Хан да, қара да тоқтаған
Бұрынғы қазақ тарихына қарап отырсақ, ел мен елдің, ру мен рудың арасындағы күрмеулі мәселелерді би-шешендердің уәжді сөзі арқылы шешіп отырған. Оған хан да, қара да тоқтаған. Аталы сөзге тоқтау біздің қанымызда бар қасиет еді. Ол дәстүрді жоюды алдымен отарлаушы Патша үкіметі ақырындап бастап еді, кейін Кеңес үкіметі одан әрі асқындырып жіберді. Кез келген мәселені тоталитарлық биліктің ұғымымен өлшеп, компартияның көзқарасымен шешті.
Серікзат Дүйсенғазы, филология ғылымдарының кандидаты,ақын
Сот та сол биліктің ығымен жүргізілді. Кім кеңестік билікке жақса соның айтқаны дұрыс болды. Оған қарсы шыққандар итжеккенге айдалды немесе атылды. Сол әдет жетпіс жылдың ішінде біздің сүйегімізге әбден сіңді. Өкінішке орай, әлі айыға алмай келеміз. Қазір аталы сөзге тоқтайтын дәстүр де, тізеге салып түзейтін кеңестік билік те жоқ. Бетімізбен кетіп барамыз. Айтылған, жазылған сөз сол жерде қалады. Оған мән беретін халық та, билік те жоқ. Қоғамда сөзге деген немқұрайлылық пайда болды. Газет-журналда, сайттарда жазылған сын мақалаларды оқитын адам қалмай бара жатыр. Егер дәстүрімізді сыйлаймыз, қалпына келтіреміз десек, алдымен осыдан бастауымыз керек. «Сөзі түзелген елдің, өзі де түзеледі» дегенді бабаларымыз бекер айтқан жоқ. Менің айтарым осы.