Бес қаруын асынған
Көпен ӘМІРБЕК, сатирик,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
Бір құмырсқа қайықшылардың қайығына жармасып өзеннің арғы бетіне өтсе ол жақтағы құмырсқалар «Сен біздің жақтың құмырсқасы емессің», – деп талап тастапты. Бас сауғалаған бейшара құмырсқа қайыққа қайта жармасып өзінің жағалауына келсе мұндағылар «Сен бізді тастап кеткен құмырсқасың», – деп қабылдасама керек…
Мұны айтып тұрғаным, сатириктер қауымы қалжыңның қайығына мінгенде әлгі әлжуаз құмырсқа секілді айныған емес. Съезд бен съезд аралығында сатирикер жауынгер жанрдың жалауын көтеріп, қоғамдағы жат қылықтарға қарай сөз найзасын түйреп келгені анық. Екі аралықта сатириктер сапы толықты, сарыуыз сатирик Нұрсұлтан Оқпанұлы, Жамбыл Жападан бастап, жасы тоқсанға таяған қазыналы қалжыңның шебері Мыңбай Рәшке дейін еш тыным тапқан жоқ. Қарияларымыз Қажытай Ільясов пен Үмбетбай Уайдиннен айырылып, тәжірибелі әскердің бір шебі кемігендей болғанмен, кейінгі жастар бұл орынды толықтырып жатыр…
Сексеннің сеңгірінен асқан семсер тілді Ғаббас Қабышұлы қалжың үшін қара терін төгіп, тынымсыз еңбек етті. Соңғы төрт-бес жылдың өзінде алты сатиралық кітап шығарды. Жетіншісі баспада жатыр. Оның «Көңіл көгінде» деген Бауыржан Момышұлынан бастап, Әнуар Әлімжанов сынды атақты тұлғалар жайлы ерекше естеліктер жинағына қолдау көрсеткен – Мәлік Отарбаев есімді қаламдас бауырымыз.
Осы аралықта шыққан төрт кітабымның үшеуі мемлекеттік тапсырыспен оқырманға жол тартқанын қуана айта аламын. 70-80-ге жуық сықақшының әрқайсысының атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, олардың еңбегін оқырман шығармаларынан біле жатар.
Елбасы өзінің бір жолдауында «Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бұқаралық ақпарат құралдарын да тиімді пайдалану керек», – деп айтқан еді. Осы ойды қолдаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары Бауыржан Байбек елу жылдық тарихы бар «Ара» журналын Республикалық «Айқын» газетінің ішінен айына екі рет, он алты беттен шығаруды ұсынған. Қазіргідей ашкөздік, аярлық, жемқорлық етек алған кезде «Ара» секілді тамырын кең жайған басылымға қолдау көрсеткені үлгі аларлық іс.
Ендігі қадамымызда да екпін бар. Көз тартатын көркем карикатурамен безендірілген, көлемі 30 баспа табақ «Күллі қазақ күлкісі» атты қазақ сатирасының энциклопедиясын дайындадық. Баспаның жоспарында тұр. Сонымен қатар Ғаббас Қабышұлының идеясы бойынша «Нұрлы Әлем» баспасының директоры Жарылқасын Дәулеттің жобалауымен қазақ сатирасының 100 томдық антологиясын құрастырдық. Оның ең болмағанда 50 томын жарыққа шығарсақ деген ниетпен жұмыс істеп жатырмыз.
Қазақстан Жазушылар одағының Жарғысында бар ма, жоқ па, білмеймін? Бес қаруын асынған белгілі сықақшыларды Жазушылар одағының мүшелігіне өткізе алмай жүрміз. Сонау Маңғыстаудағы сықақшы Ерекен Қорабаев алпыстан асты дейді, ал жетпістен асқан Кемелбек Шаматай қаншама сатиралық кітаптар шығарып, әзіл сүйер әлеуметке таратты. Сонда олардың біреуінің жасын алпыстан, біреуінің жасын жетпістен асты деп шектеу қоюға бола ма? Қаламгерді жасына емес, жазғанына қарап бағалау керек деп ойлаймын. Жаңа келген басшылар осы жағына мән беріп, қағажу қалған мәселені қабырғасына алғаны дұрыс шығар.