Сәуле Қабдолова
Қазақстанның Халық жазушысы, академик, ғұлама ғалым Зейнолла Қабдоловтың жары, апайымыз – Сәуле Төлеуқызы соңғы мекеніне аттанды. Сұлу ғұмыр кешкен ұстаз, Алматыдағы №12 қазақ мектебінде дәріс берген ғажайып педагог Сәуле апай өмірінің соңына дейін зиялы ортамен байланысын үзбеді. Өмір бойы ұрпақ тәрбиесімен айналысқан Сәуле апай Қабдоловтың асыл жары болды, жазушы қабағына кірбің түсірмейді. Сәуле Төлеуқызы ұстаздар қауымына да үлкен өнеге көрсеткен ұстаз бола білді. Ол кісінің жиындарда, әртүрлі кездесулерде сөйлеген сөзі, жүйелеп айтқан әңгімесі мен кеңесі, өзін-өзі ұстай білуі үлкен мәдениеттіліктің биігінен нәр алған жан екенін көрсететін. Ұлт анасы тек қана өзінің ұясын ғана қорғап қалмайды, өз баласын ғана тәрбиелемейді, ел баласын тәрбиелейді.
Әдебиет дейтін киелі қақпадан именіп кіріп, маңдайы жарқыраған ойшыл алыптардың назарына іліккен Зейнолла Қабдоловтың өзі де соңынан ілескендерге ағалақ құрметін аямайтын жомарт жаратылған жан еді. Оның жары болып өмір сүріп, бала тәрбиелеп, атақты жазушылардың ибалы келіні болу міндетін мүлтіксіз атқарған Сәуле шешеміздің болмысына Қабдоловтың өзі жақсы көретін теңеумен үңілетін болсақ – «Абай жолындағы» қазақ әйелінің толымды бейнесін ұшыратқандай әсерге кенелетін едік. Өмірдің мәнін ерте бастан түсініп, ғұламаға жар бола білудің ұлттық шешімін тапқан тұлғаның орнын дүниеден өтіп бара жатқанда түсіне түсетініміз бар-ау.
Қош бол, аяулы жар, асыл ана, ардақты ұстаз!
«Қазақ әдебиеті».
Академик Зейнолла Қабдоловтың жары – Сәуле апай
Былғарымен көмкерілген көлдей есіктің қоңырауын жүрексіне басатынбыз. Алдымыздан айдай жарқырап Сәуле апай шығатын. Мейірім ұшқындаған нұрлы көздерін тоқтата қарап: «Қош келдіңіздер, төрлетіңіздер», – дейтін қуанып. Анандай жердегі кабинетінде Зейнолла ағай жұмыс істеп отыратын. Қапелімде бұлар кімдер болды екен дегендей кілт бұрылып, көздерін адырайтып, таңғала қарайтын. Кенет бұлт арасынан күн шыққандай, күрт жадырап: «Айналайын, сендер екенсіңдер ғой, амансыңдар ма», – деп орнынан көтеріліп, қасымызға жақындайтын. Бәріміздің арқамыз кеңейіп, мәз-мәйрам болып қалатынбыз. Талайымыз бұл босағадан ұяла аттағанбыз. Талайымыздың осы арада аптығымыз басылып, қанатымызды қомдағанбыз. Талайымыздың өрге ұмтылған талабымыз осы арадан қолдау тауып, ешкімге айтпай, ішке бүгіп келген армандарымыздың зеңгір көгіне көтерілгенбіз. Талайымыз мұқалған жігерімізді, сетінеген сенімдерімізді, ыдыраған ынтамызды осы босағада түгендеп, қайтадан сап түзейтінбіз. Қос шырақ қатар маздаған осынау төр жан-жағына шапағат шұғыласын шашатындай еді. Классик жазушы, академик, профессор Зейнолла Қабдолов ағай да, оның асыл жары, әдебиетші, тарихшы, қоғамтанушы Сәуле Қабдолова апай да бар ғұмырын жас ұрпаққа арнаған ұстаздар еді. Бойындағы алапат дарындары мен ойындағы ақыл сабырларын жеткіншек ұрпаққа, келесі күндерге арнап аянбай еңбек еткен-ді. Сөйткен Зейнолла ағай да, енді міне, Сәуле апай да алпыс жылдан астам жұп жазбастан өткізген тату-тәтті өмірлерін аяқтап, мәңгілік төрінен құтты орындарын иеленді. Айта берсе сөз көп қой. Оқыстан қапымызды тауып кететін сұм ажал ойымызды мүдіртіп, тілімізді кідіртіп отыр. Қош бол, аяулы апа! Сіздің абзал бейнеңіз, асыл дидарыңыз, биік адамгершілігіңіз әрдайым есімізде жүреді.
Әбіш Кекілбайұлы.