Ер есімі – ел есінде
Ерсілі-қарсылы ағылған ығы-жығы адамдардың, мыңдаған машиналардың ара-арасымен жүріп отырып, Москвадағы Смоленская-Сенная алаңына келсеңіз, қарсы алдыңыздан мрамор таспен қапталған көпқабатты үлкен қоңыр үйге тап боласыз. Ал осы үйдің маңдайшасындағы алтын әріппен жазылған КСРО Сыртқы істер министрлігі деген таблицаға қарап тұрып, еліміздің басынан кешкен талай-талай тарихи қанды оқиғалардың куәгері болған сыртқы саясаттың бас штабы осы екен ғой деген ойға қаласыз. Ауыр есікті ашып, кең фоэге кіре бергенде, бірден көзге шалынатын залдың қақ ортасында қабырғадағы мрамор тақтаға ұзыннан ұзақ алтын әріппен тізілген «Өзінің азаматтық борышын атқару үстінде опат болған КСРО Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлеріне мәңгілік ескерткіш» деген жазу жазылған. Тақтаның ең жоғары тұсында, Кеңес өкіметінің алғашқы орнауы кезінде, шетел империалистерінің қастандық әрекетінен қазаға ұшыраған Б.А.Жемчужнии (1918 ж.), Г.А.Светличный (1918 ж.), И.И.Коломейцев (1919 ж.), В.В.Воровский (1923 ж.), Т.Я.Нетте (1926 ж.), П.Я.Войков (1927 ж.), А.И.Хасис (1927 ж.), т.б. дипломаттардың фамилиялары бар.
Осы тізімнің орта тұсында біздің отандасымыз С.С.Сүндетбаевтың да фамилиясы кездеседі. (Осы жерде біраз шегініс жасап, 70 жылдық кеңестік дипломатия кезеңіне тоқталсақ дейміз. Кеңестік 70 жыл ішінде Қазақстаннан небәрі 7-8 азамат қана дипломатиялық қызмет атқарды. Мәселен, 1920-37 жылдар аралығында Н.Төреқұлов, С.Шарипов деген екі азамат Араб елдері мен Иранда елшілікте қызмет атқарып, ақыры 1937 жылы «халық жауы» деген жалған айыппен атылып кеткен болатын.
Ал кейінгі 1950-80 жылдар аралығында дипломатиялық қызметке Қазақстан Орталық партия комитеті аппаратында немесе КСРО Сыртқы істер министрлігінде жауапты қызметтерде болған
Т.Тәжібаев, С.Фазылов, С.С.Сүндетбаев, Б.Омаров, Е.Идрисов сияқты бірлі-жарым азаматтар ғана дипломатиялық жоғары оқу орындарына жіберіліп, кейін шетелдерде елшілікке тағайындалған еді).
Біз Самат Сүндетбаевтың қалай қазаға ұшырағанын білсек деген ниетпен, қызыл шұғамен көмкерілген қалың альбомды қолымызға алып, әр беттерін парақтап ақтарып өттік. Альбомның аяқ жағында жымия қарап тұрған әдемі қара торы жігіттің фотосуретінің астында машинкаға басылып жапсырылған, екі бет өмірбаянды көз жүгіртіп оқып та шықтық.
Елін сүйген қазақтың жалынды азаматы С.Сүндетбаевтың өмірбаянына көз жүгірткенімізде, оның қысқа өмірінде қыруар жауапты жұмыстарды ойдағыдай атқарып, еліне адал қызмет еткенін байқадық. Самат Сүндетбаев 1929 жылы 24 желтоқсанда бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Қаражартас ауылында дүниеге келген. Ол 1946-47 оқу жылы Семей қаласында Затон орта мектебін «5»-ке бітіріп, сол жылы Семейдегі сауда техникумына түскен. 1950 жылы техникумды үздік дипломмен оқып бітіреді де, Ленинградтағы Г.Плеханов атындағы Сауда-экономикалық институтына оқуға түсіп, оны 1954 жылы жақсы бағамен тамамдап шыққан. 1954-58 жылдары Гурьев, Ақтөбе облыстарында облыстық сауда басқармасы бастығының орынбасары, ал 1958-61 жылдары Ақтөбе облыстық сауда басқармасы бастығы қызметтерін атқарады. 1961-63 жылдары Қазақ КСР Сауда министрлігінің бөлім меңгерушісі, коллегия мүшесі болады. 1963 жылдың қаңтар айында С.Сүндетбаев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жеңіл тамақ өнеркәсібі және сауда бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне жоғарылатылады. 1964 жылдың тамыз айында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жолдамасымен КСРО Сыртқы істер министрлігі жанындағы Жоғары дипломатия мектебіне оқуға жіберіледі. С.Сүндетбаев 1967 жылы осы оқу орнын үздік дипломмен бітіріп, Йемен Халық Республикасындағы Кеңес елшісінің екінші секретары қызметіне тағайындалады.
С.Сүндетбаев 1967 жылы 11 желтоқсанда Йемен Халық Республикасындағы Кеңес елшісінде осы қызметті атқарып жүріп, ерлікпен қаза табады.
Ал бұл Йемен Халық Республикасының алғаш орнауы, монархистердің жаңа құрылған республикалық халық өкіметіне тұтқиылдан шабуыл жасауы, Кеңес елшілігіне қауіпті жағдай төнгенде Самат Сүндетбаевтың Кеңес азаматтарын қауіпқатерден құтқарып, өз отанына жедел көшіріп жүрген кезінде болған оқиға.
Коммунистерді діннен безгендер деп бағалағандар Кеңес елшілігіне тұтқиылдан шабуыл жасап, елшіліктің бірінші секретары В.А.Яковлевке тап бергенде,
С.Сүндетбаев жан жолдасын құтқару үстінде арпалысып жүріп өзі де мерт болған.
КСРО Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Үкіметі Саматтың денесін 1967 жылы 19 желтоқсан күні Алматы қаласындағы сол кездегі орталық қорым – қазіргі Райымбек көшесіндегі зиратқа әкеп, құрметпен соңғы сапарға шығарып салды. Самат Сүндетбаевтың жерлеуі, қырқы кездерінде Қазақ КСР Сауда министрі Рымбек Ильяшев, министрдің орынбасары Аида Хасанова, Қазақстан Орталық партия комитетінің сауда және жеңіл өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі Ербосын Хасенов, т.б. азаматтар басы-қасында болып, азаматтық жасап, көп материалдық және моральдық қолдау көрсетті.
Саматтың жылына дейін басына ескерткіш орнату керек болды. Осы мәселені Ербосын Хасеновпен ақылдасқанымда (Саматпен мен 3-4 атадан қосылатын туыс болып келеміз): «Серғазы, үкіметке сенсеңдер, ескерткіш көпке созылып кетуі мүмкін. Оған дәлел: Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатқан мемлекет қайраткері Әліби Жангелдинге де үкімет қаулысына қарамастан, 20 жылдан бері ескерткіш қойылған жоқ. Сондықтан ағайын-туыс, жолдас-жоралар болып ұйымдасып, қаржы жинап, ескерткішті өздерің Саматтың жылына дейін қойыңдар», – деп кеңес берді. Мен күндіз-түні жолдас-жора, ағайын-туыстардан ақша жинап, скульптор Еңсеп деген жігітпен шарт жасасып, 10 ай соңында жүріп, әлденеше рет барып 10 айда әзер бітірттім. Ақыры ескерткіш Саматтың жылы қарсаңында, 1968 жылы 10 желтоқсанда ашылды.
Халқымыз: «Ел үмітін ер ақтар, Ер атағын ел сақтар» деп текке айтпаған. Елінің ар-намысын қорғау жолында жанын қиған асыл азаматтардың есімін ардақтау, еліміздің ежелгі дәстүрлі салты еді. Еліміз осы жақсы дәстүрді жалғастырып, өзінің ардақты ұлдарын мәңгі есте қалдыру мақсатында игілікті істер атқаруды ешқашан да ұмыт қалдырған емес. Соның айғағы – Кеңес елінің дипломаттары В.А.Яковлев пен С.С.Сүндетбаевқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы 1968 жылы 28 қазандағы Жарлығымен «Құрмет белгісі» орденімен марапаттады.
1987 жылы Самат Сүндетбаевтың қазаға ұшырағанына 20 жыл толуына байланысты, оның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Еңбекшілер депутаттарының Абай аудандық Кеңес атқару комитетінің арнаулы қаулысы бойынша, туған жері Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылының бір көшесін оның есімімен атауын, ол оқыған Семей қаласындағы сауда техникумының қабырғасына ескерткіш тақта қойып, техникумда музей-бұрыш ұйымдастыруын – халқымыздың өз перзентіне көрсеткен зор құрметі деп білеміз.
Бұл игілікті істерге де мен мұрындық болдым десем артық айтқандық болмас. Сол кездегі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Михаил Иванович Есеналиевке барып бар жайды айтып, Семей облыстық Кеңес атқару комитетінің төрағасы Е.Қашағановқа қоңырау шалдырып, хат жаздырған едім.
Кешікпей Абай елінің азаматы, дипломат Самат Сүндетбаевты еске алып, оның дүниеден қайтқанына 20 жыл толу қарсаңында жоғарыда аталған игілікті істер атқарылды.
Осы кеште Асқар Макин өзінің досына арнаған, орыс тілінде жазған «Дала бәйшешегі» атты дастанының қазақша аудармасынан:
Ерліктің ескерткіші сенің тұлғаң
Дұшпанмен арпалысып намыс қуған.
Мақтанып рухыңа бас иемін
Досыма жастайынан дара туған! –
деген үзіндіні үлкен тебіреніспен оқып берген болатын. Ол дастан «Қазақ әдебиеті» газетінің 1983 жылы 28 қазандағы санында республикаға белгілі ақын Ғафу Қайырбековтің аудармасымен жарық көрді. Бұл дастан 1985 жылы Ғ.Қайырбековтің «Жалын» баспасы арқылы шыққан «Туған топырақ» атты жинағына да енді.
Ел сүйсе ірге тепкен жерін сүйеді,
Жеріне сіңген еңбек, терін сүйеді.
Ел сүйген ер мен жерді мен де сүйем,
Ерекше секілденер маған киең.
Басқа менің табынар тәңірім жоқ
Ел мен жер жаратушы сенсің ием –
деп, Әубәкір Оспанұлы айтқандай, елі мен жерін сүю, қиын-қыстау кезеңдерде елі, жұрты, отаны үшін басын бәйгеге тігу – нағыз патриот ұлдардың ғана қолынан келетін асыл қасиет.
Серғазы Қалиұлы,
Қазақ білім академиясының құрметті академигі, педагогика ғылымының докторы, Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық университетінің профессоры.