Сапалы білімнің болашағы
«Қазақстанның ашық университеті» білім беру жобасы бойынша 2017 жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылады. Жобаны «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ (бұрын WikiBilim) мен «Кселл» АҚ өткен жылы қолға алған болатын.
Бірлескен арнайы жобаға еліміздің Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, ҚБТУ, AlmaU, СДУ, Математика және математикалық модельдеу институты сияқты жетекші жоғары оқу орындары серіктес болды. Жобаны ұйымдастырушылар оның мақсаты Қазақстанда мемлекеттік тілдегі ашық онлайн білім беруді дамыту екенін айтады.
Аталмыш шарада «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ жобалар жетекшісі Айнұр Сәтекова, «Кселл» АҚ коммуникациялар бөлімінің жетекшісі Наталья Еськова сынды спикерлер жобаның мақсатын түсіндіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Біздің «кез келген адамға ашық сапалы білім» деген миссиямызды OpenU дәл айқындап береді. Ашық университет платформасын жасау қара бастың қамы емес, ол – білімнің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ететін құрал, күн сайын жақсара түсетін, ашық бола түсетін құрал. Біз бұл жобаны түсініп, қолдау көрсеткен «Кселл» компаниясына алғыс айтамыз. Университетіміздің келешегі зор болатынына сенімдіміз», – деді Рауан Кенжеханұлы.
«Қазақстанның ашық университеті» білім беру онлайн-платформасында математика, физика, информатика сияқты ірі ғылым салаларымен қатар, бизнесті жоспарлау мен басқару, web-бағдарламалау, автоматтандырылған құрылғылар жасау, т.б., саланың кәсіби мамандарына арналған дәрістер бар. 2018 жылдың 10 қаңтарындағы мәлімет бойынша OpenU білім беру онлайн-платформасына тіркелген тыңдаушылардың саны 1013 адамға жеткен. Тіркелген тыңдарманы ең көп дәрістердің қатарында «Java тіліндегі компьютер ғылымдарына кіріспе», «Web-бағдарламалау негіздері», «Робот техникасы» курстарын атауға болады. Сонымен қатар, тағы да бір айта кетерлігі, бірегей онлайн-контенттің 80 пайызға жуығы қазақ тілінде.
Нұрлыайым БАТЫР.