Адами капитал – сапалы білім кепілі
Аягүл Миразова,
ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері
Әрбір игі іс сәтімен. Міне, ұзақ уақыттан бері көп болып күткен педагог кадрлардың жалақысын көбейту туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылғы жаңа Жолдауынан біліп, шын қуанып отырмыз. Өз ризашылығымды айтуды азаматтық парызым деп білемін.
Бұл кездейсоқ қадам емес, Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап-ақ білім беру қызметкерлерінің еңбекақысын біртіндеп жыл сайын арттырып келе жатқан мемлекетіміздің білім саясатының заңды жалғасы. Тіпті әлемдік қаржылық дағдарыстар кезеңдерінде де еліміз өзінің тұрақты ілгерілеу үрдісінде мұғалімдерге әлеуметтік қолдау көрсетуді әрқашан жүзеге асырып келе жатқанына куәміз.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында адами капитал сапасын жақсартудағы білім берудің мән-маңызын айқындауға ерекше көңіл аударды.
Жолдауда алда жүзеге асыратын 10 негізгі міндетті атап көрсетті. Соның жетіншісі «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталады. Мұнда адами капитал сапасын құраушы салаларды одан әрі жандандыру жолдары жан-жақты қамтылған.
Жаңа Жолдаудың артықша бір ерекшелігі – ұстаздардың жалақысының қандай негізде, не мақсатпен көбейтіліп отырғаны және одан қандай жеміс пен нәтиже күтілетіні айқын көрсетілген.
Біз қай елден қандай озық білім беру тәжірибесін, бағдарламаларын, модельдерін алмайық, ешқашан да өзіміздің төл ұлттық тамырымызды үзбейміз, ұлттық ілгерілеуді әлемдік өркениеттік прогреспен үйлестіре дамуды көздейміз. Елбасымыздың: «Өзінің тарихын, тілін мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық – біздің қоғамымыздың идеалына айналуы тиіс» – деген нұсқауы еліміздегі білім беру жүйесінің даму бағыты мен мақсатын тағы да нықтай, айқындай түседі.
Осынау ұлы мақсаттардың жүзеге асуында мектептік буынның, мұғалімнің рөлі ерекше. Сондықтан Жаңа Жолдауда мұғалімдердің жалақысын көтеру туралы нұсқаудың түп-тамыры осында.
Бұл – сый да емес, әлеуметтік жәрдем де емес, өркениетті қоғамның даму салты яғни адами капиталдың сапасын арттыруды көздейтін заңдылық. Басқаша айтқанда, қоғамымыздың келешегі үшін мұғалімге тапсырып отырған талап пен жауапкершілік. Қазіргі мектептегі ұстаздар еңбегін бағалау, мұғалім беделін көтеру басты мәселенің бірі екендігіне қауымның толық көзі жетіп отырғаны анық.
Мектептің 12 жылдыққа көшірілуінің 2021 жылға қарай жүзеге асуы, мектепте қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеріп шығу міндеттілігі, әлемдік білім кеңістігіне жаңа білім мазмұнымен, жаңа оқыту технологиясымен ену арқылы сыни ойлауға қабілетті, функционалдық сауаттылығы жоғары тұлға дайындау, мектепті бес күндікке біртіндеп өтуге бағытталу жолымен оқушылардың жүктемелерін шақтап, есесіне мектептен тыс тұлға дамыту саласын жандандыру, латын қарпіне көшуге дайындық тағы басқа игі құндылықтарды жүзеге асыру міндеттері мұғалім жалақысының 30-50 пайызға дейін осы жылдың өзінде-ақ көшуінің негіздері болып табылады. Ендігі жерде мұғалім беделі осы биіктіктен анықталатын болады. Ол үшін жаңа мектепке жаңа кадрлар керек. Жолдауда мұғалім біліктілігін заман талабындағы сатыға көтерудің жолдары мен міндеттері де белгіленген. Осы мәселелерді меңгеру, игеру, шешу – мұғалім еңбекақысының бұдан әрі де өсе беруінің кепілі екенін Елбасы ашық айтып берді.
Жолдауда белгіленген межелердің қайсысы болса да маңызды. Тәуелсіздігінің бүкіл дамуында мемлекетіміз мектептерімізді осы биікке көтеруге барлық жағынан да дайындап келіп отыр. Мысалы, «100 мектеп және 100 балабақша», «Мектепке жол», мектептерді жаппай компьютерлендіру, жаңа білім стандарттарын, жаңа оқу бағдарламаларын, жаңа оқулықтарды дайындап оқыту, көшбасшылық Назарбаев зияткерлік мектептері, Дарынды балалар мектептері, гимназия мен лицейлер сияқты білім ошақтары, жаңа оқыту технологиясын енгізу. 12 жылдық оқу үшін мектептердің материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік базасын жасау, мұғалімдер біліктілігін арттыруды «Өрлеу» ұйымы арқылы жаңа сапаға көтеру, мектеп бітірушілер үшін мемлекеттік гранттарды Ұлттық Бірыңғай Тест арқылы әділ жүзеге асыру секілді көптеген күрделі міндеттердің табысты орындалуы қажет болып отырғаны баршаға аян. Міне, мұғалім жалақысын жаңа сатыға көтеруге, жаңа мектепке жаңа мұғаліммен көшуге Елбасымыздың сарабдал басшылығымен мемлекетіміз осылайша келгеніне ешкім де дау айта алмайды. Сондықтан да Елбасы: «Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтуді тапсырамын», – деп, ұстаздардың әлеуметтік жағдайын мемлекет әрқашан қамқорлықта ұстайтынын қадап айтты. Мұғалімдердің жалақысы олардың біліктілігінің растауына байланысты тұтастай алғанда, 30-дан 50 пайызға дейін өсетін болады.
Бұл жолда, білім саласындағы реформаларымызда кемшіліктер мен қайшылықтар болмады емес, болды, болып та жатыр. Алайда бұл қиыншылықтар өз шешімін табады деген ойдамын.
Жолдауда Елбасының: «Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есепен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету керек», – деген тапсырмасы үшін мың алғыс, көптен бері осы мәселені көтеріп жүрсек те, жүзеге асыру қиын болып жүрген еді.
Жаңа жолдау жасампаздыққа бастайды. Елбасы айқындаған білім беруді дамытудың бұл жолдары білім беру ісінің дамуына сенімін арттырады, оқитындардың нақты нәтижелікке жетуіне септік етеді, қоғамдық ұйымдар мен қауымдардың мектеппен ынтымақтастыққа ұмтылуын арттырады. Сөйтіп бүкіл қоғам болып Мәңгілік Елдің адами капиталының сапасын арттыруға жұмыла үлес қосатын болады.
Бұл үрдіс мұғалімдерге өз орнын белгілей алуына, өзіндік жауапкершілігін күшейтуге, өз білімін өзі көтеруге ынталылығына қарқын беруге жол ашады. Сондықтан да мұғалімдер қауымы Елбасының Жаңа Жодауына қолдау білдіріп, үлестерін қосуда аянбай еңбек ететініне сенімім мол.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.