Сегізінші өзен
Жетісудағы жеті өзеннің саны мен атауы туралы дау әлі күнге тоқтаған емес. Алайда, бұл даудың Жетісу атауына еш қатысы жоқтай – ықылым заманнан сол Жетісу, сулы, нулы өлке осы атымен талай адамды өзіне тартып, талай адамға пана болды. Көркем табиғатымен талай жанның қиялына қанат бітіріп, шабытын үстемеледі.
Жақында Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен «Сегізінші өзен» деген атпен Іле Алатауы ұлттық табиғи саябағында алматылық жас суретшілердің көрмесі ашылды.
Жоба кураторы Яна Малиновская: «Сегізінші өзен – адамдар тасқыны Жетісуға рухани, интеллектуалды, мәдени өмірді алып келді. Бұл тасқын алапат күшімен Алматы деп аталатын әсем қалаға да жетті. Суретшілер, музыканттар, ақындар, жазушылар, ғалымдар, инженерлер осы қалада тұруды армандады. Тауды тірек еткен қала кеңейе түсті, бау-бақшасы жайнап, адамдарды өзіне баурай бастады. Түрлі адамдар – өзге ел мен қала тұрғындары, жер аударылғандар, Сталиндік қуғын-сүргіннен сүйретіліп жеткен байырғы зиялы қауым, тіршілігін тоқтатқан ауыл тұрғындары – барлығына Алматыдан орын табылды. Олардың әрқайсысы жеке-дара келсе де, біріге, ұлғая түсіп, арыны қатты, суы тұнық сегізінші өзенді құрады. Сегізінші өзен – Жетісуға келген, Алматыға ағылған адамдар мен идеялар еді. Кейінірек бұл судағы ерекше тасқын иелері айтулы тұлғалардың атымен көше, театр, мектептер атала бастады. Ал идеялар жайлы әңгіме өзгеше. Идеялар тасқыны – түрлі қоқыстарды да ала келді. Сөйтіп, сегізінші өзенді қоқыстан жиі тазартып тұру қолдан келмей қалады.
Сол жеті өзен мен сегізінші өзеннің қарым-қатынасы қандай? Бүгінгі мәдени ландшафта табиғи және мәдени құбылыстарды бір-бірінен бөле-жара қарай алмайсыз. Олар тепе-тең, сол тепе-теңдік бір-біріне ықпал етіп, бір-біріне жымдаса түскен. Сондықтан да, біз бүгін адам жанын өзгертер рухани, интеллектуалды тасқынды, табиғатты өзгертер өзендер тасқынынан бөліп қарай алмаймыз. Осы тепе-теңдікті бағалай алдық па? Жетісудің сегізінші өзені болған бүгінгі жастардың тасқыны туралы біз не білеміз? Бәлкім, сегізінші өзеннің романтикаға, ерлікке, идеяға сенген алғашқы тасқыны кейінгі тасқын – бүгінгі жастардың ойы мен айтарын түсінбей ме? Сегізінші өзеннің жаңа адамдарын – жаңа тасқынды білу, түсіну үшін осы көрмені көпшіліктің назарына ұсынуды жөн санадық», – дейді жоба туралы әңгімелеп отырып.
Сонымен, біз көрген көрме Зоя Фалькованың «Күдікті селбесу» деп аталатын инсталляциясымен басталды. «Табиғат аясында қолдан жасалған, бірақ тіршілікке қажеті аздау нәрселер бір қарағанда табиғатты безендіріп тұрғандай көрінер, бірақ барлай қарасаң оның арамтамақ болып шығуы да мүмкін ғой», – дейді суретші ағаш діңіне моншақ қылып тізген мөлдір шынылары арқылы біз әшекей деп түсінетін кейбір заттардың экологиямызға кері әсер тигізуі мүмкін екенін ескертіп. Суретші Сырлыбек Бекботаевтың шыршаға жасаған ескерткіші келушілердің назарын бірден аударады. «Түрлі табиғи апаттар – сел, зілзала, өрт, төпелей жауған нөсердің кесірінен табиғат онсыз да бүлініп барады. Ал сол апаттарды қолдан жасап отырған адам баласы табиғатқа тіптен орасан зиянын тигізуде. Мен шыршаға ескерткіш жасадым. Бұлай етуім арқылы күні ертең тірі шыршадан айрылып, ескерткіш шыршалардың арасында қалмайық деп адамдарға ескерткім келеді», – дейді жас суретші. Темірден жасалған ескерткіштің әр жеріне шүберек байланыпты. Жоба кураторы Я.Малиновская о баста шүберекке қарсы болғанын айтады. Бірақ суретші С.Бекботаев ағашқа шүберек байлайтын қазақы дүниетанымды көрсеткісі келген екен. Екатерина Никанорованың «Табиғатқа еліктеу» деп аталатын композициясын «Әр адам өз әлемінде, өз босағасында өмір сүреді. Әркім өз әлемін кіршіксіз таза, тұма табиғатқа лайық деп бағалауы мүмкін. Өз әлеміңнің зорлық-зомбылыққа толы түсте немесе судай мөлдір болғанын өз босағаңнан аттап, сыртқа шығып қарағанда бір-ақ бағамдауың мүмкін» деп түсіндік. Алексей Шиндин «Уақыт өзені» деп аталатын шығармасы арқылы «Өзен толассыз аға береді, ол таулардың мүжілгеніне куә, тастардың құмға айналғанын біледі, биіктердің аласаратынын көрген, төмендердің биіктейтінінен де хабары бар, бірақ ол тоқтамайды, бірде жайымен, бірде арқырап аға түседі» дейді. Жас суретші және кинооператор Сүйімбике Сүлейменованың «Қорықтағы кинотеатр» деп аталатын инсталляциясы туралы: «Кинотеатр экраны іспетті, айналаның бейнесін шағылыстыратын экран қоршаған ортаны драмаға толы шығарма ретінде көрсетеді. Алайда, біз экранға қарай бермей, айналамызға үңілер болсақ, сондай шығарманы – табиғат аясындағы демалушы адамдар, қорықтағы самырсын мен шыршалар, шөптесін мен гүлдердің арасындағы түрлі жануарлар мен жәндіктерге қарап-ақ көрер едік. Бірақ біз экранға үңіліп, сол экрандағы жанды ауыртар бейнелерге көбірек үңілгіміз келеді», – дейді суретшінің дүниесімен таныстырған Я.Малиновская. Эльдар Таги мен Лена Поздякованың «Құстардың сандық бақшасы» деп аталатын аудиоинсталляциясында Қазақстанда сирек кездесетін немесе жойылып бара жатқан құстардың дауысын тыңдауға болады. Ұлыбритания Өнер университетінің түлегі Әсел Қадырханованың шығармасы «Өзге әріптер» деп аталыпты. Қазақ жазба тілін бейнелеген үш әріп – араб, латын және кирилл қаріптерімен Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге» деген жолдарын жазған Әсел бір қарағанда, үш әріптің араласа жазылуының кесірінен бұл жолдарды оқу қиындық тудырса, екінші жағынан қазақ әліпбиінің кешегісі, өткені, болашағын көрсетіп тұрғанын айтады. Бақыт Бүбіқанова «Мәңгілік ел қақпасы» деп аталатын ескерткішінде қақпаны керегеден жасапты. Бірақ құлап жатқан бұл қақпа арқылы іргесі берік болмаса өзгерістер мен кедергілерге шыдамай, кез келген тірек құлап қалуы мүмкін екенін ескерткісі келгендей. Александр Угай «Төбенің төбесі» деп аталатын композициясында уақыттың болашаққа қалай ықпал ететінін, кеңістіктегі жеке және ұжымдық жадының қалай қалыптасатынын білгісі келетінін айтады.
ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы аясында өткен бұл көрменің негізгі мақсаты – суретшілердің осы туындылары арқылы Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына табиғаттың байлығы мен көркемдігін паш ету екен. Іле Алатауы ұлттық табиғи саябағындағы бұл көрме 30 қыркүйекке дейін жұмыс істейді және жобаның фото және видеоқұжаттары Алматы қаласында өтетін Artbatfest заманауи өнер фестивалінде көрсетілмек.
Қарагөз Серікқызы.