ҮЗІК СУРЕТТЕР
Қасым аға туралы жазылған күнделігімді парақтап, бұрындары жарияланған жазбаларыма кірмей қалғандарын қайталап оқығанда өткен күндер суреттері көз алдыма оралады. Дүниеден озғанына он бір жылдан асқан асыл адамның жарқын бейнесі жадымда жатталып қалғанымен, мынау айы-күні қойылған деректі жолдардан батырдың өзгеше болмысы, қуаныш-реніші, қарапайым адам ретіндегі тыныс-тіршілігі сезіледі. Кезінде марқұм досым, көрнекті жазушы, журналист Дидахмет Әшімханұлы Қасым аға туралы «…Бұл тұлғаны барлық жағынан: жақсылығы мен кемшілігін, плюсы мен минусын көрсете отырып, оқуға қызықты болатындай етіп жаз. Сонда оқылады», – деген-ді. Ілгеріде айтқанымдай, күнделік бетіне түскен нақты сөздерін, көңіл-күйін, араласқан адамдарға деген көзқарастарын сол қалпында жеткізгім келді.
Ұлы Отан соғысының даңқты батырының жасы ұлғайған шағындағы өмірінің үзік суреттерін осы жылы туғанына 100 жыл толуы аталып өтейін деп отырғанда еске алып, оқырманға ұсынуды жөн санадым.
Еркін НҰРАЗХАН
***
Қараша, 2000 ж.
Сәбит Мұқановтың туғанына 100 жылдығына орай Солтүстік Қазақстан облысында өткен мерекелік шараларға Жазушылар одағы атынан барған топ құрамында Қасым аға да қатысып қайтты.
Өзінің айтуында:
– Мәриям жеңгемнің қасында Сәбеңнің көзін көрген, дәмдес-тұздас болған інілері жүрсін деген соң, ауырып отырғаныма қарамастан, әруақтан ұят қой деп жолға шықтым. Сәбеңнің жақсылығын көрген, алғашқы кітабын оқытып басылуына жәрдем алған, Алматыға келгенде біраз уақыт үйінде жатып паналаған, бүгінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, көзі тірі классигі деп жүрген бір жазушы бұл тойда төбе көрсетпеді. Мен екі кісілік вагонда, өзі майдангер жазушы Қ.Исабаевпен бірге бардым. Бірақ, қайтар жолда досымды біреулер көбірек сыйлап жіберсе керек, жағдайы болмай мазасызданып келді. Мен өзім де қорылдайтындар санатындамын, талай қорылдайтындарды білетін едім. Бірақ, мына Қалмұқандай дыбыс шығарып ұйықтаған жанды көрмеппін… А-а-а деп ақыра ма, у-у-у деп қышқыра ма, бір жағымсыз үнмен дауыс шығарып ұйықтағанда менің ұйқым қашып, тек соған қарап отырдым. Үзіліп, өліп кете ме деп қорықтым. Әйтеуір Алматыға аман-есен жеттік. Қатты шаршадым. Тойда көрген құрмет-қызықтарым қайтар жолда осылай шайылып кетті. Есін жиған соң: «Әй, мұның не? Кісіні осылай мазалауға бола ма?», – десем, «Білмеймін, есімде ештеңе жоқ», – дейді.
Жалпы, Қалмұқан аға мен Қасым ағаның сыйластығы, бір-біріне деген көңілдері риясыз еді. Әзілдері де жарасатын. Қасым аға туралы Қалмұқан ағаның: «Соғыста қазақ өзін батыр халық екенін дәлелдеді. Мәселен, мен, Исабаев қорқақтық жасасам, менің фамилиям кімнің есінде қалады? «Бір қазақ қорқақ болды» деп айтады. Сол сияқты жасаған ерлігің қазақтың атын шығарады. Қасым да сондай, халқының атына кір келтірмей, батырлықтың үлгісін көрсеткен қазақ», – дегені есімде.
* * *
29.03.2001 ж.
Көз дәрігері Мәдина Құраловаға айтқаны: «Әжептәуір ақылым бар адаммын. Егер, ақылыма қонатын сөз айтылса – мен тоқтаймын, тыңдаймын. Егер, ақылыма қонбайтын сөз айтылса – мен өз айтқанымнан қайтпаймын».
* * *
Асыл апа: «Бұл шал сыртта майда сөйлегенімен, жайлы болғанымен үйде жәйсыз, қазымыр болып барады», – деді бір жолы.
* * *
Қасым аға: «Адам біреу туралы айту үшін немесе оған баға беруде алдымен өзін танып алсын. Артықшылығы қандай, кемшілігі қанша? Мен өзімді өзім әбден таныған адаммын. Бойымдағы қасиеттерімді, кемшіліктерімді жақсы білемін».
* * *
31.03.2001 ж.
Әлібек Асқаров: «Ағаның естеліктер кітабын басып шығаруға әзірше ақша жоқтығын бірақ, реттеп дайындай беру қажеттігін, кейін міндетті түрде шығарамыз», – дегенін айттым. Қасым аға генерал И.К.Примак туралы әңгімесінен соң: «Сен осындай менің кітаптарыма кірмеген дүниелерді жинақтай бер. Кейін басын қосып жазуыңа керек болады», – деді. Мен: «Әлібек те сіздің жарық көрмеген естеліктеріңізді жинай беруімді тапсырып отыр», – дедім.
* * *
18.04.2001 ж.
Түскі ас ішкен соң, өз бөлмесіне келіп отырдық.
– Қай бір жылы Ғабит Мүсіреповке еріп Торғай облысын араладым, – деп бастады әңгімесін Қасым аға. – Ел-жұртпен кездесіп, халықтың жағдайымен таныстық. Бір күні нөсер жаңбыр жауып, жер езіліп, ми батпаққа айналды. Аудан аралап жолға шыққан біздің автокөлігіміз иен далада батып қалды. Ғабең шофердың қасында, артқы орындықта мен және райкомның бір қызметкері бар. Біз машинадан түсіп батпаққа батқан көлігіміздің артынан итеруге әрекеттендік. Жастау кезім. Батпақты кешіп жүріп машинаны әрең дегенде батқан жерінен шығардық. Дөңгелектер шыр айналғанда үстімізге, бет-аузымызға саз балшық молынан шашырады. Ғабең жылы сөз айта ма деп есігінің жанына келдім. Ол кісі терезенің әйнегін түсірді де менің бас-аяғыма асықпай қарап алды. Темекісін бір бұрық еткізіп айтқаны: «Өзіңе де обал жоқ. Сонау соғыстан аман-есен келіп, көрейін дегенің осы шығар», – деді мырс-мырс күліп…
Сол сапарда бір қонақ үйдің екі бөлмелі люкс номерінде жаттық. Бір жолы орталық бөлмеде әңгімелесіп отырмыз. Ғабең темекіні жиі тартады. Көбінесе мені сөйлетіп, өзі тыңдайды. Мен өзім тартпаған соң темекі тартқан кісіні аса жақсы көрмеуші едім.
«Ғабе, сіз ғой ақылды адамсыз. Осы темекіні несіне көп шегесіз?», – дедім. Ол сәндеп ұстаған мүштігін аузына жаймен апарып, кейін алды да түтінін сыздықтата, маған қарап ойлана отырып:
– Ал айтшы, жас ет ұзаққа шыдай ма, әлде ысталған ет ұзаққа шыдай ма? – деді.
– Әрине, ысталған ет.
– Онда неге көкіп отырсың? – деп, түтін арасынан оң қасын кере, езу тартты…
– Қасым, соғыстағы кезіңнен біраз әңгіме айттың. Сен анау бір жылдары Жамбыл облысында қызмет істепсің. Ол жақта не көрдің, қандай қызмет атқардың және қалай Алматыға оралдың? – деді. Мен Жамбыл облысының екі ауданында атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарғанымды, сосын қалай жұмыстан босағанымды баяндадым.
…Соғыстан кейігі жылдар еді. Егін орағы кезі. Жоспарын орындай алмай жатқан бір колхозға аудан басшылығы уәкіл етіп мені жіберді. Келсем колхоз бастығы орнында жоқ. Сұрастырсам, контордағылар «білмейміз, шаруашылықты аралап кеткен шығар», – дейді. Енді не істеймін деп сыртқа шығып тұрсам, бір ақсақал кісі жасқана басып маған таяды да: «Ауданнан келген уәкілсіз бе? Колхоз бастығы ешқайда кеткен жоқ. Осында күйеуі соғыстан оралмаған жауынгердің жас әйелінің үйінде демалып жатыр», – деді. Соғыстан келмеген боздақтың үйінде, тапа-тал түсте сайрандап жатқан бастықтың мына қылығы, әрине, менің ашуымды туғызды. Жұмысы болса өнбей жатқан колхоздың бастығын тура сол демалып жатқан жерінде көргім келді.
– Қай үйде екенін көрсете аласыз ба?
– Иә, жүріңіз, – деп бастап, «анау үй» деп көрсетіп жіберді. Бәлкім, қаза болған жауынгердің туысы ма, содан да ызадан күйгеннен айтты ма деп ойладым. Үйдің сыртқы есігін тартсам іштен іліп алыпты. Жұлқып қалғанымда ілгегі ұшып кетті. Қараңғылау ауызғы бөлмеден кейінгі есікті ашсам – төрде, айнала көрпе-жастық төселген дөңгелек үстелдің басында мәйкішең, қызара бөрткен еркек шашы иығына төгілген, әдемі, толықсыған келіншекті құшақтап алған. Бір қолында көтере ұстаған стаканы бар. Дастархан үсті ішіп-жемге толы. Екеуі де рахат бір күйде шалқып отыр екен. Мені көріп үрпиісіп қалды.
– Колхоз бастығы бәленбаев деген сенбісің?
– Иә, менмін…
– Мен ауданнан келген уәкілмін. Колхозың болса астық тапсырудың жоспарын орындамай жатыр. Сенің отырысың мынау, Отан қамбасына астық жөнелтудің орнына Отан үшін қаза болған жауынгердің жарының қызығын көріп… Тұр орныңнан, найсап! – дедім ақырып.
– Өй, не дейсің? – деп орнынан тұрған бастықтың тұмсығынан сүйкеп жібердім. Ол шалқалай көрпе-жастыққа құлады. Жас әйел де ұшып тұрып, оны арашаламаққа маған ұмтылды…
Кейін колхоз бастығы аудандық партия комитетіне арыз жазыпты: «қонақта отырғанымда мені қорлады, боқтады, қол жұмсады» деп. Болған оқиғаға көздері жеткен аудан басшылығы «қол жұмсағаның қателік болған, өз еркіңмен жұмыстан босауға арыз жаз», – деді. Екеуіміз де партиялық сөгіс алдық. Сөйтіп, Алматыға оралғанмын.
Әдеттегісіндей темекісін сәндеп тартып, тыңдап отырған Ғабең:
– Дұрыс жасамағансың, Қасым, бастықты қуып жіберіп, әйелдің қасында өзің қалуың керек еді, – деді. Мен әзілі ме, әлде шыны ма дегендей Ғабеңе таңырқай қарадым. Бірақ сәл ғана жымиысы бар сабырлы жүзінен ештеңе аңғара алмадым…
Қасым аға «сөз зергері, жұмбақ жан» деп бағалайтын Ғабит ағасын осылай еске алған.
* * *
07. 05. 2001 ж.
Бүгін түстен кейін «Түркістан» газеті редакциясының алдында Дидахметтен Қалтай ағаның қайтыс болғанын естідім. Сенер-сенбесімді білмей күтпеген хабардан абдырап қалдым. Жүрегім ауыр тартып, дел-сал күйге түстім. Ардақты ағадан бұлай тез айырыламыз деп кім ойлаған. Аяғын ұзақ емдетіп, арасында редакцияға келіп-кетіп жүрді. Ауырса да әзілін тастамайтын. «Төсекте жатып-ақ, басымдағы дүниелерді Айнашқа диктовать етермін деп ойлаушы едім. Оказывается аяқ пен бас прямой байланыста сияқты, оны кім білген. Аяқ ауырғанда бас жұмыс істемейді екен», – деп, соңғы бір келгенінде бәрімізді күлдірген. Мәскеуге операция жасатуға кеткенде жазылып келуін тілеп жүрдік. Кезінде «халық жауының» баласы деп Ташкенттегі театр-көркемсурет институтындағы оқуынан шығарылған Қалағаны, өзіне сабақ берген бір профессор Мәскеуге шақырып, оқуын бітіруіне қамқор болыпты. Енді міне, жоғары білім алған Мәскеуінде соңғы демі таусылғанын қарашы…
Қасым аға мен Қалтай аға жақсы қарым-қатынаста еді. Бірінің жағдайын бірі сұрап, үнемі тілектес болып отырды. Қасым ағаның көзі көрмей қалғанда Елбасыдан жеке хатшы сұраған хаттың да бастамашысы Қалтай аға.
– Қалтай айтқан әзіліңді дамытып, құлпыртып жібереді. Тапқыр, өткір ойлы және өте білімді адам.Ол әзіл-қалжыңға келгенде аюдың қонжығындай ойынпаз, – деп отыратын Қасым аға. Сол бір жылдары «Қазақ жерінің зиялылары» деген энциклопедиялық анықтамалықтың алғашқы кітабы жарық көрді. Оған Қасым аға кіріпті де Қалтай аға кірмей қалыпты. Телефонмен сөйлескен Қасым аға «Менде бір артық данасы бар, саған берейін», – дейді. Қалтай аға кітапты алып келуге мені жұмсады. Қасым ағадан кітапты алып, алғашқы бетін ашсам: «Зиялы Қасымнан зиялы емес Қалтайға!» деп жазып қойған екен. Еріксіз езу тартасың.
* * *
12.10.2001 ж.
Үйге кірсем Асыл апа бір қолымен радио-телефонды ұстап, екінші қолымен маған «тоқтай тұр» дегендей белгі берді. Сөйлесіп болғанша күтіп тұрдым. Апа телефонды орнына қойды да танауын тыржита: «Неге шақырды? Бағана Тұрсынхан келіп кеткен. Соған байланысты бірдеңе жазып бер, деді ме?», – деді.
– Жоқ Тұрсынхан апай туралы ештеңе айтқан жоқ. Режиссер Махмутовтың қағазын көрсеткелі келдім.
– Жарайды, бара бер, – деп ағаның есігін нұқсады.
* * *
09. 11. 2001 ж.
Хамит Ерғалиев есіміне «Весновка» жағалауын беру салтанатына қатыстық. Алдымен әл-Фараби даңғылымен қиылысқан өзен жағалауында шағын жиын болды. Балалары Мұрат пен Гүлжан жиынды ашып, алғашқы сөзді Зейнолла Қабдоловқа берді. Ол кісі Хамаңды «ұлы ақын» деп бағалап, біраз сөз сөйледі де тақта көрсеткіштегі жамылғыны алды.
Сөз О.Сүлейменовке, Н.Оразалинге, сосын Қасым ағаға тиді. Қасым аға:
– Майдангер ақын Хамит – соғыстан өткен қаһарман, өмірде де қаһарман, поэзияда да қаһарман болды, – деді.
М.Төлебаев, Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы, кезінде Шаяхметов, Қонаевтар қонақтар қабылдайтын банкет залына ас берілді. Аста Қасым аға сөз сөйледі. «Судьба» деген соғыс кезіндегі әннің бір шумағын шырқады. Бір дастархан басында: Қасым аға, Н.Оразалин, С.Иманасов, З.Қабдолов, Т.Әбдірахманова, тағы бір апа, С.Махмутов және мен отырдық. Н.Оразалин Қасым ағаға «ән айтыңыз» деп қолқа салды. Аға ән айтып болды да :
– Тұрсынхан, сенен кейінгі әнші мен шығармын, – деді.
* * *
Қараша, 2001 ж.
Қасым ағаның үйіндеміз.
– Жазарымды жазып, көрерімді көріп болғанмын. Маған ештеңе керек емес. Егер ертең олай-былай болып кетсем, әдеби жазбаларыма – Еркін, кино-документтеріме – Сағатбек ие боласыңдар, – деді.
Суретші Ғазиз Ешкеновтің өзіне «Еңбек сіңірген қайраткер» атағын сұрау ұят, оған әлі жетілген жоқпын», – дегенін айттым. Қасым аға мәз болып күлді де оң қолының сұқ саусағын жоғары көтере маған нұсқап:
– Ол екеуіңде классический өнердің негізі бар. Ал, оны ары қарай қалай ұстайсыңдар, азаматтық тұлғаларың қалай қалыптасады, соған байланысты, – деп ойын түйіндеді.
«Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан «Деректі фильм дайын, бірақ…» деген мақаламды қайта оқытып «мықты жазғансың, өте жақсы жазғансың», – деп ризалығын білдірді. Шыға берісте Асыл апа менен үй-ішімді: келінін, балаларды сұрады. Ақ тілегін әдеттегідей айтып жатыр. Сосын, иегімен ағаның бөлмесін нұсқап «қалай, көңіл-күйі жақсы ма?», – деді. «Жақсы, жақсы», – деймін. «Е е, тыңдай салыңдар. Ол өзі солай: бір күні былай, бір күні олай, қайтесіңдер», – деді.
* * *
07.12.2006 ж.
Қасым ағаның үйінен телефон шалынды, «маған келіп-кетсін», деген соң бардым. Қасым аға қуанып қалды:
– Қарғам, келдің бе? Сені шақыртқаным, айтайын деген сөзім бар, – деп бастады да Жұмағали Саинның үйінде Қасым Аманжоловпен қалай танысқанын, сосын оның «Туған жер» деген өлеңін жатқа оқыды. Бұл естелігін бұрын да екі-үш рет әңгімелеген болатын. Қасым аға біраз тыныстап алып:
– Мен елшіл, жершіл адам едім. Қазір ешқандай тамақ ішпеймін, басым жақсы жұмыс істеп тұр. Мен шатасып жатқан жоқпын. Әйтеуір бір өлім бар ғой. Бәлкім осы жолы соған жақындап қалдым білем. Сен міндетті түрде мені жерлеу комиссиясының ішінде бол. Сонда Храпуновқа, Иманғалиға айт, мені мүмкіндік болса туған жеріме апарып қойсын. Тасы бола ма, даласы бола ма, әйтеуір бір бұрышында жатайын, – деді…
Қасым ағаның соңғы өсиеті туралы өзінің отбасына, Жазушылар одағына және Облыс әкімдігіне хабарладым. Бірақ ұйғарым – Қасым ағаны Алматыда қалдыратын болды.
Менің қолымнан келгені – Қасым аға қайтыс болған соң ШҚО Мәдениет басқармасының бастығы, досым Түсіпханға хабарласқанда «туған жерінен бір уыс топырақ ала келіңдер, басына қояйық» – дедім. Олар бұл ұсынысымды орындады.