан туған сөзі әсерлі боп, басқаның санасына жетпесі хақ. Оны ғылым баяғыда дәлелдеген.

Отарлаушылардың әзәзіл саясаты та­лай адамды түсі ғана қазаққа келетін орыс­тың ксерокопиясы етіп жіберген. Қосымша соққы болып теледидар, телефон, айфондар да жас ұрпақтың санасы мен жүрегіне кенедей жабысуда. Көре­тін­дері (қазақ малдың малға артылғанын көр­гісі келмейтін еді) жиіркенішті жа­лаңаш денелер, анайы істер, қырғын тө­белес, кісі өлтірудің, қинаудың тәсілдері. Адамдық қасиет, ар-ұят дегеннің жұрнағы да жоқ. Жастар газет оқудан, кітаптан ада қалған. Пәлен жүз қойы бар біреудің осы жиырма жыл ішінде газет-журнал көр­медік дегенін естігенде денеміз түршікті. Сонда оның балалары… Оны айтуға ауыз бармайды. Теледидардан көргенімен шектелген ұрпақтың ата жолын тыңдауға ықылас-ниеті де жоққа тән. Ырду-дырду, даңғаза шуға мәз. Ақыл айтуға аталардың да бейімі аз.
Даңғаза шудың көкесі тойларда. Ше­кеңнен тоқпақпен ұрған музыкадан есеңгіреп отырған жұрт. Соған елірген жастар. Қазақтың қырыққа келген әйелі әр нәр­седен бой тартушы еді, кәзір жастау кем­пір, кемпір (аяғы жүрсе болды) сол жас­тардың арасында селтеңдеуде. Той сегіз, не он сағатқа созылады. Мына көрші өз­бек­тің тойы екі сағаттан аспайды екен. Шақырылған топ дәл уақытында келеді екен де, жарты сағаттан соң жаңадан кел­ген топқа орын босатады. Бізде сіре­сіп отырған үстелден тұруға шамасы кел­мей, үзіліс сұрап шал-шауқан үздігеді.

Қалталылар тойға миллиондап ақша ша­шып әлек, кедей кредит алып той жасап, енді сонысын өтей алмай әлек. Байға атақ керек. Сол шашқан қаржысына тұра­лап жатқан ауылға талай жақсы іс жа­сап беруге болар еді, оған оны мен­мен­дігі жібермейді. Әлемдегі ең бай адам Билл Гейтс бар байлығының жартысын кем-кетік, кедей-кепшікпен бөлісуге даяр екенін айтып жар салды. Біздің байдың түрі анау. Қазақ ауылы қаңсып отыр.
Жүрсе көлігі, не өзінің маңдайы ұшы көк тіреген мелшиген тас қабырғаларға со­ғылған қаланың жұрты кең әлемнің кең­дігінен таршылық көріп, «ауыл-ауыл» деп үздігеді. Қолы жеткені демалыс-де­малыста ауылға жөңкіледі. Сол ауыл қа­зақты мәңгі сақтаушы генофонд. Беті жой­қын мына цивилизацияның сұмды­ғынан әзірше рухы таза, бірен-саран есі түзу ақсақалдардың әңгімесін естіп, қа­зақы қалыпты көрген қазақ баласын өсі­ріп отырған да осы ауыл. «Есі түзу ақса­қал­дардан» дегенім де жан шыңғырған шындық. Мына отыз күн оразада қар­қыл­дап күліп, бір шенеунікке жармасып, арақ сұрап ішіп жүрген алды сексен, соңы жет­пістен асып кеткен шалдардың тырқыл­да­сып сайтан суын жұтып жүргенін есті­генде азғындыққа бой алдырғандардан түңілесің. Қазақты сақтаушы ауыл туралы «келешегі жоқ ауыл» деген ұғым адасып кіріп кетті. Керісінше, қазақы қалыпты сақтап отырған ауылға, оның халқының осы заманға сай өмір сүруіне барынша жағ­дай жасалу керек. Қыстақ-қыстақтың мал баққан жұрты сығырайған білтемен оты­ратын бұл ХІХ ғасыр емес қой.

Кезінде осы елдің ең озат совхоздары­ның бірі болып есептелген Қызылтау «келешегі жоқ» ауыл қатарына ілігіп ке­тіпті. Сол ауылдың бір ғана Дулат Қожам­бер­линінде мың жарым жылқы бар. Ауыл­дың қай-қайсы болсын мыңғырған мал асырап отыр. «Келешегі жоқ» деген адасқан ұғымның салдарынан Қызыл­тау­да оқушылары апта оқып, мектеп жабылып қалған. Бұл қалай деген жан болсайшы. Барды жоқ етпес бұрын «қандай кө­мек керек» дегенді не оқу бөлімі, не әкім­дік ойламаған. Бір-екі балаға толмай қал­ған мектепті сақтаудың жолы жетер­лік. Қа­зақстанда пәленше мың жетім бала барын газеттер жазып жатыр. Сол балалар детдомда. Сол балаларды ауылдарға асырауға берсе, сол балалар жетімдік көр­мей өседі дегенді депутаттар айтып қалған. Талай ауылдың азамат­тарының патронаждық жолмен бала асырап алып жатқанын газеттер тағы жазған. Тек жетім­дерді асырап алушы­лардың сол игі­лік­ті істі атқаруына тезірек қолы же­туіне әкімдік мейлінше көмек етуі қажет. Мектепті сақтаудың бір жолы осы. Мектепті сақтау – ауылды сақтау, елді меке­нінде тұрақтандыру.
Елді ата-баба қонысынан еріксіз аударып, Ұлы Даланы тек ұлыған бөрі жорт­қан иесіз мекен етіп тастау көреген­дік болмас. Қыр астынан сығалап қытай да, орысы да, басқасы да отыр. «Ауыл қайтып күн көрер» деген менің мақалама Б.Жұм­кин «мен К.Жүністегіне қарсымын » депті. Бірақ неге қарсы екенін ашып жазбайды. Мен «ауылда мектеп сақталса екен» деймін. Әлде соған қарсы ма? Ауылда элек­тр жарығы болса деймін, ауыл қаза­ғының қыста жүрер жолы күрелсе екен деймін, ауыл қазағы баяғыдай моншаға түсіп, газет-журналдар алса екен, өнер­паз­дар ел аралап, шошайып отырған жалғыз үй болса да ән салып, күй тың­датса екен деймін, ауыл асырап өсірген малын өз құнына өткізіп, пайда тапса екен деймін. Сонда Б.Жұмкин мырза осы­ған қарсы болғаны ғой. Өзі жақсы өмір сү­ріп жатқан адам басқаның да хал-жағдайына көз жүгірткені дұрыс шығар.

Ауыл малымен күн көріп отыр. Сол ма­лын тиісті құнына өткізу шешілмеген жұмбақ. Сол қызылтаулық Дулат Қожам­берлин мыңдаған жылқының да, сиыр мен қойдың да иесі. Шүкір, байлығы же­теді. Мал алуға келген әлде өзбек, әл­де шала қазақ төрт жасар әр бұқасын 60 мың теңгеге алмақ болыпты. Бұл кәдімгі ірі қошқардың құны. «Бермедім, – дейді Дүкең. – Мазағы ма? Не пәле? Пәлен жыл асырадым ғой сол малды». Дүкең бер­меді, басқалар ше? Мектепке баратын баласына киім-кешек, тұздай қымбат оқулықтар алып беру үшін, қаладағы қызына қарайласу үшін ауылдың ақшадан әбден тарыққан азаматтары сол 60 мыңға төрт-бес жасар бұқаларын беріп жіберген. Қысылған халықтың көрген күні осы. Қалмақ найзасын, орыс мылтығын сүйретпей-ақ, халықты тал-түсте тонап алды деген де осы болар.
Азаматтың басқа тіршілік иелеріне­н ар­тықшылығы тек қорекпен ғана өмір сүрмейді. Адам ұрпағына рухани байлық керек. Рухани әлемімізді дамыту үшін тағы жағдай қажет. Осы жерде біздің ел­дегі әр адамның табысының жұмсалу жағына көз жүгіртсең есеңгіреп қаласың. Күйіп тұрған қымбатшылық. Бізде әр азаматтың ай сайынға тапқан табысының 60 проценті азық-түлікке, 15 проценті коммуналдық төлемге кететіні сан жазылды. Сонда дем алу, мәдени орындарға бару, кітап сатып алу дегенге қаржы жет­пейді. Дамыған елдерде бәрі керісінше. Тамақтану мен азық-түлікке табыстың 10- 15 проценті ғана кетеді. Мысалы, Ан­глияда 9,1, Швецияда 9,6, Данияда 10,7, Германияда 12,1 проценті тамақ, азық-түлікке жұмсалады. Біз, осы дамыған 50 елдің қатарына кірген едік қой. Тамақтану үшін ғана ғұмыр кешіп жатқандайлығымыз түсініксіздеу.

Әлем халқы бір-бірімен тығыз байланыста. Бұл үрдіс күн сайын үстемелете өр­біп келеді. Сонымен қоса, жаһандану­дың қатерлі жағдайлары да есік пен тесік­тен сығалауда. Бірақ біз жаһандану­дан бұрын-ақ ақ патша мен қызыл патшаның тұсында-ақ қазақы қалыпқа қайталанбас нұқсан келтірген халықпыз. Соның бас­тысы еркек пен әйелді теңестіру деген сая­сат арқылы оларды бітіспес жау етіп, бір-біріне қарсы қою. Соның кесірінен есік көрген әйел түгілі, қыздардың өзінен ұят азайған. Қазақы мінез қызда ең әуелі иман жүзділік болушы еді. Халық «Мына қыз иманды» екен дейтін. Иман – ұяттан тұрады. Қыз балалардың көпшілік орында тұрпайы мінезі, қарқылдап күліп, саңқылдап сөйлеуі, именбеуі жиі көзге тү­седі. Мәнсіз қылжақ та, құрдасым екен деп бір жігіттің мойнына асылып тұруы, не екі құлақты телефонмен тарс бекітіп меңіреу адамдай жүруін қай жетістікке балар едіңіз.
Қызыл орыстың «равноправие» – тең­ес­тіру қасақана саясат. Ол әйелдің әйелдік қасиетін жою, адамзат ұрпағына Алла орнатқан табиғи балансты әдейі бұзу. Қы­­зыл империя заманында қазақ әйел­де­рінің мұсылмандық кейпін кетіру үшін арнайы жоспар жасалып, ол үздіксіз іске асырылып жатты. Басты мәселе әйелден ар-ұятты кетіру. Бұл деген «ә» десе «мә» де­ген ұрыс-жанжал, бетіне қараған еркек­пен сүйіскен, тұрақсыз жыныстық қатынас, жезөкшелік. Бір отбасының ішіндегі еркек пен әйелдің теке-тіресте болуы.
Сол сұрқия саясат бүгін де халқымыз­ды етектен тартып отыр. Имансыздық етек алған соң некелеспей-ақ, «уақытша семья» құру, ажырасу деген шектен шықты. Біздің елде отбасын құрғандардың ажырасуы 36 процентке жеткені жан түршігерлік жағдай. Ал, мұсылман елде­рін­де бұл 1,2 процентке зорға жетеді. Бар үлгісі теледидар болып мәңгірген мәнжу­бас жігітте әкелік міндет оянбай, айфон­ның елтең-селтеңіне елігіп үріккен еш­кі­дей еліріп өскен қыз-келіншекте махаббат тұрақтылығы да, балаға деген аналық сезім де оянбай талай отбасы ажырасудың сазайын тартуда. Кәзір бір, не екі баласы болған соң ажырасып, күйеуінің табысы­ның жарымын «алимент» деп кестіріп алып, өз табысына қосып, жеткілікті қар­жы тауып, еркін «махаббатқа» батып өмір сүруді мақсат еткендер де табылып жатыр. Ажырасуға болмашы сылтау, оны өр­біту, оны өзінің әке-шешесіне мақұлдату жағдайы өрістеген. «Қайтесің ол күйеуіңді» деп «подруга» болғандардың «ақыл» айтатыны да естіледі. Бұл пәлелі жағдайдан құтылудың жолы не? Қазақ қазақ болған заманда ажырасқан әйелге бала бермеген. Өзіне ғана рұқсат етілген. Ендеше, қа­зақтың осы ұстанымы қалпына келуі керек. Тіпті, екі бала болса да біреуі әке­сін­де қалдырылып жатса ажырасудың күрт азаятынына сене беріңіз. Мәселе біреудің құқығын бұзуда емес, мәселенің негізі отбасын сақтау. Отбасын сақтау – мемлекеттің іргесін сақтауда.

Некесіз бала табу ұлттық діни тәр­бие­нің негізі бұзылып, оған Л.Толстой айтпақ­шы, «сайтани жолға» түскен Европаның жалаңаш қатындарын әсірелеп кинодан көрсетіп, албастының ісін насихаттаудан тапқан «табыс». Некесіз бала табуды қостайтындар да көрініп қалды. Сонда ол «білгіш», сол «мәртебелі» өз қызының ке­ле­­шегін ойлайды ма екен? Өз перзенті­нің жезөкше болуын қалай ма? Әлде бас­қаның басына келген пәлекет өзіне жуымайды дей ме. Ата дәстүрден, әзиз діні­мізден алыстап, жүрдім-бардым қа­рау неше қилы сорақылыққа, жантүрші­герлік уақиғаларға соқтырып отыр. Көрші кент­тегі бір әйелдің өз баласын өлтіруі қазақы ауылдың да бүліне бастауының бастамасы болмаса игі. Жезөкшелік ұлттың тамырына балта шабу. Оны қазақ ерте заман­нан жақсы түсінген. Қазақта «құ­тыр­­ған к…тен қағынған бала туады, ол өскенде қолын қанмен жуады» деген сөз бар. Әлемді қанға бояп жүргендер сол «қағынған балалар». Шата бала алып-қашпа сөзді естіп, әр түрлі түртпекті көріп өседі. Оның психологиясында өзгеге деген қарсы қыжыл, өшпенділік, кек алу деген пікір ерте қалыптасады. Мұны қа­зақ ерте заманда-ақ білген. Ел басына күн туса сондай санамен жетілген азаматты сатқын боп, теріс айналып кет­песіне ешкім кепілдік бере алмас. ХІХ ғ. Ресей дегеніне жету үшін қазақты қазақ­қа қарсы қою саясатын ұстанған тұста осыны көре білген Шортанбай жырау:

Арам сідік болған соң

Атасы бермес батасын,

Қазы, болыс қояды

Некесіз туған шатасын, – деп дәл басып айтқан.

Кей азаматтар қазақ балаларын ше­тел­дік біреудің асырап алып жатқанына мәз. Ал, мені солардың бізге кім болып оралатыны ойландырады. Иә, оған «сен қазақсың», – дейді ол жақта. Ал, беріліп жатқан тәрбиесі біздің ата жолымызбен тіпті қабыспайды ғой. Ол азаматтың түрі ғана қазақ, ішкі дүниесі бізге жат пиғыл­мен толтырылған. Жат пиғыл-кезегін күткен мына. Елдің бірлігіне, тұтастығына қауіп пе деп шошынасың. Онсыз да бізде қазақтың Клара, Владимир, Света, Сер­гей­лері толып жүр ғой.
Қазақты іштей үңгігісі келетін сырттан келген ауру бар. Бұл жұқпалы дерттің емі – Отанын, халқын, дінін қадірлеген пат­риотизм. Нағыз патриотизм – ұлтшыл­дық. Ұлтшылдық әрі-сәрі заманда ұлттың өмір сүруінің қорғаны мен дұшпанға тосар қалқаны. Ұлт сақталса ұлттық идея да туындайды. Мемлекеттік идеология ұлттық идеяның негізінде туындаса ғана өміршең. Өткен ғасырдың 80 жылдары жалындап келе жатқан ұлттық патриотизм «жаппай байыңдар» деген жалған ұранның жартасына соғылып, іштей ірітудің салдарынан қарқын-күшінен айырылды. Жемқорлыққа жол ашылып, сәл-пәл билікке отырғанда да онан биіктегілер де жебірліктің қаһарманы болып шыға кел­ді. Әлі де болса ел сеніп отырған билік ба­сын­дағы азаматтардың жемқорлықпен ұсталуы халықтың мемлекеттік билік жүйесіне сенбей қарауына әкеледі. Ан­глияның премьер-министрі болған атақты У.Черчилль «Ұлыбританияның қасы да жоқ, досы да жоқ, ұлттық мүддесі ғана бар», – деген екен. Ұлттық мүдде – Ұлттық рух­тың аса биік көрінісі. Қазақтың әр азаматы ұлттық мүддені көздесе екен дейсің.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір