Ұлағаты ұстаз
Фантаст жазушы, машанитанушы ғалым Ш.Әбдіраманның туғанына 80 жыл толу мерейтойына орай, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-дың ұйымдастыруымен дөңгелек-үстел өтіп, оған белгілі ғалымдар, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, Ш.Әбдіраманның жары – Шәрбану Алманбетова, ғалымның студент шәкірттері қатысты.
Жиынды тау-кен ісі кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымының кандидаты, доцент Рысбеков Қанай жүргізді. Ең алғаш болып сөз алған университет проректоры Ринат Искаков Ш.Абдіраманның ұстаздық келбетіне арнайы тоқталып өтіп, жиынға қатысушылар атынан жазушы жарына құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Жиынның баяндамасын Ө.Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институты директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбішева Зейнеш жасап, Ш.Әбдіраманның машанитануға қосқан қомақты үлесі, қазақша техникалық сөздікті жасаудағы еңбегі, тау-кен өндіру ісіндегі іргелі жұмыстары жайында кеңінен толғады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы: «Шәмшиден Әбдіраман – Қазақстан Жазушылар одағында өткен әрбір әдеби жиындарда бой көрсетіп, қазақ фантастикалық әдебиетінде көшбасшы екенін әрдайым дәлелдеп отыратын. Жазушы ағамыз ғылым жолында да белсенділігін танытып жүрді. Кейбір қаламгерлер тек жазушы болуы мүмкін. Кейбір тұлғалар ғылыммен ғана айналысуы мүмкін. Осы екі саланы толық меңгеруге көпшіліктің мүмкіндігі бола қоймайды. Шәмшиден Әбдіраман осы екі күрделі саланы қатар алып жүре алды. 1963 жылы алғашқы шығармасы жариялағаннан күні кешеге дейін әдебиеттің ауылынан алыстамады. Ол – сұлу өмір кешті. әл-Фараби, Машани өсиеттерін бүгінгі дәуір адамдарына бүгінгі заман тілімен жеткізе білді», – деген пікірін білдірді. Осы университеттің ардагер ұстазы, қаламгер Маржан Нұрпейісова: «Ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым Шәмшиденмен ұзақ жыл бойы бірге қызмет еттік. Ол ұстаз ретінде студенттерге арнап терминологиялық сөздіктер, оқулықтар жазды, Машани орталығын ашып, әл-Фараби еңбектерін жаңа мазмұнда құрастырып шықты. Тау-кен саласының қызметкері ретінде де қалдырған ізі айрықша. Оқуды бітіре сала, Жезқазғанға арнайы жолдамамен барып қызмет етті, Алжирде іс-тәжірибесімен бөлісті. Темір жолдың екі рельсі сияқты, жазушылықты қатар ұстанды. Мықты педагог болды. Сонысымен бізге үлгі», – дей келе, осындай келелі жиынды өткізуге ұйытқы болған университет басшылығына алғысын білдірді. Жиын барысында Ш.Әбдіраманның қанаттас інілері, әріптестері, шәкірттері сөз сөйлеп, қаламгер және ұстаз жайлы естеліктерімен бөлісті. Жазушы жары Шәрбану Алманбетова жазушының азаматтық ұстанымы жайлы кеңінен әңгімелеп, дөңгелек-үстелді ұйымдастырушыларға деген ырзашалығын білдірді.