Батыраштың сойылынан, Ақан өлсе қайтер ең?..
08.12.2017
3129
0

Төлеген ҚАЖЫБАЙ


Өңеш философиясы
Тазқара құстың талғамай жұтар өңешін,
Қасыңда жүрген кейбіреулерден көресің.
Көресің дағы ұяттан қыздай өртеніп,
Басқалар үшін бетмоншағыңды төгесің.

Терлігін дымдап, жортаққа түсер тепеңдеп,
Жүргендер қанша «байлыққа батпан жетем» деп,
Соларды көріп қаласың кейде қопаңдап,
Сол өңеш, сірә, менде де жоқ па екен деп.

Тоқтық пен жоқтық десек те әмән егескен.
Күн кешу қиын алдамшы жалған елеспен.
Құлқынның құлы қоғамға қауіп қашан да,
Өмірді мынау өлшеген қызыл өңешпен.

Біздің үй
Ауылдың кіндік тұсында,
Тұратын еді-ау біздің үй.
Қалтырап үміт ұшында,
Қоңыр тұрмыс, қоңыр күй.

Жылдардан иін жаншылып,
Еңсесі кеткен бүгіліп.
Жаңбырда қалса малшынып,
Кетер ме дейсің үгіліп.

Желменен бірге теңселіп,
Сықырлап кәрі сүйегі.
Тұрса да қайғы еңсеріп
Тынбады тірлік жүрегі.

Уілдей соғып үскірік.
Ыршытып сора – көз жасын,
Үш кіріп, анам үш шығып,
Бітейтін пештің мұржасын.

Сонда да жылу дарымай,
Есетін ызғар қағынған.
Ойынға қызық жарымай,
Кез еді күлкі сағынған.

Көтеріп уақыт тоқпағын,
Тарлықта талқан татырған.
Үздірмей тірлік соқпағын,
Үміттің таңын атырған.

Бүрлеген бұла сезімді,
Үсітпей аяз өтіне.
Ұмытпан, ордам, өзіңді –
Жеткізген елдің шетіне.

Қалса да сонау ел қашық,
Ойлардан кейде көз ілмен.
Келемін әлі жер басып,
Алған соң жылу өзіңнен.

Күндерді өткен күңгірттеу,
Қайғысыз ұрпақ ұғар ма?
Деуші еді анам бұл жұртты,
Жадыңнан әсте шығарма.

Әкеден қалған қоңыр үй,
Босағаң бақыт, баспанам.
Өзің боп шерткен қоңыр күй,
Жаныма жақын басқадан.

Өтіпті сенде көп күнім
Өкініш, өксік үмітпен.
Қамығу, қайғы жоқ бүгін,
Үміті озық, күдік кем.

Білмейтін өмір тынуды,
Шақырар белес жетсең деп.
Мен жүрмін сендік жылуды,
Балама беріп кетсем деп.

Мұңым жоқ демен – о да бар,
Үй де жоқ бүгін, анам да.
Өзгерер, бәрі оңалар,
Отаным – елім аманда.

Ананы аңсау
Қырып ап қырдың қынасын,
Тозаңнан бояу қайырдың.
Ширатып арқан бұрасып,
Тортадан майды айырдың.

Малмаға салып теріні,
Тазарта сылып шелінен.
Түйгіштеп тастап келіні,
Ағыттың құлын желіден.

Сабадан қымыз сорғытып,
Ошақтың шоғын үрлеген.
Сабақты ине орғытып,
Талмадың көйлек бүрмелеп.
Терімдеп кілем тоқысаң,
Өрнегін тіздің өңірдің.
Майданнан хабар оқыса,
Көз жасы болып төгілдің.

Сиырмен соқа сүйреткен,
Тербеді сені ғашық мұң.
Бейнетті белден күйреткен,
Күндермен алға асықтың.

Жарыңды тосып талықтың,
Қалмады қайғы жармасып.
Жападан жалғыз жабықтың,
Қайғыға қайғы жабысып.

Сүзіп ап құртты қазаннан,
Беліне тіздің сөренің.
Өргізіп сиыр азаннан,
Бесікке мені бөледің.

Ұмытып бір сәт қайғысын,
Басатын мауқын мұңлығым.
Іздейтін менен байғұсым,
Тірліктің рахат шындығын.

Ерніме тосып мамасын,
Тыншитын аз-кем дамылдап,
Бауырға басып баласын,
Жататын өрттей жалындап.

Шіркін-ау, сол бір құшақтың,
Жылуын жиып алсамшы.
Мамаңды сорып, ақ уыз,
Қойныңда мәңгі қалсамшы…

Қызыл қурай
Зират анау үлкен ауыл шетінде,
Өтер ғұмыр, өкін мейлі, өкінбе,
Қайран ана мүрдесінде өксиді,
Қызыл қурай, қызыл желдің өтінде.

Қызыл қурай қызыл желге сыңсиды,
Бұл тірлікті кім тәрік қып, кім сүйді?..
Тәрки дүние базарынан көшкенше,
Күймей-сүймей жүрек қалай тыншиды.

Тыншымайды, талпынар-ау, талпынар,
Талпынар да жүрек шаршап, алқынар.
Алқынғанда қолтығыңнан демеу боп,
Жан табылса жарар еді-ау хал сұрар.

Уақыт озар, мүрде тозар шаң басып,
Жылдар жылжыр бір-бірімен жалғасып.
Жылмен бірге жаңғырады жас ұрпақ,
Көш-керуен келе бермек алмасып.

Зират анау үлкен ауыл шетінде,
Барар жер сол, бекін мейлі, бекінбе.
Осы араға келген сайын өксимін,
Қурайдайын қалған желдің өтіне.

Мен сен де емен…
Мен бір жұмбақ адаммын…
Абай.
Мен сен де емен, басқа да емен,
Емен де емен, бор да емен, тас та емен.
Ақ сүтімен анамның суарылған,
Бұл күнде алқам-салқам мына денем.

Менде де арман болған Эверестей,
Күн кештім егеспей һәм ерегеспей.
Дәмімді елге тостым, шеттемедім,
Ол күндер де бұл шақта тек елес қой.
Менде де намыс болған жөні бөлек,
Сол намыс жүрген шығар елеп-жебеп.
Дәнмін деп даңғойсыған талайларды,
Қу тағдыр қуырған да еткен кебек.

Бойыма қарама сен қаршығадай,
Жарысқа қосылман тер тамшыламай.
Желбуаз жабыларға қоспа, жаным,
Жортақтап жолға шықпас қамшыламай.

Тұрқыма қарама сен тоқпақтайын,
Жұртымның бір жігітін жоқтатпаймын.
Мойныма бір ұрпақтың жүгін артып,
Жетелер өрі қиын соқпақ дәйім.
«Солай да солаймын» деп бой ұрмаған.
Жандарды жағалаттым ой ұрлаған.
(Ақиқат жыртығына жамау жанды
Талайлар сырттан шалып сойылдаған).

Ақиқат алауында жаным маздап,
Қалғанмын талай рет жана жаздап.
Әлі де тұтана алмай жүрген жай бар,
Талап бар, бақ-талай бар берген аздап.

Несіне қызғанамын басқа бағын,
Ірінің баққан емен қас-қабағын.
Өз үнім, өз соқпағым қалсын деумен,
Өріме сүйреп берсін бақ-талабым.

Болмадым көлеңкесі биіктердің,
Болмадым күйіктісі сүйікті елдің.
Тағдырға көңіл разы, шүкір, тәубә,
Демейді «не берсең де үйіп бергін».

Сондықтан мені іздеме өзгеден де,
Шертпедім сезім қылын сезбегенге.
Мерген де бола алмадым атқан оғы.
Қапысыз тиіп жатар көздегенге.

Сондықтан мені іздеме өзіңнен де,
Іздеме ала құйын сезімнен де,
Бірде мәрт, бірде нәмәрт көңілім бар,
Кейде шөл, кейде байтақ теңізден де.

…Мен сен де емен, басқа да емен,
Бор да емен, емен де емен, тас та емен.
Ақ сүтімен анамның суарылған,
Жүрегім, болмыс бітім жастай денем.

Зират басындағы ой
Бұл арада сәбилер жатыр,
Ернінде сүті кеппеген.
Бұл арада арулар жатыр,
Гүл іздеп қырға беттеген.
Бұл арада жігеттер жатыр,
Ажалын алдан күтпеген.
Бұл арада аналар жатыр,
Шаруасы қалған бітпеген.
Бұл арада әкелер жатыр,
Жығылған жолда жүкпенен.
Бұл арада аталар жатыр,
Айтарға сырын бүкпеген.
Бұл арада бабалар жатыр,
Сөз мәйегін түптеген…

Бұл арада шешендер жатыр,
Ғұлама ойлар тербеген.
…Бұл арада көсемдер жатыр,
Ешкімге билік бермеген.
Бұл арада батырлар жатыр,
Ту тұтып, топта ерлеген.
Бұл арада ақындар жатыр,
Қиялы сұңқар көлбеген.
Бұл арада ғалымдар жатыр,
Ғаламдық сырға шөлдеген.
Бұл арада залымдар жатыр,
Пайдасын жұрттан көздеген.
Бұл арада надандар жатыр,
адамдар жатыр,
бір-бірін қимай жерлеген.
Тебісіп өткен тірлікте,
Осының бәрін, япыр-ау,
Құндақтап жатыр қалайша,
Жарылып кетпей жер деген?

Құлагердің өлімін ақтау сөз
Қызғаныштың қызыл иті,
Жүрген шақта қаңғырып.
Құлагердің мерт болуы,
Логикалық заңдылық.

Таласпа оған
бостан-бос,
Алқынуың бекерлік.
Қарсы дауың дәйексіз –
Монтансыған мекерлік.

Қызғаныштың қызыл иті,
Тұрған шақты шәуілдеп.
Батыраштар бұғынбай,
Сойыл сұғар дәуірлеп.

Қызғаныштан қарғы таққан,
Қодар кімді аясын?..
Бекежандай ақ мылтықтан,
Мерт болмады қай асыл?

Қақпақылдап құрдым сырға,
Тартып кетті-ау ой терең.
Батыраштың сойылынан,
Ақан өлсе қайтер ең?..

Дей көрмеңіз мына сөзім,
Астам айтқан күпірлік.
Ақан өлмей, Құлагердің,
Мерт болуы шүкірлік…

Қызғаныштың қызыл иті,
Жүрген шақты қаңғырып.
Құлагердің мерт болуы
Логикалық заңдылық.

Көк бөрі
Жебелеп таудың бөктерін,
Сыдыртып сайдың өткелін.
Балағың батпақ, баурың саз,
Жапанда жортқан Көк бөрім.

Тағатсыз тажал араны,
Тайынбай тасты қабады.
Желіден жемтік айырып,
Қиядан шалар қараны.

Жаңқалап тонның қабатын.
Қиыннан апан қазатын.
Қиқулап түссең соңынан,
Қайыстай бауырын жазатын.

Жемтігін жығып еңсермей,
Соққыға шыдар теңселмей.
Салыңқы кеуде, ашқұрсақ,
Тырнағы болат семсердей.

Тірсегі маймақ сірідей,
Шүйдесі шомбал күбідей.
Жайратып салып атанның,
Суырар өтін тірідей.

Қайсарлық бойын билеген,
Қамырдай жауын илеген.
Батпанды білек батырдай,
Аунатып шаңға сүйреген.

Жанары төгіп ызбарын,
Сездіріп өлім ызғарын.
Ақтүтек боран ақшұнақ
Бөгесін емес мұз-қарың.

Азуы қанды қақпандай,
Ашуы түтек ақпандай.
Бүлігі таңғы ауылды,
Бір қосын қалмақ шапқандай.

Төзімі темір тегештей,
Жүрісі сыпсың елестей.
Қулығы құрдым тұңғиық,
Аңшылар айтқан кеңестей.

Жүрсе де тағдыр жылатып,
Қайтемін көңіл жұбатып.
Адамның досы – иттен де,
Қасқырды тұрам ұнатып.

Таққа отыр, мейлі көң шығар,
Ізіңе ертең шөп шығар.
Итініп иттей жүргенше,
Қасқыр боп өткен жөн шығар…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір