«Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы» фестивалі аясында өтетін «Шырайлым – Шұбайқызылым» республикалық байқауы
Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі ұйымдастыратын «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы» атты фестивальдің аясында Түлкібас аудандық әкімдігі мен аудандық мәслихат, ОҚО Мәдениет басқармасымен, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалымен және «Мархабат-Мирас» қоғамдық қорымен бірге «Шырайлым – Шұбайқызылым» атты жас қаламгерлер байқауын жариялайды.
Тарихтан аян, ХІХ ғасырда Қаратау мен Алатау, Қазығұрт, Ақсу-Жабағылы, Шұбайқызыл қызғалдағын сырт елдерден жеткен зерттеушілер Грейг қызғалдағы, Кайфман қызғалдағы деп атап, әлемдік ғылымға солай еніп кеткен. Түлкібас (Түркібасы) төрінде Шұбайқызыл атты теңдесі жоқ шоқы бар. Көктемде Шұбайқызылды Қазақ қызғалдағы тұтас көмкереді. ХІХ ғасырда қарашекпенділер қаптағанда оны «Красная горка» атандырған. Тіпті, 2012 жылы Шұбайқызылда өткізілген республикалық фотосеминарда да, соған орай аудандық, облыстық, республикалық БАҚ-тарда да Красная горка және Қызыл төбешік деп жазылды, айтылды. Шұбайқызыл аты мүлде ұмытылып кеткен. Тарихи атау енді-енді ғана қайта оралғандай күйде, алайда әлі де саналар толық тазарар емес.
«Шырайлым – Шұбайқызылым» атты жас қаламгерлердің байқауы 2013-2015 жылдары да өткізілген болатын. Биыл қайта жаңғыртылып отыр.
Байқаудың мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына байланысты мақсаттар мен міндеттерді ойдағыдай орындауға, жас ұрпақты жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелуге белсене атсалысу.
«Шырайлым – Шұбайқызыл» республикалық байқауына қатысқандардың 14-29 жас аралығында болуы міндетті. Жас талап ақындар бір өлеңімен, жас талап прозашылар бір қысқа әңгіме немесе бір шағын суреттеме-толғамымен қатыса алады. Өлеңдер мен прозалық шығармаларда рухани жаңғыруға байланысты туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілік байқалуы тиіс. Оңтүстік өлкесінің, оның ішінде Түлкібас (Түркібасы) аймағының таңғажайып табиғаты, Қазақ қызғалдағы, Қаратау мен Алатау, Қазығұрт қызғалдағы, Ақсу алауы, Жабағылы жалауы, Шұбайқызыл шырайы аталуға тиіс қызғалдақ пен сарғалдағы жайлы шығармалар тебіреніспен, озық оймен, жаңашылдықпен, құнарлы көркемдікпен бейнеленуі тиіс.
Өлең көлемі 3 беттен (14 кегель, 1,5 интервал), қысқа әңгіме немесе шағын суреттеме-толғам 4 беттен аспауы керек. Бұрын жарық көрген шығармалар байқауға қатыстырылмайды. Қазылар алқасының сараптауы нәтижесінде жүлделі орындарға лайық деп танылған туындылардың авторлары 2018 жылғы 14 сәуірінде ОҚО Түлкібас ауданының орталығы Тұрар Рысқұлов ауылына, «Шырайлым – Шұбайқызылым» мерекесіне шақырылады. Жеңімпаздар мен құрметті меймандар Шұбайқызылға саяхат жасайды.
Шығармалар компьютерге үш дана етіп басылып, электронды нұсқасымен және авторлар құжаттарының көшірмесімен қоса, 2018 жылғы 5 сәуірге дейін мына мекен-жайға жолдануы қажет:
160011, Шымкент қаласы, Т.Орынбаев көшесі, 21 «а» үй, ОҚО мәдениет және халық шығармашылығы орталығы. «Шырайлым – Шұбайқызылым» республикалық байқауына.
Телефон: 8(7252) 53-07-18, 53-08-37.
Эл.пошта: Ock-nt@mail.ru
Мынандай жүлделер белгіленеді:
Бас жүлде (біреу) – 150 000 теңге;
Бірінші жүлде (біреу) – 100 000 теңге;
Екінші жүлде (екеу) – 80 000 теңгеден;
Үшінші жүлде (үшеу) – 60 000 теңгеден.
ОҚО мәдениет басқармасының арнайы жүлдесі.
«Мархабат-Мирас» қоғамдық қорының арнайы жүлдесі.
Байқау жеңімпаздарына тиісті Дипломдар тапсырылады. Жүлдеге ие болған туындылар «Шамшырақ», «Оңтүстік Қазақстан», «Дөңгеленген дүние» газеттерінде және «Қазығұрт.kz» журналында жарияланады, арнайы кітапша болып шығарылады.
Ұйымдастыру алқасы.