«Мамандық таңдау марафоны»
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауының ЖЕТІНШІ қадамы жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету және өнімді жұмыспен қамтуды дамытудың шеңберінде «EDTECH» Халықаралық білім беру орталығы, Алматы қаласы білім беру басқармасы және Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі бірлесіп «Мамандық таңдау марафоны» атты инновациялық әлеуметтік жобасын жүзеге асырды.
Дүниежүзінде 15-24 жас аралығындағы 75 миллионға жуық жастар жұмыссыз. ҚР «Атамекен» ҰҚП мәліметі бойынша елімізде жыл сайын 354 мың оқушы мектеп бітіреді. Мектеп бітіргеннен соң арнайы орта білім беретін және жоғары оқу орнына оқуға бармайтын жастардың саны – 21 мың.
Қоғамдағы әлеуметтік, саяси, экономикалық жағдайдың төмендеуі мамандардың да салғырттығынан. Оған жастардың мамандық таңдауда қателесетін жағдайларды қосыңыз. Қарым-қабілетін, қызығушылығын, белгілі бір мамандыққа деген өз бойындағы ерекшеліктерін айыра алмағандықтан, асығыс шешім қабылдау және таңдауды көп жағдайда өзі жасамағанының соңы – жастардың жеке басына ғана емес, мемлекетке, қоғамға кері әсер ететіні анық.
«Мамандық таңдау марафоны» – инновациялық әлеуметтік жоба. Төрт кезеңнен тұратын жобаның алға қойған мақсаты оқушыларының мамандықты дұрыс таңдауына кәсіби бағдар беру.
Бірінші кезеңінде үш жүзге жуық мектеп мұғалімдері мен психологтары кәсіптік бағдар берудің жаңа түрлері мен нәтиже беретін тәсілдері туралы курстан, желтоқсан айында қаламмыздағы төрт жарым мыңға жуық мектеп бітіруші түлектер онлайн түрінде кәсіби диагностикадан өтті.
Марафонның үшінші кезеңінде, 27-28 ақпан күндері «Мамандық таңдау марафоны» деген тақырыппен форум ұйымдастырылды. Форумға 8000-нан аса мектеп оқушылары, Алматыдағы төрт профильді оқу орны қатысты. Шара барысында баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, жобаның аясында жарыққа шыққан «Мамандық таңдау кілті» атты тренер-кітаптың таныстырылымы болды. Баспасөз конференциясына жобаның негізгі үйлестірушісі – «EDTECH» Халықаралық білім беру орталығының директоры Ғани Бектайұлы, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Ахетов Мамай Кеңесұлы, Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің өкілі Ғазиза Құдайберген қатысты. Жобаның маңыздылығы, қажеттілігі және күтілетін нәтиже туралы айтылды.
Форум барысында ірі оқу орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, эксклюзивті презентациялар жасалып, әр мамандықтың қыр-сыры туралы толықтай мәлімет берілді.
Жобаның төртінші кезеңі жоғары оқу орындарындағы ашық есік күндерімен жалғасатын болады.
Күтілетін нәтиже: Кәсіби бағдар беретін мамандардың көбеюі, мектеп бітірушілерге мамандығын саналы түрде таңдауға кәсіби бағдар беру, жоғары оқу орындарының контингентін жақсарту, жалпы қоғамдағы адам капиталының сапасын жақсарту.