Дәрігер – жан мен тән шипагері
Ырымшыл қазақ жаңа туған шақалағына ат қойғанда саясатқа да сараң емес. Кеңес кезінде Мэлс деген есім жиі кездесетін. Маркс-Энгельс-Ленин-Сталин көсемдердің фамилияларының бастапқы қаріптері… Таныс ағайын Желдібай дүниеге келген нәрестесінің есімін қыз бала екеніне қарамастан метрикасына Микоян деп жаздыртты.
Семей ет комбинатында бухгалтер болып істейтін Желдекең, күндердің күні Мәскеуге тікелей бағынатын комбинатқа КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, министр Анастас Иванович Микоян келгендегі өзіне қатты ұнаған бір сөзін айтып қоймайтын. Кәсіпорынды аралаған соң Микоян жиналыс өткізеді. Ақыр аяғында:
– Қандай тілектерің бар? – дейді.
Комбинат директоры:
– Қымбатты Анастас Иванович, ет ұрлаушылықты тия алмай-ақ қойдық. Ұрлық-қарлыққа бұдан былай жол бермес үшін күзетшілер санын екі есе арттыруға рұқсат етсеңіз!- дейді.
Сонда Микоян комбинат басшысына жатта ренжиді:
– Ау, шырақ, есің түгел ме өзіңнің? Күзетші санын екі есе ұлғайтсаң, ұрлық та екі есе көбеймей ме?!
Шығысқазақстандық жерлес, атақты хирург, «СССР денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісінің иегері, бүгінде зейнеткер, ұзын бойлы, ақ шашты Семекеңнің азан шақырып қойған аты – Семен.
Семен 1938 жылдың 22 желтоқсанында туған. Бұл кезде әкесі Шерияздан Қоңырбаев Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Ақсуат ауылдық советінің хатшысы болып істейтін. Кеңсесінде Кеңес Одағының Маршалы Семен Михайлович Буденныйдың портреті ілулі тұратын. Әкесі руы — найман, қарагерей болғандықтан, бұл заманның Қарегерей Қабанбай батыры Буденный ғой. Сондай қолбасшы болсын деп ырымдады ма, кім білсін. Түптеп келгенде, Семені оқыстан жараланғанды жазатын, ота жасап емдейтін емші болды. Семей медицина институтының 5-інші курсында оқып жүргенінде Ашхабад түбіндегі лагерьде екі айлық әскери даярлықтан өткен соң алған шені — медицина лейтенанты ғана.
Өз есімі орысша болғандықтан ба, жұбайы Ғалияны Галя деп атайды. Қазақ – ақын халық. Жанынан бір-екі ауыз өлең шығармайтындары кемде-кем. Семекең сүйген жары туралы былайша шалқытады:
Мекені Тобықтының Арқа құтты,
Бұл жерге талай ер ат қаңтарыпты.
Тоқтамыс, Мамай батыр жөні бөлек,
Бұл жерден қыздар шыққан
қанша мықты.
Сол үшін Тобықтының қызын алдық,
Біз бірақ жоспар құрып сызып алдық.
Оқуын дәрігердің бір оқысып,
Жеміс боп піскен кезде үзіп алдық.
Енді міне, Семекең сексеннің сеңгіріне шығуға таяу қарсаңда, өткен өмір жолдарына зайыбы екеуі көз тастағанда, бағзы біреулердей «әй, бәләй, сол бір шақта неге өйтпедім-бүйтпедімге салынбайды. Қайта қуаныш-сүйінішпен еске алатын жылдары көп. Бір кездері басшылық мансап иесі де болды. Сегіз жыл бойы Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары боп істеген кезінде облыстық ауруханада кардиохирургиялық бөлім ашу, шет аудандардағы алыс мал отары учаскелерінде ауру-сырқауларды облыс орталығына шұғыл жеткізу үшін санитарлық авиацияны қатыстыру, Өскемен қаласында жедел көмек станциясын диагностикалық аппаратпен қамтамасыз ету, шалғайдағы төрт ауданда жаңа типтік ауруханалар салу сияқты көп-көп іс-шараларды жүзеге асыруға мұрындық болды.
Тағы бірде Алматыға жол түсті. Республика Денсаулық сақтау министрі Төрегелді Шармановтың шақыруы бойынша министрліктің екінші басқармасының бөлім бастығы қызметіне ауысты. Галясы Қалалық инфекциялық аурухана бас дәрігерінің орынбасары әрі денсаулық министрлігінің бас инфекциянисі қызметін қоса атқарды. Алматы маңындағы Қаскелең өзенінің жағасында салына бастаған «Рахат» санаторийінің бас дәрігері қызметіне жіберілгенде құрылысшы да болып кетті. Үш тұрғын корпус, 200 орындық асханасы және 250 орындық киноконцерт залы бар бас корпус, сонымен бірге екіқабатты су, балшықпен емдеу корпусын салдыртты…
Өткен-кеткеннің бәрінен әсіресе ыстық та қымбат санайтыны – әу дегенде ауыл дәрігері болып істеген уақыты. Шығыс Қазақстан облысының Қытаймен шектес, Өскеменнен жарты мың шақырым шалғай Тарбағатай ауданының хирургі болып істеген кезі. Қазіргі заманда, – дейді Семекең, ауылға барып қызмет істеуге келісім берген дәрігерге бір миллион теңге, жаңа қоныс сыйлайды. Ал мен 1962 жылы институт бітірген соң Тарбағатайға хирург қызметіне жіберілгенімде аурухана бухгалтериясының шағын бөлмесінде тұрдым, раскладушкада жатып ұйықтайтынмын, тамақты кез келген дәмі тартқап жерден ішіп жүрдім…
Семен – Тарбағатай ауданында хирург боп істеген қазақ тілді тұңғыш дәрігер болатын. Мұндағы отыз мыңнан астам қазекеңдер ол кезде орысшаға шорқақ, көбі тіпті нан сұрауды да білмейді екен. Сол себепті, қазақшаға мақұрым дәрігерге ауруының мән-жайын дұрыстап түсіндіре алмайтын да… Семекеңнің «Записки доктора» кітабының (2014) бұл тұстары – маған да мәлім шындық. КазГУ-дің журналистика факультетінің студенті кезім. Әкем Рүстем Тарбағатай аудандық «Заготскот» мекемесінің басшысы болып істейтіндіктен, жазғы каникулды аудан орталығы – Ақжарда өткізетінмін. Сонда еді бұл өңірде орыс атаулы жұрт мүлде сирек кездесетін жәйттің өз тарихы барын білгенім.
Патша заманы… ХХ ғасырдың бас шені. Тарбағатай жұрты осы маңға қыс ішінде үш шана қарашекпендер келе жатқандарын естиді. «Итиіп қара шекпен келіп қонса, Басыңнан бақыт құсың ұшып кетер» дейтін Мағжан ақынның өлеңінен олар бейхабар болуы да. Бірақ қарашекпендер көршілес Қатонқарағай, Күршім, Зайсан сияқты өңірлерге баса-көктеп кіріп, жергілікті қазақтардың жер-су қоныстарын тартып алғандарынан әбден қанық-ты. Ондай озбырларды қалайша алақайлап қарсы алмақсың?! Тарбағатайлықтар ежелгі жауынгерлік дәстүріне бағады. Бұл өңірде Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлар екі ғасыр шамасы бұрын жоңғарларға қарсы 80 тәулік соғысып, Қазақ жерін толық азат еткені – әйгілі тарихи ақиқат. 80 күн соғыста осы өңірдегі ірі өзен қып-қызыл қанға боялған. Күні бүгінге дейін Қандысу аталады.
Ұзын сөздің қысқасы, тарбағатайлықтар өзара бәтуаласып, әкіреңдеген үш шана казак-орыстың мылтықтарын тартып алады, қол-аяқтарын байлап, қара көтендеріне түйенің құмалағалағын тықпалап, майқұйрықтарын
отыра алмайтындай етіп қамшының астына алып дүрелеп қуып жібереді. Қарашекпендер сол кеткеннен мол кеткен… Содан да болар, бұл өңірде қазақтан басқа жұрт некен-саяқ.
Семен – бүтін бір ауданға жалғыз хирург. Мігір таппайды.Тәулік бойы жұмыс істеуші еді десе де болады. Жастық дәурен шіркін не ауыртпалыққа көнбіс қой. Талай рет таудағы мал жайылымы участкесіне оқыс аттанатын. Апатқа ұшырап, аяқ-қолын сындырған, басқа да ауыр жарақат алғандарға түн баласы керосин лампы жарығымен ем-дом жасауға тура келетін. Тіпті, аудан орталығы Ақжарда да электр жарығы жоқ-ты. Түн ішінде ота жасауға, босана алмай қиналған әйелдерге көмек беруге кіріскенінде соляркамен отығатын движоктың электр жарығымен жұмыс істейтін.
– Өзіңе белгілі, – деді Семекең,- ауданның солтүстік-шығыс бетіндегі Шілікті совхозы Ақжардан 100 шақырым қашықтықта. Сол совхоздың бас инженері мен механигі егін орағы кезінде комбайнерлерге запас бөлшектер апарып беруге аттанып бара жатып, апатқа ұшырайды. Қалың тұманды қараңғы түнде, матқапыда астық тиеген ауыр самосвал доңғалағының астына кіріп кетеді. Механик тіл тартпастан көз жұмады. Жаны кіресілі-шығасылы бас инженер Шіліктідегі учаскелік ауруханаға жеткізілді. Медпунктте тиісті маман дәрігер қайдан болсын. Совхоз басшылары телефон соғып, менің тездетіп жетуімді өтінді. Дереу қажетті медициналық аспап-құралдарды алып, қасыма медбикені ертіп, ескі Уазикке мініп, түні бойы жүріп отырып, Шіліктіге таң сәріде жеттік. Бойында жаны бар демесең бас инженердің халі тым мүшкіл екен. Қол-аяқ, қабырғалары сынған, ес-түссіз жатыр. Дереу мүскіннің қан ағуын тоқтаттым. Абырой болғанда, тиісті донорлар табылып, науқастың ағзасына қан құйдым, өзіммен ала келген белок препараттарымен қоса. Ашық сүйек сынықтарын орын-орнына қойып, ажалдан арашалаудың басқа да шараларын қолдану нәтижесінде бейшараның тамыр соғысы, артериялық қысымы қалыбына келді, тек әлі де есін жия алмай жатқаны болмаса. Ем-дом апта бойы жасалды. Сәтін салғанда бас инженер күн санап бой жия бастады…
Ақжарға қайта оралар шақта бас инженердің туған-туысқандары хас шебер емші Семенге рахметін жаудырды. Содан соң, жоғары жаққа Семенді марапаттауға ұсыныс жасағандарын және докторға сый-сияпат ала келгендерін айтты. Семен ауыл қазақтарының өзінің еңбегін жоғары бағалағандарына ризашылығын білдіре отырып, өзінің тек дәрігерлік борышын атқарғанын, сол себепті әкелген сыйлықтарын ала алмайтынын мәлімдеді.
Осындай, шұғыл ота, басқа да тез ем-дом жасауды қажет ететін, бірінен бірі өткен апатты оқиғалар жиі болып тұратын. Ауру-сырқауларға жедел көмекке аттанып бара жатқанында, не тиісті шаруаны атқарған ол аудан орталығына қайтқанында, жас хирург «Жалғыз ағаш орман болмайды» деген мәтелді жиі еске алатын. Алыс ауданда медициналық көмек жұмысын жолға қою амалын ойластыра жүре, ақыр аяғында Тарбағатай аудандық партия комитетіне бас сұғып, ауданда халыққа медицина көмегін шұғыл жақсарту керектігін дәлелдеді. Аудандық партия комитетінің бюросы баяндамасын мұқият тыңдап, тиісті қаулы қабылдады, бірқатар қомақты іс-шара белгіледі. Нәтижесінде, аудандық жедел көмек пунктіне лайықты үй бөлініп, жеке телефон қойылды. Аудандық партия комитетінің өтінуі бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы жедел жәрдем пунктіне екі бірдей УАЗ вездеход автокөлігін бөлді. Аудандық медициналық пункте қосымша медициналық аппарат, жабдықтар да жіберді. Екі фельдшер Өскеменнің қалалық жедел көмек станциясында практикадан өтті, тағысын тағылар.
Аудандағы жалғыз хирург Семен ақыр аяғы әмбебап емшіге айналды. Керек десеңіз, акушер-гинеколог та болды. Босанған әйелдің қанын тоқтату, толғатқанда табиғи жолмен босана алмағандарына «кесар тілігі» дейтін операция жасау, ана мен баланың жанын қалайда аман алып қалу… айта берсе толып жатыр.
Семекеңнің «Записки доктора» кітабының өз басыма әсіресе ұнаған тұсы: «Что греха таить, большинство медиков, хотя имеют диплом врача, но призвания к врачеванию не имеют. По-моему, главная ошибка кроется в приеме студентов в медицинские институты. Они сдают экзамены по известным предметам, изученным в школе. А готов ли стать врачем по призванию души, никак не проверяется». – деген пікірі. Ол пікірі біздегі қазіргі Қазақстанның медицина саласындағы біршама келісімсіз жәйттерді еске түсіретіндіктен, кітап авторынан Гиппократ антын бұзғандар хақында таратыңқырап айтуын өтіндім.
Семекең: дәрігерлік борышына немқұрайды әріптестерінің көбінің көз жұмғанын, о дүниеліктер жөнінде тек мақтау сөз айтуға керек, әйтпесе мүлде үндемеген абзал дей келе, мамандығына селсоқ дәрігерлердің бір-екеуінің аты-жөнін өзгертіп, айтайын, деді. – Жаңа өзіңіз еске алған Гиппократ: «Алдыңа келген науқастың ең әуелі ауруына емес, жан дүниесіне үңіліп, оны мазалап жүрген өмірлік ахуалына мән беруге керек» деген ғой. Ал науқастың жан дүниесі түгіл, ауруына да атүсті қарайтындар, амал не, аз ұшыраспайтын.
«– Бірде, – деді Семен, – амбулаториялық қабылдауда отырғанымда орта жастағы жігіт келді. Жарық ау-
руының орысшасы – грыжа. Көршілес аудан хирургі Пәленшеев салақтық жасап, жарық кінәратты қалай болса солай тіге салғандықтан, грыжа құрғыр қуықтай боп қайта шығып кеткен. – Қолыма аз-маз салмақты сөмке де ұстай алмаймын,- деп шағынды жаңағы жігіт. Белгілі классикалық тәсіл бойынша қайта ота жасауыма тура келді.
Немесе тағы бір хирург әріптесімнің қылығы, фамилиясын Түгеншеев деп атайық, «еріншек екі тышар, етегімен көтін сүртер» деген мәтелді еске салады. Аяғының ортан жілігі сынған жігіттің сынығын Түгеншеев дұрыстап орны-орнына қоймай, гипске салған. Екі айдан соң гипсті алдырғанда жігіт жылап жібере жаздайды, сынық аяғының қисық біткенін көріп. Түгеншеевтен күдерін үзген жігіт маған келді. Сынған аяғы күп боп ісіп кеткен, аяғы шынында да қисық бітіпті. Сорлыға қайта ота жасап, сынықты түзетіп, гипске салдым. Мөлшері екі айдан соң жігіт аяғын қаздай басты.
«Врачи делятся на две категории: Врач от бога! Врач – не дай бог!»- деген сөз бар. Семекең тәннің де, жанның да емшігері. Құдай берген талантты дәрігер. Ал бетін әрі қылсын дейтін Пәленшеев, Түгеншеевтер әлі күнге баршылық. Жуырда өзім емделіп жүрген поликлиникада «профосмотр» жасалды. Кезегінде стомотологқа яки тіс дәрігеріне бардым. Отыз, қырықтардағы ақ халатты алпамсадай жігіт мені креслоға отырғызды да, «аузыңызды ашыңыз» деп көмейіме бір секундтай сығалады да, ләм деместен денсаулығымның жай-күйі жазылған кітапшаны алып шығып кетті. Бес минут шамасы өткен соң оралып, кітапшаны қолыма ұстата салды. Тағы да ләм деп аузын ашпады. Кабинеттен шыққан соң компьютермен әлгі ақ халатты толтырған қағазға көз жүгіртсем, шіркінің мені жанжақты керемет тексерген екен, көсілтуіне қарағанда!
Осындай емшісымақтарға тап болғаныңда, дәрігерлік стажының өзі жарты ғасырға таяу, Құдай бұйыртқан таланты үстіне, адамгершілігі биік Семекең есіме орала кетеді: емші атаулы, дариға, сол кісідей болса ше…
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде: «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген стастикадан артық көрсеткіш». Сондықтан, оларды жастарға үлгі етіп көрсетуіміз керек, дейді. Кеңес кезінде де, тәуелсіздігіміз уақытында да қажырлы еңбек еткен Семен Шерияздановтың омырауында «Құрмет белгісі» ордені, көптеген үкімет наградаларының жарқырауы тегіннен-тегін емес. Доктор Семекеңнің өнегелі істері – бүгінгі және болашақ емшілер үшін, жалпы, маман кадрларымыздың баршасына үлгі.
Шериаздан Елеукенов.