Жабал Ерғалиев,
жазушы, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері
«Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол», – деп хакім Абай айтқанындай есімі қазақ еліне һәм дүние әлеміне кеңінен мәшһүр болып отырған академик, экономика ғылымының докторы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Кенжеғали Сағадиевті өз ортамызда жүрген дара да дана тұлға деп ардақ тұтар едік. Өз ортасынан шығандап шығып, шың биікке ұмтылған Кенжеғали Сағадиев сонау 1992 жылдың өзінде-ақ әлемнің жыл адамы аталған-ды. Беделі зор, мәртебесі биік халықаралық алуан ғылыми ассоциациялары мен қауымдастықтарының толық мүшесі ретінде танылып, әлемдік экономиканың күрделі мәселелеріне қатысты ұйымдастырылған конференциялар мен жиындарда терезесі тең тұрып тереңнен ой тербеткені баршамыздың мерейіміз болып еді. Былайша айтқанда қоғамдық қатынастардағы алынбайтын қамалдай көрінген күрмеуі мол күрделі мәселелерге батыл барып, бастамашылық танытты. Былайғы жұрттың көпшілігіне беймағұлым, тосын болып көрінген жағдаяттарды ұңғыл-шұңғылын ақтарып, ұғындыра білген де осы Сағадиев еді.
Академиктің арналы ой-пікірін қоштап, қошаметтегендердің бірі пәкістандық Хан мырза:
– Профессор Сағадиев мәртебесі өте жоғары кісі, әртүрлі жоғары орындарда қызмет атқарды. Қазақстанның прогресіне және дамуына ғана емес, оның бүкіл аймағына үлкен үлес қосқан. Оның еңбектері мемлекеттік және халықаралық марапаттармен белгіленді, – дегенді айтты.
Ендігі қазақ жастары білімді, қазақ ұлтының алдағы болашағы жарқын болсын деген игі істердің барлығының басы-қасында Кенжеғали Сағадиевтің өзі жүріп, Одақ бойынша жиі-жиі сапарға шығуды әдетке айналдырғаны бар. Бұл игі амалдарының барлығы дерлік нәтижесіз қалмайтын. Сондай бір сапарының бірінде, яғни, 1987 жылдың мамыр айында СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшесі В.П.Никоновтың қабылдауында болды.
Бірде Мәскеудегі Орталық Комитеттегі ықпалды адаммен осы жолы оңаша отырып сөйлесуді ойластыра келген Кенжеғали Әбенұлы сол сәтте Виктор Петрович Никоновтың жиналыста отырған кезіне дәл келмесі бар ма?! Амалсыздан Никоновтың көмекшісімен аз-кем шүйіркелесуге тура келді.ЦК-ның ұзын дәлізінің бойымен жүріп келе жатқан бұл екеуіне қарсы жолыққан әлдебір орыс жігіті сынай да, жақтырмай да қарағандай болды. Соны байқап қалған Никоновтың көмекшісі сәл абдырап: «Мынау Сағадиев деген азамат, Қазақстаннан келген. Целиноград ауыл шаруашылығы институтының ректоры, танысып қойыңыз», – деп ишарат білдірді әлгіге.
Шүңірейген көгілдір көздерімен тінте қараған әлгі шикіл сары сәл маңғазсынып: «Сыртынан танимын, уақыты болса, оңаша сөйлесейін деп едім», – деп жүре сөйлесті.
Емен есіктің сыртында «Мищенко» деген жазуы бар кабинетке келіп кірген бойда кадр бөлімін басқаратын Мищенко көптен бері әлдекімнен ала алмай жүрген өшін алудың оңтайлы бір сәті енді туғандай шіреніп тұрып, ызбарлы қалыппен: «Халің қалай? Декабрь оқиғасы тынышталды ма, басылдыңдар ма?», – деген сұрақтарды қарша бората бастады.
– Басылды, жалпы біз ешқандай ереуілге шыққан жоқпыз, – дей берген Кенжеғали Әбенұлының осы бір ауыз сөзі Мищенконың төзімін тауысып, ойран-асырын шығарып, көкшіл көздері аязды күнгі әйнектей шытынап, ежірейіп кетті.
– Қалай ереуілге шықпадыңдар? Сенің институтың туралы әрбір жарты сағат сайын ақпарат алып тұрдым ғой. Білеміз сендерді!..
Бұл жағдайды күтпеген Кенжеғали ағаның әу баста абыржып қалғанын сезе қойған әлгі Мищенко өз үстемдігін көрсетіп, үсті-үстіне үдемелеп, бастырмалатып, пәле-жаланы үйіп төгіп жатыр.
Кенжеғали аға сол арадан үндемей шығып кетуді өзіне ар санады. Тұтас бір ұлтын қаралай айтылып жатқан ғайбат сөзге сыпайылап: «Сіз қателесесіз!», –деп жауап бере бастағаны сол еді Мищенко тіпті екілене түсті.
– Жоқ! Сендер баяғыдан ұлтшыл едіңдер, әлі де ұлтшылдықтарың қалмаған! Күні кеше неміс автономиясын құрғызбаймыз деп студенттеріңе бүлік ұйымдастырғандықтарыңды қалай ұмыттыңдар? Ал, енді мынау, міне! Осы сенің халқың қашан тынышталады? – деп дүрсе қоя берсін.
– Мәселе былай ғой, – деп Кенжеғали Әбенұлы сабырлы да сыпайгершілік қалыппен бар жайды түсіндірмекші болды. Тыңдар Мищенкоң жоқ. Ауыз өзімдікі деп нені болсын соны айтып жатқан Мищенко тіпті «гнилая интеллигенция» деуге дейін барды.
– Шіріген зиялы қауымыңның істеп жүргені анау, қайдағы ұлттық мүддені айтасыңдар, қайдағы?! – деп шаптыққан Мищенко:
–Көр, міне, өздеріңнің не істеп жатқандарыңды?! Бәрін де қазақтар өздеріңнің туыстарыңмен бірлесіп жасап жатырсыңдар! Қара, көр мынаны, міне! – деп мұның алдына қалың-қалың әлдебір альбомдар мен кітаптарды лақтырып жіберді.
Шегірейген екі көзі шекесіне шығайын деп тұрған Мищенко «ал көр, ал қанық» дегендей айбарланып қоқия қалған еді. Амалсыздан алдына лақтырылған әлгі кітаптарға таңырқай қараған-ды.
Сол сәтте Кенжеғали Әбенұлы өз көзіне өзі сенбестей халге түсті. Мынаны қараңыз, әлгі кітаптардың арасында Мұрат Мұқановтың қазақ руларына қатысты шығарған тарихи еңбегі де жүр екен. Мұндай кітаптардың бұлардың қолына қалай түсіп жүргендігіне аң-таң болып тұрған Кенжеғали дәл алдында жатқан қалың мұқабалы суретті альбомның біреуін ашып қалмасы бар ма?!
Жүрегі зырқ ете түсті. Әр суретте ашу кернеп жұдырықтарын түйген, қолдарын сермеген қазақ жастарының, соның ішінде қазақ қыздарының қайсар бейнелі суреттерін көрді. Жастардың от шашқан жанарларындағы жарқыл енді беріспеске бекінгендей. Ашу мен ыза…
Ерлікке, азаттыққа, бостандыққа ел-жұртын шақырған есіл жастардың суреттегі бейнелеріне үңіле қарап тұрып, сол сәтте Кенжеағаның да бойындағы ашу мен кек атойлап, ойламаған жерден қаны басына теуіп шыға келсін!
Сол сәтте Мищенко әлгі альбомдарды өзінің алдына қарай тартып, жинап алды да, сөйлене жүріп, әрбір суретті жұдырығымен ұрғылап, аузы көпіргендей күйге түсті.
– Сен де «националиссің!» Не жетпейді әйтпесе?! Өмір бойы көрмеген жақсылықтарыңның барлығын бізден көріп отырған жоқсыңдар ма?!.
– Сіз мені кешіріңіз, – деді Кенжеғали Әбенұлы әлгінің сөзін бөліп: Мен сізге екі сұрақ қояйын, тым болмаса соны тыңдаңызшы!
Сәл-пәл болса да Мищенконың аптығы басылғандай болып, қарсы алдында тұрған Кенжеғалиға ызбарлана қарап тұрды. Кенжеғали Әбенұлы осы бір сәттік үнсіздікті пайдаланып қалғысы келді де, даусын сәл көтеріңкіреп, нығарлы да айбынды үнмен сөз бастады.
– Мынау біздің астанамыз Алматы, – деді Кенжеаға көз алдындағы көп суреттің бірін нұсқап.
– Алматы тұрғындарының 20 пайызы ғана қазақтар! Соны біз бірде-бір жерде, ешқашан айтқан емеспіз. Қазақстанның астанасын басқарып отырған да орыстар! Соны біз ауызға алдық па? Жоқ! Мен Қазақстанның солтүстік өңірінде туып-өскен жанмын. Тың жерлерді игеру науқаны басталғанда солтүстік өңірлерде орыс ұлты он жеті пайызды ғана құрайтын. Енді қараңыз, қазір өзіміз он жеті пайыз болып қалдық. Тыңға келген халықтың бірде-бірін жатырқаған жоқпыз, дәм-тұзымызбен құшақ жая қарсы алдық. Сіз қалайша ұлттық интеллигенцияны ұлтшыл деп сөгесіз?!
Мына қазақтың тайсалмай, өзіне тура қарап сөйлегені намысына тиді ме қалай, Мищенко онан әрі долырып, ашуға булыққан қалпы қолдары дірілдеп, әлгі кітаптар мен альбомдарды аударып, төңкерумен болды. Сол бір текетірестен кейін Кәкімбек Салықовпен жүздесіп, екеуара сыр бөліскендері әлі күнге дейін есінде ағаның.
Жер ортасын шалған осы бір тұста Кенжеғали Әбенұлы өз кезінде Целиноград ауыл шаруашылығы институтын сегіз жыл бойы ректор болып басқарғанына ешбір өкінбейді де! Сағадиев басшылық еткен жылдары бұл институт сапалы білімнің, саналы тәрбиенің озық үлгісін көрсетіп республикалық, тіпті, одақтық деңгейдегі дәрежелі орындардан көрініп те жүрді. Еңбектің жанғаны деген де осы болар! Кенжеғали Сағадиев ректорлық қызметінен кеткеннен кейін биотехникалық орталықтың бір топ ғылыми мамандары бидайдың жаңа бір сортын шығарды да, сол бидай сортын білікті басшы, білгір ғалым Сағадиевтің құрметіне орай «Кенжеғали» деп атағандарын да біреу білер, біреу білмес осы күндері!..
***
Арманы биік асыл ердің арқа сүйер таянышы өз отбасы екендігі айтпаса да түсінікті.
Ер азамат үшін ең қымбат екі егіз ұғым, қастерлі қасиет. Құдай қосқан жары Нағытай Әбітайқызы екеуі отбасылық өмірдің қызық пен қиындыққа толы дария сапар – ұзақ жолын қол ұстасып, бірге кешіп келеді. Қашанда жақсы жар жанына сая, көңіліне медеу, тіршілігіне тіреу емес пе?! Кәнігі қарапайым отбасыларындағыдай үй шаруасының бар қарекетін үйлестіру бәйбішесі Нағытайдың мойнында. Аллаға шүкір, отбасына ордалы ырыс, әулетіне әдемі сый-сияпатшылықты сыйлаған берекесі мол тұрмыстың берері мол екен. Әкеден көргенін, анадан үйренгенін балалары жалғастырып келеді. Расында, қазақтың «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер»,– дегені өмірдің өз қағидасы екен. Баланың жақсы аты, ілкімді ісі қашанда әке мерейін өсіріп, шаттыққа бөлейтіні бар. Өз таланты мен білімінің арқасында еліміздің белді де беделді тұлғасына айналып келе жатқан ұлы Ерланның орны бір төбе. Әкесінің әлі есінде. Кезекті сапармен шетелге ұшып бара жатқанында ұшақ ішінде американдық жолаушының «шынында сіз Ерлан Сағадиевтің әкесі боласыз ба?»,–деп таң-тамаша болғаны бір марқайтып тастаған еді. Ал, Нұрланы болса кішкентайынан зерек болып өсіп, математикаға бар ынта-ықыласын қойды. Сондықтан да болар, Мәскеу университетінің кибернетика факультетін тәмамдады. «Жігітке жеті өнер де аз», – дегендей арысқа түсер атан жілік азамат атанып, боксерлікпен де айналысты. Ер жігіттің бойындағы күш пен қуат өмірдегі өз ұстанымымен ұштасып жатса, тіптен ғажап емес пе?! Оның кибернетикаға деген құштарлығынан болар сол жайында кітап та жазып тастады. Бала жастан биология ғылымына бет бұрып, бейім болып өскен Ербол өз машығын өзгертіп, машақаты мол қытай тілінің тереңіне бойлап жүр. Әрбір ата-ана үшін ұлдарынан ұлағат көргеннен артық қандай бақыт бар?!
Осынау саналы ғұмырында бірі аға, енді бірі іні-бауыр болып, Кенжеғали Сағадиев жайында ой тербетіп, қалам ұстағандар сірә да аз болмады. Солардың бірі, халқының аяулы перзенті, академик, марқұм Салық Зиманов Кенжеғали Сағадиевке зор баға бергенін де білеміз. Сабырлы мінезіне басып, қашан болсын сарқып сөйлейтін Салық ағаның осы бағасының өзі неге тұрар еді?!
«Сағадиев өзінің дарыны мен қарымының ерекшелігін, өзінің кім екенін іштей құндай алатын адам. Шешуші сәттерде қолында билік барлар беделімен басып, көңіліне қонбаған істі орындатпақ болса, қыр көрсетіп қарсы шығатыны да сондықтан болар», – деген зиялы пікірді академик Төрегелді Шарманов айтса, әрине тіптен орынды.
Құбылмалы заманның құйтырқы пенделерінен болатын қысас пен қыспақ, кедергі мен тосқауыл арғымақ текті азаматтың адымына әсте де тұсау болған емес. Анау бір жылдары Сағадиев Ұлттық Ғылым Академиясының президенті болған кезеңде өзі соны түсінді және өзгелерге мойындатты. Кенжеғали Сағадиев осынау абыройлы атқа ие болған аяулы азаматты біздің қоғамның еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін біледі десек артық айтқандық емес.
Кенжеғали аға – терең зерделі философ адам. Ол хакім Абай әлемін зерттегенде, тереңінен қазып тебірене сөйлеп, телегей-теңіз білімнің қиясынан сермейді. Абай туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ қой. Алайда, Кенжеғали Сағадиевтің өз Абайы өзінше сөйлеп, өзінше ақыл ұстайды. Жалған тамсанудан, жадағай таң қалудан ойын аулаққа салған зерттеуші оқырманын биік талғамның заңғар шыңына қарай еріксіз ерте береді. Қашан болсын мансабы барлардың жанында жалтақ, төмендегілердің алдында жарапазаншы болып та көрінгені жоқ. Мұнсыз да қоғамның сау ағзасына түскен кесел – індет аз ба еді?!
Адамзат баласының бар ізгілік гуманистік идеясына тұнып тұрған баяғы саналы қазақтың салты мен дәстүрінің жоққа шығарыла бастауы кімді толғандырмас дерсіз?! Соны ойласа болды кей кездері өз ойынан өзі қашып, жан жұбатар дүниелерді оқитын болып жүр. Сол оқығандарын көңіліне тағы да тоқиды. «Ақылды деп, арлы деп, ақ пейіл деп, мақтамайды ешкімді бұл күнде көп»,–дейді Абай. «Әділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді», –деп Ахмет Байтұрсынов қалай ғажап айтқан! «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушысы – халық», – деген сөзді Саққұлақ шешен де орайын келтіре ойып айтқан екен.
Таусылмас ақыл иесі Кенжеғали Сағадиев жігіттің жолын бөгеп, қолын қысқартып, қара басына сор боп жабысатын тоғыз жауы бар екендігін ертеден-ақ мына бір өсиет сөзден біліп өсті. «Басты жауың – жалқаулық, сорлататын жаныңды»,– деп басталары бар сол өсиеттің! Осалдығың – аңқаулық, соқтыратын саныңды, жасқаншақ болсаң, ұры алар қорадағы малыңды, жасықтық жалатқызбас – аузыңдағы балыңды, өтірік айтсаң – өңмеңдеп, жоғалтарсың арыңды, өсек терсең телмеңдеп, суға кетірер салыңды, көпірме босқа мақтан ғып, түкке тұрмас барыңды, көрінгенге жалтақтап, бола алмайсың жағымды, біреуді алдап-арбаумен аша алмайсың бағыңды», – дегенді айта отырып, дана халқымыз осы бір дұшпандық қасиеттерден өз ұрпағын әрдайым сақтандырып отырғандығы да бар. «Анаң үшін аянба – ант ұрады, балаң үшін аянба – бетің күйеді, елің үшін аянба – ерлігіңе сын, жерің үшін аянба – жігіттігіңе сын», – дегенді де оқып, бұған да еріксіз таң қалып, жадында ұстап қалғаны да бар.
«Рахат іздесең бейнетінен қорықпа, қуаныш іздесең қайғысынан қорықпа», – деген дана қазақтың мұндай ұлағатты сөздерін ой санасынан тағы бір өткізер болса, бағзыдан бері ел ішінде жазылмаған заңға айналып, санаға берік орныққан тәмсіл сөздер мен тәлімгер ұғымдар аз емес екен-ау! Сан ғасырлар қойнауынан жеткен халқымыздың шешендік сөздері мен билер шешімі осының айқын дәлелі бола алар еді.
Кезінде кәнігі парламентші болып қалыптасқан Кенжеғали Сағадиев еліміздің бұл биік мінберінен келелі ой да айта білді. Сол сөздерінің барлығында да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ойын халыққа кеңінен жеткізіп, ғылыми сараптамалар жасап, талай бір ұсыныстарымен халықтың мүддесін қорғап, қайткенде оң нәтиже шығаруға әрекеттенді. Ел есінде қаларлық көп іс тындырды. Әдетте, депутаттың алдына түрлі шағымдарымен де, ұсыныс, өтініштерімен келетіндер де аз болмайды. Әсіресе, сол тұста өзі депутат болып сайланған Қостанай облысының Жангелді, Амангелді аудандары мен Арқалық қаласынан елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының құлдырауына байланысты келген азаматтар көп болды.
Торғай облысы таратылып, бағы тайып, бабы кеткен туған мекені Жангелді, Амангелді аудандары болса ендігі Қостанай облысының ең бір қиыр шетінде қалып қойды. Арақашықтық бес жүз шақырымды құрайды. Темір жолды айтпағанның өзінде, автокөлік жүрер дейтін қара жолдың өзі қиындық тудыратын елді мекендер қыстың қақаған суығында мүлдем байланыссыз қалады. Денсаулық сақтау саласы құлдырағанның үстіне құлдырап кеткен-ді. Ата кәсібі – мал өсірудің өзі тиімсіздікке айналып, тұрғындардың көбі басқа жаққа қоныс аударуға мәжбүрлі болған. Ауыл мектептерінің материалдық базасы сын көтермейтін жағдайға жетіп, заманауи жетістіктердің иісі де сезілмейді. Жастардың қолы бос, жұмыссыздық белең алған, тұрғындарды арнайы кәсіп пен орта шағын бизнеске бейімдейтін кәсіби-техникалық оқу орындары атымен жоқ десе де болады. Үкімет басшысымен болған бір кездесуінде қашанғы азаматтық ірілігіне басып Сағадиев осы мәселелердің барлығын да айта білді. Әлі күнге дейін шешімін таппаған шалғайдағы ауыл мәселесін көтерді.
Үкімет басшысының назарына нақтылы не істеу қажеттілігін де жайып салды. Басты міндет кәсіпорындарды жаңартып, бизнестің қала аумағындағы тиімді түрлерін ойластырып, соны үйлестіріп те реттеу қажет. Көпшілікке не қажет, олардың сұраныстары қандай? Міне, солардың барлығын да електен өткізіп, халықтың ыңғайына бейімдей отырып шағын және орта бизнес түрлерін дамытуға ықпал ету де қажет болатын. Жер-жердің географиялық жағдайларын да ескеріп, олардың өз төңіректеріндегі аудандармен байланысын нығайтып, Арқалықты сол өңірдің мәдени- әлеуметтік орталығына айналдыру ойын да жасырмады.
Академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев тек білгір экономист қана емес, ол ана тілінің жанашыры ретінде де танылып келеді. Ұлттық тілдің халін тілге тиек етіп, Мәжіліс отырыстарында талай рет сөз де қозғады. Аттандағанмен, айқай салғанмен де бүгінгі және ертеңгі күндері шешіле қоймайтын бұл шетін мәселеге ақылмен, өзіне тән сабырмен үн қосты. Сөз көп те, іс жоқ! Ойлап қараса, тілге қатысты шаруаның үлкені мен кішісі жоқ сияқты.
Арғы-бергі тарихта қазақ руханиятының көшбасшысы, көсемсөзші һәм көреген білгірі, абырой-беделі, алтын діңгегі бола білген Ахаңның, Ахмет Байтұрсыновпен жерлестігі өз алдына бір басқа да, сол Байтұрсынов пен Сағадиевтің аталас-ағайынды болып келері зор мақтаныш әрі зор абырой болса керек-ті. Әлі де болса Алаштың Ахметінің өз дәуірінің қойнауы мен тарих еншісіне сыймаған сом тұлғасы түгелдей танылмай отырғандығы және де ұлт көсемі ретіндегі де өз бағасын толық ала алмай келе жатқандығы да Кенжеғали ағаның бір бүйіріне шаншудай болып қадалып келе жатқаны да бар.
Көне Торғайдың қасиетті де киелі топырағынан жаратылып, түлеп ұшқан кешегі Ахаңдардың – Ахмет Байтұрсыновтың бүгінгі дәстүрлі жалғасы, солардың көзі іспетті Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің өз өмір жолы да, тағдыр талайы да, тамаша ғұмырнамасы да кез келген жан иесін қызықтырары да, сүйсіндіріп, таң қалдырып, тамсантары да ақиқат.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кенжеғали Сағадиев ХХ ғасырдың диалектикасы мен қарама-қайшылықтарының, утопиясы мен антиутопиясы, социализмі мен антисоциализмінің күрделі мектебінен өткен қазіргі кезең ұрпағының, демократия мен ұлттық көксеулер жолында өткерген және өткеріп жатқан өзінің рухани өзегіндегі қобалжуларын, қарама-қайшы қарсылас дәуіріміздің өзара ықпалдастығын сезінген ұрпақтың тарихындағы қайталанбас ғажайып өкілдерінің бірі».
Шыңғыс Айтматов.
«Қабылсаят суындай шарапатты дәмге ие қасиетті Торғайдың мөлдіріне қанып, қазақтың іргесін бүтіндеп, туын тіктеген Жәнібек Қошқарұлының өрбіген алтын тамырынан түйнек салған мәуеге лайық нәрлі де нұрлы дәурен кешіп келесіз. Ұлтымыз ең қиын өткелектерден өтіп, ең биік мерейлерге жеткен жиырмасыншы ғасырдың әрі сүрең, әрі терең тарихында Абай, Ахмет, Шәкәрім, Міржақып, Мағжан, Әлихан, Қаныш, Мұхтар, Бауыржан, Әлкей, Сәбит, Ғабиттер ат байлаған асқақ абырой сөресіне өз тұлпарыңызды сіз де бекем байладыңыз. Алдыңыздағы бабаларыңыз бен ағаларыңыздай бәріне де өзіңіздің емес еліңіздің, өткіншінің емес мәңгіліктің қамын жеген қажырлы еңбегіңізбен, саф талантыңызбен, сақи адамгершілігіңізбен жеттіңіз. Жиырма бірінші ғасырға Тәуелсіз Қазақ Мемлекетінің ірге тасын қалаушылардың, Азат Қазақ ұлтының рухани көсемдерінің бірі болып аттап отырсыз. Өкінішіңіз жоқ. Арманыңыз көп. Дегеніңізге жетіңіз! Аға жасындасыз. Баба жасына келіңіз! Асқар таудың басындасыз. Ұшпақты да көріңіз! Дүние тұнғанша тұрыңыз!
Әбіш Кекілбайұлы.