Қоғамның күннен күнге өркендеп келе жатқан тұсында оқушыларға білімді ғылыми негізде жүйелі меңгертіп, ұлттық құндылықтарды бойға сіңіріп үйретуді басты ұстанымына айналдырған ұстаз-ғалымдарымыз да баршылық. Осындай қажырлы еңбегімен танылып жүрген ұстаздардың бірі – қазақ тілін оқытудағы «сатылы кешенді талдау технологиясы» атты еңбектің авторы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Нұрша Алжанбайқызы Оразақынова. Әдіскер-ғалым университетте білім беріп қана қоймай, авторлық еңбегімен республика мектептерінің білімін көтеруге де өзіндік үлесін қосып келеді.
1994 жылы ауыл балаларының ішінен «Қазақ тілі мен әдебиетін қызыға оқитындарды «Алматы облыстық №1 қазақ-түрік лицейіне қабылдау басталыпты» дегенді естіп, алып ұшып Алматыға жеткен едік.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің оқытушылары Мереке Жаманов ағайымыз бен Нұрша Оразақынова апайымыздың алдында ауызша, жазбаша емтиханды сәтті тапсырғандар лицей ішінен ашылған филология сыныбына қабылдандық.
Қазақ тілін оқу дегеніміз «ереже жаттап, жаттығуды дәптерге мөлдіретіп жазу» деп түсінетін біз үшін «сатылы кешенді талдау» деген тың дүние еді. Алғашқы сабақтан бастап-ақ, Нұрша Алжанбайқызы сөйлемді талдата отырып, әр сөздің ішкі мағынасы мен қолданыстағы ерекшелігін ғылыми негізде жан-жақты түсіндіре бастады. Сөз сырына бойлату арқылы өзіндік көзқарасымызды айтуға машықтандырды. Сөйлемді фонетикалық, лексикалық, грамматикалық тұрғыда дауыстап талдатып қана қоймай, ойымызды шешен де шебер жеткізуді талап етіп, бірте-бірте жазба жұмыстарын сауатты, жоғары деңгейде, шығармашылықпен орындай білуге төселдірді. Оқулықпен ғана жұмыс жасамай, «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газетінің кез келген мақаласынан сөйлемдер алып талдата отырып, газет оқуға деген құлшынысымызды арттыра түсетін. Қазір ойлап қарасам, педагогтың түпкі мақсаты – қазақ тілінің заңдылықтарын грамматикалық тұрғыда үйретіп қана қоймай, қазақтың тарихы мен мәдениетін меңгертіп, жан-жақты білімді, ұлттық тұлға тәрбиелеу екен. Ұлттық құндылыққа ерекше назар аудартатын осындай технологияның арқасында филологияға деген қызығушылығымыз артта түсті. Лицей қабырғасында-ақ қазақ тілі мен әдебиетінің қыр-сырын меңгеріп, жатақхананың терезесінен төбесі көрініп тұратын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті атануды армандадық. Арманымыз орындалды да! Ендеше, балаға білім беріп қана қоймай, мамандық таңдауда бағыт беріп, қалыптастырған педагог-ұстаздың біз үшін орны өзгеше деп қалай айтпасқа?! Сатылай оқытуды жоспарлы түрде меңгерте отырып, дамудың жаңа сатысына жол салып жүрген ұстазымыз, әдіскер, ғалым Нұрша Алжанбайқызы мерейлі 60 жасқа толып отыр.
Нұрша Алжанбайқызы 1980 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетін үздік дипломмен аяқтайды да, еңбек жолын Алматы қаласындағы №63 мектептен бастап, 1982-1987 жылдары Атырау облысы, Жылой ауданы, Ақкиізтоғай орта мектебінде мұғалім болып қызмет атқарады. Ұстаздық жолда жүріп, еңбекқорлығының арқасында 1987 жылы өзі бітірген оқу орнына оралып стажер-зерттеуші, ал 1988 жылы аспирант болып қабылданады. Ұстаздық, әдіскерлік қызметін ұштастыра отырып, «Пәнаралық байланыс – оқу-тәрбие процесін жетілдірудің бір жолы» (қазақ тілі пәнін оқытуда) атты кандидаттық диссертациясын жазып, сәтті қорғайды. Аталған институтта еңбек жолын жалғастырып, оқытушы, аға оқытушы, доцент дәрежесіне көтеріледі. Ізденімпаз ғалым мұнымен тоқтап қалған жоқ, ерекше қарым-қабілетінің арқасында 1998-2003 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында қазақ және шетел тілдер кафедрасын басқарады. 2006-2007 жылдың маусым айына дейін Алматы облыстық мамандар кәсібін дамыту институты директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары, кейін аталған институтта директордың міндетін атқарушы болып қызметін жалғастырады.
Нұрша Алжанбайқызы өзіне сеніп тапсырылған қай қызметте болсын, ойында жүрген ғылыми жұмысын бір сәтте шегеріп тастамай біз оқыған №1 Алматы облыстық қазақ-түрік лицейінде «Сатылай кешенді талдау» технологиясы бойынша тәжірибе жұмысын тапжылмай 12 жыл бойы жүргізеді. Оқушы санасына еккен дәні жемісін беріп, шәкірттері жоғары оқу орындарының студенті атанады. Ойға алған ғылыми жұмысының теориясын тәжірибемен ұштастырып, нәтижесінде 2007 жылдың желтоқсан айында «Жалпы білім беретін орта мектепте қазақ тілін сатылай кешенді талдау технологиясымен оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыптағы докторлық диссертациясын қорғап шығады. Қазіргі кезде бұл технология қанатын кеңге жайып, еліміздің көптеген мектептерінде біраз жылдан бері оқытылып келеді. Жалпы, ғалымның ғылыми тақырыбына қатысты 230-ға жуық ғылыми-әдістемелік еңбектері мен мақалалары жарық көрген екен. Бұл күнде Нұрша Алжанбайқызы Абай атындағы Алматы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры ғана емес, Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен 2013 жылдан бастап Астана қаласындағы бірнеше мектеп-гимназия, мектеп-лицейлерінде авторлық бағдарламасымен жұмыс жасап келеді. Бұл технологияның өрісі кеңейіп, қазақ тілі ғана емес, әдебиет, ағылшын, дүниетану, музыка, жаратылыстану т.б. пәндерді оқытуда қолданылуда. Сондай-ақ, Республика бойынша оқу-әдістемелік семинарлар, конференциялар, оқушылар арасында олимпиадалар жүйелі өткізіліп жүр. Демек, Нұрша Алжанбайқызы өзінің өміршең технологиясын енгізу арқылы Астана қаласы мектептерінің білімін көтеруге өзіндік үлесін қосып келеді.
Автордың сөзімен айтсақ: «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы – қазақ тілінде ойлайтын, өз тілінде дітін орындата алатын, қазақ мәдениетін меңгерген тілдік-мәдени тұлға қалыптастыратын оқытудың түрі» – дейді. Яғни, қоғам қажеттілігін өтейтін бұл технология сапалы білім беруге кепілдік бере алады.
«Кез келген тілде сөз құрау үшін бала ең алдымен туған тілін жетік білуі керек, ана тілінің табиғатын танып, нәріне қанық болып өсуі қажет», – деген алаш зиялыларының басты қағидасын сол кездің өзінде-ақ, ұстанымына айналдырған Нұрша Алжанбайқызы осынау мерейлі жасқа педагогтық, ғалымдық еңбегімен көтеріліп отыр. Ғалымның мерейтойы қарсаңында отбасына амандық, ғылымның даңғыл жолында сәттілік тілейміз.
Лаура Дәуренбекова,
ф.ғ.к., Еуразия гуманитарлық
институтының доценті