Аққулар сызған ақ сызық
03.07.2023
707
0

Мырзан Кенжебай

Аққулар сызған
ақ сызық

Жалғанның жақпар-қатпарын
Қарһәлләзи қарық қып,
Бояуын алуан ақтарып,
Жаз да келді-ау, жарықтық!

Күркіреп кейде күн тіптен,
Түйсе де қабақ тас қылып,
Теңселер бүкіл гүл біткен,
Жан-тәнін жазға тапсырып.

Кешкі көл шуға шақырса,
Аптаптың қайтып жалыны,
Бұрқырап жатар тақырда
Бұлдырықтардың мамығы.

Сарыала қаздар сұңқылдап,
Шарият айтқан шалдардай.
Думанға толар бұлбұл бақ,
Шырқаусыз ешбір ән қалмай.

Үздіксе жаның, тәнің де,
Іздеп бір дерттің дауасын.
Аңсаған оның әнін де
Сол бақтан ғана табасың.

Алтынға шомып жатсаң да,
Адамға жастық шақ қызық.
Аңсатар соны аспанда
Аққулар сызған ақ сызық.

Бал шақты іздеп белдерге
Кетсем-ау дейсің, құдірет!
Тулайды сол сәт кеудеңде
Торғайдай ғана жұмыр ет.

Осылай жаздың күні өтер,
Күнбатыс нұрға малынып.
Шікәмшіл жүрек шым етер,
Сонау бір жазын сағынып!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір