Бала күннен құлаққа сіңген ән болады. Қай тарапта жүрсең де, әлгі ән құлақ түбінде кейде бебеулеп, кейде мұңдана сызылып, кейде бір қалыппен ғана ыңылдап тұрады. Ол әнді ең алғаш қай жерде, қашан тыңдағаның да есте жоқ. Бәлкім, құндақтаулы күйіңде бесікте жатып құлағыңа ақырындап сіңе бастаған уіл ме? Мүмкін, мына жарық дүниеге сол әнді шырқап келген боларсың? Әйтеуір, есте жоқ ескі заманнан қалған кейбір әннің әуені құлақ түбіңде түрліше күйге бөлеп жүре беретіні анық. Иә, кей-кездері ол ән мүлдем жоғалып кетеді. Айнала тып-тыныш, мең-зең, қозғалыссыз, қимылсыз қалғандай. Дұрысы, дүниенің дөңгеленген арбасы алға қарай тартып кете береді, ал сен бойыңды түрліше күйге бөлейтін әлгі әнді іздеп әуерелене түсесің. Сол сәтте сені бала күніңнен неше түрлі сезімге бөлеп жүрген әуеніңді әншінің орындауында естіп, кеудеңнен күн күліп, ғажап бір күйге бөленетінің бар…
Әнші Нұржан Жанпейісовтің атын бала кезден естіп өстік. «Нұржанның дауысын естіген Дәнеш: «Жастық шағым қайта оралыпты. Даусыңнан айналайын!», – деп батасын беріпті», «жазушы Бексұлтан Нұржекеев: «Нұржан – Дәнеш әншінің кенже қозысы, өзі айтқан әндерін түгел үйретіп, аманаттап кеткен ең соңғы шәкірті», – деп бағалапты», «Десе, десін, Дәнеш әнінің бүкіл қайырымын, иірімін жеткізер бала сол емес пе?!», – деген лебіз ән мен әуез жайлы әңгімелер арасында жиі қозғалтын.
Әкелеріміз Дәнешпен бірге өткізген күндерін де мақтанышпен айтатын. Жаркенттегі «Халық театрында» Дәнеш Рақышевпен бірге жүрген сәттер, Дәнеш өткізген концерттер жайында әңгімелеп, әңгімелерінің куәсін ескірген суреттерден іздейтін. Дәнештің әншілік мәнерін сақтайтын шәкірті сирек екенін айтып, сол саусақпен санарлық шәкірттердің сүт кенжесі Нұржан Жанпейісовті мақтанышпен үлгі қылатын, Дәнешін сағынған әкелер оның үнін жүрек түбінде қалып қойған естеліктер арқылы тірілтетін. Дәнеш әніне құлақ құрышын қандырғысы келген сағыныштың сартап сәттерінде оның мәнерін шәкірттерінің әнінен іздейтін.
Әнші Нұржан Жанпейісовтің өзін көрместен бұрын, оның атына, әншіден аманаттап алған үлкен жүгі барына осылайша қанығып өскен ұрпақпыз біз. Жалпы, Жетісу дәстүрлі ән мектебіне тиесілі әуеннің дені бала күнімізден құлағымызға сіңісті болып кеткендіктен бе, әнші Ақан Әбдуәлінің анасы
айтпақшы, «құлағымыз Дәнештің әндеріне үйір» еді. Бірақ, оның Дәнештің әні екенін, халық әні екенін ажыратып білмеген бала қалпымызда да сол әндердің сиқырлы сазы, айрықша кеңдігі, күрделі ырғақ-иірімдері әлдебір ғажайып әлемге жетелейтін. Қоңыр, сыршыл әндерді әкелеріміз домбыраға қосып шырқар еді; мұңды, сазды әндерді әжелеріміз бізді бауырына басып отырып айтатын. Кәсіби әндерді, негізінен, арнайы ұстаз алдын көрген әншілер ғана орындайды десек те, бала дауысымызбен, иірім-қайырымын нәшіне келтіре, теледидардан көріп, радиодан естіген әуенге еліктеп, барынша дәл, нақты беруге тырысатынбыз. Сондағымыз – әкелеріміз, аналарымыз, аталарымыз бен әжелеріміздің аузынан естіген, айналамызда мейлінше көп айтылатын қара өлең мен халық әндерін қайталап орындап беру арқылы үлкендердің ризашылығына бөлену. «Тұтас қазақ даласы ән салып тұрғандай» деген сөзді өзімізше бұрмалап айтсақ, тұтас ауыл Жетісу әніне бөленіп тұратын сол кездерде үйір болған ән мен әуен құлақ түбінде ыңылдап тұрмаса, жүрегіміз де босап қалатындай екен-ау!
Бала кезден құмартып өскен сол әнді дауыс бояуымен әрлеп, ұлттық нақышты бұзбай айтатын нағыз әншінің дауысына құлақ салғанда…
Нұржан Жанпейісовтің Дәнештің орындауындағы әндерді шырқаған, жалпы қазақ дәстүрлі ән-жауһарларын жеткізген үніне құлақ түрсеңіз, байырғының даласы боздап қоя бергендей, бұрынғының үнін бүгінге жеткізіп жатқандай, бүгінгінің ғажап әуені ертеңге енді өлместей, үзілместей болып бет түзегендей болатынының сыры – алпыс екі қан тамырымызда бүлкілдеп жатқан әнді әншінің бұзбай жеткізуінде шығар. Мұның бәрі бала күннен құлағымызда қалып қойған әуенді тірілте білетін ән құдіретінде болар.
Әнші әнге болмысын, табиғатын, талантын қосады. Кешеден бүгінге жеткен әуен – әр кезеңнің сәулесі мен шуағын, зары мен запыранын өн бойына жиып, ән және домбыраның сазы арқылы баяғы құлақ түбіндегі әуенмен қосылып, жүрек тұсыңды шымырлатады. Нұржан әншінің әндері тыңдаушысын сондай сезімге бөлейді. «Ғарекең ән айтқанда тыңдаушы жұрт аузына кіріп кететіндей болып отыратын…». Нұржан Жанпейісов ән айтқанда да әуелеген әнмен бірге әлдебір биікке шығып кеткендей күй кешесің.
Оның орындауындағы Дәнештің «Саясында алманың» әнін жүз қайыра тыңдаған болармыз. «Саясында алманың» – Дәнеш Рақышевтың арғы беттен елге келгенде алғаш шығарған әндердің бірі екен. «Алманың саясы атажұртымның саясы болып сезілді. Еміреніп келген мені елім алақанына сап аялады», – депті Д.Рақышев өз сөзінде. Осы әннің Нұржан әнші шырқаған нұсқасына құлақ салсаңыз, бір ғана әнші емес, тұтас халық театрының үнін естисіз. Ағаштан алма үзіп тұрған қыздың айрықша сұлу екенін әншінің жалт еткен жанары айтатындай. Оның жаулығын ала қашқан жігіттің әлдебір сезімін де әншінің көзқарасы жеткізердей. Алма бағының жұпар исі мұрынды қытықтайтындай, әннің әсем сазымен бірге жып-жылы шуақ төгілердей. Құлақ түбіңде қалып қойған әлдебір әуеннің сазы да осы әнмен біте қайнасып жатқанын ұғасың. Сенің жүрегіңді тербейтін әнді сол қалпында, шетін бұзбастан жеткізген ән мен әнші құдіреті – дала үнін, дала арманы мен ерекшелігін көрсетер баба сазын дәл жеткізе білуінде екенін түсінесің…
Нұржан Жанпейісов осы күні Дәнеш аңсап өткен, Дәнеш жетсем-ау, тұрақтасам-ау деген кіндік шаһар – Алматыда. «Дәнеш Рақышев Алматыда жұмыс істеп, Алматыда тұрайыншы деп сұранған. Неге екені белгісіз, Дәнеш ағаны Талдықорғанға жіберген екен. Аға арманы ғой деп осы жаққа ауысып келгеннен кейін, Алматы өнердің ордасы екеніне көзім жетті. Мұнда үлкен орта бар екен», – депті бір сұхбатында Нұржан Жанпейісов. Ән мен күй тербеген Алматының үлкен сахналарынан күллі қазақтың жүрегінде сақталған жауһар жыр, әсем ән төгіліп жатса, сол әндер арқылы бүгін мен байырғының, ендігі мен бүгінгінің үні ән болып самаладай желпіп өтсе – топырағыңа оралу, тамырыңа үңілу сол емей, немене?! Нұржан әнші дала даусын Париж сахнасы мен қалың қазақ шоғырланған Моңғолия, Қытайдағы ағайынға жеткізгенде де тыңдарманын ән бесігінде тербеп, жүрек кірін шайып, тазартқанына сенесің. Оның дауысында сақталған бұрынғының ән әуезі тұтас қазақы мінездің, қазақы болмыстың әлі де жоғалмағанын әйгілейді.
«Әнші Дәнешін сағынған халқының мені іздейтінін, менің орындауымдағы әндердің әуенінен сүйікті әншілерінің үнін іздейтінін сеземін. Оны сахнаға шыққан кезде, «Аңшының әнін» айтшы», «Саясында алманың», «Сарыбидайды» орындашы» деген ықыластарынан білуге болады. Бұл аталған әндерді мен қаншалықты нақышына келтіре шырқап жүргеніме халықтың өзі сыншы, дейтұрғанмен, Моңғолия, Қытай еліне барғанда сол жақтағы бауырларымыздың Дәнеш пен Әсеттің әндерін көздеріне жас алып отырып, қайта-қайта орындатып тыңдағандарын көргенде іштей ұстазымның аманатын арқалап жүргенімді сезінемін», – депті Нұржан Жанпейісов тағы бір әңгімесінде. Ұстаз аманатына ән арқылы ғана емес, Дәнеш Рақышевтың әндерін нотасымен бірге тасқа басу арқылы да адалдық танытып келе жатқанын да айта кету парыз…
Сөз басында «құлаққа үйір ән» туралы әңгіме айттық қой. Әнші Нұржан салған ән күллі қазақтың құлағына үйір, тұтас халыққа ортақ мұра десек те, әркімнің өз жүрегін тербейтін нотаны дөп басқаны үшін әркімнің де «менің әнімді айтты», «менің үнім ғой мынау» деп меншіктей жөнелетіні де әнші болмысындағы бір ерекшелік болар, сірә да…
Қарагөз СІМӘДІЛ.
(Суреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай).
«Ән – менің жан серігім»
10 қарашада, Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Нұржан Жанпейісовтің «Ән – менің жан серігім» атты жеке шығармашылық кеші өтті.
Кеш Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында Алматы облысы әкімдігінің бастамасымен, Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Ақан Әбдуәлінің ұйымдастыруымен өтті. Кеш барысында Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар сөз алып, Жетісу топырағынан өніп-өскен өрендердің барлығына Талдықорғанның құшағы ашық екенін айтып, кешке арнайы мейман ретінде қатысып отырған жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлына, әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиевқа, сыбызғышы, өнертану кандидаты Талғат Мұқышевқа да алғыс айтып өтті. Алматы облысы, Панфилов ауданы әкімі Бердәулет Абдуллаев та осы кеште сөз алып, Нұржан Жанпейісовке шығармашылық табыс тілеп, аудан жұртшылығы атынан арнайы құрмет көрсетті. «Жетісу» телеарнасы да үлкен қолдау көрсетіп, концерттік бағдарламаны бастан-аяқ түсірді. Кеште Дәнеш Рақышевтың шәкірттері А.Қармысов, С.Шыныбаев, М.Мұқамановтар ән шырқап, республикалық, халықаралық байқауларда алдыңғы орындардан көрініп жүрген, оған қоса, Дәнеш Рақышев атындағы конкурста бақ сынаған Ұ.Ағлақова, Ж.Молдахметова, Қ.Алтыбаев сияқты жас әншілер де өнер көрсетті. Нұржан Жанпейісов Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның Мұқан Төлебаев атындағы ұлт аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен Мұратхан Егінбаевтың «Сәйгүлік», Ілияс Жансүгіровтің өлеңіне жазылған Дәнеш Рақышевтың «Домбыра», Бексұлтан Нұржекеұлының «Әй, дүние-ай» әндерін орындап, көрермен қошеметіне бөленді. «Саясында алманың» әнімен басталған кеш «Аңшының әнімен» аяқталды.