Болмаса… өз сөзім өзіме
«Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Сөздің иесі мен киесі» атты мақала ақыры қолыма қалам алғызды. Үнемі үзбей «Жас Алаш» пен «Қазақ әдебиетін» оқитын мен үшін енді үнсіз қалу мүмкін емес көрінді. Сәл ертеректе «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Ара», «Парасат», «Қазақстан әйелдері», «Жұлдыздар отбасы», с.с.т.б. газет-журналдарға жазылушы едім. Мен де сіздер сияқты «еді-ні» өткен шақта әдейі айтып отырмын. Бір жағы отағасы Ішкі істер саласында істегендіктен бір құшақ баспа өнімдері де келетін.
Ойлап қарасам, кейде уақытым зая кеткендей көрінеді. Пошта келсе, өзге тірлік екінші кезекке ысырылатын-ды. Бірақ кештеу болса да бала-шағаға көңіл бөлемін. Шешеміздің: «Әкең келе жатыр», – дегенін естіп өскен ұрпақтың өкіліміз.
Айтпағым, аударып-төңкеріп оқимын-ақ, бір қызық әдетім – аяғынан басына қарай парақтаймын. Сондағы іздейтінім – прозалық жанр түрлері, ащы сатира, усойқы, әңгімелер мен мақалалар, соңында поэзия әлемінде өзім білетін бұрынғы ақындарды ғана оқимын. Иә, бұл үрдіс қанша жылдардан бері қалыптасқан. Бірақ баспасөз беттерінде «мәу» деп үн қатпаппын. әрине, отбасымда, жұмыс орнымда өзіндік көзқарасымды білдіремін деп жат планетадан келгендей әсерде болатыным рас. Баста мәжбүрліктен жазылсам, қазір мұқтаждықтан жазыламын. Сөздің қадірі қашқан, жақсының орнын жаман алмастырған заманда іздейтінім, арқасүйерім – осы басылымдар. Кешігіп жатса, пошта қызметкерлеріне қоңырау шалып, біраз мазаларын да аламын. Кейде, әрине, ыңғайсыз, бірақ түртіп тұрмасаң, жиып-теріп бір-ақ әкеледі, не бір-екі санын жоғалтып әкеледі. Бұларды айтып мақтан етіп отырғаным жоқ, үн қатпасам да газетпен сырласамын, өзімдегі барлы-жоқтымен бөлісемін. Кейде күйіп кетсем, кейде күлем…
Тағы да қалам ұстауға себепші болған отағасының сөзі. Қайсыбір күні кешкі ас үстінде басылым бетіндегі мақалаға байланысты әңгіме қозғап отырғанбыз. Кенет «Осы сен неге жазбайсың? Газетті жатып-жастанып оқисың, қап-қап етіп жинайсың ешкімге бермей, не дұрыс та сөйлей алмайсың, – деп қарап отыр. – Оқиды екенсің көзқарасыңды білдіріп жаз, сөйлейтін жерде сөйле». Ал керек болса… Жазбайын демеймін, жазамын-ақ, алайда, менің көзқарасым қаншалықты қажеттілік туғыза қояр деймін де, жібермей қоя саламын. Келте ақылмен білдірген көзқарас кейінгі толқынға кері әсер ете ме… Жастардың кескін-келбетіне, бет-бейнесіне қарасам – қорқамын, өзің жұтылып кете жаздайсың.
Үш-төрт күн бұрын «Жас Алаштан» Жәлел Кеттебектің «Мүгедек болғым келмейді» атты әңгімесін оқып болған соң, өзімде де бала тәрбиесі солай қалыптасқаны ойға қалдырды. Қоғамның шымылдығын түріп емес, айқара ашып көрсеткен.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – басылымның оқырманды сыйлауы құптарлық жай, кез келген материалды көңілшектікке салынып жариялай берсек газеттің де, сөздің де қадірін қашырып алмаймыз ба? Жоғарыдағы мақаланың 5-8 бетіндегі материалдар туралы айтып отырмын. Көпшіліктен кешірім сұрай отырып, бұл жеке пікірім екендігін еске салғым келеді. Қайта сол беттерге Бейімбеттің, қос Мұхтардың (Әуезов пен Мағауин), Қалмұхан Исабаевтың, Дулат Исабековтың, Қабдеш ағаның, Шерхан ағаның, Оралханның, Бердібектің, Сайынның, Қарауылбек Қазиевтің, т.б.с.с. прозашыларымыздың немесе Қасым мен Төлегенді, Мұқағали мен Қадыр сынды дүлдүл ақындардың өлеңдері жиі-жиі беріп насихатталса, қалғып жүргендер селт етер ме дегенім ғой.
Таяуда шыққан Сәбит Досановтың «Көк көйлекті қыз» әңгімесі өте тартымсыз шыққан дүниедей көрінді. Не көркем тіл, не сюжет жоқ. Күмәнді қоюлата түскендей…
Жалпы, Қарагөз Сімәділдің жазғандарын шашау шығармауға тырысамын.Алайда, өткен нөмірдің бірінде берілген мектеп жайлы мақаласы, (сол нөмірді бір жолдасымыз аттай қалап алып кеткен еді, тақырыбы есіме түспей тұрғаны), әлі де көп жағдаяттарды жаза түскенде ғой дейді менің ішкі түйсігім. Әмина Құрманғалиқызының жазған-сызғандары өз алдына бір төбе мен үшін. Өзіммен өзім бір жасап қаламын, «әп, бәрекелді» деп. Өз жазғандарымен сүйкімін арттыра түсетін журналистің бірі – Алмас Нүсіп. Бағашар Тұрсынбай да сол қатарда. Қаламдарың желдей ессін. Өзге қалам ұстаған қауымға да жеке ыстық лебізімді білдіріп, қаламсап ұштала түссін, оқырмандарыңыздың ыстық ықыласына бөлене беріңіздер демекпін.
Нұрлан Оразалин ағаға деген көзқарасым «Құбылаға көшті ойым» атты өлеңдер топтамасын оқығаннан соң түбегейлі өзгерді. Тартымды һәм көркем жазушым – Қабдеш Жұмаділов, марқұм Герольд Бельгер (ағат кетсем, кешірім сұраймын), бастаған зиялы қаламгерлер Жазушылар үйіне, т.б. жағдайларға байланысты өкпе-наздары болды ғой. Содан менің «эмоцияшыл» жүрегім Нұрлан ағаға өкпе артып жүретін-ді. Келте ойлайтын болмысым заман ағымына терең бойламаппын. Өлеңнен алған әсерім шексіз.
Ғаббас Қабышұлы, Мархабат Байғұт, Софы Сматаев, Мұхтар Шерім ағалардың және жерлесіміз Айтбай Тәсіловтың жазарлары молая түскей. Софы аға, еңсеңіз түспесін, сіз Айсбергсіз. «Сиырға туған күн бұзауға да туатынын» көп қазақ ұмыта береді. Ұмытпайық, ағайын, атақ-мансап керек емес дейміз кейде. Неге керек емес екен, керек.
Салыстыру үшін өзіңдікін өзгемен, өзгенікін өзіңдікімен таразыға тарту қажет. «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген айтпақшы, «Сыймай жүрсек екен-ау, сыйыса алмай жүрміз ғой». Болар елдің ұлындай болсақ, қане, шіркін! Біреудің қаңсығын таңсық көрмей, жаһандануға жұтыла бермей, барымызды базарлай алсақ, бағалай алсақ қой…
Ұлттық құндылықтарды құндақтаған сөз зергерлері, арлы азаматтарға қолдау, қолпаш көрсетіп отырайық, оқырман.
Сөз соңында айтарым – жазған хатымнан керек етерлік нәр табылса, ойымды жеткізе алғаным, табылмаса – өз жазғаным өзімде. Қайыр хош болыңыздар, ұлттық әдебиеттің бет бейнесі іспетті газет ұжымы.
Мәриям Тойтанова.
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Сарыағаш қаласы.