ҰЛЫЛЫҚТЫ ҰЛЫҚТАУ – ПАРЫЗ
06.04.2018
2024
0
Қазақтың қасиетті топырағы ХХ ғасырда көптеген ғалымдарды өмірге әкелді, солардың арасында Қаныш Имантайұлының тұлғасы құзар шыңға ұқсайды. Ол Баянауылдан бастау алып, қазақтың даласын қақ жарып өтіп, Алатаудан асып, әлемдік ғылым шыңына көтерілген ұлы тұлға. Қ.И.Сәтбаев – аса көрнекті ғалым-геолог қана емес, өз заманының шоқжұлдызы, ойшыл ғұламасы, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде өте шебер ұйымдастыру қабілетінің арқасында Қазақстанда ғылым мен индустриялық дамудың көшбасшысы болып, кемеңгер ғалым атанды.
Ол туралы 1957 жылы Ұлыбри­тания Корольдігінің Премьер-министрі Антони Иден: «Көптеген ұлттардың қауымдастығы болып отырған біздің Ұлыбританияда бірде-бір көрнекті ғалым шыққан жоқ, ал Кеңес одағында Қаныш Сәтбаев сынды әлемдік тұлғаның ту­ғандығы ғажап құбылыс..», – деп таң қалған. Ал, Сәтбаев қоры­ның Президенті Кәкімбек Са­лықов:
«Ақыл-ойдан жүк тиеп,
теңіз­дейін телегей,
Желді күні желкенсіз жеке
жүзген кемедей.
Менменсіген Мәскеу мен
Лондонды да тәкаппар
Таңғалдырған кім еді,
Қаныш аға, сен емей?!», –
деп жырға қосқан. Қ.И.Сәтбаев өмір сүрген дәуір Кеңес үкіметінің өсіп-өркендеу уақытына тұспа-тұс келген. Кеңес үкетінің алғашқы жыл­дарында Қазақстанда еш­қан­дай жоғарғы оқу орны (ЖОО) бол­маса да, қазақ жастары орыс ті­лін нашар білсе де аш, жалаңаш жү­ріп-ақ оқып білім алуға ұмтыл­ған. Солардың бірі Томскі техно­ло­гия институтында оқып, тау-кен инженері – геолог мамандығын игерген Қаныш Имантайұлы Сәтбаев.
Институтты бітіргеннен кейін Қ.И.Сәтбаев туған еліне оралып, өлке­міздің геологиясын, минерал­дық ресурстарын зерттеуге және бар­лау, ғылыми ізденіcтерінің нә­ти­жесін өндіріске енгізуге, рес­пуб­ликамызда индустрия алып­тарын салуға зор үлес қосты. Ол КСРО-ғы металлогения ғылымын жа­саушылардың бірі болды. Бұл ғы­лым Сәтбаев зерттеулерінің ар­­қасында пайдалы қазынды­лар­дың қай жерде шоғырлануы мүмкін екенін болжауға және гео­лог­тардың іздестіру жүмыс­тарын жеңілдететін болжамдық карталарды құрастыруға мүмкіндік берді. Жезқазғанның ірі мыс ру­далы аудандар қатарына жата­тынын дәлелдеп берген Қаныш Сәтбаев еңбегінің нәтижесі.
Жалғыз Жезқазған ғана емес, республикамыздағы көптеген кен ошақ­тарының ашылуы және пай­даға асырылуы Қаныш Сәтбаев есі­мімен байланысты. Шетте жү­ріп білім алып, елге оралып, қазақ жас­тары үшін техникумдар мен жұ­мысшы факультеттерін, содан кейін институттарды ұйымдас­тыған ке­зеңді басынан өткерген.
Адам танудың кемеңгері Қ.И.Сә­тбаев өндіріс күштері жан-жақ­ты дамып келе жатқан Қа­зақстанда техникалық ЖОО-Тау-кен-металлургия институтын ашу­­ға, нығайтуға барынша күш сал­ған және Ө.А.Байқоңыров инс­титут директоры болып отырған жыл­­дар бойы осы университетте Мем­лекеттік емтихан комиссия­сын басқарған жан. Ол Қазақ­стан­ның ҰҒА-ның шаңырағын кө­теруде, академияның зерттеу инс­титуттарын тап осы ҚазТКМИ- тү­лектерімен толтықтырып отыр­ған. Сондықтан ту бастан біздің ин­с­титутымыздың дамуына мұ­рындық болған ұлттық мақтаны­шы­мыз Қ.И.Сәтбаевтың есіміне ие болу – ҚазҰТЗУ үшін зор мәр­тебе деп білеміз.
Тәуелсіз Қазақстанның негізгі бай­­лығы – Жер қойнауындағы кен бай­­лығымыз. Ал, осы байлығымыз жай­­лы Қ.И.Сәтбаев сонау 1940 жы­­лы көрегендікпен: «Шығыста – Алтай алқабы, Оңтүстікте – Қа­ра­тау, Орталық Қазақстанның кен­ді жотасы, Батыста – Маңғыс­тау түбегі, міне, осының бәрі кен бай­лықтың сарқылмас көздері», – деп зор шабытпен айтқан сөзінің өзінен қасиетті қазақ даласы кен байлығының иісі аңқып тұрғанын сезінеміз және оған бүгінде көзіміз жетіп отыр.
Ауыр индустрияда үш сала бар: геология, тау-кен өндірісі, ме­тал­лургия. Геологтар іздеп, кен орын­да­рын тапса, оны игеру тау-кен ма­мандарының ісі. Әрі қарай қа­зылып алынған кеннің құра­мын­дағы қаншама элементтерді бөліп алу металлургиялық зауыттарда жүр­гізіледі. Бүгінгі Қ.И.Сәтбаев атын­дағы ҚазҰТЗУ-дың іргетасы – тірегі осы үш мамандық бойын­ша кадрлар даярлап отырған Гео­ло­гия-мұнай және Тау-кен-ме­тал­лур­гия институттары деп білеміз.
Ол 1940 жылдардың басынан ғұ­мы­рының аяғына дейін Қазақ Ғы­лым академиясы мен тау-кен ма­ман-кадрларын даярлауда тіке­лей өзі араласып, көптеген шәкірт тәр­биелей білген тұлға. Акаде­мик­тің геологиядан кейінгі рухани мұ­расы ұлттық мәдениет, әдебиет, өнерге тығыз байланысты болды. Қ.Сәтбаевтың қамқорлығы ар­қа­сында ғылымға бет бұрған жастар ғы­лым кандидаттары, докторлары дәрежесіне ие болды. Қ.И.Сәтбаев – 600-ден аса ғылыми еңбек, оның ішін­де 10 томдық таңдамалы шы­ғар­малар жинағы, ғылыми-көп­ші­лік кітаптар жазып, артына өшпес мұра қалдырған ғалым.
Өз халқы үшін орасан зор қыз­мет жасап, артында өшпестей бай мұра қалдырған Қаныш Сәтбаев ХХ ғасырдың аяғында «Ғасыр ада­мы» аталды. Қазақстанның қала, ауыл­дарында Сәтбаев есімімен ата­латын жүздеген көше, 40-тан аса мектеп және көптеген ескерт­кіш­тері бар. Соның бірі Сәтбаев кө­шесіндегі, өздеріңіз күнде көріп жүр­ген ғалымның тамаша ескерт­кіші.
Оның есімі Қазақстан Ғылым ака­демиясының Геология ғылым­дары институтына, «Ертіс-Қара­ған­ды» каналына, қалаға берілген. Сәт­баевтың құрметіне Жоңғар Алатауы жотасындағы мұздық пен шың, Қаратаудағы ваннадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» ми­нералы, «Академик Сәтбаев» гла­диолиус гүлі аталған.
Академик Қ.И.Сәтбаевтың есі­мін мәңгі есте сақтау шара­ла­рының бірі, Марс пен Юпитер ара­лығында Күнді айнала қозға­ла­тын планетаға, АҚШ-тың Кемб­ридж қаласындағы Халық­ара­лық планета орталығының ше­шімі бойынша, ғалымның туға­нына 80 жыл толуына орай (1979 ж.) Сәтбаев аты берілді. Сөй­тіп, оны планеталардың ха­лық­аралық каталогіне енгізді.
Осы қуанышты хабарға бай­ланысты, Қазақстанның Халық ақыны Хамит Ерғалиев «Ғарыш­тағы Қаныш» атты балладасында:
Құдайлығын тіріде құндайды Алып,
Бұл дүниеде қалыпты кім байланып.
Данышпанның талайы тасқа айналса,
Біздің Қаныш ұшып жүр Күнді айналып! –
деп жырға қосса, бүгінгі ғарыш әле­мін зерттеушілер «Сонау бой­лық пен сонау ендік аралығында, Күн­нен пәлендей қашықтықта Сәтбаев планетасы ұшып барады»,– деп мәлімет береді.
Бүгінде ҚазҰТЗУ-дың құра­мын­да 800-ге жуық оқытушы бар. Оның тек бір пайызы ғана Сәт­баев­тың көзін көрген және өмір жо­лын Қаныш Имантайұлымен бір­ге бастаған А.Ж.Машанов, Ш.Е.Есенов, Ө.А.Байқоңыров, Г.Ц.Медоев, Е.А.Букетов және та­ғы басқалардан дәріс алғандар.
Қ.И.Сәтбаев ізін салып кеткен қа­зіргі ҚазҰТЗУ – біздің алтын бе­сігіміз, терең тамырымыз, мәр­те­бе-мерейіміздің тұғыры. Жас­тар­ға білім мен ғылымның кілтін ашу­дан, үйретуден, ғылымды на­си­хаттаудан жалықпаған ұстаздар­дың ұстазы, ғұлама ғалым Қ.И.Сәт­баевтан үлгі-өнеге алған Қаз­­­ҰТЗУ-дың бүгінгі аға буын ақылман ағалары мен ба­тагөй апалары жастарды жоғары біл­іктілікке шыңдауда.
Еліміздегі білім беру жүйесі қа­зіргі заман талабына сай өзге­ріс­терге ұшырап, түбегейлі жаңа­рып жатқаны белгілі. Еуразия бі­лім кеңістігінде өзінің айрықша тұр­патымен қалыптасқан Қаз­ҰТЗУ-дың құрылғанына келесі 2019 жылы – 85 жыл толады. «Елу жыл­да – ел жаңа» дейді халқымыз. 85 жыл дегеніміз – тарих үшін үл­кен кезең, небір асқаралы асу, тұ­ғырлы тарих деген сөз. Бүл тек біз­дер үшін ғана емес, ҚазҰТЗУ-дың есігін ашып, табалдырығын аттайтын әрбір талапкер, студент үшін тағылымы мол тарих.
Әрі жоғарыда аты аталған әр­бір азаматтың (аталмағаны қан­ша­ма) еңбек және ғылым жолындағы ғұмырбаяндары үлгі аларлықтай, өнеге тұтарлықтай. ҚазҰТЗУ со­ны­сымен де киелі, қасиетті шаңы­рақ. «Аруақты жерден ат үркеді» де­ген қазақта нақыл бар.
Алатау алыстаған сайын биік­теп, асқақтап көрінеді. Жалпы тір­­­шілікте де алыстаған сайын ас­қақтай көрінетін адамдар бо­ла­ды. Біз үшін сондай адам – Қ.И.Сәтбаев деп білеміз. Оның ғиб­ратты ғұмыры бізге өмірлік ру­хани азық. Жыл сайын «Сәтбаев оқуларын» өткізу ұрпақтары, шәкірттері – біздердің парызымыз.
Жаратушымыз, адамға екі тізе бер­генде: біреуін ұстаздың алдын­да, екіншісін дәрігердін алдында бүгуге берген екен деген қағида бар. Сол айтылғандай, Қ.И.Сәт­баев сынды ұлы ұстаздарды еске алу, тағзым ету, рухтарын тірілту жә­не олардың қадір-қасиетін ке­лер ұрпаққа айтып кету – қай-қай­сымызға да парыз.
Қазақтың бірінші академигі Сәтбаев сәулесі кейінгі ұрпаққа жарық жол көрсетіп тұр.

М.Б.Нұрпейісова,
Сәтбаев сыйлығының лауреаты,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
Сәтбаев атындағы
ҚазҰТЗУ-дың профессоры, академик,
техника ғылымының докторы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір