Халықаралық бәйге жүлдесі – Қазақстанда
Анкара қаласындағы Еуразия Жазушылар қауымдастығының ұйымдастыруымен драматургия саласы бойынша өткен Қорқыт ата атындағы халықаралық байқауда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Ахметжан Ашири жеңімпаз атанды. Шараның қолдаушысы – Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі.
Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы, жазушы Якуп Омароғлының айтуынша, іріктеу комиссиясына түркітілдес мемлекеттерден 48 өтініш келіп түскен. Барлық жұмыстардың жан-жақты саралануы нәтижесінде, жерлесіміз Ахметжан Ашири «Шарбақ» пьесасымен І орын иеленіп, жеңімпаз атанып отыр. ІІ орынға түрік драматургі Лүтфи Шахсувароғлы «Тұғрыл Бейдің түсі», ІІІ орынға әзірбайжан жазушысы Первин Нұралиеваның «Асып өтер Арасты» туындысы лайық деп табылды. Түркімен жазушысы Оғулмая Семизаденің «Ұлы таулардың әні» атты драмасы төртінші орынға тұрақтаған.
«Байқауға ұсынған еңбегім Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы тапсырмаларға сәйкес келеді. Туған ауыл, өскен жерді қадірлеуге, көркейтуге шақырады. Бір кездері «келешегі жоқ ауылдар» деген шешіммен шағын елдімекендерді бір-біріне қосу жұмыстары жүргізілді. Сол уақытта үдере көшкен жұрттың соңында жалғыз кемпір ешқайда кетпей, бір ауылдың шырақшысы болып, түтінін түтетіп қалады. Халық қайтып келеді деген үмітпен өмір сүреді, түнде келсе, адасып кетпесін деп шырақ жағып, ауылдың отын сөндірмеуге тырысады. Бірақ оқиға соңында ешкім су ішкен жеріне қайтып оралмайды, кейуананың қабірі ғана шошайып қалады… Мақсатым – халықтар ара-сындағы мызғымас достықты насихаттау. Түркітілдес елдер арасында осындай әдеби байланыс болуы керек. Ақиқатқа тура қарап, осы шығармамның дәрежесін дұрыс бағалағаны үшін қоғам қайраткері, жазушы Якуп бей Омароғлыға, комиссия мүшелеріне үлкен алғыс айтамын. Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне, ТҮРКСОЙ ұйымына ризашылығым шексіз. Бірер жыл бұрын «Идукут» романым түрік тілінде жарық көргенде төбем көкке жеткендей болып еді. Енді пьесам халықаралық байқауда бас жүлде алды, Қазақстанымды шетелге танытқаным үшін өзім де шексіз бақыттымын», – дейді жазушы Ахметжан Ашири.
Шырын Сарымбетова.