Бурабайдың басынан бұлт көшеді…
25.05.2018
1718
0

Төлеген ҚАЖЫБАЙ


Сергей Есенинге
Эх, Серега,
Жарқыным,
У шараптан шаршадың ғой,
Ал, тыным!
Көкірегіңді өксік өртеп,
Жүрегіңді жаулады ма?
Жалқы мұң?!
Кабактарда
Табақтарды күйретіп,
Айседора Дунканды
Стол үсті билетіп,
Отырушы ең бір бұрышта,
Көңіліңнен күй кетіп.
Одан дағы кетсең етті,
Рязандағы отаныңа,
Құр сүлдеңді сүйретіп.
Қарт анаңның шайын ішіп,
Отырар ең орнығып.
Ажал қақпас алмас еді,
Жүрсе дағы тор құрып.
Енді міне байтақ елге,
Сыймай жүрсің,
Ғазиз басты қор қылып.
Тоқта жаным,
Тоқта енді!
Қалыпсың-ау болдырып…
Эх, Серега,
Тентек неме,
Тіл алмадың,
Теріс кеттің.
Қатал тағдыр басқа тепті.
Қара адам күбірінен,
Өлім жайлы сыбыр жетті.
Қайғы деген қамықтырар,
Еңіреткен неткен епті.
Қаламыңды қанға малып,
Жырларыңды отқа жағып,
Қайырылмастан қалың елге,
Оралмастан өскен жерге,
Міндің-дағы өлім-желге,
Қауырсындай жетім қалған,
Көз жасындай жерге тамған,
Кете бардың келмес тұсқа,
Айналдың да аппақ құсқа…
Қайран сезім ала қашпа,
Жай-күйіңе қарамас та.
Алдарқатып кетер алып,
Десең-дағы араласпа!
Жетсе де үнім бар алашқа,
Арпалыспен өтті күнім,
Бақ орнатпай қара басқа.
Ет жүрегім айналғандай,
Қан-сөлі жоқ қара тасқа.
Қой, одан да кетпей болмас,
Туған ауыл –
Қарағашқа!..

Айналайын азаттық!
Замана желі терістен ескен,
Қобыздың зары көкейді тескен.
Ақ құйқа дала адыра қалып,
Қалың ел мынау үдере көшкен.

***
Андыздай қаптап ата жау алдан,
Өмірің – өксік, тірлігің жалған.
Қайрылмай артқа жосыған елдің,
Әнет бабаң жұртында қалған.

***
Ойраны шыққан ошақтың қасы,
Ішілмей қалды ірің боп асы.
Қырылған қойдай төгіліп қаны,
Домалап доптай қазақтың басы!

***
Алқакөл тұстан құлаған елім,
Қауқары қашып, қираған белім.
Батырың анау жамай да алмас,
Жыртылған жаға, жұлынған жеңін.

***
Қырында қалмақ,ойында орыс,
Адыра қалып ата жұрт қоныс.
Дал-далы шығып, талауға түскен,
Қазақтың жері сан тарау тоғыс.

***
Намысын қайрап, қаруын сайлап,
Қарауыл төбе байрағын байлап.
Жұдырық болып жұмылды жұртым,
Жарқылы жасын, от болып ойнап.

***
Қыраулы құздар сілкінтіп басын,
Қара орман анау жұлғандай шашын,
Далиған далам дабылын қағып,
Тауларым заңғар атқылап тасын.

***
Өзендер аунап арнадан безген,
Өлім мен өмір – тартылды безбен.
Ботадай боздап зарланып жел де,
Қорқыт-қобыз даланы кезген.

***
Тізелеп барып тік тұрған елім,
Азаттық алып тыншыды-ау жерім.
Сауытын шешіп сап құрған ерім,
Атынан түсіп, сыпырды ерін.

***
Ер-тұрманым тұрса да қажап,
Беу Азаттық, сенсің ғой ғажап!
Сан соқпақтан сүрінбей өттің,
Ата жұрт асыл, қаймана қазақ!

***
Дәуірлер өтті дауылы басым,
Ағыл да тегіл төгілді жасым.
Мен садақа азатты күнім,
Ғұмырлы болғай. Осы сөз расым!

***
Арайлап атқан қараймын күнге,
Тоғыттым сырды жұпарлы түнге.
Азаттығыма қылау түспесін деп,
Бір Алладан тілеймін күнде!

Бұлт көшеді
Бурабайдың басынан бұлт көшеді,
Жасыл желек жамылғы, тас төсегі.
Алағай да бұлағай дәурені өткен,
Серт семсерлі сарбаздар жоқ кешегі.

Бурабайдың басынан бұлт көшеді,
Көкірегімді күйіктей шоқ теседі.
Қайран сөзі кімдерге қор болмаған,
Сөз ұстаған билерің жоқ кешегі.

Бурабайдың басынан бұлт көшеді,
Азаматың қайда жүр мәрт көшелі?!
Өңіп кеткен өмірдің өзіндей боп,
Өңіріңде салтанат жоқ деседі.

Бурабайдың басынан бұлт көшеді,
Қар жамылғы болғанда, мұз төсегі.
Түнереді түксиіп текті мекен,
Төбесінен жауғандай тас кесегі.

Бурабайдың басынан бұлт көшеді,
Серілігі, салдығы жоқ кешегі.
Абылайын жоқтаған құса мекен,
Қалай ғана бүйірім тоқ деседі.

Бурабайдың басынан бұлт көшеді,
Жайлап алған жайлауын жат төсегі.
Жын ойнақтап төсінде тайраңдайды,
Жайраңдайтын ұрпағы жоқ кешегі.

Елің мынау қалғандай жоқ көсемі,
Ұлтсыздықтың меңдеген дерт кеселі.
Басыңнан бұлтпен бірге бақ көше ме,
Жалғыз-ақ көкейімді сол теседі.

Өртегендей өзекті от кеселі,
Қайран жаным от бүркіп, шоқ көседі.
Нөсерлеткен кеудемнен бура – керуен –
Бұлт көшеді аулаққа, бұлт көшеді…

Баянауыл басында
«Баянауыл басынан бұлт кетпес»…
Құсым ұшты ұяға бұлтпен шектес.
Ақбоз үйден аттанған таң алдында,
Ескірмейтін ерке күн естен кетпес.

«Баянауыл басында балалы құр»…
Жасыбай көл желпиді жұпарлы жыр.
Қиқуы мол қызықты қимас күндер,
Күңгірт тартқан күмістей көңілде тұр.

«Баянауыл басында қос самырсын»…
Ентелеткен еңістен ән сабылсын.
Кеткенің не қоштаспай, қалқа бала,
Дегенің бе, япыр-ай, бір сағынсын.

«Баянауыл басында балғын терек»…
Бір өзіңнен болмады-ау көптен дерек.
Көкірегімнен күмбір күй көшіп кетті,
Өзегімді өртеген дертің ерек.

Қия шыңнан тепсінісіп қыран ұшқан,
Көтерілді сұлу ән Баян тұстан.
Біраз күн бір жүрелік, марқа бала,
Сүйсініп қарап тұрсын дос пен дұшпан.

Қайран жүрек «қалқа» деп күйіп жансын,
Мөлдір шықтай жанардан жасым тамсын.
Келер ұрпақ ұлықтап айтып жүрер,
Бізден де «Баян» деген әуен қалсын.

***
Қырын келді-ау биыл да қаңтар-ақпан,
Арлан аяз сақылдап сүйек қапқан.
Шайхы-бұрхы шарлап ен даланы,
Бақсы-боран боздатып қобыз тартқан.

Шарасыздық шырматып шер төтеннен,
Қара орманның етегін жел көтерген.
Қарт сүйегін қақсатқан қара суық,
Жалғыз емен жапанда тұр жөтелген.

Барлық әлем кеткендей мұзға айналып,
Бұлақта да қалыпты тіл байланып.
Безеу қырдың беттерін үсік шалып,
Үскіріктен түшкіріп тұр ойланып.

Болған соң болат тұяқ бабында шын,
Бойдан қуат дегендей арылмасын.
Қайсарлығын қарсы сап қайран жылқы,
Қасат қардың сөгіп тұр қабырғасын.

Көкірегінен күміс күй сырғанатып,
Мұнартады мұнар тау сырға батып.
Жалғыз шынар талпынған шырқау шыңға,
Мұз сүңгісі мұртына қалған қатып.

Азабынан қыстың да арыласың,
Арылғанша азаптан сарыласың.
Қыс ызғары арқаңа батқан сайын,
Ғашығындай көктемді сағынасың.

***
Мына өмірдің сұрағы,
Жанға маза бермейді.
Көп ноқатты тіршілік,
Тезіне сап тергейді,
Кейде шаттық кеудемді,
Леп белгі боп кернейді.
Кідірісі көп үтір,
Дәйегіңе сенбейді.
Тырнақшаның ішінде
Сірә қалғым келмейді.
Өмірімнің соңына
Нүкте қоям десем де
Оған көңілім көнбейді.

Анти шындық жыры
Бәрі батыр болып жатса ел бүгін,
Кімге дәркер сенің ерік, ерлігің.
Жыртың-жыртың мына жұрттың ішінен,
Қай Құдайға дей аласың шерлімін.

Жас шіренсе қол беруге ерініп,
Шалдар шықты жар төсектен жерініп.
Күнде масаң мына жұртың елер ме,
Жатсаң-дағы мұң наладан егіліп.

Әр атадан отыз батыр, жүз шешен,
Тулақ еткен бір ауылды жүз көсем.
Көшеге шық, мазақ еткен өзді-өзің,
Қор қазақты көргің келіп кім десең.

Жылпостар жүр атақ үшін жаныққан,
Жылу жинар қазыналы халықтан.
Сен есіктен енемін деп жүргенде,
Жылп етер ол саңылаусыз жабықтан.

Ақылмандар, пақыр жандар көбейді,
Сонда олар тыңдап көрші, не дейді.
«Осы елде сен надан да мен дана»,–
Деп күпінер кенеп тастап көмейді.

Шындық, сорлы көзін жаспен шылады,
(Ет жүрегі қалай ғана тыншады?)
Абай абыз айтып кеткен анығы:
«Ондайлардың сөзі шошқа шығады!».

Не демейді, не жемейді ауыздар,
Қойынында дән сақтаған қауыз бар.
Мына өмірде иманына сене ме,
Ту сыртыңнан пышақ ұрған жауыздар.

Бар үмітін күл-қоқысқа көмгендер,
Сиқы бөлек сергелдеңге сенгендер.
Мына өмірде тоқтығына сенер ме,
Күресіннен нәпақасын тергендер.

Татып өскен ағыл-тегіл сый дәмін,
Хақ жолына шашам дейді жиғанын.
Мешіт маңы мүңкіп жатса харамнан,
Кімге керек сенің иба, иманың!

Ойлап па едім халім мұнша ауырлар,
Жалғаныңды шындық көрген қауым бар.
Мына өмірде ибалыққа сенбейді,
Көк тиынға тәнін сатқан арулар.

Тексіздікті терге, мейлі тергеме,
Айтар сөзім дари қоймас пендеге.
Тірлігіңде Тәңіріне табынбас,
Тектілігін тәрк еткен теңгеге!

Не боп кеткен кенеуі жоқ бұл Ғалам?
(Ең ақырғы айналымда тұр ма адам?!)
Қара тобыр жосып келет жосықсыз,
Дарын емес қарындарын бұлдаған.

Бірін-бірі қорлаған да зорлаған,
Зұлымдықтан зар еңірер зор Ғалам.
Жұмыр жерде жұлқысумен келеді,
Өз қабырын өзі қазған сорлы адам.

Саған достым, керегі осы шындық па,
(Сол шындыққа табан тіреп тұрдық па?!).
Кеудесіне нан пісірген кей малғұн,
Құдайды да сатар еді-ау құлдыққа!

Шамаң келсе харамдықтың құрт атын,
Күншілдік қой бізді түбі құртатын.
Сенің жырың кімге дәрі, дегдарлым,
Доғар сөзді тілімді алсаң қырт ақын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір