
Киелі Тарбағатай тауы талай тарланды өмірге әкелді. Сол Тарбағатайдың бір баурайында жазда бүлдіргенді майсасына аунап, қыста қалың қарын омбылап өсті бір ұлан. Әрбір перзент Алланың жаратуымен, туған табиғаттан нәр алып, ата-ананың мәпелеуімен өсіп ержетеді. Мына бір жыр шумақтарын оқыған адам оның кім екенін жазбай таниды.
Есіме келіп түсті-ау дала тағы.
Даланың түйе баққан қара шалы.
Мына аязға мыңқ етпей шауып жүр ме,
Сілкініп, сілкінгенде сары атаны,
Қабырғасы қайысып қауға тартып,
Тілініп кеткен шығар алақаны,
Мына қыс сені еске түсірді ғой,
Қазақтың қайсар туған қара шалы.
(Қыс пен шал).
Немесе:
Тәте, тәте,
Тәте, тәте, тәңірім!
Саған жетсін сағынышым, бар үнім,
Самал ессін сар даланың үстімен,
Сағынышын жыр еткенде қара ұлың.
Сағым ішін араласын құлының,
Тағы да иісін алпыс екі тамырың,
Мен өйткені тамырыңның қанымын,
Мен өйткені сағыныштың сазымын.
Мен едім ғой меңсіз қараң үкілі
Берсін дейтін арғымақтың арынын.
Тәте, тәте, тал бесікке сүйеніп,
Қалғыр едің, көкірегіңе күй еніп,
Біздер сенің кіп-кішкене арқаңа
Қанша ұйқысыз түндерді әкеп тиедік.
Жетім қалған боталарға сүт беріп,
Өсірген де сен едің ғой түйе ғып.
(Анама ашық хат).
Осынау ағылып, төгілген ақпа жыр жолдарын туғызған ақынның балалық шағы, оның өзін өмірге әкелген ата-анасына деген ғажайып сағынышының өзі қылаусыз табиғаттың ақ қарындай ақтарылып тұр емес пе?! Бұл – түйеші қарт Рахметолла ақсақал мен Ақсуаттағы абзал ана Бихан шешейдің ақын перзенті Әбубәкір Қайран ғой деп дөп таныр өлең сүйер қауым. Иә, түйелі ауылда бота болып ойнақтап өскен, қазақтың қормалы асыл сөзінің мәйегінен қанып ішкен, Тарбағатай ананың уызына жарып еміп өскен ұл ғой ол – дер біреу.
Ескіше хат таныған, Құран кәрімді түпнұсқасынан оқыған Рахметолла қария ақпанның наурызға ұласар шағында дүние есігін ашқан ұлына Әбубәкір деп азан шақырып ат қойды. Сосын әкесі де, анасы да, Қалихан, Азат ағалары да, тіпті түгел ауыл-аймақ, бота-тайлақ ол баланы «Әбіш» деп атап кетті. Сол уақыттан бері оның есімі – Әбіш.
Әбіш жастайынан еңбекқор, елгезек, қайратты, шымыр болып өсті. Жалаң аяқ жер кешіп, қызыл аяқ қыр кешетін нағыз дала баласы болып ержетті. Мектеп барды, зерек болды. Әсіресе әдебиет пәніне ерекше құштар болды. Ол кезде Семей өңірінде мектеп бітіргендердің көпшілігінің аяғы аяулы Алматыға жете бермейтін. Онсыз да руханияттың орталығындай Семей шаһары. Әбіш те алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала дегендей, білім қуып Семейдің педагогикалық институтының «Тіл-әдебиет» факультетіне жолы болып жоғары оқуға түсті. Қайран сол кездегі Семей! Онсыз да көне көшелерін Абай рухы кезіп жүретін киелі шаһарда әдебиет пен мәдениеттің небір марқасқалары жүретін. Дәл сол кездері қазақ өлеңіне реформа жасаған дарын иесі Төлеужан ақын, « қазақ вальсінің королі» деп Мұхтар Әуезов атап кеткен Бекен Жамақаевтар, домбыраны қолға алып ешкімге ұқсамайтын мәнерімен нақышына келтіре ән салатын Мәдениет Ешекеев, «Тау самалы» деген бір әнімен-ақ таңдай қақтырған Болат Сыбановтар көшесінде жүретін Семей! Аякөзден Тәңірберген Әміренов, Көкпектіден Қалихан Алтынбаев, Жармадан Мәуітқазы Зүкенов, Шұбартаудан Мұрат Тоқтаров келіп дүркіреген ақындар айтысын өткізіп жататын Семей! Асылдың тұяғы Ахат Шәкәрімұлы, аңыз ақын Шәкір Әбенов, аса талантты әдебиет сыншысы Төкен Ибрагимов, Абайдың жиені Балтабек Ерсәлімов, Абай мұрасын және мектебін терең зерттеген ғұлама Қайым Мұхаметхановтар орталық саябақтағы «Қымызханаға» жиналып өткен кеткенді түгендеп әңгіме дүкен құратын Семей! Мерғали Ибраев, Қайролла Әліпбаев, Қашаф Туғанбаев, Ақылбек Манабаев сияқты ақындары бар, Медеу Сәрсеке, Роллан Сейсенбаев, Ғазиз Сапаев, Кәмен Оразалин секілді жазушылары бар, Теміржан Базарбаев, Мейрамбек Жанболатов, Тұрсынғазы Рахимов, Келденбай Өлмесеков, Баян Сағымбаева, Бақыт Шағатаева сияқты өнер тарландары, Күләш Сәкиева, Бекен Имаханов, Бәйтен Омаров, Есмұқан Обаев, Әнуарбек Иманғожин, Жұмабек Қамбаров сияқты әртістері жиналған Семей!
Міне осы аңыз қала, абыз қала Семейге көп студенттердің бірі болып Әбіш те жетті. Алдарынан дәріс оқитын Қайым Мұхаметхановтың өзі, деканы Араб Еспенбетов, кафедра меңгерушілері Қинаят Шаяхметов, Қуандық Мәшһүр Жүсіпов, шықты.
Әбіштің қасында Айбек Сапышев, Қыдырбек Батыров, Ғабит Сапаров, Әбіл Қасымов деген кіл талантты жігіттер қосылып, жатақханада, қымызханада, кездесу кештерінде, Семей кітапханаларында, Абай музейінде дүрілдетіп жыр кештерін өткізетін болды. Сондағы Әбіштің қасқайып тұрып оқитын өлеңдері:
Ағын. Ағын.
Өмірдің бәрі де ағын.
Осы ағындар қалдырар жазып әнін.
Осы ағындар от өзен секілденіп,
Ошағыңның орайды жалындарын.
Осы ағындар озған ат, жеңген ердің
Мәңгі қорғап қалады ар-ұжданын.
Ағын. Ағын.
Ақынның жаны да ағын.
Қара сөзбен қалдырар қазына мың.
Ағын емей немене ағылған тіл
Уын сыртқа шығарар бар ызаның.
Ағындардың ішінде ақ бас толқын –
Ақындардың ішінде табынарым.
Ағындардың ішінде ақкөйлек қыз –
Арулардың ішінде табынарым
Ағындарды аралап бара жатыр
Өз жүрегім, өзімнің арым – жаным.
Арын керек ағынның барлығына,
Ей, бұлттар арқаңды сабындағын,
Нөсеріңнің төккейсің бәрін-бәрін, –
деп бірде арындаса, енді бірде:
Жусан. Жусан.
Ақ жусан, иісің қандай?
Сылқым емес,
Сыршылдау сиқың бардай.
Жұпарыңды жұта алмай
Жүрмін қазір,
Содан болар тұрамын ұйқым қанбай.
Шырылдауық торғайың
Шырқыңды алмай,
Қалды-ау, шіркін, керемет жыр тыңдалмай.
Ол күн қандай, айтшы өзің,
Бүл күн қандай,
Саған қарай жүрегім бұлқынғандай, –
деп төгілдіретін.
Адам ғұмырының табиғаттың өзінде сан тарау суреттері бар. Нағыз ақын соның бәрін қалт жібермей қағып түсіретін қыран сияқты. Оның жастық пен кәрілік туралы табиғаттың өзінен тартқан бір сыралғы сыры былайша өріледі:
Шеруқұмар,
Шері жоқ от күй едім,
От күйіме бұл күні көп күйемін.
Көк ши едің сен-дағы көлбедеген,
Ақ ши бопсың, көзіме дөп тиерім.
Тіршілік ең тіреген көкке иегін,
Ақ ши бопсың, кайтейін, көк ши едің!
Осынау отты жырларын бірінен соң бірін туындатқан ақын Әбішті Семей аспаны тік көтеріп қоңырқазы етіп самғатты, ол өлең оқыған жер дүр сілкінді, Ертістің қос жағасы қоңыраулата қол соқты. Сөз қадірін ғажап түсінетін Семей жұртының үлкен-кішісі «Қазақ өлеңіне аса талантты Әбубәкір Қайран – деген ақын келді!» – деп айдай әлемге паш етті. «Семей таңы», «Ертіс өңірі» газеттерінде оның өлеңдері жарқ-жұрқ етіп шығып жатты. Сол студент кезінің өзінде оны бүкіл қала түрінен танитын. Сондықтан да болар ақын жүрегі сүйікті шаһары туралы:
Қанаты ұшқан қатайып,
Балапаныңмын мен сенің.
Алысқа кетсем несі айып,
Аңсарым сенсің, еңселім.
Өнерге жер көп өте бай,
Өтері сенен жоқ бірақ.
Алмауыт жырдың мекені-ай,
Жетемін саған отсырап.
Қазақтың атын паш еткен,
Туғызған ұлдар ең дана.
Атаққа жұртты мас еткен,
Ардағым, Семей, сен ғана.
Жүзімді жуған самалың,
Шашымды тарап желкемің.
Булайды кейде жанарын,
Бұзықтау туған тентегің.
Ұштым мен қанат байланып,
Қоңыр қаз болып жеттім мен.
Төбеңде жүрдім айналып,
Жыр болып сонда кеттім мен.
Сағыныш жырын толғасам,
Таусылып болмас, не дейін.
Егер де өзің болмасаң,
Болмас ем мен де, Семейім! – деп ағынан жарылады.
Әбіштің тағдыры – нағыз ақындық тағдыр. Мен білгелі ол өзінің сол ақындық тағдырына бас иген, ақындық тағдырын еш уақытта не қулық, не сұмдыққа сатпаған азамат. Ал жалпы біздің қоғамда ақын боп өмір кешу мүмкін еместей көрінеді. Өйткені ақын – соншалықты аңғал, тіпті бейкүнә нәресте сияқты. Оның кейде ішек-сілесі қатып күлгісі келеді, кейде өксіп тұрып жылағысы келеді. Қоғамда болып жатқан қатыгездіктерге төзе алмай, не болса да бетке айтып салады. Сосын ертесіне ештеңе де болмағандай, өмірдің өз әуеніне ілесіп келесі өлеңін өбектеп отырады. Оның Алматыға келуі де – сол ақындық тағдырының сыйы. Семей пединститутын бітірмей тұрып, өзімен бірге оқыған әдебиет пәнінің мұғалімі Гүлзия Ауқашевамен тағдыр қосты. Сөйтті де ерлі-зайыпты екеуі жолдама берілген Алматы облысы Күрті ауданының Қаскелең-Топар ауылындағы орта мектепке тартып отырды.
Бұл жерде де оны ақындық тағдыры қарсы алды. Осында жүріп Нүсіп Әбдірахимов, Жолболды Ысқақов, Есенқұл Жақыпбеков, Ратбек Терлікбаев сияқты жаңа достар тапты. Олар да Әбішті ортаға алып, өлеңдерін ерекше қабылдады. Отырған отырыстарында көкке көтерді.
Айтпақшы, алғашқы кітабы студент кезінде 1980 жылы «Жалын» баспасынан «Бастау» деген сериямен жарық көрді. Кітаптың редакторы ғажайып ақын Өтежан Нұрғалиев болды. Өтежан ақынның қазақ поэзиясында қайталанбайтын із тастаған «Соғыстың соңғы жазы» балладалар кітабы мен «Таңдамалы» лирикалық жинағы өз алдына, ол кісінің тағы бір үлкен ерлігі – қазақ поэзиясына кілең талантты жастардың тұңғыш кітабын шығарып бергендігі еді. Олар Есенғали Раушанов, Мейірхан Ақдәулетов, Қасымхан Бегманов, Әбубәкір Қайран,Шәмшия Жұбатова, Әділғазы Қайырбеков, Бектұрсын Тұрлыбеков, Нұртас Исабаев сияқты бүгінгі поэзиямыздың тұғырлы тұлғаларына айналды.
Бір жәйт есіме түсіп отыр. Әлгі тілдей кітаптар 80-ші жылы оқуға түскен біздің толқынға қатты әсер етті. Әбіш кітабының аннотациясында Өтежан ақын: «Бұл – қазақ поэзиясына келген құбылыс», – деп баға берген. Жастанып оқыдық, жаттап оқыдық. Сол кітаптардың сыртында кішкентай ғана әр ақынның суреті берілген болатын. Әбішті де сол суретінен көргенбіз. Бірде ақын досым Қайрат Әлімбек екеуміз Алматының бірінші вокзалына барғанбыз. Вокзалдың сыртындағы көк тастың үстінде әлдекімдермен әңгімелесіп ақ шолақ жең көйлек киген бір таныс бейне отыр. Біз оқыған кітап тысындағы суреттен аумайды. Сосын жақындап барып: «Сіз, Әбубәкір Қайрановсыз ба?» – дедік. Ана жігіт таңырқай қарап, «Иә!» – деді. Біз өзіміздің аты-жөнімізді айтып, оның кітабын оқығанымызды, сол арқылы білетінімізді жеткіздік. Сөйтіп алғаш рет Әбішпен танысқан едік. Оған тура 38 жыл өтіпті. Зымыраған уақыт-ай десеңші! Ол кезде Әбіштің Күртіде жүрген кезі екен. Кейіннен Алматыға келіп, «Балдырған» журналына қызметке орналасты. Алғашында «Таулы қырат» жақтағы Уәлиханов көшесінде пәтер жалдап тұрды. Біз тұратын ҚазГУ қалашығына таяқ тастам жер. Сабақтан қолымыз қалт етіп, қалтамыз таязданып, қарнымыз ашса, бүкіл ҚазГУ-дің ақын атаулысы түгел Әбіштің пәтерінен табылатынбыз. Қайрат Әлімбеков, Бауыржан Үсенов, Есжан Айнабеков, Бейбіт Құсанбек, Нұрлан Мәукенұлы, Мұратбек Оспанов, Светқали Нұржанов… әйтеуір қалам ұстағанның бәрі сол үйден табылушы едік. Бәрінен де кереметі – сол пәтерде Әбіш пен Гүлзия біздің талай балауса өлеңіміздің кіндігін кесетін. Әбіштің Алматыға сіңіп кетуіне екі адам ерекше қолғабыс жасады. Ол кезде Алматыда тұрақтап қалу өте қиын еді. Біріншісі – «Балдырған» журналының бас редакторы, абыз ақын Мұзафар Әлімбаев ағамыз да, екіншісі – «Қазақстан мектебі» журналының бас редакторы Сайраш Әбішева апай.
Кейіннен Әбіш Алматының Кіші станица аумағының Халиуллин-Гурилев көшелерінің қиылысынан шағын жер үй сатып алды. Ендігі Алматының ақындарының түгелге дерлігі бас қосатын бас штабқа айналды ол үй.
Осы үйге қазақтың бекзат болмыс шайыры Жұматай Жақыпбаев та келетін. Бірде қыстың көзі қырауда Жұмағаң қасында Есенқұл Жақыпбеков екеуі келіп тұр. Біз болсақ, Бауыржан Үсенов, Талғат Кеңесбаев, үшеуміз сол үйде қыстап жатырмыз. Сол кезеңдерде Жұмағаңның атақты жыр «Қағанаты» құрылды. Өзі – қаған. Мейірхан мен Әбіш – илхан. Қалғанымыз бір нөпір нояндармыз. Бас қоса қалған жерде қазақтың әні шырқалады, текеметті жайып салып қазақ күйлері шертіледі, сосын әрқайсымыздың желсіз түнде туған Айдай өлеңдеріміз оқылады. Жұмағаң біздің мінезімізді, жастық өзеуреген екпінімізді көріп ішек-сілесі қатып күлетін. Ол бір дәурен еді!
Бір жазда небәрі 45 жасында Жұматай ағамыздан көз жазып қалдық . Бұл біздің бәрімізге ауыр тиген қайғы болды. Қоштасар сәтте арамыздан суырылып шығып Әбіш жоқтау өлең оқыды:
Арамызда ар едің ғой, Жұма-аға-ай,
Жаңа жауған қар едің ғой Жұма-аға-ай!
Қайыспайтын нар едің ғой, Жұма-аға-ай,
Кеше ғана бар едің ғой, Жұма-аға-ай!..
Біз жетім қалған ақындар түгел көкірегімізге ащы өксік кептеліп, өксіп тұрдық….
Әбіш ақынның төлқұжатындай жырлары көп-ақ. Солардың ішінде «Қасқыр» мен «Аспанның» орны бөлек.
Айтсаңшы, Ай,
сен бәріне куәсің ғой,
Куәсің…
Мен өлемін,
Ал сен қайта туасың…
…Мен – бақытсыз!
Сен не дейсің жарық Ай?
Халім бітті…Көрінесің…
Көрінесің тарыдай – классика емес пе?
Кейінгі жылдар бедерінде Әбіш кең тынысты эпикалық дастандар да жазып жүр. Соның ішіндегі бас-аяғы жұп-жұмыр дүниесі – «Кенесары» тарихи дастаны. Мұнда ақынның кең құлашты поэтикалық қуаты еркін ашылады. Мұнда кең полотнолы қазақ тарихы да, образдар мен персонаждар шоғыры да, шұрайлы тіл мен шырайлы шумақтар да, кешегі өткен жырау бабалар поэзиясынан нәр алған, төгіліп түскен тұтас эпизодтар мен нақты деректерге құрылған дәйектер де, тұтас алғанда тарихи – көркемдікті бойға сіңірген монолог-толғаныстар да бар.
Қыркүйек қыржиып тұр, дала сары,
Ұлытау көкжиекпен таласады.
Мың сегіз жүз қырық бір – сиыр жылы –
Хан болған сәті осы еді Кенесары.
***
Мың жеті жүз сексен бір – ұлу жылы,
Қазақты қатты соғып, сүріндірді.
Абылай ақ ту тіккен ақ орданы
Қайтадан тіктелместей бүліндірді.
***
Зеңбірек кең далаға сұғынғалы,
Қазақтың шырылдады шыбын жаны.
Тағдыры тастай қатып тарпаң елдің,
Дауысы шыққан кезі құлындағы.
***
«Қазағым, қайғым сенсің, қарағым-ай,
Оң жақтан соғар қашан самалың-ай!»
Деп өксіп, есін жиса, табынып тұр,
«Кенеке, аттан түс», – деп ер Ағыбай.
***
Сұңғақ бойлы Наурызбай – сымбатты жан,
Ат үстінен түспейтін күнқақты жан.
Сайыпқыран сарсадақ, сайгез атқан,
Сілтеп те ұрған найзасын, ырғап та ұрған
***
Әлидің жүзі балқып, албыраулы,
Мойнында алтын медаль салбыраулы.
Қазақта бұл атаққа жеткендер аз,
Мынандай алтын тағып қарғыбаулы.
Осындай ойып-ойып алсақ та, тарихтан көп сырды аңғартатын, ерлік пен өрліктің, адалдық пен бірліктің, жағымпаздық пен сатқындықтың ғасырлар өтсе де өшпейтін бейнесі хатқа түсірілген бұл поэманың көтерер жүгі ересен. Кешегі Қалижан Бекхожиннің «Батыр Науан» поэмасынан кейінгі бұл тақырыпқа еркін құлаш ұрған Әбубәкір Қайран екеніне көз жеткізесің. Оның «Низам» атты дастаны да Әз Тәуке хан шығарған «Жеті жарғының» тарихи маңызын шынайы аша білген шығарма. Ал Қара керей Қабанбай туралы жазылған «Ерасыл» шағын дастаны – бір кездері өз әкесі Рахметолладан естіген аңыз әңгіме желісімен баян етіледі.
Өзінің өлеңдегі қадір тұтатын Өтежан ақынның жолын жалғастырып жазған бірнеше сюжетті жырлары өмірдің дәл өзінен алынғандығымен де құнды. « Біз көрмеген бір өмір», «Қайырсыз дорба», «Бота мен қауыншы», «Жесір», «Қара ит туралы хикая», «Өкше», «Изеңбайдың гармоны», «Ала биенің ажары», «Түйелер трагедиясы» балладалары сол сөзіміздің дәлелі. Ал «Сіргелі Елшібек батырдың Түркістанмен қоштасуы», «Албан ұзақ батырдың ақырғы сөзі», «Қоржындағы бас» сияқты тарихи жырларында қазақ тұтастығына сызат келтірмейді.
Тұтас аллитерация мен ассонансқа құрылған «Төртеу» топтамасында «Жер өлең», «Су өлең», «Тас өлең», «Көк өлең» ақын шеберлігінің алуан қырын айғақтап тұрғандай.
Әбіш балаларға арнап бірнеше өлең кітаптарын берді. Оның бүлдіршіндердің тілін сындырған, ана тіліміздің қадір-қасиетін айбаттандыра түскен төгіліп түскен, балалардың жаттауына жеңіл шумақтары өз алдына бөлек талдап, таразылауға негіз бола алады.
Көркем аударма саласында да тер төгіп, француз ақындары Луй Арагонды, Шарль Вильдракты, Робер Гаизоны, Эжен Гильвикті, Иван Голльды, Пьер Жан Жувты, Рене Ги Кадуды, Поль Элюарды, Пьер Эммануэльді, Пьер Юникті қазақ тілінде сөйлетті.
Ал Чеслав Милош, Вислава Шимборская, т.б. танымал поляк ақындарын қазақшаға тәржімалағаны үшін Польша Республикасының «Поляк мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін» орденімен марапатталды.
Еліміз тарапынан да оның еңбегі еленіп «Құрмет» орденін иеленді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды.
Аспан!
Ақ таңдағы аспан,
Ақпандағы аспан,
Бақытқа батқандағы аспан,
Құса боп жатқандағы аспан.
Менің саған шағатын бір мүңдарым бар еді,
Аспан!
Менің сенен алатын жұлдыздарым бар еді.
Аспан!
Мен сені көктемде күліп көрдім,
Көк белде тұрып көрдім.
Құстарыммен қоштасып тұрғанымда
көрдім,
Дүшпаныммен достасып тұрғанымда
көрдім,
Мен сені әлі де көрсем деймін,
Тек сені көріп жатып өлсем деймін! – не деген рухты өлең, не деген еркіндік!
Қазақтың өзіндей еркіндік! Ұйқас қуып, тармақ санап, бунақ өлшеп тұрған жоқ. Шіркін өлең атаулының бәрі ақынның жүрегінен осылайша алғаусыз төгіліп сала берсе ғой шіркін дерсің! Бірақ бұлайша жазу үшін Әбіштей маңдайлы ақын болуы керек-ақ.
Басар жерің, көрер Аспаның таусылмасын, ақын Әбіш!
Бауыржан ЖАҚЫП,
Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының және
М.Мақатаев атындағы сыйлығының лауреаты.
Баянғали ӘЛІМЖАНОВ
Шұбаттан шыққан…
Әбубәкір Қайранға.
Шеңгелмен ойнап,
Жантақта жатқан жантайып,
Уызға тойған
Ботадай бұла, балпайып,
Тәртіпті топта
Түседі көзге тұлғасы,
Тарбағатайдың
Тасындай қожыр талпайып.
Айналған өлең,
Байырғы балбал қайда дер,
Ақ боран соғып,
Айтқандай сәлем айға жер,
Қайран ел жоғын
Уайымдап жырмен іздеген,
Қайнары мөлдір,
Қайрағы қатты қайран ер!
Қолқаны қауып,
Жұлдызсыз түні қаланың,
Ақынның бейуақ
Тауыспай қоймас амалын,
Тойотадан да
Тай-атан артық көрініп,
Тротуар теуіп,
Іздеген түйе табанын.
Түйеші шалдың
Түгесіп ішкен шұбатын,
Даладай ақын
Далада ғана туатын,
Қазақы сөздің
Мәйегі сіңген майталман,
Қымыздан, яки,
Шұбаттан ғана шығатын!
Табиғи қалпын
Бұзбаған бүлде жамылып,
Көлеңке түсіп,
Көрмеген іші тарылып,
Түйенің сүті,
Киелі құты дем беріп,
Ағарған ішіп,
Ағынан жүрген жарылып,
Қабағы түсіп,
Қабаржып кейде құлазып,
Қабырға – қамал,
Бұзғысы келіп қағынып,
Бұрқырап буы,
Шудасы тудай жалбырап,
Қаңтарда қайнап,
Бурадай бұлтқа шабынып,
Азуы қақсап,
Аяғы ақсап қақпаннан,
Шықса да асқақ,
Қасқырдай көкке табынып,
Асығып қуып
Адасып қалса сағымнан,
Асыра жырлап,
Аспанын жүрген сағынып,
Жол ұзақ, әлі,
Өрлей бер, ақын, алдыңда,
Өмірдің бәрі
Ағын боп… өлең ағылып!
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.