Жұмабек Табын,
Б.Майлин қорының директоры.
Жазушылар одағында өткен қайбір күнгі жиында Нұрлан аға Оразалин өзінің келесі науқанға түспейтінін айтыпты. Содан бері қызу әңгіме жүріп жатты. Біреу мақтады, біреу даттады. Менің Нұрлан ағамен алты аласым, бес бересім жоқ. Жерлес те, рулас та емеспін. Әйтсе де, ол кісіні өзім қатты құрметтеймін. Бір емес, бірнеше рет азаматтығына, ірілігі мен кісілігіне тәнті болып едім. Өмірде тумаса да туғандай болған қос ағам Қажытай Ілиясұлы мен Темірше Сарыбайдың қазасында жасаған жақсылығын қалай ұмыта қояйын. Ал негізінде Нұрлан Оразалин ағамен танысуым былай өрбіп еді.
Бұл 1995 жылдың 25 желтоқсаны болатын. Ол кезде Нұрлан аға «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы. Қолымда журналист Армиял Тасымбековтің атам Табын жайлы жазылған «Ежовқа хат» деген көлемді мақаласы. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз көп күттірмей мені ішке кіргізді. Төрде отырған Нұрлан аға амандықтан соң «иә, інішек, не шаруамен келдің, отыр» деп қарсы орындықты нұсқады. Көңілім алабұртып, алып келген мақаланы ағаның қолына ұстата салдым. Оған көз жүгіртіп шыққан соң «бұл кісі кімің болады» деп сұрады. «Атам ғой!», – деп орнымнан атып тұрыппын. «1937 жылы «халық жауы» ретінде ұсталып, атылып кеткен» дедім толқып. Ізденіп жүріп архивтерден атама қатысты құжаттарды тауып, соның ізімен жаздыртып едім. Бұл мақала осы жұмада сіздің газетіңізге шығуы керек. Себебі, жұмаға ағайын-туыстарды, елден қарияларды шақырып қойғанмын, Құран оқытып, ас берем» деп лақылдатып жатырмын. Осы кезде Нұрлан аға бетіме таңдана қарап: «Айналайын-ау, мына мақалаң бір айдың ішінде де шықпайды. Біз жарияланатын мақаланы алдын ала жоспарлап қоямыз», – деп басын шайқады. (Ол кезде газеттің ішкі шаруасын қайдан білейін, бүгін апарсам, ертең шығады деп ойлағанмын ғой). Бар айтқаным «аға, осы жерге атам Табынның әруағын арқалап, сіз деп келдім. Ендігісін өзіңіз біліңіз» дедім де отыра кеттім. Ол бетіме жымия қарап, хатшы қыз арқылы жауапты хатшы Жанат Елшібекті және орынбасары Мыңбай Ілесті шақырып: «Жігіттер, мына азамат зұлмат заманда халық жауы болып кеткен атасын іздеп, құжаттарын тауып, мақала етіп жаздырып әкеліп отыр екен. Не істейміз?», – деді. Әлі есімде, Жанат аға: «Нұреке, алдымызда тапсырыспен жазылған қаншама дүние жатыр, кейін реті келгенде шығарып берейік», – деді. Орынбасары да оны қостағандай болды. Осы тұста менің түсім өзгеріп кетсе керек, Нұрлан аға: «Жігіттер, біз былай етейік, кешегі нөмірге үкіметтің бір қаулысы сыймай қалды дедіңдер ғой, сол қаулы үшін бір бет қосып, мына мақаламен бірге жұмадағы санға салып жіберіңдер» дегенде қуанғаннан орнымнан тұра алмай қалдым. Осы мезетте мақаланы алып шығып бара жатқан Жанат аға қайта келіп, Нұрлан ағаға мақаланы кім жазғанын көрсетіп жатты. Авторы – Армиял Тасымбеков еді. «Бізде мына мақаланы бұдан да айшықты, тартымды етіп жазатын журналистер көп, соның біріне жаздырайық», – деді. Сол кезде Арекеңнің «Әй, Жұмабек менің мақалам шықса тек «Қазақ әдебиетіне» ғана шығады. Басқа бірде бір газет баспайды» деп шегелеп айтқаны есіме сарт ете қалды. Армиялға берген «Егер сіздің атыңыздан жарияланбаса, бұл мақала да еш жерде басылмайды» деген сертті сөзім бар-ды. Мен де қарап тұрмай: «Аға, егер Армиял Тасымбековтің атымен жарияланбаса, онда бұл мақаланы баспай-ақ қойыңыздар», – деймін өзімше батылданып. Сонда да ренжімей, қайта бетіме жылы жүзбен қараған Нұрлан аға, жігіттерге «Жібере беріңдер, сұралып жатса, жауабын өзім беремін» дегенде төбем көкке екі-ақ елі жетпей қалып еді. Ол кезде Арекең де «қуғында жүрген кезі екен. Оны мен қайдан білейін.
Сөйтіп, Нұрлан ағаның арқасында әкем маған аманат ретінде табыстап, тапсырып кеткен атам жөнінде «Ежовқа хат» деген мақала да шықты, ас та берілді. Көнекөз қариялар сол кезде Нұрлан Оразалинге сырттай ақ батасын берген еді. Меніңше, Нұрлан аға өмірде көп бата алған және сол батаның бәрі бойына дарыған ерекше жан.