Күзгі әуен
27.04.2018
2200
0
Шіркін, Алматыға күз келсе!..
Ақ жауын ағыл-тегіл нөсерлетер еді!..
Ебіл-дебіл жылауы таусылмаған Алматы көктемінің көзінен тамған тамшысына Жазушылар одағының терезесінен көз тастап отырған мен, Роза екеуміз неліктен Алматы күзін, әсіресе, күзгі нөсерін соншалықты сүйгенімізді еске түсіргім келді…
Біз сіркіреп төккен жауынға мал­шынған ҚазҰУ қалашығындағы шағын тоғайды үн-түнсіз кезіп ке­те­тінбіз. Себебі, аспан әні ұнайтын. Көк­тен құйылған саз құдды бір ар­қыра­ған айбынды ән сияқты, кейде сызылып шыққан сұлудың үніндей сынықси қалатын. Түскен тамшы сап-сары, жалқын-сары жапырақ­тарға бір секіріп барып, одан әрі жерге сырғығанын көзбен көріп, көңілге тоқимыз ба – күзгі бақты, әсі­ресе жауынға жуынған Алматы­ның күзгі бағын ерекше жақсы көр­дік.
Әлде, Алматының күзі сұлуырақ болды ма?
Бәлкім, бала күннен қиялы­мызды тербеген нән шаһардың тұр­ғы­ны болып есептелетін күні­мізге мақтандық па екен?..
Иә, біз Алматы күзіне ессіз ға­шық уақытта Роза да – басқа, мен де – өзге, тіптен, Розаның жүрегінен үзіліп, біздің көңілімізге қона кеткен «Мен сыйға тартқан орамал» әнінің сөзі де қазіргі орындаудағы нұсқа­сына ұқсамайтын.
Өзгермеген – ән ғана. Және жү­рек­тердің де өзгермегеніне сенгің келеді.
Бұл ән туған кезде біз Алматы­мыз­ға әбден бауыр басып, тіптен тә­кап­пар қаланы меншіктей баста­ған­быз. Яғни, Алматы күзін енді ға­на көріп, таңдай қағып, бас шай­қап жүрген уақытты артқа тастап, қыс, көктем мен жаз мезгілдерін өткеріп, Алматы күзінің өзге мау­сым­­дардан айрықша сұлулығын шын бағалап, түсінген шағымыз. Өз қал-қадерімізше Алматы күзінің артықшылығы мен айрықша сұлу­лығын анық білеміз.
Көктен құйған жауынға да бұрынғыдай ессіз ғашық көзімен телмірмей, қолшатыр астынан тамашалайтұғынбыз. Бірақ, біздің мұнымызға Алматының күзгі бағы мұңайған да емес.
«Қабілет пен талант – Құдайдан. Тәңірлік дүниені ҚазҰУ-дың ди­пло­мы­мен қалай бағалаймыз» деп, бір кездері аңсап, шөліркеп келген алтын ордамызға да «биіктен» қарай бастаған мен-мен көңілімізді мейі­рім­ді ананың басымыздан сипаға­нын­дай, Алматы күзі сылап-сипап өте­тін. Иә, біздегі тәтті, ғажап, жү­рек­ті күйдіріп-жандырған, алып-ұшқан сәттердің көбіне куә Алматы күзі әр келгенінде бір жасқа есейе түс­кен біздерге деген мейірімін кей­де жып-жылы, кейде мұздай суық жаңбыры арқылы сіңіріп жүргенін ол кезде білмеген екенбіз.
Әдебиет, театр, өнер тақырыбын­дағы әңгімелеріміздің бәріне куә – сол бақ, сол шақ.
Роза ән әлемінің тереңіне әбден бойлағысы келіп ұмтылып жүр­ген кезі. Және жүрегін тербеген ән­ге адалдығын өзгелерге, бәлкім өз-өзіне дәлелдей алған күрделі уа­қыты. Ол кезде Алматы күзі екеуміз­ге кезек-кезек жаутаңдайтын. Дұрысы, екеуміз жеке-жеке Алматы күзіндегі жаңбырға сырымызды ақтарған болармыз.
Қандай қиын кезді өткергені Құдірет пен бір өзіне аян, алайда, Роза Тәңірден түскен аманатына кір шалдырмады. Жүрекке келіп қонған әнді де аялай білмесең, сені тастап кете бармай ма? Өнерге соншалық құштар, ән мен жырға іңкәр жүрегін кірлетпей, бір қолымен бесік тербеп жүріп-ақ ән моншақтарын жіпке тізе берді. Әуел баста кез келгенге байқа­ла қоймаған ол мөлдір-моншақ күн өте зорайып, мөлт-мөлт етіп, көптің көзін тарта бастаған тұста өзінің де сахна үшін жаралған жан екенін тыңдарманына дәлелдеген еді.
Алматы күзіне кішкене Роза бо­лып сыр ашқан сол бір сарыүрпек қыз, сырбаз шаһарына кіндік қала – Астанадан Роза Әлқожа болып оралып, баяғыда, күзгі баққа айтқан әуендерін әуелеткісі келеді. Иә, бұл оның Алматы жұртшылығына айтқалы тұрған тұңғыш әні емес, ал­­ай­да, өнерге адал болам деп серт бер­ген уәдесін орын­дайтын айрық­ша кеші.
«Ән – халықтың жүрегі» деген тәмсіл бар ғой. Ендеше, Розаның әндері – Розаның жүрегі. Ол әндерді тыңдасаңыз, автордың тереңіне бойлайсыз. Шын көңіліңізбен ден қойсаңыз – Розаның әнінен Алма­ты­ның күзгі жаңбырына айтып бер­ген әуезін тауып алатыныңызға се­нім мол. Розаның алғашқы кө­­рер­мені ауылда болса да, сұлу са­зы­на мүлги қалған ақсүйек тың­дар­маны күзгі жаңбырмен сұлулана түскен Алматы еді ғой.
Алматы күзі айналаны қалай жуып-шайып әкетсе, ән салғанда өз көңілі де солай тазаратынын ұққан сәтінде-ақ, ол ән мен саздың құ­діре­тіне бас иген болатын. Және ол ән тек өзінің ғана емес, өзгелердің де көңіл кірін шайып жіберетініне анық көзі жетті.
Алматы күзінің жаңбырына сы­рымызды ашқан екеуміз ғана емес екенімізді кейін ұққанымыздай, жүрек­тен мөлт еткен әнге де бір өзі ғана емес, көпшіліктің де шөліркеп отырғанын анық түйсінді. Осы­лай­ша, күй-жүрек күмбірлеп қоя беріп, ән мон­шақ­тар жалт-жұлт етіп, әсемдік, көр­кемдік әлеміне тың­дау­шыны ел­тіп әкетіп бара жатқан сәт­тер – оның әнші, сазгер болып қалып­тасуына көп ықпал етті.
Розаның әндерінде жастықтың үні, күш, тәтті әуен, тазалық, тол­қыныс, ғажап иірім бар. Себебі ол ән – жүректің әні, көңілдің кейпі. Ол – сонау бала күндерде Шардара­ның толқыны желпіп өткенде бойы­на сіңген әуен, Жетісайдың күні маңдайынан өпкенде нұр боп енген сәуле. Үлкендердің қоңыр даусымен орнығып қалған әсем саз. Ауылда жүріп Алматы жаққа елеңдей берген, алып-ұшқан бала көңілдің ұшқыны.
Өнер адамының жүрегі – нәзік, терең, кей-кейде астаң-кестең, кей сәтте тып-тымық десек, оның бәрі «көңілдің кейбір сәттеріндегі» сезім­дер екені жасырын емес. Розаға ән ту­дыр­ған осы алапат сезімдер тың­дау­шыны да сондай күйге жетелеп әкете алды ма? Біздіңше, бұл сауалдың жауабын «Мен сыйға тартқан ора­малдан» басталған ән шеруінен оп-оңай табуға болады. Әсілінде, «Мен сыйға тартқан орамал» – Розаның ал­ғашқы әні емес. Ән әлемнің есігі­нен именбей аттауына «құжат» болған ерек туындысы.
Ең бастысы, Розаның жүрегі – ән тудыра алатын, ән тыңдай ала­тын, әуелете айта алатын, әсем әнді бағалай білетін, сұлу сазды төккен туындыгердің жандүниесін көре алатын, жүрегін қозғаған небір жайт­тарды әнмен, сазбен жеткізе білетін, сезімтал, сыршыл, сұлулық­ты бағалаған жүрек.
Ән – құдірет. Ән – әсемдік. Ән – сұлулық. Оның әні сыздаған жү­ректің емі, толқыған көңілдің дәруі.
Иә, бүгінгі Алматы көктеміне тереземнен көз салып отырған мен, Алматының күзгі жаңбыры екеумізге неліктен соншалық жақын, аяулы болғанының бір себебін таптым.
Меніңше, осы күнгі біршама ғажап ән дәл сол сәттері Алматының күзгі жаңбыры төккен нөсермен Роза Әлқожаның жүрегіне сіңіп үл­герген болса керек. Біздің де жү­рек­ке Алматының сол күзгі нөсері бір­талай ғажап күй енгізген болып тұр ғой.
Адам дүниеге келмей тұрып-ақ ән мен көркемдік әлемге іңкәр бола­тын шығар. Алайда, ол іңкәрлікті жа­рылған жанартаудай қозғап, үйі­ріп әкететін жағдайлардың да барын ешкім жоққа шығара алмас. Алматы күзі әнге бұрыннан жақын Розаны тіптен жақындата түсті деген ойы­мыз­дың жауабы – осы…

Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір