Ұлттық болмыстың өзегін сақтау
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына орай Тілдер Орталығы мен АМАНАТ студенттік ұйымының ұйымдастыруымен Кимэп университетінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрлан Оразалиннің қатысуымен рухани кеш өтті.
Кеш студенттердің Н.Оразалин шығармалары бойынша оқыған монологымен басталды. Ақын шығармаларындағы Рух тақырыбына қатысты қанатты сөздерді жұптаған монологтан кейін «Кимэп студенттері рухты іздеуі атты» көрініс қойылды. Көрініс жаңа технологияны жетік меңгерген жастардың көпшілігінің бойында қазақи рухтың жоғалып бара жатқанын жеткізеді.
Кездесуде Нұрлан Мырқасымұлы Елбасы мақаласын жастарға тағы да жан-жақты талдап, терең түсіндірді. Ақын өз сөзінде Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жолдауындағы ұлттық жаңғыру ұғымның ұлттық сананың кемелденуін білдіретінін айта келе, оның екі қырын: біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту деп тарқатты.
Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін?
Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруында болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда. Сондықтан «Егер де біз мемлекет болып қалғымыз келсе, ең алдымен рухани бай болып, патриоттық рухты сіңіре білуіміз қажет, сонымен қатар басқа елдермен рухани қарым – қатынасымызды қалыптастыруымыз керек», – деп болашақ мамандар санасына жеткізді.
Бұдан соң студенттер қоғам қайраткері Н.Оразалинге өздерін толғандырған көкейкесті сұрақтарын қойды. Сауалдар тек ақынның шығармашылығымен шектелмей, еліміздегі әдеби ахуал мен қазақ әліпбиінің өзгеруі, мемлекеттік тіл мәселесі, ұлттар арасындағы қарым-қатынас мәселелерін қамтыды.
Н.Оразалин өлеңдерінен және рухани байлық пен рух құдіреті жайлы әңгімелерден шабыт алған, бірнеше студент ақын өлеңдерін үш тілде жарыса оқып, домбырада күй шертті.
Студенттердің өнеріне риза болған ақын оларға қолтаңба қойылған кітаптарын беріп, университет кітапхана қорына 10 томдық шығармалар жинағын сыйға тартты.
Рухани кешке КИМЭП Тілдер орталығы басшысы М.Шегебаев, оқытушы-профессорлар: З.Ерназарова,
А.Құрманалиева, А.Сарбасова, Л.Ерменбаева, Ш.Әбдиева және Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғ.Жайлыбай, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Ж.Әшімжан, «Ан-Арыс» баспасының директоры, ақын К.Құныпияұлы қатысты.
Филология ғылымының кандидаты Нұрайша Жүсіпқызы кешті қорытындылай келе кеш қонақтары мен ұйымдастырушы студенттерге рахмет айтты.
Динара Ғарифолла,
КИМЭП Университеті,
Бухгалтерлік есеп және аудит факультетінің 2 курс студенті.