Інжу-маржандарымыз лайланбасын!
Соңғы жылдары елімізде халық аспаптар ансамбльдерінің қатары көбейіп, ата-бабамыздан қалған музыкалық мұра өрісі кеңеюде. Көне аспаптар – жетіген, сыбызғы, саз-сырнай, шертер, қыл-қобыз бен қатар көптеген үрмелі аспаптар да ансамбль қатарына қосылды. Репертуар мәселесі де кеңейе түсті. Әр облыста халық аспаптар оркестрлерімен қатар, 10-15 адамдық ансамбльдер құрылып, халқымыздың көне ән-күйлерін насихаттай бастағаны қуантады.
Бұл мақала арқылы, дәстүрлі халық музыкасының қазіргі даму бағыты жөнінде, қалың оқырманмен кәсіби маман ретінде ой бөліспекпін. Сонау 1934 жылдан бері академик А.Жұбановтың ұйымдастыруымен алғашқы қазақ оркестрінің іргетасы қаланды. Музыкалық мұраларымызды оркестрге түсіру жұмысы, сол кезден бастап Ахаңның үлесінде болды. Одан бері де Е. Брусиловский,
А.Жұбанов, Л.Хамиди, Ш.Қажығалиев, Н.Тілендиев, С.Мұхамеджанов, А.Мырзабеков, М.Қойшыбаев, К.Күмісбеков, Б.Жұманиязов сияқты ұлттық үн мен ұлттық әуенді терең сіңірген ағаларымыз бұл істі өте сәтті жалғастыра білді.
С.Мұхамеджановтың «Шаттық отаны», Н.Тілендиевтің «Алтын дән», Е.Брусиловскийдің «Желдірме», К.Күмісбековтің «Вальсі», т.б. шығармалар оркестрге түсірудің озық үлгісі ретінде бәрімізге танымал. Демек, бізде аспаптаудың іргетасы берік қаланған. Бүгінде сол үрдісті А.Жайымов, Ж.Темірғалиев, Ж.Бегендіков секілді замандастарым және мен, менен кейінгі жастар да орынды жалғастырып келеді. Ғалым Б.Сарыбаев елімізде ең алғаш рет Торғай облысында «Шертер» ансамблін құрды. Кезінде ансамбль болып құрылған «Отырар сазы» көрнекті композитор Н.Тілендиевтің арқасында үлкен оркестрге айналды. Қостанайда, Ақтауда, Талдықорғанда, Шымкентте алғашқы облыстық ансамбльдер құрыла бастады. Ұмыт қалған жетіген, саз-сырнай, шертер, т.б. аспаптар тірілді. Бұрын белгісіз Байжігіт, Сүгір, Ықылас және Маңғыстау күйлері де репертуарға кіргізіле бастады. Барлық шығармалар ұлттық нақышты бұзбай сол қалпында жеткізіліп келе жатыр еді…
Алайда, соңғы кезде халқымыздың осынша бай інжу-маржандарын іштей бүлдіріп, батыстың бізге мүлдем жат стиліне салу белең ала бастағанын байқадым. Ең қорқыныштысы, еліміздің көптеген ансамбльдері соған еліктеп бөтен елдің дыбысын енгізіп бүліне бастапты. Аңдысын аңдып бағамдасам, «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей Алматыда Яков Хан деген «мықты» шығыпты. Ол біздің А.Жұбанов, Н.Тілендиев, Л.Хамиди, А.Мырзабеков сияқты ұлы тұлғаларымызды былай «ысырып» қойып, «өзім білемінге» салынып ата жолынан адастыра бастапты. Оның алғашқы «жаңалығы» Алматы қалалық мәдениет бөлімінің «Сазген сазы» халық аспаптар ансамблінде бой көрсете бастағанын 3-4 жыл бұрын байқаған едім. «Е, жарайды. Мұндай стилдегі өңдеумен ұлттық шығармалар тек мейрамхана, кафе, дәмханалар сияқты көңіл көтерер орындарда ғана орындалар. Музыканттар сөйтіп ризықтарын тауып жүр ғой», – деген оймен мән бермеп едім. «Бақсақ бақа екен» дегендей бұл «жаңалықты» еліміздің басқа да халық ансамбльдері жиын-той, мейрамханада емес, үлкен, киелі сахнаға шығара бастағанын көргенде ол ойым кілт бұзылды, бұдан ары үндемей отыруға арым жетпеді.
Жаңағы «мықты» «екі шоқып, бір қарап» дегендей ешкім үндей қоймаған соң құлашы кең жайып, қанатын еркін қаға бастапты. Тәрізі «Иә… Бұл халыққа менің жаңалағым таңсық екен ғой», – деген оймен халық әндері мен күйлерін халық музыкасына жат стильге оңды-солды салуға құлшына кірісіпті.
Тіпті, еліміздің біртуар композиторы Н.Тілендиевтің атақты «Жекпе-жек» күйін Нұрғисадан да асырып, «өңдеп» жіберіпті. Садық Кәрімбаевтың «Жетісу» деген әнін, Манарбек Ержановтың сыбызғыдағы «Сайра, Бұлбұлын», Н.Тілендиевтің «Алатауын» да өзінше «жаңартқан». Мұндай «жаңалыққа» «Сазген сазы» ансамблінің көркемдік жетекшісі «жерден жеті қоян тапқандай», «өлгені тіріліп, өшкені жанғандай» қуанып, жабыса кетіп, жамырай бас шұлғысыпты. Мұны түк көрмегендік дейміз бе, не дейміз, ағайындар! Сонда Ахаң бастаған ұлы тұлғалар жайына қалып, қайдағы бір бастыстың әуенсымақ стилімен уланған Яков Хан сияқты біреу бізге оркестрге қалай жазуды үйрете ме? Әлде Қазақстан музыкадан мақұрым қалған әлдебір жабайы тайпалар сияқты ел ме?.. Бізде, Құдайға шүкір, классикалық опера, симфония, оратория, кантате және камералық шығармалармен қатар, халықтық дәстүрдегі оркестр шығармалары жетерлік. Эстрада жанрындағы шығармалар да, әндер де өз дәрежесінде өз уақытына сай дамуда. Ол «мықты» жазса эстрадалық оркестрлерге «Биг бэнд» сияқты топтарға жазсын. Біздің інжу-маржандарымызды лайламасын!
2017 жылы қарашаның 3-8 аралығында өткен «Шабыт» фестиваліне қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысқанда да әр облыстың ансамбльдерінен әлгі «мықтының» қолтаңбасын анық байқадым. Мұны басқа ансамбльдер де іліп әкетері даусыз. Бұлай жалғаса берсе, біздің ұлыларымыздың саф алтындай таза әуендері бұзылып, жеңіл-желпі басқосуларда балқып-шалқып отырған масаңдау, біреулердің мазағына айналуы бек мүмкін. Бұл ойымнан өзім шошысам да, ондай жағдайдың алдын алу үшін осы мақаланы жазып отырмын. Сөз соңында, республикалық халық аспаптар оркестрлері мен ансамбль жетекшілеріне және ұжым басшыларына «Ұлттық музыкамызға аса зиянды осындай жат бағыттан аулақ болыңыздар», – деген ойымды айтпақпын. Онсыз да эстрада өнерін ұлттық бояуынан айырып жатқан даңғаза енді сонау ықылым заманнан осы күнге аман жеткен Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Ақан, Біржан, Мұхит сынды ұлылардың інжу-маржандарын бүлдіруіне жол бермейік! Көзіміздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа саф алтындай таза күйінде жеткізейік!
Ермұрат ҮСЕНОВ,
Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, республикалық Композиторлар конкурсының бірнеше дүркін лауреаты, екі мәрте ГранПри иегері, музыка зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
ПІКІРЛЕР1