Жанартаудың жарқылы
Мен, міне, өмірге қатар қадам басқан құрдас-дос, өнерді бірге шарлап-барлаған әріптес-қаламдас Жақыпжан Нұрғожаевтың «Жүрегі оның жанартау» атты кітабын оқып отырмын. Ақын Мұқағали Мақатаев туралы… Мұқағали Мақатаев – қазақ жыры аспанындағы жарық күндердің бірі. Ал, Күн табиғатта да аз, жалқы болса, әдебиетте де ешқашан көп болмайды. Сондықтан да ол – қазір қазақтың ақыны, ұлттың ақыны. Оны көзі ашық, көкірегі ояу жұрттың дені біледі. Сондықтан да оның өзі халқымен жиі жүздесіп тұратынын айтпағанда, ол туралы том-том сын-зерттеу кітаптары жазылды, жазылып та жатыр. Келешекте де жазыла береді. Өйткені, ол – Абайдан кейін, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиевтерден соң қазақтың екінші есіміне, төлқұжатына айналған, төрде ілінбей, мәңгі тілдесіп тұрар Домбырасына айналған Ақын. Жеке тануы бар, жеке бір ғылым саласы болып күн кешіп жатқан ақын.
Ал мұндай ақын туралы, қазақтың күнделікті сөзіне, Өмірінің өзіне айналып кеткен ақын туралы жаңа сөз, жаңа сөз ғана емес жақсы сөз айту жеңіл емес екені түсінікті.
Бұл тұрғыда күлбілтелетпей бірден ашығын айтсақ, Жақыпжан Нұрғожаев мақсатына жеткен. Мына кітабы – Мұқағалитануды кеңейткен, байытқан, толықтырған жаңа бір бет.
Әрине, мұндай жеңіске, жеміске қолын жеткізген ̶ біріншіден, Жақыпжанның қаламгерлік қабілеті. Әдебиетте таланты қуатсыз адамға, қалам қарымы жоқ кісіге нан жоқ екені дәлел тілемейді. Екіншіден, Жақыпжан – Мұқағали Мақатаев өлеңіне бала кезден іңкәр болған, қазір де құлай сүйіп, ол туралы не жазса да жүрегінен шығарып, ыстық махаббатымен жазған қаламгер.
«Ақын өлеңдері біздің басымыздан кешкен барлық сәттерімізге жолбасшы, ақылшы болып тұрған құдіретімен де ерекшеленеді. Сағынған сәттерде жүрек пернесін дәл басып шерткен сезімталдығымен, жабыққан сәтте ақылшы ағаңдай басыңнан сипап қана емес, жүрегіңе де алақан жылуын жырымен таратқан парасаттылығымен, дана қарттығымен ерекшеленетіні Мұқағали әлемін айтсаңшы».
Біз сондай Мұқағали әлемін енді автор Жақыпжанмен бірге аралайық. Жақыпжанға ілесіп, байқап қайтайық.
Жаңа кітап «Сенде ме?.. Сенде сұмдық сыр бар, далам» атты мақаламен басталған. Бұл – ақынның «Райымбек! Райымбек!» дастаны туралы жас ұрпақпен сырласу – сұхбат. Сондықтан автор Мұқағалидың осы дастаны туралы өз ойын, баға-байламын, өз түсінігін ортаға салып қана қоймай, жас ұрпақ өкілі Сырым деген жігіттің сұрақтарына жауап бере отырып, Райымбек батыр өмір сүрген кездегі тарихи жағдай, сол кездегі халық тағдыры туралы да сыр шертеді, сын айтады. Жаңа деректермен таныстырады. Атақты дастанда асқақ та ажарлы бейнелеген Райымбек батыр тұлғасын адамгершілік қасиет, қам- қаракеттерімен толықтырады.
Ата, біздің өлкені қара жаулар қаптады.
Жауларына біздің ел сәйгүлігін баптады.
Қойын сойып, қолдарын қусырды да сорлылар
Аяғына бас ұрды, бірі садақ тартпады.
Тартпаған соң оларда әуреленіп жатпады,
Алды дағы аларын белімізден аттады.
Бозбала Райымбекті батыр Райымбекке айналдырған ата Ханкелдіден берілген тектілік, тұқым қуалаған түкті жүрек қана емес, Ар-намыс. Орта жүз жері шабылып, ағайын арғын-керей, дулат-қоңыраттар ақтабан шұбырындыға ұшырап жатқанда Жетісудағы ұлы жүздің жоңғармен бітісіп, жайбарақат жатуына бала батыр шыдамаған еді.
Аталған дастанның айрықша көркемдігі, асыл құндылығы Райымбек батырдың рауан бейнесін ашып, ардақтауында ғана емес, Алаштың алауыздығын, билік басындағылардың бейшаралығын, халық қамынан гөрі қара бас құлқындарын ойлап тіршілік еткен аласалығын ашып, айыптауында да жатыр. Қайран қазақ қалмақ- жоңғарлардың көптігінен, күштілігінен жеңілген жоқ; бірігіп қарсы тұра алмағанынан қайраңдады. Отаршыл орыс елінің өкілі И.Кириллов патшайым Анна Иоановнаға: «Қазақ ордасы ауызбірлікті болып тұрғанда қаласы да, даласы да –бәрі қолында еді. Хандар мен сұлтандар бөлшектеп бөліп алып кеткенде бәрінен айырылып қалды. Сол тұста 100 мың атты әскер шығара алатын қазақтың үш жүзі бір хандыққа бағынып , бір ауызға қараған болса, жоңғар қалмақтарынан жеңілмес еді. Олардың бірі жоңғарға қарсы шықса, екіншісі босқа қарап отырады…», – деп хабарласа, осы ащы шындық.
Сонымен, қазақ бұдан кейін бас қосып бірігіп, жауға жұмыла аттанды. Жеңді. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Сергелі қара Тілеуке, Қарақалпақ Қылышбек, Албан – Әлжан Райымбек, Шапырашты Наурызбай, т.т. батырлар арқасында. Қаһарман қалың қазақ сарбаздарының төккен қызыл қаны, қиған жаны нәтижесінде…
Осы орайда Райымбек батырдың жөні бөлек, ерлігі ерекше. Сонымен бірге, ол ақылды. Данагөй. Тіпті, қарсыласпаған жауына рақымды қолбасшы. Мәселен, мен өз басым Райымбектің алдына келіп басын иген қалмақ батырларына сеніп, сарбаздары қатарына қосып, «қазақ» еткенін білмейді екенмін. Бұл – күнделікті күйбең тірліктен қол тимеуінен ғана емес, ортақ шынайы тарихтың әлі жазылмағанынан, Қаракерей Қабанбай, Ер Жәнібек, Райымбек батыр туралы жарық көрген базбір кітаптардың таралымы аздығынан да десем жаңылмаймын. Небәрі мың, екі мың дана кітапты кездейсоқ көріп қалмасаң, авторы сыйламаса, қайдан табасың?!
«Болар бала боғынан» дейді халқымыз. Райымбек үш жасында-ақ атты жетектеп, тізгініне ие болса, бес жасында атты өзі ұстап, ырғып мініпті. Міне, оның осындай ерекшелігін ерте байқаған нағашысы – Орақты батырдың өз тұқымы жиеніне жеті жасында арнайы садақ жасатып, қылыш, айбалта соқтырып, тұлпар болар бір тайды мінгізіпті. Бала Райымбек сол тайды мәпелеп өсіріп, соғыс өнеріне үйретеді. Ол қатар тұрған төрт аттының үстінен қарғып өтетін белді тұлпар, тұрқы есік пен төрдей жарамды арғымақ болып өседі.
Астындағы аты осындай болғанда жігіт, жаужүрек, қолбасшы Райымбектің заты қандай, байыптай беріңіз. Жастай майданға араласып, қалмаққа қарсы аттанған Райымбек алғашқы жорығында сең жүріп, тасып жатқан терең Ілеге тап болады. Осы қауіп-қатерден сескеніп- саспай, қамыстан сал жасатып, өзі Көкойнағымен суға бірінші қарғып түсіп, қолдың арғы бетке аман- есен өтуіне жағдай туғызған. Ақылды да айлалығы, жүректілігі көрінген осы оқиғадан соң-ақ «Іленің суы сол сәтте қақ айрылып, батырға жол беріпті» деген аңыз тарайды. Ә дегеннен-ақ осындай даңқы өрлеген батыр жолы болып жауды жапыра бастайды. Кейінірек ол қол бастап келе жатса, мысы басып, жасып қалған жауы қаша жөнелген сәттерде кездесіпті. Өйткені, «Райымбек! Райымбек!» деп аруақ шақырып, ұран салудың өзі жауынгерлерге еселей күш қосып, рухтарын көтеретін болған.
Райымбектің әділдікпен, қайырымдылықпен жау адамдарын өз жағына шығарып отыруы да әрқашан соғыста жеңілмеуін қамтамасыз еткен кемеңгерлік тәсіл- айла деу керек. Осылайша қарамағына өтіп, батырдың қол астында бұрынғы қандастарына қарсы шайқасқан Серке (оған Аманжол деген ат берген Райымбек), Арыстан батыр дегендер болыпты.
Бетпе-бет ұрыста Райымбек батыр жоңғардың Қорын ханының басын өзі шауып түсіреді. Барақ батырының мойнын садақ тартып үзеді. Ал Секер ханын тірі тұтқын етеді. Жалағашты жайлаған Ағанас, Көмірші-Теміршікті билеген Арысхан қашып құтылады.
Жауды жапыра жеңіп, жерін босатқан Райымбек – еліне қалтқысыз қызмет еткен, мұратына жеткен батыр. Сүйегі туған жерінде, алып шаһар Алматының төрінде, күре жолдың бойында жатыр. Неге осы жерде? «Мәйітімді артқан ақ түйем қай жерге шөксе, сол жерге жерлеңдер», – депті батыр. Аңыз емес, бұл да ақиқат шығар. Әулие батырдың басында ел қойған «көк тас», салмағы 10 тонналық түйе – ақ нар түйе болса керек.
Жақыпжан қалған мақалаларында да жас ақын, кемеріне жеткен орта буынның орда бұзған ақыны, кемеліне келген қазақтың бас ақыны Мұқағалиды жан-жақты таныстырып, оның мөлдір де маздақ жан сырымен, тоқсан тоғыз көркемдік қырымен табыстыра түседі. Мұның әрқайсысы – 1960-1970 жылдардың «жұмыс» – демімен тілдесу, жақсылық пен жамандық, махаббат пен мархабат, ғарасат пен парасат тыныс-лебімен жүздесу… Жақыпжанның естелігі, ақынның өз басымен ұшырасулары – қилы сәттер, қызық деректер.
Сөйтіп тұрғанымызда қадірлі қартымыз Әбекең – Әбділда Тәжібаев келді. Олжас, тағы біраз ақын-жазушылар жиналып қалды. Олжас Әбекеңе еркелеп:
– Әбеке, уайымдамаңыз. Осы жолы академиктікке өтпесеңіз, келесі жолы өтесіз. Сіз қазақ поэзиясының академигісіз ғой, деді ағынан жарылып.
Сонда шеттеу тұрған Мұқағали ерніндегі насыбайын қоқыс салғышқа түкіріп тастап:
– Әбеке! Ақын Әбділда Тәжібаев тұрғанда академик Әбділда Тәжібаев неме керек? – деді інілік базыналықпен.
Әбекең мәз. Күліп:
– Дұрыс айтасың, Мұқаш! Шынымен -ақ маған анау академиктіктің не қажеті бар?! – деп дарқан мінезіне салып, жағамызды жайлау етіп жіберді». (61-бет).
Міне, мұнда да – ақын Мұқағали Мұқағали адамнан басталса, соны сездірер Мұқағали мінез, Мақатаев ұстаным, Сүлейменұлы ұлылық тұр.
«Мұқағали және Жүрсін» деген мақала ақынның жолын жалғастырушы бір інісі Жүрсін Ерманов пен оның ұстазы – Мұқағали жөнінде сыр ағытса, «Мұқағали» журналы ақынның шырақшысы» деген сұхбаттың аты-ақ затынан андағайлап хабар беріп тұр. Бізде әулие-әнбиелердің басында баяғыдан-ақ шырақшы болатын жақсы дәстүр бар десек, ұлы ақындарымыздың, ұлттық мәңгі тірі ақындарымыздың қасында шырақшы болуы – өте қажет шара. Шара ғана емес, елдік шаруа. Ендеше Жақыпжанның журналды бірнеше жыл бойы шығарып, ақын әлемінің шырағын жағып келе жатуы өте игілікті іс емес пе?!
Көлемді де кенеулі кітаптың екінші бөлімі – кілең сұхбаттар. Әңгімелесуші – автор, жампоз журналшы Жақыпжан Нұрғожаев болса, ал Мұқағалитанушы кейіпкерлері – бүгінгі қазақ әдебиетінің нар тұлғасы Әбіш Кекілбаев, Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов, ғұлама ғалым Мырзатай Жолдасбеков, алдаспан ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Темірхан Медетбек, ақын, ғалым, қайраткер Бауыржан Омаров, ақын, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің салалық комитеті төрағасының орынбасары Ербол Шаймерденұлы, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы, Мұқағали сөздеріне жазылған әндердің алғашқы орындаушыларының бірегейі, актриса Бақыт Әшімова, сонымен бірге ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің жан жары Дариға Тілендікеліні.
1968 жылы Мұқағалидің «Қарлығашым, келдің бе?» атты жинағы шыққан. Алақандай кітап, бірақ осы кітап кезінде қолы жеткен қазаққа сөзден қойдың сүтін ішкізіп, өлеңнен өмір танытып қана қоймай, өкіндірмей де өксітпей рахат таптырған кітап. Мұның себебі: «Қарлығашым,келдің бені?» оқығанда – бұрынғы Мағжаннан айрылған, Ілиястан қанаты қайрылған шақпен қоштасып, халық толық жүз пайыз шын өлеңмен – өлең мен өмір болып бөлініп тұрмай – өлең болып жеткен өмірмен беттесіп, ішіне еніп кетіп, өзің осы өлең – өмірді сүріп жүргендей күй кешетінің бар. Неге бұлай? Неліктен? Әбіш Кекілбаевпен жасалған сұхбаттың келістілігі – міне, осы күйді-құбылысты түсіндіруінде.
– Мұқағалиға көзі тірісінде дара тұлға деп лайықты баға берген қаламгерсіз. Мұқағалиды бұлай деп алабөтен бөліп, іріктеп алуыңызға не себеп болды?
Сұхбатшы Жақыпжан сұрақ қояды.Сонда Әбекең не дейді?
– Мұқағалиді өйтіп айрықша іріктеп алып жүрген мен бе екенмін? Уақыт қой.
Міне, мәселе қайда? Қазақ әдебиетінде қашанда таланттар аз емес-тін. Ал, олардың гүлдей ашылуына, өзін-өзі табуына, құдай берген таланты төрінен – қазақ өлеңі өрінен көрінуіне немесе көрінбеуіне басты себепкер – уақыт.
Осы жалғыз-ақ сөздің астарында қаншама ащы да асыл шындық жатыр. Мұны Әбіш ағамыз: «Біз оқуға түсерде әдебиеттің тоңы әлі жібімеген қалпы еді. Өлең шіркіннің қашанғы екпіндегіш күйі-тұғын. Колхоз-совхоздың ойға-қырға омақасатын да жүретін көнетоз тракторындай еді.
Күн сайын бір «өтімді» тақырып шығады да тұрады. Соның көңілін аулаймын деп жүргенде өзі де қоқысқа айналады. Ондай «майшелпекке» үйреніп алғандар өте көп. Жыл сайын бұрқыратып кітап шығарады да жатады… Содан бір күндері: «Домбырам не дейді, мен не деймін?» деп іштей қоңылтақсып отырғандары. Талантты деген талай көкелеріміз өмірден осылай ойсырап өткен-ді.
Поэзиядағы мұндай оспаққа үйренісе алмай, ереуілдеп баққан тентек ақын Қасым Аманжолов еді. Ол бір «жетім бұрышта» күрк-күрк жөтеліп жатып:
Апыр-ай, мынау күннің райын-ай,
Төсектен тәуір болып тұрайын-ай, –
Десем де қабағын бір қойды-ау ашпай,
Ерегісіп енеңді ұрайын-ай! –
деп буырқанып, күлді-көмеш өмірі жайлы толғанғаны төбе құйқаңды шымырлатады», деп байыптап, ащы ақиқатты жайып салады.
Әбіш Кекілбаевтың Мұқағали туралы аз ғана естелігінің өзі – ерекше сөз, есті эссе. Ақынның көк базарға барып, аралап, насыбайшыларға жеткені де – қымбат сәт.
«…Кенет сен насыбайға еңкейесің. «Қарағым, Мақатайдың баласымысың?». Әкеңнің атын естігенде шалқаңнан түсе жаздайсың. «Ау, оны қайдан білдіңіз?», «Бет-әлпетің айтып тұр ғой, бет әлпетің…». Шүйіркелесе кетесің. Мыжырайған шал кешегі жігіт екен. Сенің әкеңмен талай бірге болған екен. Ойда-жоқта төбесіне түскеніне ол да мәз. Насыбай іздеп келіп, әкеңнің көзтанысын көргеніңе сен де мәзсің».
Мұқағали Әбішке өзінің 1968 жыл басында шыққан «Қарлығашым, келдің бе?» атты жаңа жыр кітабын сыйлаған. Мынадай қолтаңба жазып:
«Әбіш!
Дей алдым ба бірдеңе, демедім бе,
Дей алмасам – боғымды жегенім де.
Өкпе-назым, қайғы мен қуанышым –
Тұрса бәрі жарады өлеңімде?
23.03.1968 ж.».
Әрине, бұдан кейін Әбіш кітапты оқыды. «Бірінші өлеңінің өзі бойыңды алысқа алақашады.
35 жыл. Отыз бесінші көктемім.
35 жыл. Уақыт қой көп-көрім.
35 жыл қуарып, отыз бес жыл көктедім.
35 күз, 35 қыс, 35 жаз,
Осал өмір емес қой отыз бес жас.
35 жыл. Өмірді кезіп келем.
Және 35 бола ма? Сезіктенем…
Әкем менің есімде шам түбінде
ВКБ(б) тарихын ежіктеген…
Бәрі рас. Бәрі солай. Бәріміз де көргенбіз. Бәріміздің де есімізде. Бәріміз де осылай сезінеміз. Неге ендеше бәріміз жазбағанбыз…» (133-бет).
Мынадай шындықты осылай жеткізген ақынды елге айту, кітапты қалың жұртқа жеткізу –парыз. Әбіш Кекілбаевтың Мұқағали Мақатаевтың «Қарлығашым, келдің бе?» атты құбылыс кітабын сол кезде-ақ дәл танып, авторының бағын ашқан «Жүректен – жүрекке» атта дара сипатты дана мақаласы осы себепті жазылған еді.
Тіпті, мұнда мынадай да тұжырым-байлам бар: «Әдетте тіпті де жақсы өлеңі көп те, бірде-бір жаман өлеңі жоқ жыр кітаптары аса сирек ұшырасады. М.Мақатаевтың «Қарлығашым, келдің бе?» жинағы сондай айда-жылда бір ұшырасатын аса сиректің бірі».
«Ұлы шығарма туралы не айтылады, мұның маңызы сол шығарманың өзінен бір де кем емес». Мұны айтқан – Белинский. Егер жаңылмасам, өзі бір кемеңгер сыншы. Әбіш Кекілбаевтың осы мақаласы дер кезінде жазылмаса, Мұқағали сол кезде-ақ танылмаса, есі, сесі, десі басым екінші Қасым 1960-1970 жылдардың Мұқағалиы бола алар ма еді, бәлкім, бола алмас па еді?!
Алматы облысының бұрынғы әкімі Серік Әбікенұлымен сұхбаттың да Мұқағалитануға өзіндік қосары мол. Ол Мақатаевты мәңгілік етуде осы абзал азаматтың жасаған еңбегінен жақсы хабардар етеді.
«…Көзінің тірісінде Мұқағалиды шын түсініп, оның ақындық дарынына жоғары баға беріп, әрбір жаңа туындысына шын қуанған бірден-бір тұлға – осы Нұрағаң, Нұрғиса Тілендиев қой… Ағаның: «Дариға, домбырамды берші…» деп тәтемізді шақырғанын қағып алған ақын «Дариға, домбырамды берші маған» атты өлең жазып, оған Нұрағаң ән шығарып, бүгінгі таңда ел ішінде кеңінен айтылып жүрген осы бір әдемі ән дүниеге келіпті» дейді. «Саржайлау» әні де сол кездері шыққан екен. Екеуінің де шығармашылығында ұқсастық бар. Нұрағаң «Аққу» күйін шығарса, Мұқаң «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын жазды. Бірі аққуды күймен қайырса, екіншісі аққудың киесін жырына арқау етті…» (бет).
Егер әкімнің бәрі осы Серік Әбікенұлындай ақынды ардақтап, өнерді түсінсе, Мұқағалиға көрсеткендей еңбек сіңірсе, онда Бейімбет Майлиніміз де, Нәжімеденов Жұмекеніміз де, Мұқағалидың ұстазы – Әбділда Тәжібаев пен сыншы Асқар Сүлейменов те талантына сай, еңбектеріне лайық құрметтеліп, өмірден өз орындарын иеленетініне дау бар ма?!
Қалған сұхбаттардан да Мұқағалиға қатысты орамды, отты ойлар, өзіндік өзекті пікірлер – қыруар қазына табылады. Мұның бәрін тізер болсақ, мүмкін, ең кемі тағы осындай мақала жазу керек шығар.Мұндай ой түгендеуге, бойды тұтас байқауға мүмкіндік аз. Мұқағали айтпақшы, өкінішті. Өкінбеу үшін бұл кітапты әркім өзі оқуы керек.
Жақыпжан Нұрғожаевтың кітабының аты – «Жүрегі оның жанартау». Иә, Мұқағали жүрегі жыр Жанартауы. Атқылап тұрған, қай кезде де күл шашпай, гүл шашқан, қазір де айналасын өртемей, алашын көркейткен мәңгілік жыр Жанартауы. Соның отына жылынған дос, қаламдас Жақыпжан Нұрғожаев кітабы бәрінен бұрын маған осы Жанартаудың өзгелер байқамаған жасындай жарқылын, жалынын жеткізгені риза етті. Сондықтан да мен осы кітаптағы кейбір тілдік түйіткілдерді түртіп, мазмұндық майда ағаттықтарды тізіп жатпай, басты қырын – әлгі жарқылды, сол жалынды жеткізгім келді. Ең алдымен ақиық Ақынның «атомға айналмаған басына, асқар Алатаудың шырқау шыңдағы тасына» көз түседі емес пе?! Ал, қалғаны – содан кейін… кейінірек.
Бақыт Сарбалаұлы.