Адам баласына баға бергенде, оның өмірлік өнеге істері бірінші кезекте тұратыны белгілі. Әділдікті ту еткен бабалардың пікірі бойынша, биікті – биік, жүйрікті – жүйрік деп айту асқақ адамгершілік қасиетті білдіреді. Мен білетін Жұмаш Өтеев дәл осындай қазақтың нағыз зиялы азаматы, ұлылардың сарқытын ішкен саңлағы, ел қамын – өз қамым деп ойлаған ел ағасы еді.
Бір қызығы, мен Жұмаш ағаның өзінен бұрын, атымен жақсы таныс болдым. Өткен ғасырдың аяғында (90 жылдары) құрылтайшысы Білім және ғылым министрлігі болған «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында біршама уақыт қызмет істедім. Бір күні бас редактор мені шақырып, өте мұқият қатталған бір қалың қағаз папкіні қолыма ұстатты. «Мына дүниені асықпай қарап шық, өте мұқият оқы, талда. Мен мұны саған әдейі беріп отырмын, жоғары жақтың бақылауында тұр… Сосын басуға бола ма, болмай ма, маған айтарсың», – деді. Ол кезде жас жуналиспіз, бірден қызығушылығым оянды. Бөлмеме кіріп, қалың қағаз папкіні алдыма қойдым да асықпай парақтай бастадым. Мұқабада «Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қарасаз колхозы. «Энгельс» атындағы мектеп-гимназиясы Халық педагогикасы бойынша оқу-тәрбие жұмысы бағдарламасының жобасы», – деп жазылыпты. «Авторы – Жұмаш Мұқаметнұрұлы Өтеев», – деп көрсетіліпті. Әрі қарай парақтай бастадым. Сөйтсем, алдымдағы дүние адам баласының темірқазығы болып табылатын халық педагогикасының негіздеріне арналыпты. Әрине, мен педагогика басылымында қызмет істегеніммен, педагогика ілімінің ісмері емес едім. Бірақ, маған автор жазған халық педагогикасының алғашқы қарпінен бастап соңғы нүктесіне дейін түсінікті болып шықты. Ұлттық тәрбиеде, халықтық педагогикада білетінімізден білмейтініміздің көп екенін осы папкідегі қолжазбаны әбден талдап оқығанымнан кейін көзім жеткенін несіне жасырайын. Мың болғыр автор инемен құдық қазғандай осы еңбегіне бар ықылас-ынтасын арнаған сияқты болып көрінді маған. Расында да бүгінде қайта-қайта айтылып жатқандай, ұлт мектептерінің қай-қайсысы болса да ана тілімен қатар, сол халықтың өсіп-өну, өркендеу тарихы, географиясы мен экологиясы, әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты, елдік дәстүрі жайында тиянақты білім бермейтін болса, онда ол қанша жерден алтынмен аптап, күміспен күптеп қойса да ұлттық мектеп бола алмайтыны хақ. Қалай дегенде, сабағы қазақ тілінде жүретіндердің бәрін бірдей ұлттық мектеп деп айтуға ауыз бармайды. Бұлар нағыз ұлттық мәртебеге сай болу үшін оларда қазақтың рухы асқақтап тұруы тиіс. Олай болмаған жағдайда қазақ мектептеріндегі жүргізіліп жатқан оқу-тәрбие ісінің бәрі бекер сөз. Өз ұлтының тарихын құрметтеп, мәдениеті мен әдебиетін бойына терең сіңіріп, өнерінен мейлінше сусындап, салт-дәстүрін ұстанып, ана тілінде сөйлемейтін ұрпақтың ұлттық санасы да өспей, мешеу қалады емес пе? Сондықтан ұлттық тәрбие беру, мектептердегі оқу-тәрбие процесін халықтық педагогика негізінде ұйымдастыру салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, танымдық-ғибраттық, тарихи-мәдени, сонымен бірге діни-рухани мұраларды қастерлей білетін жас ұрпақты тәрбиелеу өз ұлтын сыйлайтын, дәстүрін қастерлей алатын әрбір ата-ананың қасиетті борышы болуға тиіс. Бұл не деген сөз? Яғни, біздің жастарымыз елдің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосуы үшін ар-ождан, борыштылық, жауапкершілік, әдептілік, әділеттілік және басқа да жоғары жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар арнасындағы ұлы мұраттар рухында тәрбиеленуі керек… Халық педагогикасына арналған сол бағдарламалық мақала көп ұзамай журнал бетінде жарияланды. Мақалаға жұртшылықтың ықыласы мен қызығушылығы орасан болды. «Ж.Өтеев атындағы халықтық педагогика мектебі» жарқырап шықты. Қарасаздан шыққан алтын көмбе бүкіл Қазақстанға тарады. Бабадан қалған бай мұраны ол иесіне осылай қайтарды. Ол кезде халық рухани тоқырауға ұшырап, әрі-сәрі күй кешіп жүрген өліара кезең еді ғой. Жұмағаңның «Алтын көмбесі» халықты дүр сілкінтіп, ыстық ықыласын оятты. Бұл адамдар аңсаған ізгі жол ма? Әрине, ізгі жол. Содан кейін редакция поштасына лек-лек хаттар ағылды, телефондарда тыным болмады, үсті-үстіне безілдеп, шырылдап жатты. Сондағы сұрайтындары Жұмаш Өтеевтің мекен-жайы мен телефон нөмірі.
Міне, менің Жұмағаңмен алғашқы таныстығым осылай басталған.
Кейін 2000 жылдары Қарасазға «Мұқағали оқуларына» барып жүргенде ол кісімен жүзбе-жүз кездесіп, танысудың реті түсті. Тіпті қарашаңырағында болып, ақ дастарқаннан дәм таттық. Одан кейінгі барған сапарларымызда да жеңгейдің қолынан ыстық шай ішкеніміз бар.
Жұмаш Өтеев кім дегенде – ең алдымен оны Мұқағалидың шәкірті деу керек. Одан кейін ақын Мұқағали мұрасының шырақшысы десе жарасады. Меніңше, Жұмағаңның есімі бұл күнде бүкіл қазақ пір тұтатын Тәңіртаудың мұзбалағы атанған ақын мұрасымен тығыз байланысты. Оны біреудің біліп, біреудің білмейтіні зор өкініш, әрине. Неге? Себебі, ол бүкіл шығармашылық мүмкіндігін ұлы ақынның шығармашылығын насихаттауға арнаған кісі. Сонау қазанның ернеуінен қарауыл қаратқан кеңес заманында-ақ ол қолына қалам-қағазын алып, Мұқағали мұрасын насихаттап, шығармашылығының ел арасында кең таралуына бастамашы болып келді. Мысалы, Қарасаздағы «Энгельс» орта мектебі ішінен ақынға арналған тұңғыш музей-залын ашқан осы – Жұмаш ағамыз болатын. Іс барысында кездескен кедергілерге қарамастан оның бүкіл жобасын жасап, эскизін сыздырып, түрлі өрнектермен әрлеп, мүмкіндігінше жабдықтап, көп еңбек сіңірді. Бір бас қосқанымызда ол жөнінде әңгімелеп бергені де бар еді. Ағамыздың айтуынша, Қарасаздағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің қатардағы мұғалімнің бірі болып қызмет істеп жүріпті. Бұл – 1981 жыл екен. Алдымен Нарынқолдағы аудандық Орталық мәдениет үйінде, сонан соң Қарасазда Мұқағалидың 50 жылдығы дүркіреп өтіпті. Шыны керек, бұл өзі елді дүр сілкіндіріп, халыққа қанат бітірген оқиға болыпты. Ол кезде кеңестік қысым заманы, партия деген бар. Алдымен Аупартком атқа мініпті, соңынан ауыл-аймақ, аудан жұртшылығы абыр-сабыр күй кешіпті. Атынан аты үркетін ақын-жазушылар мен ғалымдар Алматыдан арнайы келіпті. Тәңіртаудың етегінде көсіліп жатқан бүкіл қазақ ауылы олардың аузынан өз пензенттері туралы айтқан жақсы сөздерді, берген жоғары бағаны естіпті. Жұртшылықтың жандары марқайып, Мұқағалимен мақтанатын, өлеңдерін жатқа айтатын халге жетіпті. Әсіресе, Қарасаз ауылы ерекше толқыпты. Тіпті, көздеріне жас алғандары да болмай қалмапты. Қысқасы, Елшенбүйрек тауының етегін жайлаған елде бұрын құлақ естіп, көз көрмеген қошеметтің куәсі болыпты. Міне, осы аста төк сән-салтанат пен қошемет Жұмағаңа қатты әсер етіпті. Сол күннен бастап Мұқағали Мақатаев мұрасын насихаттау керектігін түсініп, соған іштей бекінсе керек.
Сөйтіп, үш-төрт жыл күресіп жүріп Мұқағалидың өзі оқыған мектептен арнайы орын бөлгізіп, «Мұқағали мұражайы» деген бұрыш ашады. Бұл – 1988 жыл болатын. Әрине, біткен істі қазір айту оңай. Әйтпесе, мұражайды ашу, оған қатысты экспонаттар жинақтау, тың деректер іздестіріп табу, оларды сақтау инемен құдық қазғандай қиын болғаны анық. Бірақ Жұмаға алған бетінен қайтпайды, бәрібір дегеніне жетіп тынады. Абырой болғанда мұражай уақытында ашылыпты. Мұражай ашылғанда, бүкіл ауыл мәре-сәре күй кешіпті. Нарынқол ауданының бірінші хатшысы Б.Оспанов бастаған кілең ығай мен сығайлар, Социалистік Еңбек Ерлері Н.Әшімбаев пен Ж.Молдасанов, ақынның жары Л.Әзімжанова, тағы басқалар «Мұқағалидың музей залының» лентасын қиыпты. Ел дән риза, оның басы-қасында жүргендердің құшағы алғысқа толыпты. Несін айтасың, содан бастап ауылдан қонақ үзілмейтін болыпты. Жұртшылық «ауылға қыдыр қонды» десіпті. Ауданға келген ақын-жазушылар болсын, басқа да мәртебелі қонақтар болсын Қарасазға бұрылмай кетпейтін болыпты, «Мұқағали музейінің» есігін ашпай қайтпайтын болыпты. «Ойдан ой туады» демей ме қазақ, сол айтпақшы ойдан ой, ұсыныстан ұсыныс туып, олар жоғарыдағылардың құлағына үздіксіз жетіп жатыпты. Әрине, жоғары жақтың өз есебі бар, жұртшылықтың ұсынысын бірден қуаттап-қостап кетті десек өтірік болар, бірақ Мұқағалидың жеке музей үйін ашу туралы идеяға олар да қырын қарамағаны анық. «Қазақтың маңдайына біткен біртуар ақынға бір музей ашпасақ, ел болғанымыз қайда, жұрт болғанымыз қайда?» – десіпті. Өйткені, идея шын мәнінде керемет еді. Бұл ең алдымен халықтың ұйықтап қалған рухын көтеретін тамаша идея болатын. Нәтижесінде, Қарасаздан ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған жобасы жеке ғимаратты көтеруге қол жетіпті. Осылайша, «көп түкірсе – көл» демекші, көптің тілегімен, аптал азаматтардың қолдауымен 1991 жылы Қарасаз ауылының қақ төрінен ақын мұражайы бой көтерді. Қазір Мұқағали Мақатаев атындағы мемориалды мұражай ауылдың қақ төрінде жарқырап, керемет көрік беріп тұр.
Ол ол ма, жалғыз ауыл емес, бүкіл аудан, одан облыс көлемінде Мұқағали шығармашылығына арналған тұңғыш конкурсты ұйымдастырған кісі де осы – Жұмағаң екен. Онда мектеп оқушылары – өскелең ұрпақ тегіс ақын өлеңдері мен поэмаларын жатқа оқуға тиіс болды. Кейін ол «Мұқағали мүшәйрасына» ұласты, келе-келе «Мұқағали оқулары» деген атпен республикалық дәрежеге көтерілді. Мен білетін Жұмағаң шындығында да өте шығармашыл жан еді. Соның бір жарқын мысалы, 2008 жылы «Мұқағали Мақатаев поэзиясының көркемдік жүйесі» деген тақырыпта кандидаттық диссетация қорғады. Сосын 1996 жылдан зейнеткер демалысына шыққанға дейін ашылуына өзі сеп болған М.Мақатаев атындағы әдеби-мемориалдық мұражайдың директоры қызметін атқарды. Өмірінің аяғына дейін Албан Асан Барманбекұлы орта мектебінде «Мұқағалитану» пәнінен сабақ бергендігін де айтып өтсек орынды. Ал, 2014 жылы «Қара өлеңнің қас шебері» (М.Мақатаев туралы әдеби талдаулар, рецензиялар, естелік-эсселер) деген тақырыппен ұлы ақынға арнаған кітабын көпшілікке тарту етті. Аталған еңбегінің біреуін Жазушылар одағына келіп-кетіп жүргенде қолтаңбасын қойып маған да сыйлаған болатын. Қысқасы, Жұмағаң ғұмыр бойы Мұқағалимен «ауырып», емін де Мұқағали мұрасынан тапты. Сол себептен Жұмаш Өтеевті «Мұқағалитану» ғылымының бастауында тұрған алғашқы мұқағалитанушының бірі десек, ақиқаттан алыс кетпейміз. Бұл менің жеке пікірім.***
«Әкенің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың», – демеуші ме еді хакім Абай? Сол айтқандай, Жұмаш аға адамзат баласының барлығын өзіне бауыр тұтты, өзі де өзгеге бауыр бола білді. Меніңше, оның ұғымында біреуді дұшпан тұту немесе біреуге дұшпан болу деген пенделік пиғыл тіпті жоқ еді. Сәбидей пәк һәм мұнтаздай таза болатын. Қысқасы, біреуге сыртынан жұдырығын түйіп немесе жер-жебіріне жетіп зәредей кесір тигізбеген адам болды десем, артық айтқандығым болмас. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осыған келіп саяды.
«Ұяты бар адам көлеңкесінен де қысылады», – депті бұрынғы қазақтар. Ғұлама әл-Фараби «Адамшылдықтың басты көрсеткіші – ұят», – дейді. Расында біздің қазақтың ұғымындағы «ұят» басқа бірде-бір халықта кездеспейді. Ешбір ұлтта қайталанбайтын өзгеше құбылыс. Ар-ұят – адамдықтың өлшемі. Өмір сүру ережесі үшін бұдан асырып айту мүмкі емес шығар. Мұны неге еске алып отырмын? Себебі Жұмаш Мұқаметнұрұлы да ар-ұят пен намыстан жаралған жан еді. Ол өмірінің соңына дейін сол қадір-қасиетінен арылған жоқ. Ешкімнің ар-ұятын таптамады, намысына тимеді. Ешқашан шектен шықпады. Оның адал екендігіне айналасындағылардың бәрі сенетін. Сеніп қана қоймайтын соған еліктейтін, ұқсап бағатын. Өйткені, менің түсінігімде ол өле-өлгенше пенделік күнә істемеді, әрі өзі араласқан адамдардың бойынан кілтипан-кінә іздемеді. Өзі қандай таза болса, жұрттың бәрі сондай деп ойлады. Әрине, бұл жалған дүниеде періштені көрген адам жоқ. Дегенмен, жаны кіршіксіз таза, пәк адамдарды «періште» дейтін болса, онда Жұмаш аға сол атқа әбден лайық адам. Сондықтан болу керек, ол мүмкіндігі бола тұра үлкен қызметке қызықпады, боқ дүниенің соңына түспеді. Барлық қарапайым адамдар секілді қарапайым ғұмыр кешті.
Философ ақын Шәкәрім қажы «Дүниеде сыры өзімен бірге көмілетін адам бар ма екен?», – дейді. Ойлы адамға кәдімгідей салмақ салатын сұрақ. Бар-ау!.. Менің ұғымымда сыры өзімен көмілген адамның бірі – осы Жұмаш ағамыз ба деп қалам. Өйткені ол осы жасқа келгенше біреуден ілгері, біреуден кейін өмір кешті. Жоғында – ешкімге жағдай айтып қол жайған жоқ, барында – жұрттан оқшауланып, асып-тасқан жоқ. Былайша айтқанда, барын да, жоғын да білдірмеді. Бір қалыпты ғұмыр сүрді. Тіпті егер бір адамға айтар өкпе-реніші болса, соның бәрін өзімен бірге ана жаққа алып кетті-ау деп те ойлаймын. Неге дейсіз ғой? Себебі, ол біреудің кінә-күнәсін жіпке тізіп, бетке басып айта алмайтын, бәріне кешіріммен қарайтын. «Сабыр түбі – сары алтын» дегеннің нағыз өзі еді. Түсінген кісіге бұл да кез келген жұмыр басты пендеңіздің бойынан табыла бермейтін періште текті ізгі қасиет. Алла Тағала да ісіне сөзі сай, мінезіне амалы сай адамды ұнатады дейді ғой. Сол секілді Жұмекеңнің ісі мен сөзінде, мінезі мен амалында алшақтық болмапты деседі білетіндер. Жасанды мінез көрсету, өтірік мүләйімсу – оған мүлде жат нәрсе, жат қылық болыпты. Не істесе де, не айтса да табиғи қалпынан танбапты.
«Әкенің баласына беретін ең жақсы сыйлығы – жақсы тәрбие», – демеуші ме еді атам қазақ. Сол айтқандай, Жұмаштай қадірлі ағамыз ұл-қыздарын осы қағидаға сай тәрбиеледі деп айтуға толық негіз бар. Перзенттерінің бәріне жақсы тәрбие беріп қана қойған жоқ, жоғары білім де берді. Несібелерін ақ-адал теріп жеу үшін кәсіп үйретті. Адалдықтан аттамауға, әділетті болуға шақырды. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетуге баулыды. «Ұлық болсаң, кішік бол» дегенге үндеді. Ең бастысы ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Дәстүрге сай құда-жекжат арттырды, өрісін кеңейтті. Олармен құйрық-май жесіп, төс қағыстырды. Артында өнегесі қалар отбасы үшін бұдан басқа бақыттың керегі бар ма? Өйткені ол ұрпағының бақыты мен болашағы үшін ғұмыр кешті. Ендігі ғұмырды солар жалғайтынына, келесі өмір жырын солар жырлайтынына біз бір мысқыл да шәк келтірмейміз. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген – осы. «Мәнді өмір – мәңгі өмір» деген де – осы. Жұмағаң мәнді өмір сүрсе, өзі соған сенсе, оның ендігі мәңгі өмірін ұрпағы жалғастыратыны күмәнсіз.
Атам қазақтан сөз қалған ба? Сол қазақ атамнан «Бас көзі жұмылады, көңіл көзі жұмылмайды», – деген де сөз қалған. Бұл не деген сөз? Осы сөзге сүйенсек, Жұмекеңнің көзі жұмылса да оның туған-туыстары мен ұрпақтарының көңіл көзі жұмылмақ емес. Оның бүкіл бітім-болмысы солармен бірге мәңгі жасай береді.
Болат ШАРАХЫМБАЙ,
ақын.