ҰЛТ ТҰТАСТЫҒЫНЫҢ ШЕЖІРЕСІ
Көші-қон және демография саясаты – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап тікелей өзі ұйымдастырып, қалт жібермей қадағалап отырған аса іргелі, стратегиялық ауқымды саясатының бірі. Биыл Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайы шақырылып, шетелдегі қандас бауырларды Отан құшағына оралту туралы ұлттық бірегей бағдарламаның қабылданғанына 25 жыл! Тәуелсіз мемлекет құрудың қиындықтарымен қатар жүзеге асқан ел Президентінің көші-қон саясатының арқасында 1,5 миллионға таяу қандастар тарихи отанына оралды. Үстіміздегі жылдың маусым айында Елордада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы шақырылғаны белгілі. Сол құрылтай қарсаңында Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан ҚР Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Көші-қон және қазақ әлемі» атты кітабы жарық көрген болатын. Бұл кітапқа Елбасының еліміздің тәуел¬сіздік жылдарындағы көші-қон саясатына, сондай-ақ халқымыздың мәдениеті мен тарихына, бүгіні мен болашағына қатысты сөйлеген сөздері, жасаған баяндамалары, жарық көрген мақалалары мен ақпарат құралдарына берген сыр-сұхбаттары топтастырылған. Кітапты құрастырып, баспаға дайындағандар саяси ғылымдарының докторы, профессор Махмұт Қасымбеков пен филология ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Дүкен Мәсімханұлы. «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне» орай, сол кітаптың алғысөзін Сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Н.Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын шақырып, Дүниежүзі қауымдастығын құрып, сол арқылы мемлекетіміздің ұлттық сипаттағы көші-қон саясатын ресми түрде бастап бергеніне биыл 25 жыл. Мемлекет басшысының көші-қон мәселесіне, ұлтымыздың ұлы тұлғалары мен халқымыздың бүгіні мен болашағына қатысты әр жылдары айтқан өрісті ойлары, сөйлеген сөздері, баяндамалары, сыр-сұхбаттары мен толғаныстары жинақталған кітап «Көші-қон және қазақ әлемі» деген атаумен қалың оқырманға жол тартты.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2017 жылғы 12 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында өткен ХХ ғасырдың халқымыз үшін қасіретке толы қиын кезең болғанын айтты. «Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржолата күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды, – деп атап көрсетті мақалада. – Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері жазылмай келеді».
Елбасымыздың осындағы демографиялық соққы деп отырғаны Кеңес өкіметінің солақай саясатының салдарынан халқымыздың қолдан ұйымдастырылған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінге ұшырауы және қисапсыз қырғынға тап болып, еріксіз бас сауғалап, шетел асуы.
Түрлі саяси себептерге байланысты шетелдерде тұратын миллиондаған қандастарымызбен көп жыл бойы емін-еркін қатынас жасауға мүмкіндігіміз болмай келді. Бұл ұлтымыздың жан жарасысының бірі еді. Тәуелсіздік жылдарында Елбасымыз Н.Назарбаевтың басшылығымен осы олқылықтың орнын толтыруға жол ашылды.
Өткен ширек ғасырда тәуелсіз Қазақ елін құру, қалыптастыру және нығайту жолында Президентіміз табысты атқарып шыққан аса ауқымды істерінің қатарынан біз мына үш мәселені ерекше бөліп атаған болар едік. Оның біріншісі – көршілес мемлекеттермен шекара шебімізді бейбіт жағдайда, дипломатиялық жолмен шегендеп беруі болса, екіншісі – елордамызды Алматыдан Арқа төсіндегі Ақмолаға ауыстырып, аз жылда Астана сияқты айшықты қаланы тұрғызуы. Ал үшіншісі – алыс-жақын шетелдерден бір миллионнан астам қандас бауырларымызды Атамекенге оралтуы.
Әрине, тәуелсіз елді қалыптастырудың қат-қабат қиындықтарымен арпалыса жүріп жүзеге асырылған осынау үш игіліктің қай-қайсысы да халқымыздың «ғасырлық жетістігі» деп айтуға лайықты. Алайда тағдырдың теперішімен әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып кеткен қандастарымызды Қазақстанға жинай бастауымыз саяси-стратегиялық тұрғыдан да, патриоттық тұрғыдан да ешқашан маңызын жоймайтын тарихи ұлы істердің бірі болып қалатыны – басы ашық ақиқат.
Жалпы, қай елде болса да, халықтың саны мемлекеттің әлеуеті мен мүмкіндігін айқындайтын маңызды фактор екені сөзсіз. Біздің елдің жағдайы тұрғысынан қазіргі демографиялық ахуалымыз бен жер аумағымыздың үйлесімі әлі де көңілімізден шыға бермейтіні жасырын емес. Президентіміз «Ұлт жоспары» бағдарламасында 2020 жылға қарай Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізу туралы міндет қойғанда, осы жайтты да ескергені анық. Сондықтан шетелдерден атамекенге оралған әрбір қазақтың орны айрықша. Елбасымыз осының маңызын дұрыс пайымдап, бұл мәселеге тәуелсіздік жылдарының басынан-ақ мән бергені қуантады.
1991 жылғы 16 желтоқсан күні Алаш баласының ғасырлар бойы аңсаған асқақ арманы орындалып, тәуелсіз ел атандық. Ол кезде республикамызда мемлекет атын иеленіп отырған жергілікті халықтың үлес салмағы небәрі 40 проценттің маңайында ғана еді. Осындай жағдайда «Азаттықтың айдынына жаңа шыққан Қазақ елі кемесінің желкені қайда апарып соғуы мүмкін, тосын соққан дауылдарға төтеп бере ала ма?» деген сұрақ баршамызды мазалағаны рас.
Елдің тағдыры мен болашағына қатысты осынау күрмеуі күрделі мәселені жедел шешудің бір жолы шетелдерде тұратын қандас бауырларды мүмкіндігінше елге оралтып, сол арқылы кемімізді бүтіндеу еді. Президент осыны ерте аңғарып қана қойған жоқ, іске де жедел кірісті. Тіпті, Елбасымыздың бұл бағыттағы қадамы республикамыз тәуелсіздік алмай тұрып-ақ басталып кеткені жұртшылықтың жадынан шыға қоймаған болар.
Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың қыркүйек айында ел Президенті ретінде Түркияға ресми сапармен барды. Сапар барысында, Стамбұл қаласында қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесіп, оларды елге көшіріп алуға уәде берді. Бұл оқиға сол кезде тек Түркиядағы ғана емес, сонымен бірге шетте жүрген күллі қазақ диаспорасы өкілдерінің жүректеріне үміт отын жағып, болашаққа деген сенімдерін оятты.
Осы кездесуде қазақ диаспорасының өкілдері Елбасыға кезінде Ауғанстаннан ауып, Пәкістан, Иран, Сауд Арабиясы және Түркияда босқын ретінде тұрып жатқан қазақ бауырларымызды алдымен елге қайтаруға қолұшын беру туралы өтініш білдірген болатын. Президент осы өтінішті бірден қабыл алып, Тәуелсіздігіміз жарияланғаннан кейін аз уақыт ішінде Қазақстаннан арнайы ұшақ жіберіп, аталған мемлекеттерде босқын болып жүрген бауырларымызды атамекенге алдыртты.
Бір кездері тағдыр тәлкегіне түсіп, Ауғанстаннан пана таппай, бөтен ел, жат жұрт арасында азып-тозып жүрген сол ағайындар бүгінде Қазақстанның әр жерінде өсіп-өніп, еңбек етіп, туған халқымен бірге бақытты болашағының бесігін тербетуде.
1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы өзінің Тәуелсіздігін жариялады. Содан тура 15 күннен кейін Елбасымыз шетелдерге хабар тарататын «Шалқар» радиосы арқылы сөз сөйлеп, алыста жүрген ағайындарға ақ тілегін жолдады. Азат ел, Тәуелсіз мемлекет басшысының үні қандай асқақ, сөздері қандай екпінді еді десеңізші! Әуе толқынынан саңқылдай шыққан бұл тілекті өз құлағымен естіген қазақ баласының қуанышында шек болмады. Президенттің әсіресе: «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін «Ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба?» деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы атақонысына тарту мақсатында Қазақстан үкіметі арнайы Қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!», – деген сөздерін толқымай тыңдау мүмкін емес еді.
Айтылған сөз ақиқатқа айналса ғана құнды. Ал Елбасымыздың сөйлеген сөздері мен айтылған ойларының бәрі біртіндеп жүзеге асты. 1992 жылы қыркүйек айында сол кездегі астанамыз Алматы қаласында Президентіміздің тікелей бастамасымен Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы шақырылды. Ғасырлар бойы жат жерде жүрген қазақ диаспорасы өкілдерінің бастары ата мекенде қосылып, бір-бірімен жылап көрісті. Мұндағы жұрт та жеті атасы тіріліп келгендей қуанды. Шетелден келген бауырлардың ұшақтан түсе салысымен әуежайдың топырағына аунап, қара жерді құшырлана сүйгенін көргенде жүректері тебіренбеген жан қалмады. Осы Құрылтайда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Оның төрағасы болып Елбасымыз бірауыздан сайланды.
Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өткен соң, көп ұзамай, Қазақстан Президенті 1992 жылдың қараша айында Иран президентінің арнайы шақыруымен осы елге тұңғыш рет ресми сапармен барды. Сапар кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Иранның сол кездегі президенті Әли Акбар Хашеми Рафсанжани мырзамен сондағы қазақтардың тағдыры туралы арнайы әңгімелесіп, ағайынның өз қалауы бойынша атажұртына еркін көшуі туралы келісімге келді. Бұл да, әсіресе, жастары парсыланып кетуге бейім тұрған Ирандағы қазақ диаспорасы үшін теңдесі жоқ қуаныш еді.
Басқаны былай қойғанда, бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан республикалардағы қазақтарды атамекенге оралтудың заңдық тетіктерін жасаудың өзі оңайға түскен жоқ. Дегенмен Елбасымыз бұл елдерде өмір сүріп жатқан ағайындарды елге оралту мәселесін Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аталған мемлекеттердің басшыларымен жеке-жеке сөйлесіп, келісімге келу арқылы оңтайлы шешіп берді. Соның арқасында, әсіресе, Өзбекстандағы қандастар Отанға кедергісіз оралуға толық мүмкіндік алды.
Азаттықтың алғашқы кезеңінде алыстағы ағайындарды елге оралту үшін Қытай елімен келісімге келудің қиындығы көптің көңілін күпті қылған күрделі мәселенің бірі болғаны жасырын емес. Алайда, Елбасымыз ҚХР-дың сол кездегі төрағасы Цзянь Цзэминмен ауыз-екі келісіп, «бөлініп-жарылған отбасылардың қоныс аударуына» рұқсатын алды. Қытай еліне жасаған кезекті бір сапарында Нұрсұлтан Әбішұлы ондағы ағайындардың хал-жағдайын білу мақсатымен Құлжа қаласына дейін барып, қандастардың өкілдерімен кездесіп, тұрмыс-тіршіліктерін көзімен көріп қайтқан болатын. Осындай қадамдардың арқасында Қытайда өмір сүріп жатқан қандастар арасындағы атажұртқа ораламын деушілердің көшіне кең жол ашылды.
Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы бес жыл сайын өтіп келеді. Соның бәріне де Президенттің өзі қатысып, шетелдердегі қазақ диаспорасының мұң-мұқтажын, көші-қонға қатысты түйткілді мәселелерін мұқият тыңдап, тиісті басшыларға оларды тездетіп шешу жөнінде нақты тапсырма беріп отырды.
Елбасымыздың Құрылтай қонақтарына арнап айтқан жүрекжарды лебізінен оның туған халқына деген сүйіспеншілігін, алыстағы ағайынға деген ыстық ықыласы мен бауырмалдығын аңғару қиын емес. Осыған бір мысал: 2005 жылы 29 қыркүйек күні өткен Дүниежүзi қазақтарының ІІІ құрылтайында Н.Назарбаев халқымыздың «Жол жүрсе өнеді» деген қанатты сөзін мысалға ала келіп: «Ал ең басты жол – Отанға бастайтын жол, ол жырақта жүрiп сағыныштан сарғайған қандастарымыздың жүрегi арқылы өтетiн жол. Талайларыңыз атамекенге жүрек жолымен келiп, туған жер төсiнде тұрақтап қалып та жатырсыздар. Оттан да ыстық Отанның ыстығына күйiп, суығына тоңып келесiздер. Қай жерде жүрсеңiздер де, атамекендi ардақтаған адал жүректерiңiзбен туған жерiмiздiң жақсы атын шығарып келесiздер. Сол үшін Сіздерге мың да бір рахмет айтамын», – дегенде залдағы жұрттың көбі лықсып келген көз жастарына ерік берген болатын. Бұл әрине, қуаныштың, бақыттың, тебіреністің көз жасы еді…
Иә, бүгінде Қазақ елі – қомақты қаражат бөліп, қандастарын еліне шақырып отырған санаулы ғана мемлекеттің бірі. Соның арқасында өткен ширек ғасыр ішінде 300 мыңға жуық отбасы Атажұртқа оралды. Бұл – бұрыннан керегесі кең, бүгінде өзгелермен терезесі тең тәуелсіз еліміздің халқы 1 миллионнан астам жаңа қандастарымызбен толықты деген сөз. Айтқанға қысқа көрінгенімен, бұл біздің еліміз үшін үлкен бір облыстың немесе оншақты ауданның халқына шамалас келетін қомақты сан екені сөзіс.
«Елге ел қосылса – құт!» дейтін қазақ даналығын бір сәтке де естен шығармайтын Елбасымыздың Жарлығымен 2008 жылдан бастап алыс-жақын шетелдердегі қандастарымыздың көшіп келу квотасы жылына 20 мың отбасыға дейін көбейтілді. Бұл жыл сайын шетелдерде тұратын 100 мыңға жуық қазақ мемлекеттің көмегімен атамекенге оралып, емін-еркін қоныстануына мүмкіндік берді. Ал атажұртқа өз күшімен, өз қаражатымен оралып жатқандары қаншама!
Елбасының көші-қон саясатының түпкі мәнін терең түсініп, ел тағдыры мен болашағына қатысты іргелі шараға жұмыла қолдау көрсеткен бірқатар аудан, аймақ басшыларының туған елмен қауышып, ортамызды толтырып жатқан қандастарымызға қолдан келген көмектің бәрін жасап, тіпті, арнайы ауыл салып беріп, сауапты да игілікті іс тындырып жатқанын атап айтуға тиіспіз. Бүгінде еліміздің бірнеше аймақтарында бейімдеу орталықтары құрылып, өзге ортадан келген ағайынның өз еліне тез сіңісіп кетуі үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалуда.
Алайда, 2009 және 2010 жылдары көш кідіріп, белгіленген квота мөлшері толмай қалатын жағдай жиі қайталана бастаған болатын. Бұл мәселеге 2011 жылы мамыр айының 25-27 күндері елордамыз – Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайында Мемлекет басшысының өзі баса назар аударып, қандастарымыздың құжат тапсыру, тіркеуге тұру, азаматтық алуы кезінде ұшырасатын түрлі кедергілерді жойып, олардың ата мекенге оралуын бір жүйеге түсіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Елбасымыз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы ретінде осы құрылтайда алдағы кезде атқарылуға тиіс жұмыстардың бес бағытын айқындап берді. Оның біріншісі – елге оралып жатқан қандастарымыздың жағдайын жақсартуға септігін тигізетін «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа заң қабылдау; екіншісі – шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанға келіп сапалы білім алуы үшін оларға бөлінетін грант квотасын нақтылап, талапкерлермен жүйелі жұмыс жүргізу; үшіншісі – шеттегі қазақтардың Қазақстанмен жан-жақты байланыс орнатуына көмектесу; төртіншісі – қандастарымыз тұратын елдерде ұлттық мәдениет пен өнердің кеңінен таралуына жәрдемдесу; бесіншісі – шетелдерде кіші құрылтайларды тұрақты өткізіп тұру.
Демек, бұл – қазақ көші әлі де жалғаса береді деген сөз. Келемін дейтін ағайынға Отанымыздың құшағы айқара ашық. Ал келген ағайындарымыздың басым көпшілігі атажұртқа орнығып, тиісті шаруасымен айналысып, бала-шағасын өсіріп, атамекеннің төрінде алаңсыз өмір сүруде.
Өкінішке қарай, кейде ана жер, мына жерде Қазақстандағы көші-қон жұмыстарын сыпыра жоққа шығарып, оралман атаулыға түгелдей жетім баланың күйін кештіртіп, оларды күнін көре алмай жүргендей етіп сүмірейте көрсету пікірлері де қылаң беріп қалады. Тағы да қайталап айтамыз: Президентіміздің салиқалы саясатының арқасында тәуелсіздік алғалы бері елімізде атқарылған, мақтанып айтуға лайықты маңызды да ауқымды істер аз емес. Өзімізбен қатар тәуелсіздік алған республикалардың ешқайсысы мұндай іс-шараны жүзеге асыра алған жоқ. Мұндай қадамға тек Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев қана бара алды. Бұл ерлік іс емей немене?!
«Әр қазақ – менің жалғызым!», – деп ақын Сабыр Адай жырлағандай, жанымызға жан, айбынымызға айбын қосқан бір миллион қазақ түгілі, біздің еліміз үшін бір азаматтың соқа басының өзі баға жетпес байлық екені сөзсіз. Оның сыртында, шеттен келген бауырларымызбен бірге елге мәдени-рухани құндылықтарымыз да оралып, ұлттық мәдениетіміздің дамуында тың тыныс, жаңа өріс пайда болғанын мақтанышпен айтуға тиіспіз. Сол арқылы қаймағы бұзылмаған шұрайлы тіліміз мен бай әдеби мұрамыз, діни сенім-нанымымыз бен халықтық салт-дәстүрлеріміз, ұлттық қолөнер туындылармыз, ата мекенде ұмыт қалып бара жатқан көптеген ән-күйлеріміз бен билеріміз соңғы жиырма бес жылдың ауқымында отандық мәдениетімізге жаңа қазына болып қосылып, одан әрі байи түсті.
Атажұртқа оралған ағайындардың арасында бүгінде елімізде кәсіпкерлікпен табысты айналысып,
ғылымымыз бен білімімізді, мәдениетіміз бен өнерімізді дамытуға белсене атсалысып жүрген айтулы тұлғаларымыз қаншама десеңізші!
Бір ғана әдебиет саласын алсақ, көші-қон саясатының арқасында қазақ қаламгерлерінің қатары жүздеген талантты ақын-жазушылармен толықты. Елге оралған қандас қаламгерлер әдебиетімізге тың тыныс, жаңа леп ала келді. Олардың қаламынан туған шығармалар отандық оқырманның жүрегіне жол тауып, сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерді.
Сондай-ақ қазақ қисса-дастандарының ондаған томы, ағартушы ақындар – Ақыт қажы Үлімжіұлының, Көдек Маралбайұлының, Әсет Найманбайұлының, Таңжарық Жолдыұлының шығармалары, XV ғасырда өмір сүрген әйгілі қазақ шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық еңбегі, Қажығұмар Шабданұлының 6 томдық «Қылмыс» романы атажұртта жарық көріп, руханиятымыздың көкжиегін кеңейте түсті.
Бұл арада әлемнің түкпір-түкпірінен елге оралып жатқан бұлбұл көмей, жез таңдай әншілердің бәрін тізбелеп жатпай-ақ қоялық. Бір ғана Майра Мұхамедқызының өзі Қазақстанның ән өнері мен музыка мәдениетін әлемдік жаңа белеске көтеруге қаншалықты үлес қосып жүргенін айтсақ та жеткілікті.
Ұлттық би өнеріміз де тәуелсіздік жылдарында өзінің жаңаша даму арнасын тапты. Бұл салада Шұғыла Сапарғалиқызы алып келген би мектебінің өзіндік орны бар екені әмбеге аян. Ал ұлттық дәстүрлі би өнерінің жауһары болып саналатын «Қара жорға» – бүгінде той-жиындарда халқымыздың жанына шаттық нұрын сыйлайтын ортақ игілігімізге айналды.
Таэквондо – бүгінде елімізде қанатын кеңге жайып, тез өркендеп келе жатқан спорттың бір түрі. Оның қазақ топырағында тамыр жаюы Мұстафа Өзтүріктің есімімен тікелей байланысты. Ал боксшыларымыз Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Ислам әлемдік ең мәртебелі бокс бәсекелерінде ел абыройын асқақтатып, көк туымызды биікте желбіретті.
Тәуелсіздік жылдарында әлемнің әр түкпірінен еліміздің білім мен ғылым саласына келіп қосылған білікті педагог және ғалым бауырларымыз да емес. Осынау іске өлшеусіз үлес қосқан Халифа Алтай, Зардыхан Қинаятұлы, Мініс Әбілтай, Қаржаубай Сартқожа, Нәпіл Бәзілханұлы, Нәбижан Мұхаметхан, Дүкен Мәсімханұлы сынды тарихшы және әдебиетші ғалымдардың есімдерін құрметпен айту ләзім.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап бұлардың әрқайсысы өз саласы бойынша жастар тәрбиелеу мен ғылыми зерттеулер жүргізу ісін қатар өрістетіп, отандық шығыстану және тарих ғылымдарын жаңа белеске көтеруге лайықты атсалысты. Олардың қатарында қазіргі және ежелгі моңғол, қытай, парсы және шағатай тілдерін жақсы меңгерген білікті мамандар бар. Осындай ғалымдар мен педагогтардың елге оралуының арқасында шығыстану саласы ілгерілей түсті.
Елге оралған қандастарымыз «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шығыстың көне мұрағаттарындағы қазақ халқы мен Қазақстан тарихына қатысты құнды деректерді ғылыми тұрғыдан жүйелеп, ана тілімізге аударуға атсалысты. Сондай-ақ олардың қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін ашуға ықпал ететін ғылыми еңбектері оқырманмен табысып, елімізде азат ой-сана мен жаңа тарихи көзқарастың қалыптасуына септігін тигізуде. Бұған істің көзін білетін мыңдаған тәжірибелі малшылар мен диқандарды, жаратылыстану салаласының ғалым-
дары мен дәрігерлерді, әскери қызметшілер мен инженер-құрылысшыларды, ІТ және сандық-технология мамандарын, тағы басқаларды қоссаңыз, ұлт ретіндегі ортақ олжамыздың қаншалықты қомақты екеніне көзіміз айқын жетеді.
Елге елдің қосылып, құтқа айналғанының көрінісі осы болса керек. Елбасымыздың көші-қон және демография саласындағы салиқалы саясатының, шетелдердегі қазақ диаспорасына қатысты ерен еңбегінің арқасында осылайша өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды, ортамыз толды, ойдағымыз болды деп нық сеніммен айта аламыз.
Осы мақаланың басында атап өткеніміздей, қолдарыңызға тиіп отырған бұл кітаптағы материалдардың ауқымы Мемлекет басшысының тек көші-қон тақырыбына қатысты ой-пікірлермен немесе Дүниежүзі қазақтарының құрылтайларында жасаған баяндамаларымен ғана шектеліп қалмайды. Кітапқа сондай-ақ Президенттің осы жылдарда жалпы қазақ руханиятына қатысты өткен жиындарда сөйлеген сөздері мен жасаған баяндамалары да қоса енгізіліп отыр.
Бүгінде шет елдерде тұратын қандастарымыз, елге оралып үлгерген бауырларымыз, Ұлы даламызды, ата мекенімізді бұрыннан жайлап келе жатқан отандастарымыз – бәрі де өзіміздің қазақтар.
Баршамыздың мәдениетіміз бен өнеріміз, салт-санамыз ортақ. Қай жерде өмір сүрсек те – ортақ ұлттық кодымыз біріктіріп тұрады. Сондықтан, біз – өз туған жерімізде тұратындарға отандаспыз, өзге мемлекеттерде өмір сүретін қандастарымызға ақжолтай тілекшіміз. Елбасымыздың осы кітапқа енген баяндамалары мен сөйлеген сөздерінің, сыр-сұхбаттары мен ой-пікірлерінің бәрі де бүгінде жұмыр жердің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан барлық қазақтың жанына жақын, ұлт руханиятын байыта түсетін ортақ игілік екені сөзсіз.
Президенттің ұлтымыздың рухани тірегі Абай, жыр алыбы Жамбыл, халқымыздың ғұламасы Әуезов, бар білімі мен қабілетін елінің ертеңі мен халқының келешегі жолындағы күреске арнап, осы жолда жазықсыз мерт болған Алаш арыстары туралы толғаныстары ешкімді де бейжай қалдырмас дейміз.
Қолдарыңызға тиіп отырған бұл кітапты мазмұны жөнінен ұлт тұтастығының шежіресі десек те болады. Жинақ еліміздің өткеніне тағы бір мәрте көз жіберіп, ертеңіміздің қамын ойлауға жетелейтін рухани құндылыққа айналса екен дейміз. Әсіресе, қазір еліміздің үшінші жаңғыруы басталып жатқан кезде, Президентіміз санамызды жаңғырту міндетін алға қойып отырған тұста ұлттың тұтастығы мен елдің бірлігіне үндейтін мұндай басылым оқырман үшін пайдалы болар деп үміттенеміз.
Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ,
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ.