Ермектің өзгеше өрнегі
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері
Жүзіп келеді өмірімнің кемесі,
Махаббатсыз жүзіп келем неге, осы.
Ақын ғашық болу үшін жаралса,
Сонда ақын емеспін бе, мен осы?!
Қайдам, ғашық бола қалсам мен енді,
Ауылдағы махаббаттың елесі.
Ермек Жұматаевтың тура осы жолдары өлең сүйер қауымның жүрегіне іркілмеген қалпы жол тауып, көкейіне қона қалатыны анық. Қолына қалам ұстаған жұрттың үлкен-кішісі түгел алғашқы махаббаттың сезім машақатын өміріне серік етуін былай қойғанда, түйсік пен қабылдау әлемі қасаңданып қақсал тартқан шақта тап мынадай сұрақтарға жауап қату, әлбетте оңай емес.
Әжелердің ұршығынша көз ілеспес жылдамдықта зыр айналып, шиырыла иіріліп түсетін өрнегіндей шіркін өлеңнің де ой ұясының нүктесіне жымдасу табиғатын тап басып байқайтындар жетерлік. Әдетте шығармашылық өсу өлшемін әркім әрқалай безбенге салып, өлең құйылысындағы екпін ырғағының толымына дейін зейін қоятыны бар емес пе. Махаббатсыз ғасыр дегенді көркем ой иелері әлдеқашан ұсынған.
Ауыл мен жастық шақ елесін Ермек ақын ғашықтыққа телу арқылы өнер жолының нысанын іздеп қана қоймай, ақындықтың бастау көзінен өз жаратылысының орнын белгілеуге тырысқан сыңайлы. Ақындық сезімнің бұл бейнесін Абай «бейнет сусынына» баласа, «ақ қаздар арасынан аққуын ажырата алмаған» Мұқағали өкініші өзгеше ой желісінің тың сүрлеуіне бастайтындай.
Ақындық жолдың ауызша айту үлгісін таңдаған Ермек Жұматаев – өлең өрнегін өзінше қалыптау жөнінен Жамбыл әруағының туын жықпай ары қарай жалғастырушы. Оқу көргендігінің арқасында қарапайымдау өрбитін ой арқауынан тұжырымдамалы сипаттарды көбірек ұшыратасың. Қолма-қол суырып салып айтып тұрған кезінде еліктіріп әкететін жолдар тасқа түскен бетте солғын тартып, әсері әлсірейтінін екінің бірі, егіздің сыңарына дейін айтып жатады. Бұл жағынан алғанда Ермек Жұматаев ағынан жарылатын шынайы, бүгінгі мінездерді кейіптеу ерекшелігі жөнінен ойындағысын өмір құбылыстарын салыстыру әдісімен түйіндейтін қолтаңба машығы жіткір. «Біз шындық деп жүргеннің бәрі жалған, біз сене алмай жүргеннің бәрі шындық». Нақ бұлай сезіну үшін жұмыр басты пенде біткен пешенесіне жазылғанды місе тұту жетімсіз деген қорытындыға келері сөзсіз. Есенқұл бауырымыздың бірден жарқ етіп көзге түсе қоймайтын мінез болмысын былай қойғанда, өлең құйылысының бұрын-соңды кездеспеген тосын төгілісін табиғи қабылдау дағдысынан ары аспағанымыз кейде ойлантады. Қайтыс болғанының ертесі-ақ марқұм тұлғасы бүтіндей басқа мағына иеленгенін көзіміз көргендіктен шығар, дарынды елеп қастерлеудің ескерілмей қалған жетімсіз тұстарына өкінішің арта түсетіндей күй кешесің.
Ақын ағасымен өрісі мен қонысы бір кеңістікті алса да, Ермек Жұматаевтың ауызша айтқыштығының салмағы басым, соған қарамай ұлттық ізгілік иірімдеріне бойлағыш.
«Қатарының алды бол демесе де, қатарыңнан қалмашы деп айтатын». Өзімшілдікпен қоңсы қонбайтын осынау қазақы ұстаным иесі – Ермек Жұматаевтың атасы. Әрлеу мен сәндеу дағдысынан алыс сөз ұстағандардың бір артықшылығы – көкейіндегісін ірікпестен, күлбілтелемей, боямасыз жеткізетін ерекшелік иелері. Олары көбінесе ұтымды шығып, дәуір ахуалымен үндесетіндей баурағыш, қуаты үстем.
Әлсіз деп ем біреуді,
Басқарып жүр бір елді.
Мықты деп ем біреуді,
Тек мінеуді біледі.
Ермек Жұматаевтың беру категориясы тапқыр, тіпті типтік дәрежеге көтерілетіндей тұтастығы бар. «Титықтатып тіршілік, түсінбеппін біреуді» дегенінің заманауи қорытынды тұспалы еріксіз селт еткізеді. Керек десеңіз, ақынның бұл – өзіндік жаңалығы.
«Бұл өмірде бәріміз жолаушымыз,
Қимай кетіп баратқан тамбурменен».
Өлең табиғи лебімен тартса да, мың-сан ой тарамы байланған тегершігінен көп ұзай қоймайтындай әсер береді. Өйткені «сыңғырлаған өңкей келісімді» аса қажетсінетін өлең патшалығы өмірдің кейбір көрінісін желі ғып тартуды көтере қоймайды. Ермек Жұматаев бойындағы мұндай еркіндік төркіні ауызша шығарудың жолына қаршадайынан түсіп, айтқыштықтың ұлттық құнарына суарылудың артық мөлшері сезілетіні жасырын емес. Қалай болған күнде Ермек Жұматаев жаратылысынан ақын, айтыс үстіндегі сөз арпалысының алқын-жұлқын ахуалына шыныққан шымыр бітімі оңайшылықпен сыр бере қоймайтын сұсты да. Айтыс өнерінің табан астында сөз тапқыштық ақындық мергендігінен басқа жан-тәнімен рөліне енген драмалық актер келбетін еске салатын жағдаятымен тартымды ма дейтін ойға қаламын. Мәселен, жезқазғандық ақын Әнуар Омаровпен айтысында:
Айт десең-ай, бауырым,
Мен айтайын ал, кәні.
Жаңалық талай боп жатыр,
Тәуелсіздік алғалы.
Тәуелсіздік алғалы,
Асыра сілтеу болмады.
Оған куә ауылда,
Аша тұяқ қалмады.
Әй, әдет болды бұл күнде,
Министр күнде ауысты.
Оңтүстік пен солтүстікті,
Ауыстыра салатын.
Еліңе берер кредит,
Мини-мини кредит,
Мини юбка секілді,
Шолтаң ете қалатын.
Төрт жүз берген доллармен,
Қай жыртықты жамарсың.
Өлеңімді жалғайын қалжыңменен,
Ақын жоқ өлең айтса, талдым деген.
Тағы да репрессия бола қалса,
Байқаймын мен ақынның алдында өлем.
Ақындар келсе айтысқа,
Халыққа емес ақынның,
«Волгаға» түсер назары.
Айтыс деген секілді
Мәшиненің базары.
Осыдан болар бір күні
Бір ақынның ажалы.
«Волга» деген бәлекет көздің құрты,
Көзді арбап барады іші-сырты.
Қос «Волга» қос бүйірден қысып тұрса,
Қай жеріңнен келеді ойын-күлкі.
Міне, сондайда Ермек Жұматаевқа Алла Тағала сыйын аямағанына таңырқайтын сәттерің Жаратушыға көп көрінбесе екен деген тілегің қоса қылаң ұрып өтеді. Жасың ұлғайған сайын өзіңнен кейінгілердің амандығын ойлап қамығатын жағдайға жеткеніңді сезбей қалады екенсің.
Ақыл толыса түсетін жасыңда амандық бұйырып, ақындығың сөздің асыл жауһарымен жарқырай берсін, інім Ермек!
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.