«Алашқа» арналған сіргежияр конференция
Жуырда «Рухани жаңғыру – Алаштың асыл мұраты: тіл – жазу – мәдениет» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция 22 желтоқсан күні Ғылым ордасының концерт залында өтті. Үш тұғырдың бірі саналатын Ахмет Байтұрсынұлының атымен аталатын Тіл білімі институты өткізген бұл конференцияның маңызы зор, аңызы мол, табысы толағай болғанын конференцияға қатысқандардың қай-қайсысы да айта жүрері даусыз.
Алаш қайраткерлерінің ғасыр бойы қуғын-сүргін көріп, бүгінгі тәуелсіз таңға маңдайы жарқырап аман-есен жеткен ұрпақтары жиынға арнайы шақырылған еді. А.Байтұрсынұлының жиен немересі – Байсалова Айман, М.Дулатовтың жиен немерелері – Жанна, Ерлан Сатыбалдиевтер, Отыншы Әлжановтың шөбересі – Төлемісова Гүлфарида, Асылбек Сейітовтың қызы – Сейітова Клара, Қайым Мұхамедхановтың қызы – Дина Мұхамедханова, Қ.Кемеңгерұлының немересі – Гүлнар Кемеңгерова сынды аты аңызға айналған айтулы тұлғалардың көзін көрген ұрпақтары бұл күнде ақ сақалды ата, ақ самайлы әже болып отырғанына қарамастан, күллі қазақтың құрметіне бөленген ардақтыларға арналған шаршы топқа асыға жетіп, алдыңғы қатардан орын алды.
Көлемді зал адамға лық толған конференцияны аталған институттың директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор Ерден Задаұлы Қажыбек басқарып, қаһары қатты заманда дәурен сүрген Алаш ардақтыларының телегейдей еңбектерін тілге тиек етті.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі Мұрат Жұрынов мырза шымылдығы енді ғана ашылған басқосудың маңызына тоқталып, құнды пікірлері мен құттықтауын жеткізді. Конференцияға Астанадан арнайы келген алаштанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Әдебиет танытқыштан» – әдеби тәжірибеге» деген баяндамасын жасағанда залда отырған Түрксіб ауданы №59 мектеп-гимназияның, Ш.Уәлиханов атындағы №12 мектеп-гимназияның оқушылары сілтідей тынып, сыныпта сабақ тыңдап отырғандай күй кешті. «Күннің ең қысқарған шағында ең ұзақ баяндама жасауыма тура келді. Себебі, осында өте көп жас өркен отыр екен», – деп сөзін бастаған ғалымға елдің ықыласы бөлек болды.
ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді «А.Байтұрсынұлының кеңес үкіметіне қатынасы туралы (1919-1921)» атты ғылыми баяндамасында тыңдаушыларды қазақ даласының ғасыр бұрынғы өткен-кеткеніне оралтты. Түркиядан келген Али Акбар, Кабадайы Осман; Алматыдағы Иран мәдени өкілдігінің директоры Джалали Киасари Сейед Джабад сынды ғалымдардың Алаш туралы баяндамаларын зиялы қауым мен өрендер ерекше ықыласпен тыңдады.
Денсаулығына байланысты конференцияға қатыса алмағанымен, баяндамасын бейне-
жазба арқылы жеткізген ҚР ҰҒА академигі Рәбиға Сыздықова Алаш боздақтарын, Ахмет Байтұрсынұлын ақтап алу қанша ауыр болғанын, бұл жолда өзі талай іске мұрындық болғанын айтып берді.
Конференция барысында баябан елге басқалқа болған аяулы бабаларға арналған толғауға, әсем ән, ойлы күйге кезек берілді. Айталық, қазақ және шалқар радиосы Алматы студиясының жетекшісі, айтыскер ақын Бақыт Жағыппарұлы «Алаш арыстарына арнауын» орындап, көрермен қауымды айрықша разы етті.
Педагогика ғылымының докторы, профессор Оразбаева Фаузия «Алаш арыстарының аманаты – тіл» атты баяндамасында ел мүддесі үшін от кешкен ғалымдардың қазақтың бүгіні мен ертеңіне жазып қалдырған ғылыми еңбектерін, асыл мұратын, тіл туралы тұжырымдарын жіктей, жіпселей түсіндіріп берді. Көрнекті жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев «Алашорда тарихы рухани жаңғыру даңғылына бастайды» деген тақырыпта баяндама жасап, Алашордашылардың идеясы мен бүгінгі таңдағы Елбасының ұстанымдарындағы сабақтастық, жасампаздық туралы сөз толғады. Сондай-ақ, Алаш арыстарының жоғын түгендеп, көптеген кітаптар құрастырған филология ғылымының докторы Әнес Ғарифолла «Алаш қайраткерлері және қазақтың жаратылыстану ғылымы» атты баяндама, филология ғылымының докторы, ҚазҰУ профессоры Салқынбай Анар «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ жазуы» деген тақырыпта баяндама жасады. А.Салқынбай латын әліпбиіне көшу мәселесі қайта көтеріліп, емле заңдылықтарына қатысты айтыс-тартыс қызған шақта Ахмет Байтұрсынұлы ұстанымдарын негізге алуымыз керектігін айтты.
Конференцияның соңында алқалы топтың алдында «Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы» атты кітап пен Телжан Шонанұлының бес томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Қазақ үшін қан кешкен ғалымдардың көз-жанарындай болған ұрпақтары кітаптардың тұсауын кесіп, баталарын берді. Институт директоры Ерден Қажыбек конференция қонақтарына ризашылығын білдіріп, бабаларымыздың жосынымен шапан жауып, сый-құрметін көрсетті.
Жиылыстан соң Алаш арыстарына арналған ас беріліп, Құран оқылды. Профессор Бабаш Әбілқасымов ақсақал айрандай ұйыған берекемен ұйымдасқан игі шараға разылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Оюлы шапан жамылған Алаш арыстарының ұрпақтары сөз алып, өлшеусіз қуаныштарын, алғыстарын білдірді. Қазақ тілін су жорғадай жүргізе алмағанына ыңғайсызданғанын жасыра алмаған ақ самайлылардың орыс тілінде жеткізген тебіреністі сөздерінен қазақтың өткен бір ғасырының қасіреті мен бүгінгі елдің ендігі жарқын болашағының сәулесін сезінгендей ұшы-қиырсыз бір ойлар жетегімен, үлкен жолда келе жатқан кісілермен қоштасып, дәмханадан алыстап бара жаттық.
Әділет АХМЕТҰЛЫ,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің ғылыми қызметкері.