Президент Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясы жүзеге асып жатқаны және Қазақстанның әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беріп, қарқынды экономикалық даму жолына бет алғаны баяндалды. Ел егемендігін алғалы бері еліміз осылайша биіктерге құлаш сермеп келеді. Елдің болашағы жастар десек, оларды мектеп қабырғасынан сауатты, білімді етіп тәрбиелеу қашан да ұстаздар қауымына жүктелетін жауапты міндет. Елбасы да жыл сайын Жолдауында ұстаздарды ерекше атап, оларға қамқорлық жасап келеді.
Жамбыл облысы, Жамбыл ауданына қарасты Ерназар ауылындағы Байгелді Кейкиев атындағы орта мектептің ұстаздары да биылғы Жолдауды ерекше күтті. Өйткені, ұстаздар тақырыбы жыл сайын Жолдау маңыздылығынан түспейтіні белгілі. Осы ұстаздық қызметте жүргелі бері, үлкен жетістіктерге жетіп жатсам, ол Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында.
Елбасының биылғы Жолдауында жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін қажетті бірнеше міндеттерді атап, оларға жекелей тоқталды. Жолдаудағы «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты жетінші міндеттің жүгі біздің педагог қауымға бағытталған. Бұл жүктемеде: «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс», – деп атап көрсетті.
Елбасы сондай-ақ, білім беру саласындағы басқа да мәселерге арнайы тоқталды. Мәселен, педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдары, математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту, балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру, жөнсіз терминология, латын әліпбиіне көшу мәселесі, цифрлық білім беру ресурстары секілді өзекті мәселерді шешуде педагогтар қауымының аянып қалмай, жұмыла еңбек ететініне сенім білдірді. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауда: «Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 процентке көбейтуді тапсырамын», – деп педагогтар қауымын бір қуантып тастады.
Жолдауда көтерілген мәселелер білім беру жүйесінің барлық деңгейінің заман шындығы мен экономика сұраныстарына жауап беру мақсатында көтерілген. Бұл сондай-ақ мұғалім мамандығының беделін арттыруға күш салатын болады.
Жеңіскүл БЕРКІМБАЕВА,
Байгелді Кейкиев атындағы орта мектептің биология пәнінің жоғары санатты ұстазы.
Ерназар ауылы,
Жамбыл ауданы, Жамбыл облысы.