Нұрдәулет Ақыш, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Қадірлі қаламдастар!
Екі құрылтай аралығында жарық көрген прозалық туындылар сан жағынан алып қарағанда тіпті де олқы емес. Жазушылар прозаның барлық жанрында да белсенділік көрсетті. Әсіресе шағын да жүрдек жанрымыз – әңгіменің үлес салмағы бұл жолы тіптен басымырақ.
Осы арада мына бір парадокске назар аудара кеткен жөн шығар деймін.
Эстетикалық көзқарасты кеңейтудің электрондық нұсқалары, әлеуметтік желілер алдыңғы қатарға шығып, кітап оқырмандарының саны кеміп тұрған кезеңде, әдеби көркем шығарма жазушылардың қатары, керісінше, көбейе түсуде. Осыдан келіп жазылып жатқан шығармаларды оқитындар бар ма, бар болса олардың саны қанша деген сұрақтардың күн тәртібінен түспек емес.
Осы уақыт ішінде Сәбит Досановтың «Жиырмасыншы ғасыр», Қажығали Мұқамбетқалиевтың «Тар кезең», Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай» атты тарихи тақырыпқа арналған романдарының ең жоғары әдеби марапатқа, яғни, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болуы бекер емес.
Өйткені көркемдік-эстетикалық талаптарға мүмкіндігінше жауап бере алатын тәуір деген шығармалардың алдыңғы қатарында тарихи тақырыпты көтерген прозалық туындылар тұр. Жоғарыдағы беделді романдардан өзге – Әкім Таразидың «Мұстафа Шоқай», Қабдеш Жұмаділовтың «Қыл көпір», «Көкжал», Рамазан Тоқтаровтың «Қанжығалы Бөгенбай» (аяқталмаған роман), Ахат Жақсыбаевтың «Иса ақын», Әбдісаттар Оспановтың «Наркескен», Бегімбай Ұзақбаевтың «Сартай батыр», Зейнолла Тілеужановтың «Қаракерей Қабанбай», Жанат Ахмадидың «Ақ қылыш», Тұрлыбек Мәмесейітовтің «Таңжарық», Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы», Данияр Әлбозымның «Шыңғыс қаһан», Момбек Әбдәкімұлының «Күн тұтылған мезгіл», «Дүрбелең», Төлек Тілеуханның «Ең ғажайып хикая», Есқара Тоқтасынұлының «Сахара үні», Тұрсынхан Зәкенұлының «Мәңгітас» атты шығармалары да қазақ тарихының әр кезеңдерін бейнелеп көрсетуді мақст етіпті. Мұхтар Мағауиннің Шыңғыс хан жайлы деректі хикаясының жанрлық табиғаты негізінен қаны тамған көркем прозадан гөрі тарихи зерттеуге жақын.
Олжалы шығармаларға оралар болсақ, Қажығали Мұхамбетқалиевтың «Тар кезеңі» он сегізінші ғасырдың аяғында Ресей отаршылдарының қазақ жеріне қалай көз алартқаны, сол қасиетті жерді сақтап қалу үшін қолына қару алып, тікелей шайқасқа шыққан Сырым Датұлы тәрізді халық қаһармандарының күресін көрсетуге арналса, Бексұлтан Нұржекенің «Әй, дүние-ай» романы одан бергі кезеңді, әйгілі он алтыншы жыл оқиғасының Жетісу өңіріндегі дүрбелеңі жайында өрнектелген көркем шежіре. Марапатты шығармалардың прозамызды марқайтқан негізгі табыстары – маңдайының соры бес елі болған халқымыздың қат-қабат қасіреті мен арман-мүддесін рухани тұрғыдан жан-жақты көркем кестелей алуында деп білгеніміз жөн.
Осы арада ескеретін бір мәселе ол – Мемлекеттік сыйлық алған туындылардың барлығын әдебиетіміздің шедеврі, яғни, бетке ұстар көркем дүниесі деп қабылдай беруге болмайтындығы. Өткен тәжірибелерден белгілі болғанындай, олардың арасында ең қажетті деген көркемдік талаптарға толық жауап бере алмай жататындары да кездеседі. Осы жолғы марапат иелерінің әдебиет тарихында қаншалықты сақталып қалатынын уақыт көрсетер. Тіпті басқасын былай қойғанда, көбіміздің көңілімізден шыққан, көркемдік деңгейі жоғары «Тар кезең» романының өзінде де жетіңкіремей тұрған бір нәрсе бар. Қажеке, романдағы махаббат интригалары неге қою емес?
Он тоғызыншы ғасырда Европаның бір әдебиетшісі «Роман дегеніміз – ең алдымен махаббат интригалары» деп анықтама берген екен. Жалпы көлемді туындыда сүйіспеншілік мәселелері де негізгі сюжетпен қабаттасып, жарысып жүрсе, тіпті жараса кетер еді.
Қ.Жұмаділовтың қаламынан шыққан «Көкжал» хикаятының әңгімелейтіні – қазақтың ұлт азаттығы үшін жанын пида еткен атақты Оспан батырдың басынан кешкендері жайында. Осынау тарихи тұлғаға байланысты жазылған басқа да шығармалардан бұл хикаят жекелеген көркемдік пайымдауларымен ерекшеленеді.
Үш жазушының қозғаған негізгі тақырыбы – Қоқан мен Хиуа шапқыншылығына қарсы күрестегі қазақ қаһармандарының ерлік істері. Олар Әбдісаттар Оспановтың «Наркескен» трилогиясы, Бегімбай Ұзақбаевтың «Сартай батыр» және Момбек Әбдіәкімұлының «Дүрбелең», «Күн тұтылған мезгіл» атты романдары. Қазақ әдебиетінде бұрын көп ауызға алына бермейтін осы тақырыпқа авторлардың қай-қайсысы да дайындықпен келген. Түрлі суреттеулер мен баяндаулар арқылы көбіміз үшін таңсық болуы ықтимал тарихи деректер келтірілген. Көркемдік талап тұрғысынан алып қарағанда осылардың ішінен бас қаһарманы Жанқожа батыр болып келетін Әбдісаттар Оспановтың трилогиясын атап айтқанымыз жөн. Оның кемшілік ретінде көрінетін тұсы ептеген шұбалаңқылығында.
Жоңғар шапқыншылығы жылдарындағы қазақ жұртының басынан өткерген қиындықтары жайында сыр шертетін келесі бір тарихи роман – Жанат Ахмадидың «Ақ қылышы». Тарихи кезеңде суреттеумен бірге шығарманың мақсаты – оның бас кейіпкері, тарихи тұлға Қызай ананың қазақ қоғамында алған орнын көрсетуге арналған деуге болады. Қазақ елінің саяси-қоғамдық өміріндегі әйелдердің қандай орын алғандығы осы бейне арқылы анығырақ елестейді.
Есқара Тоқтасынұлының «Сахара үні» атты хикаясы да тарихи тақырыпқа, анығырақ айтқанда, он тоғызыншы ғасырдағы қазақтардың орыс отаршылдығына қарсы шыққан ұлт азат көтерілісінің жетекшісі Кенесары Қасымовтың Қазақстанның оңтүстік өлкесінде, оның ішінде кәрі Қаратау аймағында болған күндеріне арналыпты.
Осы арада көзжұмбайлықпен қарауға болмайтын, назара аудара кететін бір мәселе бар. Ол – белгілі бір тарихи кезеңді қайталап суреттейтін тұстарда авторлар келтіретін деректердің арасында жекелеген қайшылықтардың кездесіп қалатындығы, кейде тарихшы ғалымдардың өздері айта бермейтін жағдаяттардың көркем шығармаларда қалам ұшына ілініп жататындығы. Ендеше сол қайшылықтардың ара жігін, ақ-қарасын ажыратып талдап көрсету, көркем туындыларда келтірілген тың деректерге іргелі зерттеулер негізінде түсініктер беріп отыру кәдімгі кәсіби тарихшылардың еншісінде деп білуіміз керек.
Кеңес дәуірінің кейінгі жылдары мен бүгінгі тәуелсіздік заманның суреттерін кестелеуге арналған прозалық туындылар да біраз жазылып қалған екен. Бірақ олардың ішінде көркемдік деңгейі көңілден шығатын прозалық романдарымызға қоржынымыз қомақты деп айта алмасақ керек. Қолға түскендердің ішінде көңілден шығатындары – Шәрбану Құмарованың «Ғасыр нұры», Ұзақбай Доспанбетовтың «Асылдың сынығы», Бибігүл Иманғазинаның «Тауқымет» атты романдары. Осы арада назар аудара кететін бір жағдай – осыдан жиырма бес жылдай бұрын әйелдерге арналған ең үздік шығармалардың авторы ретінде Биекең екеуіміз сол кездегі Мәдениет министрлігінің дипломымен қатар марапатталғанбыз. Мен «Жатақхана қыздары» деген туындымды содан кейін жылы жауып қойдым да, Биекең талмай, шаршамай, жалықпай, сол романын жылдар бойы өңдеп толықтырып, оқырман назарына қайтадан ұсыныпты. Бұның өзін әдебиетке деген жауапкершілік пен еңбекқорлықтың үлгісі деп неге білмеске?
Уақыттың тығыздығына орай прозалық шығармалардың бәрін кеңінен талқылап жатуға мүмкіндік шектеулі. Сондықтан ары қарай екі құрылтай аралығында жарық көрген туындыларды тек санамалап қана өтуіме тура келмек. Баяғыда осындай мінбелерде тізім оқылса, базбіреулер «Құрғақ тізім» деп, сынап жататын. Бірақ оқырман қауым біліп жүруі үшін, шыққан шығармалардың бәрін болмаса да, назарымызға іліккендерді айтып өтуді баяндамашы ретіндегі парызым деп санаймын. Өйткені, кейде замандас қаламдастардың не жазып, не қойғанын бейхабар болып, тіпті болмаса қатарымызға қандай қаламгерлердің қосылып жатқанын білмей жататынымыз бар.
Сондықтан да құрғақ тізім ақпарат үшін керек. Рафаэль Ниязбековтың «Тауқымет», Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Какаду», Досан Жанботаның «Жер иесі», Кәдірбек Сегізбайұлының «Жол», Жақсылық Самитұлының «Сарыала қаз», Молдахмет Қаназдың «Кек», Несіпбек Дәуітайұлының «Аты жоқ әңгіме», Тұрысбек Сәукетайдың «Мен жындымын», Нағашыбек Қапалбекұлының «Өкілдер» Серік Асылбекұлының «Ақ қарға», Дидахмет Әшімханұлының «Құдайсыздар», Қуандық Түменбайдың «Төрт амал тіршілік»,Тынымбай Төлепбайұлының «Шырғалаң», Қуаныш Жиенбайдың «Жер бетінде де жұмақ бар», Әлібек Асқаровтың «Алтайда алтын күз еді», Рахымжан Отарбаевтың «Біздің ауылдың амазонкалары», Сәуле Досжанның «Үлкен үйдегі үрей», Жұмабай Қайранбайдың «Тұлпардың дүбірі», Самат Ибраимның «Ататоры», Толымбек Әбдірайымның «Бұралаң жол», Заря Жұманованың «Сіз іздеген әлем», Сәбит Дүйсенбиевтің «Үлкен қаланың қонағы», «Мен ғашық емеспін», Тұрсынжан Шапайдың «Күлкі мен көз жасы», Құтөлеу Мұқаштың «Ақдариға», Көсемәлі Сәттібайұлының «Хауа Ананың көз жасы», Бағдат Қалаубайдың «Жоғалған адам», Нұржан Қуантайұлының «Асыл сөз», Дәурен Қуаттың «Әлқисса», «Тас монша», Әлсейіт Оспанның «Шырағым менің», Серік Нұғманның «Жоқ іздеген жан», «Атбегі» атты туындылары оқырмандар қолына тиді.
Тізімді келтіре отырып, атап өтетін нәрсе – жазушылармыздың көркемдік асуларын бағындыру деңгейінің біркелкі емес екендігі. Сондықтан да бұл аталғандардың бәрі оқырманның рухани кәдесіне аса қояды деген ұғым қалыптаспағаны жөн. Бір назар аударатын жағдай – кейбір көркем шығармалардың бойында ішінара публицистикалық сарындардың қоса жөргемделіп отыратындығы. Және бір қызығы бұл құбылыс көбінесе әйел прозашылар қаламына тән. Тілеуқор Қосуақ, Сәуле Досжан, Гүлзат Шойбекова тәрізді авторлардың жекелеген туындыларында осындай сипаттардан кенде емес. Әдебиет теориясын зерттеушілердің бір парасы «көркем шығармаларға журналистикалық лептің араласып кетуін көркемдік ойлау жүйесінің жеткілікті болмауынан туындайды» деген пікір айтады. Әдебиетті зерттеушілердің келесі бір тобы публицистиканы, деректілікті көркемдік әдіске жатқызып, кемшілік ретінде танығысы келмейді. Бұл пікірдегілер мәселе сол әдісті қалай дұрыс қолдана білу керектігінде деген ой айтады.
Сондай-ақ екі құрылтай аралығында Өтен Ахмет, Марат Мәжитов, Берік Шаханов, Өмір Кәріпов, Ғарифолла Есім, Жаңабек Шағатай, Нұрлан Қами, Тұрсынәлі, Рыскелдиев, Келіс Рахымжан, Айгүл Кемелбаева, Әділбек Ыбырайымұлының, Армиябек Сағындықұлы, Есей Жеңісұлы, Елім Алтайұлы, Жарас Ермекбай, Ерсін Қойбағарұлы, Иген Хасенұлы, Заря Жұманова, Төкен Әлжантегі, Жүсіпбек Қорғасбек, Асқар Алтай, Нұрғали Рахаев, Ерболат Баятұлы, Дулат Тұрантегі, Думан Рамазан, Мира Шүйіншәлиева, Темір Мыңжас, Сабырбек Олжабай, Мәдина Омарова және басқалары жекелеген прозалық кітаптарын шығарып, кейбіреулері республикалық дәрежедегі түрлі санаттағы беделді әдеби бәйгелерді қанжығаларына бөктерді.
Бұның өзі қазақ прозасының кідіріп қалмай, руханият әлеміне өзіндік үлес қосып келе жатқанын көрсетеді. Мәселе – сол жарық көріп жатқан көркем туындыларды оқырман қауымға жеткізіп, қалай оқыта алатындығымызда болып тұр.
Осы кезең ішінде қаламгерлер қатарының жаңа буынмен толығуы да заңды. Жас прозашыларға ортақ ұнасымды нышан бар ма, бар болса, қандай дегенге келетін болсақ, ең алдымен, олардың қаламдарына тән ықшамдылыққа деген ұмтылысты атап айтқанымыз жөн. Көп сөзге, оның ішінде көбік сөзге ұрынбай, қысқаша жаза білуге ден қою да жазушы жауапкершілігінің нышаны екендігі сөзсіз. Кейбір көркем образдардың бұрын жарыққа шығып кеткен басқа туындыларда да кездесіп қалуы, әлбетте, қайталаушылық нышаны болып табылады. Бірақ көркемдік талаптарға сай сомдалып, бояуы қанық, жарқын жасалған бейнелер қай кезде де өзінің эстетикалық құнын жоғалтпайды. Көптеген жас прозашылардың кітаптары «Әдебиетке өзіндік үнімен, өзіндік болмысымен, жазу стилімен келген» деген аңдатпалармен басталады екен. Ал шынуайтында солай ма, әлде кітап редакторларының көңіл жықпастығы ма?
Бұл да ескеретін мәселе. Өйткені осы мазмұндас аңдатпасы бар кітаптардың өзінде кемшілік атаулы көрініс тауып жататындығын жасыра алмаймыз.
Жас авторлардың жаңа кітаптарын қазақ прозасын көркемдік жетістіктерімен байытқан тың құбылыс деп айтуға келмесе де, шығарма табиғатына тиісті эстетикалық міндеттерін біршама тәуір атқара алған дүниелердің ұшырасатыны қуаныш. Кемелі келіскен дүниені оңай жазамын, көркемдік биігін қалпақпен қағып аламын деген арынның асығыстық болатыны бұған дейін де сан мәрте дәлелденген.
Қанат Әбілқайырдың «Көршінің қызы», Арман Әлмембеттің «Режиссердің түстері», Әсем Қоспағарованың «Қызыл орамал», Әлібек Байболдың «Теміржол вокзалы», Әлібек Уәлиханұлының «Құлдар патшалығы» кітаптарын оқырмандар жылы қабылдады деген деректерді оқыдық және соған сенгіміз келеді.
Қанағат Әбілқайыр, Аягүл Мантай, Мәлік Отарбай, Мәди Алжанбай, Сержан Зәкерұлы, Рысбек Дәбей, Нұрхалық Әбдірахын, Әбуасқар Мекешұлы, Қанат Тілеухан, Нұрлан Қабдай, Лира Қоныс, Мұрат Белгібай, Мақсат Мәлік, Дархан Бейсенбек, Алмас Мырзахмет, Алмас Нүсіп, Ұларбек Нұрғалымұлы, Мирас Мұқашев, Дағжан Белдеубайұлы, Айнұр Шамшейтова, Ерболат Әбікенұлы, Мерей Қосын тәрізді жастардың жазып жүргендері де бүгінгі күннің тақырыптары.
Осының алдындағы құрылтайда қазақ прозасы тоқырап қалған жоқ, өркендеп гүлдену үстінде деген тұжырым жасалған болатын. Оқырмандар санын кемітіп алмауға әсері тиетін, қазіргі әдебиеттің беделін көтеруге арналған оптимистік пікір екендігі сөзсіз. Ал мәселеге нақтырақ қарайтын болсақ, көркем прозамыздың көркемдік ахуалы қашанда біркелкі болмаған. Екі құрылтай арасында жарық көрген шығармалармен танысқан жағдайда ортақолдау дүниелердің басымдау көрінгенін жасыруға болмас.
Егде жазушыларымыздың өткен кезеңдерге көз салып естелік сипатындағы немесе тарихи тақырыптарды жазуға бейімділік танытса, жас прозашылардың қалам ұшына көбірек оралатыны – бүгінгі дәуірдің тыныс тіршілігінен кескін-келбеті көзімізге түскен туындыларына қарағанда, жас авторларымыз тарихи тақырыпқа ат басын мүлде бұрмайды деседе болғандай.
Кезінде тарихи шығармалар жазған Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Хамза Есенжанов, Ілияс Есенберлин тәрізді аға буын өкілдерімен жарысып, сол кездегі балуаса топтың өкілдері Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Қабдеш Жұмаділов, Софы Сматаевтар тарихи туындыларды жазуға қаймқпастан кірісіп кетіп еді. Бүгінгі таңда ондай тенденция байқалып отырған жоқ. Осыдан келіп, келешекте қазақ үшін осынау қастерлі тақырыпты жазу еріксіз тоқырап қалмай ма деген сұрақ туындайды.
Яғни, қазіргі таңда алдыңғы және кейінгі буын қаламгерлер арасындағы дәстүр сабақтастығының әлісіз екендігін атап айтуға тура келіп тұр. Тек тақырып таңдауда ғана емес, әдебиеттің көркемдік асуларын игеру мәселері бойынша да қазіргі таңдағы жазушылардың жас айырмашылығы маңызды факторға айналыпты. Бұл әсіресе әдеби көркем тілдің нормаларын табиғи қалпында өз жөнімен қолдану мәселесінде айқынырақ көрінеді. Қазақ көркем сөзінің шебері Қалихан Ысқақ өмірден озарынан бірер жыл бұрын «Қазіргі прозада тіл жоқ» деп бір-ақ кескен болатын. Былайша айтқанда, бейнелі көркем тілдің қасаң тартып, жүдеп-жадай басағанын орынды түрде мегзеп еді.
Сөйлемді қарапайым, түсінікті құруды мақсат еткен кейінгі буын прозашылары қазақ көркем сөзінің мәйегі болып табылатын орынды образдылықтан, берекелі бейнеліліктен алыстай түсуде. Жас қаламнан шыққан жекелеген шығармалармен танысқан кезде шығармашылықтары онша мақтала бермейтін ересек жазушылармен жылап көріскендей боласыз. Сондықтан да электрондық кезең, цифрлау дәуірі бәрібір қандай жағдайда да қазақтың көркем сөзін ауыстыра алмайтынын қаперде ұстау керек.
Әжептәуір әсерлі көрінетін көптеген шығармалардың шиін шығарып, шырайын солғындататын тіл жұтаңдығы екені бұрыннан айтылып келеді. Кейбір қаламгерлеріміз әдеби норманы белінен басып жазғанды былай қойып, ауызекі сөйлеу нормасына да мән беріп жатуға да ықылассыз. Тіпті, халық аузында қалыптасып кеткен фразеологиялық тіркестер мен мақал-мәтелдерді бұзып жазу фактілері де кезігіп қалады екен.
Бір ауыз сөзбен түйіндегенде, екі құрылтай аралығындағы қазақ прозасының тоқыраулы тұстары көзге ұрып тұрағнымен, жалпы ахуалы баяу да болса ілгерілеу, даму сипатында деген тұжырым жасауға әбден болады деп білеміз.
Назарларыңызға рахмет!