Гәуһар сөзден зер сызған Қуан аға
20.08.2015
4417
1

Нұр қағып күннің көзінен,

Жұлдызды жұлқып үздім мен.

Қазақтың гәуһар сөзінен

Өлеңнің зерін ыздым мен.

Қуандық Шаңғытбаев.

КуандықӘдебиетке түптеп араласар тұстағы оқиғалар, әр­ине, естен шықпақ емес. Сондай бір дерек қазақ сөзінің зерделі зергері Тәкен Әлімқұловтың Қасым Аманжолов туралы естелігінен бой көрсетіп қалады. Жазушы былай деп жазады: «Қасым Аманжоловты мен алғаш рет 1948 жылдың басында көрдім. Жаңа жылды поезда қарсы алып, Алматыға келген бетімде Жазушылар одағына бардым… Ертеңіне одақта менің өлеңдерім талқыға түсті. Дәлірек айтқанда, Балтабай Адамбаев екеуміздің қолжазба жинағымыз талқылан­ды. Менің өлеңдерім жөнінде әртүрлі пікір айтылды… Қасым Аманжолов: «Бұл – нағыз ақын. Қуандық Шаң­ғыт­баев сияқты мәдениетті жазады»,– деді. Талқылау­дың нәтижесінде менің бір топ өлеңім әдеби журналға ұсынылды». Осы естеліктің бұдан кейінгі тағы бір тұсында Тәкең: «Ол кезде Сырбай Мәуленов Қос­танайда, Қуандық Шаңғытбаев Ақтөбеде тұрады. Қасым маған екеуін де сыртынан мақтаушы еді. Кейін олармен Қасымның отбасы, ошақ бұтынан кездестім», – деп және куәлік етеді. Қуан аға туралы әңгімемізді осы деректерден бастағанды жөн көріп отырмыз.

Рас, ол кез (1948 жыл) алаш жұртының біраз аяу­лы ақындары әлі қылмыстық тұрғыдан да, саяси айыптардан да ақталмаған тұс еді. Сол себепті әлгі талқылау барысында олардың (мысалы, Мағжанның, Ілиястың) мысалға келтірілмеуі заңдылық делік. Бірақ бұл кезеңде қазақ қауымына әбден мәлім болған бергі заманғы қаламгерлер де аз емес еді ғой. Қа­сым­ның дәлелге ұсынған лебізіне солардың бірі ілік­пей, бір ғана жыр жинағы шыққан, 23 жасқа енді тол­мақшы, тіпті әрі-беріден соң осы Тәкен Әлім­құлов­тың өзінен жеті жас кіші Қуандықтың іліккені қалай? Біздіңше негізгі гәп анау «мәдениетті жазады» деген анықтамада жатқан сияқты. Мәдениетке қолымыз жеткені, сол себепті «Мәдениет және тұрмыс» деген журналдың атын «Парасат» деп өзгерткеніміз бертін­де ғой. Ал анау қырқыншы жылдары жағдай тіпті бас­қаша еді.

Жалпы, мәдениет ұғымының ақындыққа қатысты қолданылуы біздің қазаққа кітап шығару үрдісімен бірге келгенін ескермеске болмайды. Бұл ретте, әрине, алдымен Мұхтар Әуезовке сілтеме жасауға міндеттіміз. Ұлы жазушы өзінің Абай туралы мақала­ла­рында осы жайға жиі болмаса да, аракідік соғып отыра­тыны бар. Мысалы, «Мәдениетті, жаңа бағыт­тағы ақын Абай қазақ тіршілігінің қай тақырыбын жырласа да, өз алдындағы қазақ поэзиясының атақ­ты саналған Бұхар, Дулат, Шортанбайларынша жазбайды» дейді. Немесе «Міне, Абай бағалы болғанда осындай, үлгілі, мәдениетті ақын болуымен бағалы» деп түйеді. Әйтпесе, Абайдың ғашықтық жырлары туралы ойларын «Дәл осы соңғы топтың тұсында Абай та­ғы да қазақы ақынша жырламай, өзгеше бір мә­дениетті ақын үлгісімен жырлайды» деп бір иіріп алып, одан әрі тереңдете талдай береді.

Демек, Қасымның сөз арасында Қуандықтың мә­дениетті жазатыны туралы әлдеқалай айта салуы­ның түп негізі тереңде жатыр екен. Тіпті, расына кел­­генде, мұны әлдеқалай айтыла салған сөз де ем­ес, Қасымның көңілінде бұрыннан қалыптасып қал­ған айқын пікірдің топ ортасында кенеттен тағы да кезекті рет жарқ еткен бір сәті деп есептесек те болатындай. Өйткені, Қуандықты үлгі етуге болмайтыны бұған дейін де (1948 жылға дейін) мерзімдік ба­сылымдарда бірнеше рет ескертілген. Бұл жайға кейінірек тоқталамыз.
Ал Мұхтар Әуезовке қайта оралсақ, 1929 жылы «Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» деп жазған ұлы жазушымыз жас Қуандықтың алғашқы жұқа жина­ғына бекерге алғысөз арнаған жоқ еді. Абайдың өлеңдегі мәдениеті туралы түйінге қайта-қайта соғып отырған, сондай мәдениетті Мағжаннан да тапқан М.Әуезовтің «Ар» жинағын сүйінішпен қабылдауының осындай мәні бар бар-тұғын. Және мұны басқалар да сол бойда бірден сезіп қалды. 1945 жылы шыққан «Ар» кітабы туралы солақай сындардың негізгі қаузағаны да осы болды. Мысалы, «Социалистік Қазақстан» газеті «…Байқаған кісіге бұл секілді «сезімқойлық» өлеңдердің кімнің өлеңіне ұқсап тұрғаны белгілі. Бұндай «күйіп-жанып» есінен айрылушылықты кімдердің жырлағаны бізге айқын» десе (1946), «Екпінді» газеті (Семей) «…Ол ескішіл романтик, символист және ұлтшыл ақындарға елік­теп, тұспалау сарынға түсті. Жайнаған сәулетті өмірі­міз­дің балғын бағынан безе, қу ағашты құшақтай жылады. Ол өзінің бесігінен қалған қу ағашты иіскей отырып, соған сырласты, қу ағаштан қуат іздеді, оған «әруақтай» табынды» деп (1951 жыл) үстемелей түсті. Жас ақынды сынаудан тіпті одақтық «Правда», «Литературная газета» тәрізді басылымдар да тыс қал­мады.
Әрине, сын объектісі Қуандық болып қана қойған жоқ, жинаққа алғысөз жазған Мұхтар Әуезовке де толып жатқан айыптаулар жапсырылды. Және қосып айтсақ, мұндай тұрпайы социологиялық сынға сол кезеңде іліккен ақындар мен олардың өлеңдерінен өте ұзақ тізім жасап шығуға да болар еді.
Барлығымызға белгілі, ол кезде объекті табылса, сы­нау дегеніңіз аса қиын іс емес еді ғой. Тіпті, сауатты әдебиет сыншысы болудың да қажеті аз еді, ең бастысы, Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Орта­лық Комитетінің қаулылары мен «Правда» газетінің мақалаларын негізге алып отырсаң жетіп жатыр. Мысалы, Қуандықтың «қу ағаштан қуат іздеу, оған «әр­уақтай» табыну» мәселесіне келейік. Бұл, сірә, ақынның 1940 жылы жазылған мына өлеңіне қатысты айтылған болуы керек:

Мінекей, мынау қу сабау…
Қаңсыған, күнге қақталған.
Сырын сен оның білсең-ау!
Жоғалмай, қалай сақталған?

Сабауға селқос төнемін,
Құдіретін танып жер-көктің.
Иісін одан сеземін
Мен жатқан жібек жөргектің.

Келеді еміс елесі
Балалық балғын жас кездің.
Сөгіліп сезім көбесі,
Тамады жасы аш көздің.

Қараған сайын сабауға
Елжіреп жаным, иемін.
Өзегім толып алауға,
Еміреніп оны сүйемін.

Көсеу ме енді, көсік пе,
Дауа жоқ тағдыр бейбаққа:
Мен жатқан қайың бесікке
Арқалық еді-ау бір уақта.
Тіпті де қылмысы жоқ өлең емес пе?! Негізінен мойыл, терек, жыңғыл тәрізді ағаштардың бұтақсыз түзу талынан жасайтын сабауды ол заманда кім білмеуші еді, қазір де ұмытылып кете қойған жоқ. Бала­лық балғын жас кездің бір естелігін тірілткен көркем лирика. Тіпті беріде Өтежан Нұрғалиев тамаша өлеңдерінің бірінде: «Көшеміз!» десе таң ата, Тұрушы ек ылғи әзір боп. (Әжемнен ұрлап алатын Ақ сабау ғана қазір жоқ!)», – деп жырлайтыны да бар. Бі­рақ несін айтасың, ол кезде мәселе өлеңге ғана тіреліп тұрған жоқ еді.
Мына қазіргі заманда өткен күндердің кез келген оқиғасына төрелік айтудан оңай ештеңе жоқ. Сол себепті бұл ретте сол шама-кезеңде, 1956 жылы қағазға түскен, айтулы сыншы Есмағамбет Ыс­ма­йы­лов­тың қаламынан туған мына жолдар сол дәуірдің (кейде қазіргі күннің де) бір дертін анық көрсететін тәрізді: «Қасымның поэзиясы төңірегінде сындар мен айтыстар ол қайтыс болғанға дейін тоқталмағаны әдебиет жұртшылығына белгілі. Бұлай болуы табиғи заңды да. Ерекше талантты новатор ақынның шығар­малары өзіне дос оқушыны қаншалық көп табатын болса, сонымен бірге қызғанышты сезімдер­дің, дау-айтыс тудырарлық ойлардың өрістеуіне де түрткі болып отыратыны түсінікті». Міне, осылай қисында­ған­да өлеңнің әр келер заман қажет ететін тың мәдениетін сол шақтың талабына сай қапысыз игер­геніне, белгілі бір дәрежедегі талантты новаторлығына қоса, осыларды уыздай жас күйінде жүзеге асыра бастағанына байланысты жас Қуан­дықтың сынға ілігуі, жоғарыда білікті сыншы айт­қан­дай, «табиғи заңды да» болып шықпай ма?! Айталық, мынау сабау туралы өлеңді Қуан аға 15 жасында жазыпты. Әйтпесе сол 15 жасында «Мен бір саяқ құлыныңмын, Сыңар тауып телі, өмір» деп әсем нақышпен жазуы немесе «Ұшқын ұшып жанарыңнан, Жан шыдатпай шалқиды; Самал есіп сағағыңнан, Исің жұпар аңқиды. Кербез, кемел сауалыңнан Күдік оты шарпиды; Кесір, кердең жауабыңнан Күйге түстім әрқилы» дейтіндей шырайлы шумақтар түзіліп шығуы, сондай-ақ бұлар­дың анау шақта бір жалт етіп жоқ болып кеткен әл­дебір поэзиялық үрдістерді еске түсіруі «қыз­ға­нышты сезімдерге» тыныштық таптырсын ба?! М.Әуезовтің 18 жастағы бозбаланың «Ар» жинағына алғысөз жазуы да, сол шамада сол Шаңғытбаевты «қазіргі ең талантты ақын» деп Жазушылар ұйымының бастығы Сәбит Мұқановтың «ылғи мақтап жүруі» де, басқа қошемет лебіздер де, әрине, артық құрмет көрінгені сөзсіз. Бұл ретте, мысалы, біздің буынның бағы бар екен. Ұлықбектің 15 жасында жазған өлеңдері тиражы мол «Лениншіл жас» газеті арқылы тарағанда, сол 15 жасында қағазға түскен Шаһизаданың жырлары «Жазушы» баспасынан шыққан «Көктем тынысы» атты кітапқа енгенде ағалары дүниеге жас талант­тар­дың келгеніне мәз-мәйрам болып қуанған еді. Тіпті, Ұлықбектің алғашқы жеке жинағына Қуан ағаның өзі алғысөз жазғанын да ұмытқанымыз жоқ және алғысөз иесі ешқандай түртпекке түскен жоқ.
Осы тұста әңгімемізді бертіндегі бір дерекпен тағы да бір пысықтай кетелік. 1985 жылы ақынның 60 жылдығына байланысты жазған «Сөз теңізден маржан сүзген» деп аталатын мақаласында талғампаз сыншы Төлеген Тоқбергенов қағазға түсірген мына жол баяғы жасын Қасымның лебізін қайта тірілткен­дей көрінеді: «…Қуандық бізді өлең мәдениетімен таңдантады».
Сонда Қуан ағаны жас басынан төңіректеген сол мәдениеттің түр-түсі, сыр-сипаты қандай еді? Мұны әрқалай долбарлауға да болады. Бірақ сол дол­ба­рыңның өзі табан тірейтін бір нақты тетік болуы керек қой. Бұл ретте өзінің творчестволық тар жол, тайғақ кешуі қандай болғандығын соншалықты шыншыл­дықпен жазған Мұхтар Мағауинге сілтеме жасаған жөн сияқты көрініп отыр. Қадірменді Мұхаң: «…Ең бастысы, қазақ тілін жақсы білу керек. Мұхтар Әуе­зов лекциясында «менің тілімде Абай тілінің мәдениеті бар» деп айтқан. Осы сөзді Әуезов айтты деп таңбаға түсірген менмін. Кейін Әуезов солай депті деп жүргендер көп. Бірақ, оны айтқан расымен Әуезов, естіген мен, шығарған да мен», – деп алады да, одан әрі былай жалғастырады: «Ал мен айтамын, менің тілімде Абай тілі мен Әуезов тілінің мәдениеті бар, сонымен қатар орта ғасырдағы шағатай әдебиетінің, кейінгі қазақ әдебиетінің барлық тілдік қорын пайдаландым деп ойлаймын». Енді Қуан ағаға келейік. Абай қай кезде де сөнбейтін шамшырақ екені, бұл шамшырақты пайдаланбайтын қазақ ақыны болмайтыны бесенеден белгілі (Ақын ағамыз бір кітабын «Махаббат пен ғадауат» деп атаған, Абай есіңізде бар ғой: «Махаббат ғадауат пен майдандасқан Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?»). Бұған Қуандық Шаң­ғытбаевтың 18 жасында (1942 жылы) Мұхтар Әуезов­тің Қазақтың мемлекеттік біріккен баспасынан (КазОГИЗ) шыққан «Абай» романының бірінші кітабына редактор болғанын қосыңыз. Бұл редакторыңыз 20 жасында А.С.Пушкиннің «Евгений Онегинін» аударуға кіріскенін осы тізімге және тіркеп қойыңыз. Қуан аға Омар Хайямды немесе Роберт Бернсті бұл кезеңнен әлдеқайда кейін аударғанымен, осы күнгі барлық жас ақындар тәрізді әр ұлттың тіл мәдениетін ертіп келе­тін классикалық дүниелеріне ерте қаныққаны және дау туғызбаса керек. Яғни Қуандық ақынды әу бас­тан-ақ оң жағынан Батыс, сол жағынан Шығыс (немесе керісінше) сүйеп жүрген ғой. Ендеше аяулы қалам­геріміздің өтпелі кезеңдердің (тарихымызға үңілсек, басымызда өтпелі емес кезең болмаған­дығына көзіміз жетеді), бірде қысқа мерзімді, бірде ұзақтау созылған науқандардың алдашап жыршысы бола алмауының, қанша уақыт өтсе де қолдана беруге лайықты ғұмырлы жырларды ғана жазуды мақсұт тұтуының түп негізі қайда жатқанын түсіну, міне, сон­шама қиын да емес сияқты.
Осы тұста бір мысалға жүгінейік. Тың игеру туралы әріде де аз жазылған жоқ. Ал 1978 жылы КСРО-ны басқарып отырған Л.И.Брежневтің «Тың» кітабы жа­рық көрген соң бұл тақырыпқа қол созу қайтадан өр­шіп кетті. Әрине, тым тәуір туындылар да дүниеге келді. Дегенмен Қуан аға 1958 жылы жазған «Тер­бе­леді тың дала» өнердің оқшау өнімі болды. Рас, музыкасы да (Сыдық Мұхамеджанов) келісті-ақ. Ең ғажаптығы сол, осы өлең-әннің бір жолына, бір сөзіне тиісе алмайсың. Тіпті қол ұстасып, оңаша келе жа­туға, әлсін-әлсін ерінге ерін төнуге мүмкіндік жасаған тың далаға рахмет айтқың келетіндей. Әлі қанша заман шырқалса да бұл өлең-әннің бояуы тозбастай:
Түнгі самал егін басын тербейді,
Алыста қыр қарауытып көлбейді.
Айдың нұры баяу ғана дірілдеп,
Тың алқапты көкшіл шұғыла кернейді.

Айлы дала, салқын самал тамаша!
Екі ғашық қол ұстасып келе жатыр оңаша.

Екі ғашық қол ұстасып келеді,
Айтылмақ сөз, ақтармақ сыр көп еді.
Бар болғаны, жүрек тулап, дем ысып,
Әлсін-әлсін ерінге ерін төнеді.

Жанға рақат тыңның салқын самалы!
Махаббаттың, махаббаттың оты лаулап жанады.

Махаббаттың оты лаулап жанады,
Сол жалыннан жүрек сая табады.
Түнгі дүние төңіректе мүлгиді,
Тербеледі тың егіннің алабы.

Айлы дала, салқын самал тамаша!
Екі ғашық, екі ғашық келе жатыр оңаша.
Ақынның «Біздің сүйікті дәрігер» кинофильміне жазылған «Көктем вальсін» (музыкасын жазған Александр Зацепин) қазіргі жас әншілер де ынталанып орындайтынын көріп жүрміз. Жалпы Қуан аға өлеңдеріне сол дәуірдің көрнекті композиторлары ән жазған: Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұхамеджанов, Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдая­қов.
Дегенмен, Қуандық Шаңғытбаев турасында сөз қозғағанда ең әуелі айтылатын ерекшелік – тілдік өрнек. Бұл жайында айтылғандар мен жазылғандар жетерлік. Дәлелдің бірі ретінде белгілі ақын, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Серікбай Оспанұлының қаламынан түзілген күрделі еңбекті алға тартуға болар еді. Қуан ағаның дос шәкірті Есенғали Раушановтың зор ықыласпен жазылған мақалалары да ешкімді енжар қалдырмай­ды. Осындай деректердің қатарына өз тарапымыздан ақтөбелік ғалым, филология ғылымының кандидаты Өтеген Жақыповтың «Қуандық Шаңғытбаев поэтикасы» деп аталатын кітабын (132 бет, «Қазақ универ­ситеті» баспасы, Алматы, 2002) жергілікті мысал ретінде қосып қоямыз. Тіпті бұлардан үзінділер кел­тіре кетсек те артықтық етпес. Е.Раушанов: «…Оның өлеңдерінде кездесетін «сахи», «шәрбат», «жонас», «қарқалләзи», «мүбәдә», «илһам», «тарлауыт», «тақыс», «қобылы күмбез», «гүлтәж», «жырғап», «аңаза» секілді сөздердің қай-қайсысы да тілімізге дендеп еніп кетсе, нұр үстіне нұр. Бұлардан арабизм мен парсизм іздеп әлек болудың жөні жоқ». Ө.Жақыпов: «…Лирик Қуандық Шаңғытбаевтың өзге көп ақындардан өзге­шелігі – оның жырларының лексикалық құрамында араб-парсы, түрік сөздерінің көптеп кездесуі деп білеміз. Мысалы: қарқалләзи, иләһим, илһам, фәни, саф, шифа, ғадауат, ілфат, шайыр, шүлен, шүкірәна, зүмрат, тамам, хайыр, т.б. сөздер жырдың көркемдіқ құралдары ретінде ана тіліміздің бояуын құлпыртып, жаңа бір леп әкелгендей». Осы үзінділердегі қосымша пікірлердің екеуінің де еш оғаштығы жоқ. Әрине, қай сөздің қай топырақтан келгенін біліп отыру ғылыми тұрғыдан келгенде орынды да, бұл филология ғылы­мында өз алдына бір зор сала. Дегенмен, сол сөздер өз тілімізге әбден сіңісіп кеткеннен кейін қоймастан жатырқаудың, үнемі біреуін бәйбішенің, екіншісін тоқалдың баласына теңеп, өкпелетудің және реті жоқ. Шын ақынның нағыз қайраткерлігі көрінетін тұс сол: біріншіден, әлгі сөздер қыз-қырқынның бетіне шектен тыс баттастырыла жағылған опа-далаптай ерсілене көрініп тұрмағаны жөн, екіншіден, бұл сөздеріңіз бір кітаптың жемісі болып қана қалып қоймай, жалпы ұлттық қазынаны шырайландыра түсуі керек. Қ.Шаңғытбаев, міне, осындай қайырлы еңбектің иесі.
Тербеді таңның самалы,
Кердегі қызыл сірікті.
Қаргүлдің күлгін сабағы
Моншағын үзіп сілікті.
Бұл – «Таудағы таң» деп аталатын өлеңнің алғаш­қы шумағы. Әйтпесе келесі бір өлеңге үңіліп көре­лік:
Жұпар мен сәуле аралас,
Көк думан келді оралып.
Зүмірат зипа қарағаш
Жайқалды, торқа оранып.
Сондай-ақ бес жолдан құралатын, көктемнің алғашқы күндерін сипаттайтын мына шумақ та көзге ерекше ілініп қалады:
Өңірден тарап мұң-қайғы,
Көңілім көбеп барады.
Шулайды құстар, жырлайды,
Жырлайды таңнан, тынбайды,
Таспаран тарлық тарады.
Зерделеп қарасаңыз, осы шумақтарда сөз өнері­нен аулақ жүрген, жайлауы бөлек, жөні бөгде қазақ­тар түгілі аз-кем шығармашылықпен айналысатын біздердің де қаламымызға іліге бермейтін, төркін жұрты басқадай көрінетін сөздер жүр. Бірақ сол сөз­дер­дің жаттығы тіпті де сезілмейді, ізденісіміздің аздығынан қолданбай жүргеніміз болмаса қазы­на­мызда баяғыдан-ақ бар байлықтың кері орала алмай жүрген бір жұқанасы тәрізді. Мұндай мысалдар, жоғарыда айтқанымыздай, талай мақала-зерттеулер­ге өзек болғандықтан, бұл әңгімемізді осы тұстан ірке тұрмақпыз да, келесі арнаға түспекпіз.
Өз тұстастары секілді Қуандық Шаңғытбаевтың да әдеби жолы кез келген көркем шығарманың, ең алдымен, идеялық мазмұнына жіті назар аударылатын кезеңде басталды, солай жалғасты. Ал мемлекет­тік машина қырқыншы жылдары қандай тақырыптарды қадағалап отырғаны және белгілі. Мысалы, 1939 жылы «ІІІ бесжылдықтағы жазушылардың міндеті: Ленин-Сталин партиясының шындығын, Ленин-Ста­лин басшылығымен құрылып жатқан коммунизм қоғамының үлгілі адамдарын көрсете алатын шын мағынасындағы көркем шығарма беру» екені тайға таңба басқандай етіп айтылды. Таратып айтсақ, бұ­лар – индустрияландыру, стахановшылар қозғалысы, ұжымшар (колхоз) құрылысы, қоғамдық меншікке жана­шырлық, социалистік еңбек тәртібі, т.б. еді. Бұған соғыс тақырыбы қосылғаны және мәлім. Бірақ бұл тек ұрангер өлеңдер жазумен шектелу керек деген де сөз емес еді. Ол заманда да бірыңғай тал­ғам­сыз адамдар ғұмыр сүрген ештеңесі жоқ, ол жылдары да көркемдікті әсіре саясатшылдықтың қанжығасына байлап бермеу керектігі жөнінде жеткілікті айтылды, әдеби сындар жазылды. Жалпы, қол жеткізе бермейтін көрікті дүние жазылмаудың салдарын заманның, қоғамның мойнына арта салу қай кезде де ақталудың оңай тәсілі болып қалмақ. Әйтпесе, Қасым Аманжоловтың жауһар дүниелерінің бірі «Советтік менің өз елім» өлеңі сол кезеңде жазылған жоқ па еді?! Немесе Тайыр Жароковтың кеңестік ұшқыштардың қаһармандығына арналған «Күн тіл қатты» поэмасындағы «…Желектей желпіп желіңді, Желқомдай жырттым жеріңді, Түбіттей түтіп бұлтыңды, Таспадай тілдім толқынды, Қағыңды қағып су қылдым, Суыңды сілкіп бу қылдым» дейтіндей жолдары шеберлік емес дей аласыз ба?! Тіпті, расына келсек, Жұбан аға Молдағалиевтің әйгілі «Мен – қазақпын» поэмасы да кеңестік дәуірдің шартына сай жазылып еді ғой. Сол тәрізді Қуандық аға да, мысалы, әйгілі «Реквиемінде» немесе «Мен туғанда бесқонақ­тың сырғақ қары борапты» деп басталатын, өмірбаян­дық деректерінен хабардар ететін келісті өлеңінде осындай ережелерді басшылыққа алғаны көрініп тұр. Бірақ солай болса да, Қуан аға басқа біраз қаламдас­тары секілді бірде индустрияны шарлап, бірде колхозшылар тұрмысына баға беріп, бірде космонав­тикаға өрлеп, әр тақырыпқа бір ұрынған жоқ. Оның алғашқы «Ар» жинағында Ленин-Сталин басшылығы немесе дүбірлі бесжылдықтар әйтпесе жұмысшы, колхозшы өмірі туралы ешбір өлеңдер болмауы әкесі, ағасы халық жауы ретінде ұсталып кеткен жас ақын­ның социалистік қоғамға наразылығындай көрін­гені де рас. Сол үшін де ол Алматыда қала алмады, Ақтөбеге кетуге мәжбүр болды. Ал әлгі іштей нара­зылықты кейін, көп жылдар өткен соң, әрине, сырттай да білдірді, жазды. Қасіретті жылдардың бастау сәтін бейнелейтін «Әке мен бала» деген өлең «Есіл ел-ай! Қайран иесіз өкімет!» деп аяқталады. Дегенмен ақын жеке басының бұл трагедиясына қатысты арғы, бергі жайларды терең қазбалаған да жоқ, шым-шымдап «Мағжанның жаза алмай кеткен өлеңдері», «Дәрдмәнднама» атты топтама жырларына енгізгені ғана байқалады. Зерделей қарасақ, бұлай болуы да заңдылық екен. Мына лебіздерге назар аударайықшы. Есенғали Раушанов: «…Мұхаң (Мұхтар Әуезовті айтады) кезінде Қуан ағаның «Ар» жинағына алғысөз жазған. Алғысөздің соңы үлкен дау-шарға ұласып, екеуіне де «ұлтшыл» деген айып тағылғанға ұқсайды. Бұл уақиғалар туралы Қуан-ағаң әңгіме айтпайды. Біз қайта-қайта сұраймыз, ағекеміз үндемей қалады да, «қой, одан да өлең оқылық» деп немесе «Мұхаң сұлу кісі еді ғой» деп ат басын ақ бас шыңға бұра кетеді. Дұрыс. Айтпаса айтпасын. Айтқысы келмейтін шығар». Мейірхан Ақдәулетұлы: «…Өмірдің, өз тағдырының, заманы мен замандастарының қысастығын, қиындығын көп көрген Қуан ағамен қанша рет кездесіп жүріп, оның адамға, заманға, тағдыр-талайға қатысты бір де бір налығанын, ғайбаттағанын көрмеппін. Әңгіме сол ақын жанына жүк болып түскен тұстарға бұрылса-ақ болды, Қуан аға жаныңды баурап алатын нұрлы күлімсіреуіне ауысып, «Ә-әй, Тахауи! Жаманды сұрама да айтпа. Қой оны! Одан да өлең оқиық та!» деуші еді». Бертінде дегдар ақынның осы принципін қызы, бізден бір курс жоғары оқыған, журналистика факультетінің (орыс бөлімінің) түлегі, баспагер Гауһар Қуандыққызы Шаңғытбаева да берік ұстанғанын және байқадық. Гауһар «Шайыр» деген атаумен әкесінің бес томдық таңдамалысын құрастырғанда, әрине, әлгі ызғарлы жылдардағы зәрлі мақалаларға соқпай кете алмаған. Бірақ еш мақаланың соңында да авторлардың аты-жөндері келтірілмепті. Дұрыс. Келтірмесе келтірмесін. Келтіргісі келмеген шығар.
Осы тұста айтпай кетсек айып болатындай тағы бір жай бар. «Шайыр» бес томдығы – ерекше бір мә­дениеттің үлгісі. Бұған дейінгі біз көрген көп том­дық­тарда ақындардың туындылары туралы әр кезеңдерде жазылған мақалалар мен естеліктер соңғы бір-екі томға жинақталып берілетін де, оқырманды тез тойдыратын. Ал Гауһар әр мақаланы, әр естелікті Қуан ақынның әр кітабындағы дүниелер өз алдына бөлек ұсынылатын тұстарға сол жазылған (яғни кітаптар немесе жекелеген өлеңдер жарияланған) кезеңдерге сай етіп енгізіп, өлең мен қара сөзді алма-кезек ұсынып отырыпты. Бұлардың шебер қиыстырылғаны сондай, жеке-жеке бес томдықты емес, арқауы үзілмейтін тұтас бір томдықты оқып отырғандай әсерде болады екенсің. Оның үстіне құрастырушының алты алашқа сауын айтып, әкесі туралы қаптаған дәмсіз естеліктер жазғызып алуға да құмартпағаны анық аңғарылады. Әке алдындағы қарызды ғана емес, оқырман алдындағы парызды да ұмытпағаны үшін Гауһарға мың алғыс. Алда да шығарылатын талай көп томдықтарды құрастырушылар осы ізгі ізбен жүрсе тіпті де адаспас еді.
Ал Қуан ағаның бес томға енгізілген шығармала­рына үңілгенде өнерді (яғни өлеңді) аялап ұстау дегеннің не екенін тағы бір сезінгендей болады екен­сің. Ақынның алғашқы «Ар» жинағына енген өлеңдері қандай бәденді болса, соңғы «Махаббат пен ға­дауат­тағы» жырлар да сондай сымбатты. Қаншалықты микроскоп-көзбен тексерсең де, шалағай жазыла салған, асығыстықтың табы сезіліп тұратын шумақ­тар­­ды табу қиын. Ақын айтпақ ой-лебізін әр жаққа шашыратпайтыны, әр сөзді алқа мен білезікке өрнек салған зергердей мұқият пайдаланатыны тұтас томдықтарды бойлай анық аңғарылып-ақ тұрады. Мұның себебін ақынның өлең туралы сөз қозғайтын көптеген шумақтарынан, соның ішінде, әрине, «Бәйгі жыр» деп аталатын туындысынан кезіктірер едік. Бір үзінді мынау:
…Ойнаған жоқпын мен бірақ
Өлеңмен оңай сайқалдай.
Сондықтан кейде солбырап,
Тасада қалдым байқалмай.

Түн болып бірақ тұндым мен,
Күзеттім бала ұйқысын.
Күн болып жалқын ұрдым мен,
Қыздырып қыздар күлкісін.

Асқардан аунап құладым,
Бұлақ та болып бұрқадым.
Құладын ұшқан құба құм –
Далада жыр боп шырқадым.

Қаз бауыр бұлттай қалықтап,
Ыңырана шөктім шөлдерге.
Сұңқар боп ұштым шалықтап,
Шадыман және шерменде.

Нұр қағып күннің көзінен,
Жұлдызды жұлқып үздім мен.
Қазақтың гәуһар сөзінен
Өлеңнің зерін ыздым мен…
Осылайша өз шындығын мәлім еткен ақын бұған қоса жалпы қазақ поэзиясының өзге жұрттың дүниелерін де толайымен жұтып алатындай шексіз қуат-әлеуеті бар екендігін үнемі еске салып отырады. «Романс», «Серенада», «Баркарола», «Мухаммас», «Реквием», «Натюрморт», «Вакх жыры», «Экспромт» тәрізді өлеңдер – соның дәлелі. Мысалы, «Silentium» деп аталатын (латыншадан жалпақ тілмен қазақшала­ғанда «Бұйығы тыныштық», «Мүлгіген үнсіздік» деуге келетін) өлең орыстың ерекше ақындарының бірі Федор Тютчевте де бар. Ұзақ жылдар бойы Еуропада ғұмыр кешкен бекзат ақынның өлеңі «Молчи, скрывайся и таи И чувства и мечты свои – Пускай в душев­ной глубине Встают и заходят оне Безмолвно, как звезды в ночи, Любуйся ими – и молчи» деп басталса, аттас (аударма емес) өлеңінде Қуан аға таза қа­зақы әуенмен әлдилейді: «Иен жайда естілмейді дыбыс түк. Жон-жонаста сол жым-жылас тым ыстық. Жастан жанға үн боп жылы құйылған Даладағы тыныш­тық-ай, тыныштық!». Ал мына өлең ше:
Мен пендеңді тағы бір ая, құдай,
Бала қылшы балдырған баяғыдай!

Ақын болып шалқымай жер-көгіңде,
Жатар едім іңгәлап жөргегімде.

Сәл нәрседен жыласам тиіп кеткен,
Сұлу Зүлфа жұбатса сүйіп беттен,

Сағиларға жүрмей-ақ аға болып,
Өле-өлгенше өтер ем бала болып.
Осы өлеңді оқығанда мына жақтан Шығыстың жеті жұлдызы (Жәми, Низами, Науаи, Физули, Фирдоуси, Сағди, Рудаки) еске түсе кетсе, ана жақтан ағылшын Байронның («Хочу быть ребенком вольным…») немесе неміс Шиллер мен орыс Лермонтовтың («Дитя в люльке») елесі көрінгендей болмай ма?! Дегенмен, қалай болғанда да, төбеңнен өлеңнің қазақ топырағына ғана тән шуағы түсіп тұр. Жас ата-аналар толық сезіне де бермейтін шығар, ал немересін әлпештеген ата мен әжеге «Сәл нәрседен жыласам тиіп кеткен, Сұлу Зүлфа жұбатса сүйіп беттен» деген жолдар тым түсінікті, сонша ыстық-ақ.
Рас, Қуан аға бәрібір көп жазған жоқ. Қазақы қалыппен «аз жазды, бірақ саз жазды» деп жұбануға мәжбүрміз. Оның біз білетін де, білмейтін де себептері көп. Мысалы, жас кезінде ағамыз кейінгі Жарасқан інісі тәрізді «Атақ жоқ менде, медаль жоқ менде, жоқ орден!.. Отызға келдім, осыған қалай көнермін!..» деп жұлқына сөйлей алмады. Әйтпесе КазГУ-дің бірінші курсында оқып жүріп ұстазы Мәулен Балақаевпен бірігіп қазақ тілі оқулығын жазған, 17 жасында М.Горькийдің «Қыз бен Ажал» поэмасын аударып, оның қолжазбасына М.Әуезовтен латын әріптерімен жазылған «Аса жақсы аударма. Мұхтар» деген жазбаша баға алған Қуандық Шаңғытбаев қанша дүние ұсынса да көптік етпес еді-ау. Бәлкім, бұл олқылықтың орнын шырайлы түпнұсқалардан кем түспейтін көрікті аудармалар толтырған шығар. Аударма демекші, бір оқиға еске түсіп отыр. Қайсыбір жылы іссапармен көрші мемлекеттің Орск (қазақтар Жаманқала деп атайтын) қаласына жолымыз түсті. Сондағы «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері «Омар Хайям» деп аталатын кафеге дастарқан жайды. Кері оралған соң қаламымнан «Ресей. Орск қаласы. «Омар Хайям» кафесі» дейтін өлең туды. «Қобыландының қонысы» деп аталатын жинағымда («Жазушы» баспасы, 2008) жарық көрген осы (өкінішке қарай, ортақолдау) туындымда «…Бөлене ме жуықта қалаң нұрға, Лебі бар ма сондай бір хабардың да?.. Қамықпа, міне, столың майысып тұр, Тізімі бар сан түрлі тағамның да. Келмейтінін айтсаңшы тек ешқашан Шаңғытбаев Қуандық ағам мұнда, Қуан аға көрмейді бұл кафені, Іргесінен өтпейді таң алдында» деген жолдар бар еді. Бұлай жазатын себебім, біз Омар Хайямның Қуан аға аударған рубаиларын мектеп оқушысы кезімізде қызыға жаттап өскенбіз. Бірақ бізге жаттатқан күш аударманың құдіреті екенін ол кезде сезінбегеніміз де рас. Бізге өлеңдер өзінен-өзі осылай құлпыра аударылатын тәрізді болып көрінетін. Сол сияқты мұзбалақ Мұқағали Мақа­таевтың мына сөзі де біздің шәкірт кезімізде жазылыпты: «Қазақ жырының маржаны, қазақ тілінің сенімді құлы – Қуандық ақын». Мақаламызды осы қысқа да нақты анықтамамен аяқтағанды жөн көріп отырмыз.

Ертай АШЫҚБАЕВ.
Ақтөбе қаласы.

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 14.07.2021 | 09:01

Тамаша талдау естелік. Ұлы ақындарды осылайша дәріптеу, ұлтына таныстыру мақалалары тым сирек. Ертай замандасқа мың рахмет.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір